- Advertisement -

Асылдан асыл туады, жалқаудан масыл туады

57

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы маусым айында өткен Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында: «Ұлы Абай «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп өсиет қалдырды. Еңбекқорлық біздің негізгі құндылығымыз болуы қажет. Оны ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға тиіспіз. Табанды еңбек – еліміздің бәсекеге қабілетін арттыратын басты формуланың бірі. Тіпті бірегейі деуге болады» деді. Одан кейін де жұртшылықпен кездесулерінде масылдықтан арылу туралы әлденеше рет еске салды.

…Кеңес одағы кезінде жұмыс істемейтін жатып ішер жалқауларды жауапқа тартатын арнайы заң болатын. Он сегіз жасқа толған соң жоғары немесе арнаулы оқу орнында оқымасаң, Отан алдындағы азаматтық борышыңды атқаруға бармасаң, міндетті түрде жұмыс істейсің. Істемей көр, көзіңді көгендеп, қолыңа кісен салып, түрмеге жабады. Рас, ол кезде бюджеттен қаржыландырылатын мекемелерді былай қойғанда, облыс орталықтарында, шағын қалаларда болсын, жүздеген адам еңбек ететін іргелі кәсіпорындар жететін. Аудандарда ондаған кеңшар, ұжымшар, басқа да толып жатқан мекеме болды.

Ел тәуелсіздігін жариялаған соң, көп ұзамай аудандық мекемелердің кейбірі жұмысын тоқтатты, мемлекеттің мойнындағы шаруашылықтар тарап, жеке құрылымдар құрыла бастады. Бір қоғамнан екіншісіне өткенде кездеспей қоймайтын қиындықты тоқсаныншы жылдардың басында ауылдықтар да, қалалықтар да өткерді. Ер азаматтар отбасын тастап, ірі қалаларға құрылысқа, басқа да қара жұмысқа, әйел-аналар қазан-ошағына қарауға мұршасы болмай, ала дорбасын арқалап, базарға шықты. Сөйте жүріп, аштан өліп, көштен қалған жоқ.

Екі жақтан тапқан азын-аулақ ақшасына ерлі-зайыптылар бала-шағасын асырады. Күнкөрістің көзіне айналдырды. Ал ауылдағы еті тірі, көзі ашық ағайындар кеңшар-ұжымшардан алған пай үлестеріне тиісті жерін, бес-алты уақ малын, кеңес дәуірінің ескерткішіндей болып қалған трактор-комбайнын, басқа да ауыл шаруашылығы техникаларын алып, жеке шаруашылық құрылымдарын ұйымдастырды. Олардың аяғынан тұрып кеткені де, тірлігі баянсыз болғандары да аз емес.

Сол өлара кезеңде де ел-жұрт таңның атысы, күннің батысы тірлік етіп, күнкөрудің қамымен жүргенде әкесінің, анасының немесе бауырларының бірінің тапқан табысына ортақтасып, қол қусырып жатқандар да аз болған жоқ. Ондай адамдардың бойына масылдық дерт негізінен сол жылдары қалыптасты.

«Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» дегендей жаңа заманға бейімделген ел есін жиып, еңсесін көтергенімен әлгіндей дертке ұшырағандар жақындарына масыл болып қала берді. Әке-шешенің кейбірі өмір заңымен қайтпас сапарға аттанды, енді бірінің жасы ұлғайып, бойларынан қажыр-қайрат кетті. Аға отбасын құрып, әпке тұрмысқа шығып, басқа үйдің отын жақты. Масыл ұлдың бойында жаман әдет кенедей жабысып, қалып қойды.

Уақыт өте келе қоғам екіге жарылды. Мал ұстап, егін салған, түрлі кәсіп ашқан азаматтардың алды байып шықса, масыл дертіне ұшырағандар ауылда да, қалада да жұмыссыздар қатарына қосылып, аз қамтылған отбасылар санының көбейе түсуіне әсер етті.

«Сынықтан басқасының бәрі жұғады» деген рас. Осыдан 30 жылдай бұрын басталған масылдық дерт еңбек етуге белсенді халықтың бір бөлігіне жұқты. «Жұмыс жоқ» деп екі қолын қалтасына салып алып, көше кезіп, сандалып жүретін жастар ауылда да, қалада да кездеседі. Ал өздерінің тынымсыз еңбектерінің арқасында әрі мемлекет тарапынан жасалған қамқорлық пен көмектің нәтижесінде жеке шаруашылық құрылымдарын құрған фермерлер мен жер жыртып егін еккен диқандардың алды мыңғыртып мал айдап, алтын дәнді жайқалтып, байлар қатарына қосылды. Бақша мен көкөніс өнімдерін өсіріп те, дастарқаны қашанда ағыл-тегіл отбасылары да бар.

Жеке кәсіп ашып, оны жылдар өте келе, кәсіпорынға айналдырған бизнесмен азаматтар аз ба? Әлгіндей жұмыссыз жүрген жастар бай фермерлердің малын бағуға бармайды. Белгілі бір мамандықтың жоғары немесе арнаулы оқу орнын бітірмеген соң, заманауи техникамен, технологиямен жұмыс істейтін өндіріс орындары білімсіз, өндірісте тәжірибесі жоқ жастарды маңайына болса да жолатпайды. Өйткені ондайлар техника тілін білмек түгілі өзін де, өзгені де мертіктіруі, тіпті жазым етуі мүмкін.

Біздің жас кезімізде үйдегі малды қарау баланың міндеті болатын. Жем-шөбін беріп, суару, қора-қопсыны тазалау сияқты жұмысты ата-ана қызметте болғандықтан, балалар атқаратын. Уақ малдың кезегіне бару, бақташы бағатын ірі қара малды ертеңгілік өріске шығарып, кешқұрым айдап келу де баланың жұмысы. Жылқы қайыру, сирақты мал-түйеден көз жазып қалмау тағы бар. Малдың азығын дайындау, үйге отын әкелу сынды тірлікте де балалар үлкендердің бір жағында жүретін. Оқуың бар, ойының бар, осының бәріне уақыт табатын бұрынғының балалары малсақ болып өсті, әрі жұмыс істеп шыңдалды. Олар масылдық, жалқаулық дегеннің не екенін білмей өсті. Үлкен мектеп – әке тәрбиесі солай еді.

Президент Ұлттық құрылтайда қазақтың қанында бар қасиет – қайырымдылыққа да тоқталып өтті. «Қазақ – қолы ашық, қайырымды, қонақжай халық. Бұған ешкімнің таласы жоқ деп ойлаймын. Бірақ әлемде осындай қасиеттерге ие халықтар аз емес. Жастарымыз, ең алдымен, зияткерлік қабілеті жоғары, ойы ұшқыр, еңбекқор болуы қажет», деді.

Сөз жоқ қазақтың аузын ашса жүрегі көрінетінін, асқан қонақжайлылығын, ерекше мейірімділігін отызыншы жылдары Қазақстанға күштеп қоныстандырылған ұлттар мен ұлыстардың бәрі көрді. Солардың ішінен тәуелсіздіктің елең-алаңында тарихи Отаны – Германияға қоныс аударған неміс ұлтының қазаққа дегенде шығарға жаны жоқ.

Ата-бабадан жалғасып келе жатқан осы қайырымдылықты, қонақжайлылықты, ізгілікті, мейірімділікті жастар бойына сіңіру – әрбір саналы азаматтың парызы. Жастарды еңбекке баулу, қайырымды етіп тәрбиелеу тым ерте – мектеп табалдырғын аттағаннан бастап әр отбасында, білім ошағында бірінші қолға алатын тәрбие болуы тиіс. Бұл жерде бірінші жауапкершілік ата-ана мен ұстаздарға жүктеледі.

«Асылдан асыл туады, жалқаудан масыл туады» деген халық даналығы кім-кімнің де есінен шықпаса дейміз.

 

Амангелді ӘБІЛ

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support