- Advertisement -

Бағытыңнан адасып, бақытыңнан қол үзбе!

42

- Advertisement -

Ақ пен қара, күн мен түн, мейірім мен зұлымдық қатар өрбіген тіршіліктің, қабырғаңнан қанат бітіріп, көкке қарай самғатып тұрып, қара жерге баспен қадай салатын тағдыр атты тармағы тым қатыгез, қытымыр. Тағдырдың әр пендеге тарту етер өз тосын сыйы, өз үкімі тағы бар. Әркім өз тағдыр- талайына тиесілі жүкті жеңіл-ауырына қарауға мұршасыз күйде арқалап алып, өмір мекенін бетке алып, мықшыңдап кетіп барады.

Бұл жол кімді қайда апаратыны белгісіз. Әйтеуір тұз-дәмі таусылып, түгесілгенше, көресіні көрмей көрге кірмейтіні анық. Алайда ойшылдардың пайымдауынша өмір сүру оңай. Оны қиындататын өзіміз екенбіз…

Қарашаның қара суығы қақап тұр. Күртешемді асығыс киіп, далаға шыққаным сол, әйел адамның әлсіз дауысы естілді. Бірді-екілі жүргінші көңіл де аудармастан өте шықты. Аяңдап басып жақын бардым. «Тұрғызып жіберші» деді әйел. Көздері ісіп, ерні кеберсіп кетіпті. Ұйпа-тұйпасы шыққан шаштары әппақ қудай. Жемпірін төсеніш етіпті. Түнімен осы жерде ұйықтағаны көрініп тұр. Маған еріп әйелге жақын келген ересек оқушыға «арғы қолынан тартшы» деп белгі бердім. Екеулеп жатып орнынан тұрғызып, сырт киімін кигіздік. Үсті-басы шөп-шалам. Тырнақтары сояудай, жалаң аяғына көзім түсіп кетті. Қалай үсіп қалмаған?!

– Аяқ киімің қайда?.

Ол өлі жанарын төмен салып, басын шайқады.

– Туыстарың бар ма?

– Бауырларым мені түсінбейді. Қызым «жұмыс істемейсің, ақша таппайсың» деп үйден қуып шықты. Ешкімге керегім жоқ. Мен не деген сормаңдай, бақытсыз едім, – деді әйел жыламсырап.

– Сені құртқан арақ қой! Емделгің келе ме? Жұмысқа тұрасың. Жассың ғой әлі. Қызың, барлық туысың қасыңда болады.

– Құжаттарым жоқ…

– Құжаттарыңды рәсімдейтін арнайы орталық бар. Арағыңды қойдырады. Емдейді.

– Мешать етпе!

Ол бұрылып кетті. Жалаң аяғын жырған тас пен тікенге қарамастан тайып тұрды. Маған оның табанының астында тек тас қана емес, бір отбасының тас-талқаны шыққан тағдыры қалып кеткендей көрінді…

Сөз жоқ. Сұрақ та. Бәрі белгілі. Мұндай адасқан жандардың айтуынша, оларды ешкім түсінбейді, түсінгісі де келмейді. Сондықтан күйініп ішеді. Ал көмектескісі келетіндер – дұшпан. Себебі оларға осы өмірі көбірек ұнайды. Ащы су сіңген азапты ғұмырын биік қояды. Есесіне бәрінен азат! Бала-шаға, туған-туыс – кедергі ғана. Ешқандай күй кешпей, ой мазаламайтындай өмір сүргісі келеді. «Мешать етпе!» Болды. Басқа ештеңе де керегі жоқ.

Тағдырдан түрлі теперіш, қағажу көріп, құжатын жоғалтып, барар жер, басар тауы қалмаған жандарды Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің, Тараз қалалық өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталық әлеуметтік-медициналық және басқа да көмек түрлерін көрсетеді.

Жаздың күні ауласын гүл көмкерген орталық, күн суығалы әппақ қарға оранып тұр. Түрлі тағдырдан еңсесі езіліп кетердей болған ғимарат талайдың тағдырын ішіне бүккендей сұрғылт. Анау қолдарын кеудесіне басып бүкшеңдеп бара жатқан әжей құшағына немересін басқанша, бір жартылықты құлай құшқанға құмар. Биыл немересінің үйлену тойы жасалғанынан да хабарсыз…

Өткен-кеткенге әлдене деп түсініксіз былдырлап, қоларбасының дөңгелектерін дамылсыз айналдырып, ары-бері тоқтаусыз жүрген қарияның биыл жүрек ақауынан аяқтары қимылсыз қалып, тіл-жағы семіп, сөйлеу құдіретінен айырылды. Арбаға таңылса да арақ іздеп шарқ ұрған әкейді үш ұлы осында алып келген. Бала-шаға мен осы күнге дейін бар ауыртпалығын бөлісіп, шаңырағының шаттығына айналған жұбайын қорлап, келін мен күйеу, бала-шағасының мазасын алған кісінің құжаттары реттелген соң, ендігі өмірі Қарттар үйіне бет алатын сыңайлы. Қара шаңырағының қабырғасын өз қолымен қалаған азаматтың, өз қолымен сындырған тағдыры бұл…

***

Мұнда барлығы бірдей таусылған, тозған, араққұмар жандар емес. Мысалы, қырықтың қырқасына шыққан Берік Төлегеновтің тағдыры мүлде бөлек. Жетімдер үйінде өскен баланың бар айыбы оның кеселінде. Бақытты болуына да осы дерт кедергі. Кез келген уақытта ес-түсінен айырылып қалады. Эпилепсик. Поезда жолаушылап келе жатып есінен танып қалған жігітті әлдекім бүкіл құжаты мен ақшасын қағып кеткен. Ол осында құжатын даярлатып, өзі де аз күн осы орталықта аялдауға мәжбүр болған.

Бұл орталықтың көмегіне жүгінген белгілі тұрағы жоқ азаматтардың саны биылғы жылы 150 адамды құрап отыр. Олардың 126-сы ер, 23-і әйелдер. Мұнда денсаулық сақтау ұйымынан – 18, мобильді әлеуметтік патруль қызметі арқылы – 10, ішкі істер бөлімінен – 19, әлеуметтік орталықтан – 1 адам, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінен – 2 және өз еркімен келген 99 адам қабылданған екен.

Ағымдағы жылы 20 қызмет алушы арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығына орналастырылса, 9 қызмет алушыға мүгедектік топ тағайындалған. Қазіргі таңда 1 қызмет алушыны мүгедектік тобына шығару мақсатында құжаттары өткізіліп, жұмыс жүргізіліп жатыр.

Күнделікті тұрғындар жататын бөлмелерге залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, 3 мезгіл көгілдір шам (кварц) қойылады. Мұнда әр қызметкер өз саласы бойынша аянбай еңбек етіп келеді. Дәрігер С.Аршабаев, аға медбике Х.Бүркітбаева COVID-19 індетінің таралуының алдын алу, Халықты әлеуметтік қорғау саласында уақытша болу жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету туралы, сонымен қатар медбикелер Б.Ракишева, И.Шымырбаева, А. Примкулова, Г. Жукенова, Г. Нураханова, Н.Закаряевалар да қызмет алушыларға түрлі денсаулық тақырыбында дәріс беріп жүр.

Мемлекет қамқорлығындағы азаматтардың төсек жабдықтары, киімдері уақтылы ауыстырылып, залалсыздандырылады. Сондай-ақ тұрғындарға санитарлық нормаларға сәйкес гигиенасына қажетті заттар уақтылы беріледі. Дез камера және кір жуу машиналары жұмыс істеп тұр. Науқастанған тұрғындарға дәрігердің тағайындауларына байланысты ем жасалып немесе аурухана емін қажет ететін науқастың кезекке (порталға) тұруына «ZYANUYA» емханасы арқылы көмек көрсетіледі.

Биыл орталықтың көмегімен 30 адам жеке куәлікке және 14 қызмет алушы туу туралы куәлігіне қол жеткізген. 62 адамды мекенжайға тіркесе, 60 адам мекенжай тіркеуінен шығарылған. 2 қызмет алушы тұрғылықты жұмыс орнына, 5 қызмет алушы «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-не қоғамдық жұмысқа орналасқан.

Түрлі жағдайда туған-туыстарынан ажырап қалғандардың отбасына оралып, жақындарын табуына да көмек көрсетіледі. Республикалық телеарнаға іздеу салу арқылы ажырап қалған туыстарымен табысқан жандар да жетерлік. Осы жылдың 27 қаңтарында «КТК» телеарнасындағы жаңалықтар топтамасынан Б.Қожаниязов есімді азаматтың және аты-жөні белгісіз қызмет алушының туыстарына іздеу салынып, нәтижесінде Б.Қожаниязов пен Б.Алахметов есімді азаматтарды туыстары алып кетуге орталық ықпал етіпті.

Түрлі жағдайға байланысты қоршаған ортадан алыстап, қоғамнан тысқары ғұмыр кешуге бойы үйренген жандарды өмірге қайта бейімдеу үшін психология, медицина мамандары тарапынан үлкен күш, маңдай тер қажет. Осындай қиындықтарға қарамастан салауатты өмір салтына бейімделгендер қатарында М.Дауренбеков, А.Васильев, Б.Қожаниязов, Б.Алахметов, К.Женадилов есімді азаматтар бар.

Мұнда еңбек терапиясына да көп көңіл бөлінеді. Орталық аумағын таза ұстау мақсатында қыстың күні күл-қоқыстарды тазартып, қар тазалап, мұзды жару жұмыстары тиянақты жүргізіліп тұрса, көктем мен жаз мезгілінде гүл отырғызуға арналған клумбаларды дайындап, гүл ұрықтарын сеуіп, ескірген ағаштарды кесіп, жаңадан жеміс ағаштарын отырғызуға да осы орталықта қызмет алушылар жұмылдырылады. Ал шеберханада қызмет алушылардың қатысуымен шұлық тоқылып, жұмысшы қолғаптары тігіледі. Бұл тұрғыда ас-ауқаты дайын, киімдері жуулы қызмет алушылардың еңбектің ғана наны тәтті екенін ескеруге ықпал етуі көп нәрсені жолға қояры анық. Еңбек жан жарасын емдеп, бар қиындықты жеңуге де ықпал етеді деген рас. Осы мақсатта орталық аумағының тазалығы, тұрғындардың жеке гигиенасы, бөлмелері, төсектерін жинастыруы, асханаға, кір жууға көмектесуі күнделікті қадағаланады.

– Мен осы орталыққа жұмысқа тұрғаныма 9 жыл, үш айдың жүзі болыпты. Мұнда түрлі тағдыр иелерін көрдім. Біріне жаның ашып, жанарыңа жас үйірілсе, енді бірінің өмірі есіңнен тандырардай, таңғалмауға шараң қалмайды. Орталыққа жаңа түскендерді ең алдымен бір апта бойы изоляторға, яғни оқшаулау бөлмесіне жатқызып, бақылаймыз. Бейімделуге уақыт береміз. Сосын сауалнама жүргізіп, тұлғалық ерекшелігін анықтау мақсатында түрлі психологиялық әдістерді қолданамыз. Жан жарасын ашып, булығып жүрген сырын ұғуға атсалысамыз.

Бұл кісілер әңгімелескенді ұнатады. Олар өздерін «екінші сорттағы» адам сезінеді. Негізі түрлі күйіктің кесірінен осы күйге түседі. Бұл адамдарды жаман деп айтуға болмайды. Дәл осындай ситуациядан ешкім сақтандырылмаған. Қанша ішсе де адамдығын сақтап қалған кісілер де кездеседі. Төрт перзенті бар, келіншегі Тараз өңірлік университетінде сабақ беретін жігіт болды. Оның айыбы сол ащы су ғана еді. Оның әсем даусынан әлем түрленіп сала бергендей, ән салғанда даусы ғажап болатын. Ол ішімдікті қойып, отбасына оралуға сондай қатты тырысты. Және қойып та кетті. Бала-шағасын сағынып, отбасына оралуға дайын еді. Ақ жейде кигізіп, галстук тағып, тілектестігімізді білдіріп, үйіне жібердік. Алып-ұшып, қуанышы қойнына сыймай кеткен болатын. Алайда әйелі кешірмей қойды. Ол жігіт қайта ішіп кетті…

2015 жылы қайырымды жандардың ұйымдастырған кешіне 30 адамды алып бардық. Әрқайсысына жаңа киім дайындап, иіс су сеуіп, көлікке отырғыздық. Сонда ол кісілердің арасында өмірінде тұңғыш рет мейрамханада ас ішкендер болды. Сол кісілердің қуанышын көргенде, біз де өзімізді бақытты сезінген едік, – дейді орталықтың психологі Ботагөз Қалқабаева.

Менің есіме дүниеге тоғыз сәби алып келген пысық, мейірбан, ибасы мен инабаты жарасқан мақтаулы келін түсті. Ол 35 жасында ес біліп, етек-жеңін жинап қалған үлкен қызының көз жасына да, тоғыз айлық кенжесінің болашағына да алаңдамастан, ащы судың жетегінде кеткен еді. Өмірінің соңына дейін шаңырағына оралмастан, көшеде ішіп жүрді. Сол көшеде ішіп жүріп, бір баласын да сағынуға, ойлауға мұршасы болмаған күйі бақиға аттанды.

7 жылын көшеде өткізген, жаргон тілмен айтқанда «бомжға» айналған азаматпен тілдескенім бар. Ол бір үйдің жалғызы болып еркелеп өскен. Шектен тыс еркелеген. Тағдырдың еркелікті көтермейтінін есінен шығарып алған бейбақ, кейін сүйген жар, бала-шағасына қарамастан көше кезіп кеткен еді. Әр талдың түбінде, бөтелкесін құшақтап отыратын азаматты кейін танымай қалдым. Сымдай тартылып, әтір сеуіп, мұрт бастырып, жаймашуақ жаздай жайдарланып жұмыстан келе жатқан беті екен. Аз-кем тілдестік. Сондағы айтқаны:

– Мен арықта ұйықтап, тал түбінде ояндым. Қар жастанып, мұз жедім. Алаңсыз көшеде өткен жеті жыл маған жеті ғасырға тең болды. Көп нәрсе жоғалттым. Бірде қайыр тілеп отырып, алдымда мені аялап өсірген анамның тиын тастап тұрғанын көрдім. Жеті жыл бойы анамның бар екенін де ұмытып кеткен уақыт еді ол. «Мама» деп орнымнан атып тұрғанда, шешем де мені танымай қалған екен. Қайыршыға айналған ұлына ақша тастап тұрғанын енді түсініп шыңғырып жіберді. Дегенмен ана жүрек қимады. Соңғы рет қашан жуынғаны белгісіз ұлын құшағына алып, көзінен жас парлап қоя берді. Сол күні тұңғыш рет ойландым. Әр қалада күнелткен жеті жылымның соңғы жылын Таразға келіп, өз мекенжайымды есіме түсіре алмаған кезім еді бұл. Сауыққан сәтте үйің есіңе түскенімен, қара шаңырағымды іздегеннен гөрі, арақ іздегенді артық көретінмін. Ал сауыққан сәтім жоқтың қасы шығар. Анама ілесіп үйге бардым. Жеті жыл бойы үйден жеті шелпек үзбей, енесімен бірге мені тосқан жарымды, әке жолын күткен ұл-қызымды көрдім. Сол күн қатты әсер етті. Адам екенімді сезіндім. Ащы суды татып алмадым. Өткен күндерімді есіме де түсіргім келмейді. Бүгінде жұмысым, отбасым – бәрі бар. Мен Алладан күдерін үзбеген, бақытты адаммын, – деді бір күндері көше кезіп, бүгінде шаңырағына оралған азамат.

***

Кімнің алдында не күтіп тұрғаны белгісіз. Тек өмір жолында өз бағытыңнан сүрініп, бақытыңнан қол үзіп, аялдамаңнан адасып қалмасаң болғаны…

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support