- Advertisement -

Абыроймен аты шыққан аймаққа, бағындырған белестер көп Байзақта!

58

- Advertisement -

Байзақ ауданының құрылып, отау тіккеніне биыл 85 жыл толып отыр. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында Қазақстан одақтас республика мәртебесін алуына орай жаңа облыстар мен аудандар құрыла бастады. 1938 жылдың 4 ақпанында Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің шешімімен Мирзоян ауданынан жаңа аудан бөлініп шығып, Свердлов есімі берілді. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың 1995 жылғы 20 желтоқсандағы Жарлығымен Свердлов ауданы Байзақ ауданы болып өзгертілді.

Аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Жұманғали Құмғанбаев «Ел тәуелсіздігінің арқасында аудан жұртшылығының көптен бері аңсаған арманы осылайша жүзеге асып, ауданымызға батыр бабамыз Байзақ датқаның есімі берілді. Осы жылдары аудан орталығына кіреберісте Байзақ батырға қоңыр граниттен биік ескерткіш орнатылып, маңайы абаттандырылды. Орындықтар қойылып, жарық шамдары орнатылды», дейді.

Ауданның өткен өміріне көз жүгіртетін болсақ, отызыншы жылдардың бас кезінде жүргізілген ұжымдастырудың нәтижесінде аудан бойынша кішігірім 42 ұжымшар (колхоз) ұйымдастырылған. Содан 20 жыл өткеннен кейін 1950 жылы олар 13 шаруашылыққа біріктіріліп, іріленген көпсалалы ауыл шаруашылығы өндірісіне айналған. 1991 жылы тәуелсіз ел болып, нарықтық қатынастарға көше бастағанда ауданда жекешелендіру процесі кең өріс алды. Сондықтан ауданның саяси және шаруашылық құрылымдары түбегейлі өзгерістерге ұшырады. Аудандық партия комитеті мен атқару комитеті, бастауыш партия ұйымдары мен ауылдық Кеңестер өздерінің қызметтерін тоқтатты. Бұрынғы колхоздар мен совхоздар таратылып, олардың негізінде жеке шаруа қожалықтары мен өндірістік кооперативтер құрыла бастады. Бүгінгі таңда 13 ауылдық Кеңестің қамтуында болып келген елді мекендер 18 ауылдық округке топтастырылды.

Тәуелсіздік алған уақыттан бері ауданда қажырлы еңбектің түйінін ағытқан мақсатты әрі нәтижелі тірліктер атқарылып, оң өзгерістерге қол жеткізуде. Ауыл еңбекқорлары Тараз қаласы тұрғындарын ет, сүт, көкөніс, жеміс- жидек, басқа да өнімдермен қамтамасыз етіп келеді. Ауданда инновациялық үдемелі- индустрияландыру бағдарламасы аясында қолға алынатын істер ауқымы арта түскендігі белгілі. Бұл орайда ауыл шаруашылығын әртараптандыруға бағытталған талпыныстар өз жемісін бере бастады. Ауданда жылыжай шаруашылығымен шұғылданушылар қатары жылдан жылға артып келеді. Олардың қаланы жыл бойына көкөніспен қамтамасыз етудегі тынымсыз тірліктері жемісін беруде.

Ауданның даңқы қант қызылшасын өсірумен де шыққан. Өткен ғасырдың 50-60 жылдары тәтті түбір алқаптарының көлемін 6000 гектарға дейін жеткізіп, әр гектардан 400 центнерден өнім алғандығы белгілі. Сол кездегі өндірістегі үздік табыстары үшін байзақтық қызылшашылар Социалистік Еңбек Ері атағын алып, кеуделеріне Алтын жұлдыз тақты. Олардың қатарында Айтжан Бөгембаев, Орынкүл Атабекова, Алтынкүл Әлібаева, Наужан Дидарбекова, Мәрзия Ибрагимова, Дариға Жантоқова, Сындыбала Оңғарбаева және тағы басқалары бар. Бұлардан басқа да аудан экономикасының еселеп артуына айтарлықтай үлес қосқан ата-апаларымыз аз болған жоқ. Солардың бірі, ұйымдастырушылық қабілеті зор, Социалистік Еңбек Ері Александр Нахманович өзі басқаратын «Трудовой пахарь» колхозының табысын еселеп, атын Одақтық көлемге жеткізді. Міне, бүгінде сол колхоз негізінде Түймекент ауылдық округ еңбеккерлері табыс биігінен көрінуде. Олар «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» қанатқақты жобасын ауданда алғашқылардың бірі болып қолға алды. Нәтижесінде округте мал басы өсіп, егістіктен мол өнім алынып келеді. Осылайша округте жұмыссыздарды жұмысқа тартуға жол ашылды.

Облыс орталығы іргесіндегі аудан негізінен ауыл шаруашылығымен айналысады. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі өткен жылы 64 миллиард 724,9 миллион теңгеге жетті. Ал өнеркәсіп кәсіпорындарымен 7 миллиард 233,5 миллион теңгенің өнімі өндірілді.

Аудан үшін 2022 жыл – табысты жылдардың бірі болды. Ауданда мал басы өсті, егістік көлемі артты. Мал өз төлі есебінен көбейіп, мүйізді ірі қара – 51986, қой-ешкі – 366386, жылқы – 19505, түйе – 1047, шошқа – 1650, үй құстары – 862081 басқа жетті. Аудан бойынша 17271,1 тонна ет, 44628,7 тонна сүт, 12 миллион 552 мың дана жұмыртқа өндірілді. Ал бұл бұрнағы жылдармен салыстырғанда мал басының еселеп өскенін, мал өнімдерінің барлық түрлері артығымен өндірілгенін білдіреді.

Егін саласында да қол жеткізген жетістіктер аз емес. Қант қызылшасы, пияз, көкөніс, бақша, жүгеріден алынған өнімдер де жыл сайын артып келеді.

Ауданда әлеуметтік мәселелерге де үлкен мән беріліп отыр. Аудан орталығы ғана емес, ауылдық жерлерде де сәнді де сәулетті ғимараттар бой көтеруде. Жолдар жөнделіп, ауылдарға ауыз судың тартылуы, жаңа мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулаториялар мемлекеттік бағдарламалар аясында салынуда. Байзақ – облыс көлеміндегі елді мекендері 100 пайыз газбен қамтылған жалғыз аудан екенін мақтан етуге болады.

Дамудың даңғыл жолында

Байзақ ауданында «2020-2025 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы аясында 58,4 миллиард теңгені құрайтын 9 жоба индустриалды картаға енгізіліп, өткен жылы 6,3 миллиард теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба іске асырылған. Олар «Алель Агро» АҚ Көктал құс фабрикасы, «Kazstonebox» ЖШС, «GrandFoods Premium» АӨК, «Жабатаева Л.К» мен «Мухиев Е» жеке кәсіпкерлік өндіріс ошақтары.

Негізгі капиталға салынған инвестициялар 30 миллиард 503,6 миллион теңгені, есепті кезеңде бөлшек сауда айналымы 18 миллиард 927 миллион теңгені құраған. Өткен жылы аудандық маңызы бар жолдардың қанағаттанарлық жағдайы – 96, елді мекен көшелерінің жағдайы 92,3 пайызға жеткізілген. Аудандағы 43 елді мекен толықтай көгілдір отынға қосылған. Ал аудандағы 43 елді мекеннің 30-ы таза ауыз сумен қамтылған. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жалпы құны 2 миллиард 113,7 миллион теңгені құрайтын 20 жоба жүзеге асырылған.

Байзақ ауданында өткен жылы өнеркәсіп кәсіпорындарымен 7 миллиард 233,5 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Ал ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 64 миллиард 724,9 миллион, ауыл шаруашылығындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар 8 миллиард 350,2 миллион теңгені құраған. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында ауданда жалпы құны 2621,4 миллион теңгені құрайтын 243 жоба қаржыландырылған.

Ауданда 87 инвестициялық жоба іске асырылған, оның 60-ы бюджеттік, 8-і ауыл шаруашылығы, 19-ы өнеркәсіп және кәсіпкерлік саласына тиесілі.

«Ауыл – ел бесігі» жобасының игілігін ел көруде

Елді мекендердің әлеуетін анықтау критерийлерін бекіту әдістемесіне сәйкес, Байзақ ауданында даму әлеуеті жоғары 39 елді мекен іріктелген. Онда тұратын халық саны 106,9 мың адамды құрайды. Олардың 7-еуі тіректі, 32-сі спутниктік, қалған 4-еуі даму әлеуеті ортадан төмен ауылдар.

Бүгінгі таңда елді мекендерді серпінді дамытуға әсер етіп отырған «Ауыл – ел бесігі» жобасы. Өткен жылы аталған жоба аясында Байзақ ауданында 2 миллиард 113,7 миллион теңгеге 20 жоба іске асырылды. Атап айтсақ, оның 3-еуі білім нысанына жанама құрылыс және газдандыруға, 4-еуі денсаулық сақтау саласы нысандарын күрделі жөндеуге өткізу, 2-еуі мәдениет нысандарын күрделі жөндеуге, 11 жоба 38,4 шақырым жолды жөндеуге қаралған.

Облыстық басқармалар арқылы, Үлгілі ауылында Үлгілі орта мектеп ғимараты қасынан 100 оқушыға арналған қосымша ғимарат салынды. Сондай-ақ Абай, Түймекент және Сеңкібай елді мекендерінде 20 және 30 келушіге арналған дәрігерлік амбулаториялардың құрылыстары жүргізілді.

Сонымен бірге Ақжар ауылында балабақша мен С.Сейфуллин атындағы орта мектебінің қазандықтары газ құбырына қосылды. Тегістік ауылындағы 90 орындық мәдениет үйінің құрылысы жүргізілуде, ол биыл пайдалануға берілмек, ал Көктал ауылындағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткен. Бұдан бөлек, ондаған елді мекен көшелері орта және күрделі жөндеуден өткізілген.

 Еркін экономикалық аймақ құрылуда

Байзақ ауданында тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілердің саны – 9285, оның бүгінгі таңда 8264-і жұмыс істеп тұр. Аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Қ.Телеуовтің айтуынша, өткен жылы «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында 2621,4 миллион теңгені құрайтын 243 жоба қаржыландырылған. Ал «2020-2025 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы аясында Байзақ ауданында 58,4 миллиард теңгені құрайтын 9 жоба индустриалды картаға енгізіліп, 2021 жылы 6,3 миллиард теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба іске асырылған. Ал 2022-2025 жылдар аралығында ауданда 56,3 миллиард теңгені құрайтын 8 инвестициялық жоба кезең- кезеңімен іске асырылмақ екен. Бұл жобалардың аясында 880 адамды жаңа жұмыс орнымен қамту жоспарланған.

– Өткен жылы негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 23 миллиард 550 миллион теңгені құрады. Өнеркәсіп кәсіпорындары 6 миллиард 658 миллион теңгенің өнімін өндіріп, нақты көлем индексі – 103,7 пайызды құрады. Бөлшек сауда айналымы 17 миллиард 650 миллион теңгені құрап,

нақты көлем индексі 110 пайыз болды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 8 бағыты бойынша өткен жылға жоспарланған 102,3 миллион теңгенің 7,2 миллион теңгесін игеріп, жергілікті қамту үлесі 63 пайызды құрады. Облыс әкімі және аудан әкімі арасындағы келісімдермен белгіленген туризм саласындағы индикаторлардың көрсеткішінде 2021 жылдың қорытындысы бойынша орналастыру орындарымен қызмет көрсетілген келушілер саны 949 адам, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 116 адамға артып отыр, – дейді бөлім басшысы.

Ауданда 228 азық-түлік дүкені жұмыс істеп тұр. Оның 13-і «Фиркан», «Бегей», «Корзинка», «Арзан», «Аққу», «Ержұма», «Дана», «Камшат», «Береке», «Димаш», «Аяулым», «Тұлпар», «Достық» сынды ірі сауда орталықтары. Аудандағы сауда орындарында негізгі азық-түлік тауарлары мен азық-түлік емес тауарларының бағасын негізсіз өсірмеу, оны 15 пайыз үстемақыдан асырмау туралы 225 дүкенге жазбаша хабарлама таратылып, 157 дүкенмен меморандум жасалған.

Бағаны жөнсіз көтерген кәсіпкерлерге айыппұлдар салынып отырады. Мәселен, аудандық кәсіпкерлік бөлімі өз құзыреті шеңберінде аудан тұрғынының өтінішіне сәйкес «Бегей», «Тобыш», «Боранкуль», «Макулбаева Ж.С.» жеке кәсіпкерліктері мен «Бегей», «Дана», «Камшат» сынды дүкендерге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының үстеме ақы мөлшерін анықтау мақсатында жоспардан тыс тексеру жүргізілді. «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық» Заңының 204-бабы, 4-тармағына сәйкес жазбаша түрде «Дана», «Камшат» дүкендеріне ескерту беріліп, тиісті талапты бұзған өзге де шағын кәсіпкерлік субъектілеріне он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.

– Ауданда екі әлеуметтік дүкен жұмыс істеп тұр. Өткен жылдың қараша айында аудан тұрғындарының тығыздығына байланысты шаруа қожалықтарынан өндірілген 70 тонна өнімге сұраныс берілді. Нәтижесінде ауданның 33 дүкені шаруа қожалықпен келісімшартқа отырған. Сондай-ақ «Алқаптан сөреге» жобасы аясында арадағы делдалдарды азайту мақсатында өнім өндірушілермен де байланыс орнатылған. Бүгінгі таңда «Рола 7» ЖШС макарон, рожки, чабрец, «Молбид» ЖШС айран, сүт, сүзбе, қаймақ, «Әулие Ата Феникс» ЖШС тауық еті, «Төребек» жеке кәсіпкерімен бөлке нан және «Қызыл жұлдыз» шаруа қожалығы айран, сүт, сүзбе, қаймақ өнімдерін делдалсыз тікелей дүкен сөрелеріне төмен бағада жеткізуде. Олардың өнімін бүгінгі таңда «Тұлпар», «Арсен», «Бегей», «Бегей-2», «Фиркан», «Аққу», «Жан», «Корзинка» дүкендері мен сауда орталықтарының сөрелерінен қолжетімді бағада алуға болады, – дейді Қ.Телеуов.

Ал бүгінгі таңда жыл басынан бері аталған 5 кәсіпорынмен ауданның дүкендері арасында 53 тікелей келісімшарт жасалған. «Еркін экономикалық аймақ» құру барысында да жасалып жатқан жұмыстар аз емес. Мәселен, Байзақ ауданынан өтетін облыстық мәндегі Тараз-Жетібай-Тегістік-Ойық автомобиль жолының бойындағы Жетібай ауылының тұсынан 3,2 гектар және Мырзатай-Аса автомобиль жолының бойынан 3,8 гектар жер, жалпы алғанда 7 гектарды құрайтын жер телімі шағын еркін экономикалық аймақ құру үшін кәсіпкерлерге ұсынылған. Бүгінгі таңда экономикалық аймаққа өндіріс орнын ашуға сұраныс білдірген 10 кәсіпкердің тізімі жасақталған. Олар сүт, балмұздақ, өсімдік майын, тауық жұмыртқасын өндіру, консервілеу, киім тігу цехын, сонымен қатар газблогы цехын ашуды жоспарлауда.

Жоба жемісін беруде

«Жамбыл облысы тұрғындарының табысын жақсарту» қанатқақты жобасы ауданда ең алдымен Қостөбе және Түймекент ауылдық округтерінде жүзеге асырылған. Былтырдан бастап оның қатарына Үлгілі ауылдық округі кіріп отыр. Бұл округтерде жоба аясында 12514 бас мал мен құс, 43 техника алынған. Бұл округтерде жұмыссыздар саны 4,5 есеге кеміп, 614 азамат жеке кәсіпкер ретінде тіркелген.

Жобаның бірінші бағыты – үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану бойынша 2020 жылы 2270 аулаға тиесілі 223,7 гектар жер теліміне көкөніс пен бақша дақылдары орналастырылып, одан 1863,6 тонна өнім алынса, оның 995 тоннасы Қостөбе, 868,6 тоннасы Түймекент ауылдық округтеріне тиесілі. Ал өткен жылы аула саны 2290-ға жетіп, игерілген үй іргесіндегі жер телімі 226 гектар болды. Ол жер телімдерінен 2002,6 тонна өнім алынды. Алынған өнімдердің 1117 тоннасы ішкі тұтынуға жұмсалса, 885,6 тоннасы сауда орындарында өткерілген.

Өткен жылы үш ауылдық округ бойынша аула саны Үлгілі округі есебінен 2785-ке жетіп, игерілетін үй іргесіндегі жер 286,7 гектарға көбейген. Осы округтер есебінен өндірілген өнім 2635 тоннаға көбейсе, ағымдағы жылы 2715 тоннаға көбейту жоспарланып отыр.

Жобаның екінші бағыты – мал шаруашылығы бойынша 508 отбасы несие рәсімдеп, оған 12514 бас мал мен құс алған. Осының нәтижесінде ауылдық округтерде мал бастары көбейіп, өндірілген өнім көлемі еселеп артқан. Мысалы, 764 тонна ет, 825 тонна сүт өндіріліп, 2019 жылмен салыстырғанда ет өнімінің өсімі – 3, сүт 2 есеге ұлғайды. Ал ауыл тұрғындарының қолында бар мал басынан өндірілген өнім 765 тонна ет, 961 тонна сүт өнімін құрап, 2020 жылмен салыстырғанда алынған өнімінің 137 тоннаға артық өндірілгені байқалды. Алынған сүт Талас ауылында және Тараз қаласында орналасқан сүтті қайта өңдеу цехтарына өткізілген. Өткен жылы ет 804 тонна, сүт 878 тонна болса, биыл етті 828, сүтті 903 тоннаға жеткізу жоспарлануда.

Жобаның үшінші бағыты – тұрғындардың ауыл сыртындағы жерін тиімді пайдалану бойынша 2020 жылы ауыл сыртындағы жерге егілген егіс көлемі жоспарға сәйкес 615 гектарға арпа, жүгері, көпжылдық шөп орналастырылды. Бұл алқаптардан 1242 тонна өнім жиналып, кооператив мүшелеріне төмендетілген бағамен өткерілген еді. Мәселен, жоңышқаның әр түгі 400 теңгеден, арпаның әр килограмы 48 теңгеден босатылған болатын. Бұдан кейінгі жылдары кооперативке мүше болып кірген ұсақ шаруа қожалықтардың кооператив құрамынан шығып кетуі егістік жерлердің азаюына алып келген.

Өткен жылы үш округтің жері 822 гектар алқапқа жетіп, онда бидай, арпа, жүгері, көпжылдық шөп, мақсары және басқа дақылдар орналастырылды.

Жобаның төртінші бағыты – кооперативтерді жабдықтау және құру бағыты бойынша жалпы үш ауыл шаруашылығы кооперативіне 210,4 миллион теңгені құрайтын 43 ауыл шаруашылығы техникасы алынған. Қостөбе және Түймекент ауылдық округтерінің кооперативтері алынған техникаларға мемлекет тарапынан 59,8 миллион теңге инвестициялық субсидия төленіп, қалған несиенің қайтарылымы уақтылы бекітілген кестеге сәйкес төленуде. Бүгінгі таңда кооперативтердің алынған техникалардың қаражатын қайтарудағы берешек сомасы 62,251 миллион теңгені құраған.

Жобаның бесінші бағыты бойынша үш ауылдық округтен 13 азамат жалпы құны 88,820 миллион теңге несие алып, жеке кәсібін ашып, жұмыс атқаруда. Бүгінгі таңда бұл округтерде 6 жылыжай, бір-бірден шұжық цехы, бал омартасы, наубайхана, тұқым тазалау, тігін цехы, ауыл шаруашылығы шеберханасы, инкубатор жұмыс істеуде. Бұл кәсіпкерлік нысандарда өндірілген өнімдер ауыл тұрғындарына және дүкендерге еркін сауда арқылы сатылуда. Бүгінгі таңда екі ауылдық округтегі 30 азамат 95,2 миллион теңге несиесін мерзімінен бұрын қайтарған.

Енді жобаға Жалғызтөбе ауылдық округі үш елді мекенімен еніп отыр. Ондағы 507 ауланың 481-і жобаға қатысуға ниет танытуда. Үй іргесіндегі жер телімі 86 гектарды құрайды. Бұл ауланың ішінде 5 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алып жүргендер. Жалпы жобаның екінші бағыты бойынша 124 азаматқа 263 миллион 525 мың теңге беру жоспарлануда. Бүгінгі күнге аталған бағыт бойынша түскен өтінім саны – 108, қаражат көлемі – 620,5 миллион теңгені құрады. Ал жобаның 3 бағыты бойынша жалпы 700 гектар жер біріктірілді. Оның егістігі – 429, шабындығы – 35, жайылымы 236 гектар.

Егістік жерлерге бидай, арпа, жоңышқа, жүгері егу жоспарлануда. Аталған бағыт бойынша алынатын айналым қаражатына кепілдікке машина-трактор шеберханасы қойылады. Төртінші бағыты бойынша «Жалғызтөбе» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды.

Бүгінгі таңда жалпы сомасы 205,2 миллион теңгені құрайтын 14 ауыл шаруашылығы техникасына сұраныс берілді. Ал бесінші бағыт аясында 6 азамат наубайхана, инкубатор, жылыжай, қағаз өңдейтін цех, көлік жуу бекеті ашуды жоспарлап отыр. Оған қажетті қаражат 83,4 миллион теңгені құрайды. Бүгінгі күнге аталған бағыт бойынша құжаттар дайындалып, «Тараз» ӘКК- на құжаттарды өткізу жұмыстары жүргізілуде.

 Cаңырауқұлаққа cұраныс көп

Сарыкемерлік жеке кәсіпкер Назым Нұрбаеваның жұмысымен танысып, оның шаруасының бір жүйеге түскенінің куәсі болдық. Биыл үшінші жылға аяқ басқан кәсіпкер келіншектің жұмысында ілгерілеу бар. Ол бұл кәсіпті бастау үшін аудан орталығында бос тұрған бұрынғы шарап зауытын сатып алып, оны өз кәсібіне бейімдеп, онда саңырауқұлақ өсіріп отыр.

– Қандай кәсіп бастасаң да, оны алып жүру қиын. Саңырауқұлақ өсіруді мен осыдан екі жыл бұрын бастаған едім. Ескі ғимараттың бөлмелерін жылыжайға ыңғайлап, қайта жабдықтап шықтық. Содан соң оны жылыттық, сөрелер дайындадық. Арнайы өнімді буландыратын цехқа үлкен жылыту пеші мен су қайнататын қазандық орнаттық. Саңырауқұлақ өсіру үшін 20 тонна мақтаның қалдығын Түркістан облысынан жеткіздік. Оның 250 килограмына әртүрлі дәрумендер мен Алматы қаласындағы жоғары оқу орнынан әкелінген тұқым араластырылып шағын блоктарға саламыз. Қазандықтағы суды қайнатып, қайнаған су буымен 3 құбыр арқылы ондағы микробтарды өлтіреді. Әр блокта салмағы 3-4 килограмм тартатын мақта қалдығы буда 9-10 сағат тұрады. Содан кейін блоктар арқылы жылыжайға жеткізіледі. Одан үш күн өткен соң саңырауқұлақ құлақтанып, 20 күннен кейін өнім бере бастайды. Жұлып алынған саңырауқұлақ орнына 10 күннен кейін қайта саңырауқұлақ шығады. 1 блок 5 ай өнім береді. Тек оны қарап, уақтылы ылғалдандырып, ауасын желдетіп, жылылықты сақтап отыру қажет. Саңырауқұлақ өте нәзік болып келеді, ерекше назар аударғанды жақсы көреді, – дейді кәсіпкер Назым.

Кәсіпкердің айтуынша, саңырауқұлақтың адам ағзасына тигізер пайдасы көп. Келешекте өнім көлемін көбейтіп, оны маринадтап шетелге шығаруды да жоспарлап отыр екен.

Жылыжай жұмысшылары Дінмұхамет Жақсылықұлы мен Бибарыс Әуесханда тыным жоқ. Олар кезекті блоктарды, мақта қалдығын салынған құралды буға толтыруда. Қастарындағы темір пеште су қайнап тұр. Буландыру цехы мен жылыжайдың отын жағып жылыту, қажетті суды тасымалдау да екеуінің міндеті.

Көлемі 360 шаршы метрді құрайтын жылыжайға енгенімізде темірден жасалған 5 қатардағы 3 қабатты сөрелердің жартысына ғана блоктар қойылыпты. Олардың дені құлақтанып, жинауға дайын болып қалған. Төбесіне целлофан тартылып, іші жылытылған жылыжайдағы саңырауқұлақтарды екі адам күтімдеумен айналысуда. Пешпен жылытылатын жылыжайдың сыйымдылығы 7000 блокқа арналғанымен, мұнда бар болғаны 3 мыңға жуық қана блок тұрғанын көрдік.

– Саңырауқұлаққа деген сұраныс көп. Бізге Тараз қаласындағы мейрамханалардан күніне 300 килограмға дейін сұраныс түседі. Сондай-ақ Алматы қаласынан да біздің өнімімізге деген қызығушылықтар бар. Ал біз бар болғаны күніне 100 килограмм саңырауқұлақ жинаймыз. Әр килограмын 1500 теңгеден өткерудеміз. Біздегі басты мәселе – мақта қалдығын булайтын цехтағы және жылыжайды жылытатын пештерді газға қосу болып тұр. Жылыжайдағы жылылық 20 градустан кем түспеуі керек. Сондай-ақ судан да қиындық көріп отырмыз. Бізге су құбыр арқылы тартылып берсе дұрыс болар еді. Сонда ғана өнім көлемін арттыруға болады, – дейді Назым Нұрбаева.

Әжелер бастамасы көпке үлгі

«Әжемнің ертегісі» жобасы облыстың барлық елді мекендерінде сәтті жүзеге асырылуда. Ал Байзақ аудандық Аналар алқасының мүшелері Шәмшия Жұмабаева, Шырын Жанұзақова, Шырын Қапарова және Айкенже Жүгінісқызы аудандағы Бәйтерек, Базарбай, Сарыкемер ауылдарындағы балабақша бүлдіршіндеріне ертегі айтып, аңыз-әңгімелер оқып беруді дәстүрге айналдырып келеді.

Ұл-қыздарды тәрбиелеуде «Қызға қырық үйден тыйым» деген де жақсы сөз бар. Қыз баланың іс-қимыл, жүріс-тұрыс дағдысы, ары мен намысы, қылығы мен сымбаты жайлы бүгінгі бүлдіршін қыздарға ертең ибалы келін, абзал ана атанғанда бір отбасының ғана емес, бір рудың қалыптасуына әсер ететін негізгі тұлға болып қалыптасуларын жастайынан түсіндіру маңызды. Сол үшін де ата-ананың бала тәрбиесіне бейжай қарамағандары абзал.

Ұлдардың қыздарды өз қарындасындай көріп, сыйлап, аялауды насихаттаған жөн. Жас ұландарды Отанын шексіз сүйетін азамат болып қалыптасуына кимешек киген аналардың қосар үлесі зор. Одан да басқа ұлттық құндылықтарымызды насихаттауда облыс, аудан әкімшіліктері қолдауымен Байзақ ауданының аналары үлкен жұмыстар атқарып отыр. Осы жұмыстың ауданда басталғанына бір жыл толды. Әжелері балабақшадан бастап, мектептерде жоба аясында семинарлар өткізіп, бүлдіршіндерге ертегі айтуды жолға қойған. Бұл ретте әсіре се Мырзатай, Сарыкемер, Түймекент, Үлгілі, тағы басқа да елді мекендердегі аналар ұйымдары табысты еңбек етуде. Олардың ішінде өте көп істер атқарған Ұлбике, Айман, Гүлнар, Шырын, Тоты әжелерімізді атап айтқан жөн.

Балақайлар ертегілер еліне саяхат жасаған әжелердің келгеніне қатты қуануда. Өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, ұнатқан кейіпкерлері туралы білуге құмартады. Олардың бала көңілінде бұл әжейлердің бейнесі мәңгі сақталады деген сенім мол.

Байзақ ауылындағы ертегі айту үрдісінің жалғасуына осы ауылдағы аналар алқасының төрайымы Зағипа Жұмахметова ұйытқы болған. Ал аудан орталығындағы Сарыкемер, Гагарин, №1 мектеп-гимназияларында мектеп аналар алқасының ұйымдастыруымен жоғары сынып қыз балаларымен «Шеше көрген тон пішер…» атты шеберлік сабақтары жоғары деңгейде өтті. Ал Сарыкемер орта мектебінде «Дәстүрге жол» жобасы бойынша «Батаменен ел көгерер…» атты ақ кимешекті аналармен оқушылар кездесуінің де жастарға берер тәлім- тәрбиелік пайдасы көп.

«Көп қосшыға бір басшы» демекші, осындай бала тәрбиесіне байланысты балабақшалар мен мектептердегі пайдасы мол іс-шараларды ұйымдастырып жүрген аудандық Аналар алқасының төрайымы Шырын Мамашайқызының еңбегі көп.

 

Бетті дайындаған Марат ҚҰЛИБАЕВ.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support