- Advertisement -

Қазақ мәдениеті және Әлібек Әмзеұлының әлемі

80

- Advertisement -

– Әлібек аға туралы, дейді.

– Әулиеатаның Әлібегі – ел ағасы ғой.

– Әбден орынды екен, – дедік біз.

…Әулиелі Жамбыл жерінде, Қыдыр шалған көшелі елде, Алатау мен Қаратау түйіскен атақоныста, ежелгі Тараз қаласының арғы-бергі тарихында аты-жөні мен артына қалдырған мұрасы көне Талас жазуындай тасқа қашалып жазылған тұлғалар аз емес. Бұл жайында көне тарихи жазбалар мен Әбіш Кекілбайұлының «Талайғы Тараз» кітабын оқысаңыз, көңіл де, көз де жетеді.

ХХ ғасырдан бергісінде Тұрар Рысқұлов, Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза және тарихымыздың темірқазығы – екімыңжылдық Тараздың түлектері…

Қазақ мәдениетінде Үлкен өнердің әліппесін жасап берген Асқар Тоқпановша айтсақ, осы ел шежіресіне театр мен өнер қайраткерінің енуі мен елге танылуында тұнық әрі тұңғиық сыр бар екен.

Шоқтығы биік, беделі асқан, сөзі өткір, көзқарастары айбарлы, тура мінезді Әлібек Әмзеұлындай ерек азаматты да сондай танымал тұлғалар шоғырынан көреміз.

«Жамбылға барсаң, Әлібекке бар» деген сөз ұлы қайраткер Өзбекәлі Жәнібековтен қалған деседі. Арлы адамның сөзі де рас. Себебі де рас…

– Сөйтіп, бір театр маусымында тоғыз бірдей спектакльде басты рөлде ойнаған жап-жас талант Әлібек Әмзеевті қатты әлпештеп өткен қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері Асқар Тоқпанов бір заманда сол шәкіртінің маңдайдағы жұлдыздай азамат болатынын сезгендей сенім артқан сияқты.

Әңгіме бұл емес, қазақ мәдениетін дамытуға провинцияда жүріп-ақ көп үлес қосқан Әлағаның театр әртістігінен Жамбыл облысының мәдениет саласына жиырма бес жыл уақыт бойы бірінші басшысы болған өмір жолын Дара тұлға, Әділетті басшы, Мәдениет қайраткері, Қоғамның тірегі және Талантты қаламгер деп жіктеп қарауға болады.

Түйіндеп айтсақ:

– Жамбыл театры мен өмірі егіз. Классикалық шығармаларда басты образды ең көп ойнаған жас актер.

– Қырғызстанның өнерге еңбек сіңірген қайраткері.

– Театр директоры.

– Кино жүйесінің бас директоры.

– Жамбыл облысы мәдениеті мен Әмзеұлының әлемі бітім-болмысымен бірдей.

– Бүкіл өңірдің өнер таланттарының дана ұстазы.

– «Алатау» ән-би ансамблінің ұйытқы қамқоршысы.

– Барлық ауылдағы кітапхананы ту-талапайға түсірмей сақтап қалған басшы.

– Музейлердің бірде-біреуін күйзелтпей ұстап қалған басшы-мәдениеттанушы.

– Қазақ театры саңлақтарының сыйлы өкілі.

– Ө.Жәнібеков, Е.Рахмадиев, Е.Жексенбеков, Ш.Мұртаза, С.Жүнісов, А.Әшімов, Е.Обаев, Т.Жаманқұлов, А.Қоразбаев және Ә.Сығай секілді ардақты ұлт перзенттерінің дән разы пейілін алған адам.

– «Қара кемпір» пьесасы академиялық М.Әуезов театрында қойылды.

– «Ақтаңгер» романын жазды.

– «Менің заманым мен замандастарым» және «Менің сырым мен шыным» деген екі том деректі-публицистикалық, эсселер жинағын шығарды.

– Ана бір жылы Тараз қаласындағы Төле би көшесін ауыстыруға жанталасып жатқан уақытта, оған рухани жағынан дұрыс емес деп қарсы шыққан жалғыз адам (Облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде) осы кісі еді. Бас көше көшкен жоқ ақырында.

– Жамбыл ескерткішінің Х.Наурызбаев авторлығымен салынған нұсқасын қорғап, қайта оралтқан да осы ағамыз.

Оның рухани қалыбы туған елін шын сүйген, жеке бас өзімшілдігі, сыпыра даңққұмарлығы, жалған абыздығы, менмендігі жоқ тұлға деп қабылдаймыз.

Рухани қазынасы арқылы әділдік туын ұстап, отаншыл қасиеттерін дарытқан ел ағасы болды. Сыйласқан, сырласқан жанды баурап алатын нағыз зиялы жан еді.

…Көзден кетсе де көңілден кетпеген Абзал ағаның ел мен ұлт мүддесі жолындағы ерен еңбегі мен қалтқысыз қызметі жадыда жаңғырып тұр.

Жамбыл өңірінің ең әйгілі қайраткерлерінің өмірлік жолы мен азаматтық абыройын асқақтату-ардақты парыз. Жас ұрпақ үшін керек іс, танымдық қасиетті ардақтау.

Бұл ретте белгілі зиялы тұлға, айтулы қайраткер Қырғызәлі Тілеуовтің «Ұзақ жолдың қысқа демі» деген әдемі тақырыппен газеттің бір бетіне толық жарияланған эссесі керемет әсер қалдырады. Әлағаның рухани-әлеуметтік әлемі шын мәнінде күрескерлік мен әділеттіліктің мәйегі десек те жарасады.

Ендігі бір керекті іс-жұртқа танымал, жаны таза, нағыз ұлтжанды азамат Досымхан Аралбаевтың Арқа көркі Көкшетаудан хабарласып, жанашырлықпен еске салғанындай, көзкөргендердің Әлаға туралы ғибратты кітабын шығару деген пікіріне ден қойып отырмыз. Дарқан мінезді Доскеңнің қаншама жылдан рухани ағасы алдындағы барлық аманатқа адалдық танытып жүргені көпшілікке аян.

Әлағаң туралы айтылар сыр мен әңгіме айтылса, оның мазмұны, әрине, уақыт пен ұрпақ үшін үлгі тағылым болмақ.

 

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support