- Advertisement -

Жалқауға жан жуымас

116

- Advertisement -

 «Атекем дұрыс айтады», екінші тағы бірі «Атекемдікі жөн», үшіншісі де «Атекем айтқандай…» деп келетін, жалқаулық мінезді әбден әжуалайтын Ғабит Мүсіреповтің әңгімесі бар. Әрине, қаламгер бұл шығармада қоғам жаңаланып, өзгеріп жатса да, шеттегі бір ауылда ескі көзқараспен қалып қойған масылдық көзқарасты керемет суреттеп, ашып көрсетеді. Сондықтан қанша уақыт өтсе де ондай шығармалардың құнын жоймайтыны анық.

Нарықтық қоғамға әуел баста біздің психологиямыз дайын болды ма, болмады ма, ол жағын анық айту қиын. Бірақ осы нарық, кәсіпкерлік, жекеменшікті дамыту бағытында тығырықтан жол тауып, іс бастағандар бар. Міне, осындай кісілер айналасы он жылдың ішінде заманға лайық бақуатты адамдар болып шыға келді. Себебі істің көзін тапты, байлықтың өзін тапты. Кәсіпті жолға қою жолында ізденді. Өзі де арба айдады, мал бақты, трактордың тізгінін ұстады. Сөйтіп жүріп танымал кәсіпкерге айналып, өзіне де, қоғамға да пайдасын тигізіп отырған азаматтар бар.

«Жалқауға жан жуымас», «Еріншектің ертеңі бітпейді» дейді қазақ. Мәселен, алыс ауылдарда қаншама жерлер әлі күнге дейін бос жатыр. Ауласында егіс егетін, бақша салатын жерлері бола тұра «Жұмыс жоқ» деп шарасыздық танытатындарды осы кезге дейін түсіну қиын. Масылдық психология деген осы болар, сірә. Қазір енді сол жерлерді тиімді пайдаланудың жолдары қарастырылып жатыр. Бірақ сол ертеректе де өзіне тиесілі жерді игеріп, жоңышқасын орып, жүгерісін теріп, мал азығын дайындап алған шаруа қожалықтар болды.

Мәселен, біздің ауылда 25 үйдің пай үлесімен құрылған «Бейбіт» деген шаруа қожалық үздіксіз жұмыс істеп, мал да өсірді, егін де екті. Сол кездегі төраға Болат Дуанбеков әр үлесі бар адамға екі гектардан жер бөліп бергізді. Міне, соның бір гектарына жоңышқа, бір гектарына жүгері еккендер соның жемісін көрді. Тіпті сол өзіне тиесілі жерге дұрыстап егін еге алмағандарды да көз көрді. Бұл осыдан 25 жыл бұрынғы жағдай. Сол кезде де алға ұмтылғандардың шаруасы шалқыды. Ал кері тартқандардың ісі алға баспай, кедейшілік қамытын киіп қала берді. Сол кезде жұмысқа мойыны жар бермейтін жалқаулар да «Үкімет қайда қарап отыр? Жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік көмекті көбейтпей ме?» деп, өзінің жалқаулығына себепті басқа жақтан іздейтін. Ал мемлекет бәріне бірдей мүмкіндік берді. Іскер адамға артық, жалқау адамға кем берген жоқ. Жер үлесі бәріне бірдей болды. Іскер адам еңбектеніп табысқа жетті, жалқау отбасылар сол «баяғы жартас, сол жартас» күйінде қала берді.

Бір іскер азаматтан «Бір икемсіз адамға 1 миллион берсең, айға жеткізбей тиімсіз нәрселерге жаратып, жоқ қылады. Ал іскер адам 1 миллион теңгесін жоғалтып алса да, екі-үш айда кәсіптің дамитын жолын іздеп, сол қаражаттың орнын толтырады» деп естігенім бар. Ашыққан адамға «Балық берме, қармақ бер» деген сөздің де түп-төркіні еңбек пен ізденісте жатса керек. «Жүргенге жөргем ілінеді» деген. Әйтеуір, масыл болып босқа жатпай, ілгері ұмтылғанға Жаратушы бір мүмкіндік беріп қояды екен. Мұның рас екенін қоғамдағы көріністер дәлелдеп отыр.

Таразда Меруерт Лештаева деген іскер кәсіпкер бар. Қазіргі таңда облыстық «Іскер әйелдер» қауымдастығын басқарады. Қарапайым кәсіптерден ілгерілеп, үлкен деңгейдегі жетістікке жетті. Тіпті алыс шетелдерге де іскерлік сапарлармен барып қайтып жүр. Өзі аспазшы. Сол кісі бір әңгімесінде: «Мейрамхана ісін алғаш қолға алған кезімізде біраз қиындықтар болды. Басқа қалада бас аспазшы болып, аянбай еңбек етіп, өзім жеке мейрамхана аштым. Бірақ оны құжаттарын ауыстырып, таласып жүріп, жақын кісілерім тартып алғандай болып, алып қойды. Таразға қайттым. Кәсіпкерлік жұмыстың бәрін қайта бастадым. Бас аспаз болдым. Мейрамханаларды жалдап алып, жұмыс істедім. Қазір өзімнің екі мейрамханам жақсы жұмыс істеп тұр. Ал жаңағы мейрамхананы бізден заңсыз алып қойған кісілердің жұмысы жүрмей, кері кетті», – дегені бар еді.

Ауылда Болатбек Тілепбергенов деген сыныптасым бар. Бәріміз он бір жыл бірге оқыдық. Болайын деп тұрған жігіттің ыңғайы бала күнінен білінеді екен. Сол азамат мектептің жоғары сыныбына барғанда сағыз, конфет, оқушыға қажетті заттар сатып, шағын саудаға мойын бұра бастады. Мектеп бітірген соң, сол кәсібін жалғап, тон сатып, етік сатып жүрді. Бір сыныпты 9 жігіт бітіріп едік. Соның ішінде кәсіпкерлікке ұмтылған – осы Болатбек болды. Қалғанымыз ата-анамыздың зейнетақысын малданып, қорадағы 10-15 қойға алданып жүргенде, Болатбек тіршілікке басқаша қарауын тастаған жоқ. Ақыры еңбегі нәтиже берді.

Қазір алыстағы біздің ауылда ең әдемі үй – Болатбектікі. Ірі қара малдары жағынан да талайдан ілгері. Ол ол ма, үш жылдай болып қалды, Бөкең үйінің іргесінен жылыжай ашты. Енді айтайын деген мәселеміз міне осы жерде. Ауылда жүз шақты үй бар. Әр үйде бір-бір жігіт бар. Солардың ішінде жылыжай ашып, тәуекел деп іс бастағаны Болатбек ғана болды. Басқалар ұмтылмайды. Қалғандары: «Ой, Болатбегің мықты. Қиярын Қаратауға апарып сатса, ақшаның астында қалады. Қызанағы да қып-қызыл ақша ғой», деп сырттай тамсанып әңгіме соғады.

Соның орнына Болатбектен жұмыстың мән- жайын үйреніп, 5 сотық жерді болса да игерейін деп жүрген бір азаматты көрмейсің. Олар да жылыжай ашып, уыс-уыс ақша ұстаса біреу қой деді ме? Жоқ, аттап баспайды. Бірақ ауызы-ауыздарына жұқпай іскер адамдардың ақшасын есептеп тұрады. Япырм-ай, десеңші!

Марқұм ұстазымыз Болат Бекжанның «Болмайды ғой» деген бір әңгімесі бар еді. Онда сол ауыл өмірі қамтылады. Біріншісі «Біз былай іс бастасақ қайтеді?» дей берсе, екіншісі «Болмайды ғой, болмайды» деп кері тартады. Бұл шығармадағы кейіпкерлер портретін ауылдардан әлі де көптеп кездестіруге болады.

Ал белін бекем буып, іске ұмтылған адамға қашанда жол ашық. Тіпті жұмыс жоқ деп ауызын қу шөппен сүртіп жүргендерге де бір кәсіпті жолға қоюға мүмкіндік бар. Дүнген, өзбек ағайындармен сөйлесе қалсаң «Ой, шіркін-ай, сіздердің ауылдарда қаншама жер босқа жатыр. Оның бәрі уыс-уыс ақша ғой. Сіздердің бәріңізге кабинет, қызмет, әкім, прокурор, сот болу керек. Қарапайым жұмыстарға бой ұра бермейсіздер», – дейтіні бар.

Шынымен, бұл ойлана жүретін мәселе. Біз мойындауға тиіс шындық. Ендеше, әр қазақ үшін жалқаулықтың жолы алыста қалды. Тек іскерлікке, дамуға ұмтылуымыз керек. Өркендеудің үлкені сонда жүзеге асады. Ол үшін жалқаулық, масылдық ойдан да, іс-әрекеттен де аулақ болсақ болғаны.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support