- Advertisement -

Қазақ халқының қамқорлығын көп көрдік

33

- Advertisement -

Ұлттар достығына үлес қосу – басты парызым. Өзім қарашай-балқар ұлтының өкілі ретінде бұл міндет ойымнан шыққан емес. Қазір үш жерде қоғамдық жұмысты атқарып келемін. Оның негізгісі – қарашай-балқар мәдени бірлестігіндегі жұмысым болса, Желтоқсан оқиғасына қатысушы ретінде де белсенді жұмыстардан тыс қалған емеспін. Облыстық ардагерлер кеңесіндегі жауапты жұмысымды да бар ықыласыммен атқарып жүрмін.

Өзіме келсем, әкем – қазақ, анам – қарашай. Соғыс жүріп жатқан 1943 жылдың қарашасында қарашайларды бір түнде жер аудартып жіберген. Анам сол жылы қазақ жеріне мал артатын вагонмен келіпті. Сонда жол-жөнекей адамның жаны түршігерлік жағдайды өз көзімен көргенін айтатын. Ол кезде анамыздың жасы небәрі 19-да екен.

Жанында ата-анасы, екі інісі, сіңлісі бар. Жолда төрт күн жүріп келіпті. Айтуынша, төрт күн бойы вагонның есігі ашылмаған. Жол бойы бақилық болған қариялар мен сәбилерді бірінің үстіне бірін текшелеп жинай беріпті. Волга өзеніне келіп тоқтағанда ғана есік ашып, мәйіттерді жақындарының көзінше сол өзенге лақтырған екен. Сөйтіп көп адам жолда бұл фәнимен қоштасып кете барыпты. Сол кезде бүкіл эшелонның күңіренгенін өмір бойы айтып өтті анам. Сөйтіп, тағы үш-төрт күн жүріп, Жамбыл ауданы, қазіргі Аса, бұрынғы Жетітөбе ауылына атбасын тірепті. Аттылы, өгіз арбалы, түйелі қазақ ұлтының өкілдері күтіп алып, үйлеріне апарып, паналатқан. Сол кезде анам мен оның туыстарын қариялар Әбсейіт пен Әзімгүл апаның отбасына кіргізіпті. Әбсейіт ақсақал соғыста болып, кейін аман-есен оралған. Қоржын тамының бір бөлмесінде біз отбасымызбен тұрғанбыз. Міне, сол кісілерге анам өле-өлгенше алғысын айтып кетті. Міне, қазақ халқының осындай кең пейілін, жылы мейірімін көрдік. Отаным Қазақстанды шексіз құрметтеймін.

Тіпті 1957 жылдары Кавказға қарашайлар көшіп кеткен кезде, анам Әзімгүл апаның үйін «төркінім» деп араласты. Әбсейіт ақсақалдың баласы Омарсейіт менің шешемді «әпке» дейтін. «Неге әпке дейді?» деп түсінбейтінмін. Бұл туралы анам: «Ол кезде Омарсейіт бала еді, үнемі әкемнің қойнында жататын. Сосын жақын бауырдай болып кеттік», дейтін.

Анам Муслимат Хажымұратқызы Шидакова 2011 жылы 89 жасында дүиеден озды. 19 жыл қарашай болып, қалған 70 жылын қазақ болып өткізген анам өмірінің соңына дейін «Қазақ сияқты халық жоқ. Қазақтай ұлт жоқ. Қазақ халқының ұсынған дәмін, кең пейілін ұмытуға болмайды» деп өтті. Қазақ халқының мейірбандылығын, кішіпейілділігін, ізеті мен сыйластығын әркез аузынан тастамайтын. Соның бәрі көкірегімде жатталып қалды. Өмірге жеті перзент әкеліп, бәрін оқытты, үй-жайлы қылды. Содан 34 немере, 12 шөбере көріп өтті. Кейде «Бір қарашайдың қызы қазаққа осындай үлес қосып кетті» деп әзілдейтінім бар.

Бөгде елге келсе де, аянбай еңбек еткен анам қызылша жинаудан рекорд жасап, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, 1945 жылы «Тылдағы еңбегі үшін» медалінің иегері атанды.

Қазір өзім де қазақ халқының кең пейілін түрлі басқосу, көпшілік жұрт жиналған жерде анамның осы өсиетін айта жүруді парыз санаймын. Мұның бәрі – тарих, болашақ ұрпақ үшін тағылымды өнеге. Тарих ұрпаққа сабақ болуы керек. Олар да менің анам сияқты ұрпағына айтып отыруы керек. Сонда ғана ортамызда татулық, бейбітшілік одан әрі беки түседі. Міне, өз басым анамның қазақ ұлтына, халқына деген ықылас-ниеті мен ізет-сүйіспеншілігі үшін ассамблеяға мүше болдым.

«Желтоқсан-86» қоғамдық бірлестігінің де белсенді мүшесімін. Таяуда ғана жеті баласымен пәтер жалдап жүрген жалғызбасты ананың отбасына жылы киім-кешек пен азық-түлік жеткіздік. «Желтоқсан-86» қоғамдық бірлестігі төрт айдың жылу жүйесінің қаражатын төлеп тұратын болды. Сондай-ақ Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығына орай, Тараз қаласы мен бес ауданда Желтоқсан қаһармандарының портретін орнаттық.

Ал қарашай-балқар этнобірлестігі орталығының белсенді жұмысы жайлы көбірек айта бергім келеді. Аталған орталық 2010 жылы құрылды. Оның төрайымы – Леля Ахмадқызы Узденова. Содан бері зымырап 11 жыл уақыт өте шығыпты. Этнобірлестік қарашай-балқар ұлтының мәдениетін, салт-дәстүрін насихаттап келеді. Түрлі концерттік бағдарламалар ұйымдастырады.

Әр ұлт өзінің шыққан тегін, салт-дәстүрін, мәдениеті мен әдебиетін болашақ ұрпақ үшін насихаттауы керек. Бірақ оны саясатқа айналдырудың қажеті жоқ. Саясатқа айналдыру деген не? Мәселен, кей жерде түрлі ұлт өкілдерінің арасында қақтығыс болып жатса, соның бәрін ұлтаралық қақтығыс деп санауды доғару керек деп ойлаймын. Бұл – менің жеке пікірім.

Осы жерде мына нәрсеге екпін түсіріп айтқым келеді. Алмағайып заманда бас сауғалап қазақ еліне келіп, паналағаннан кейін қазақтың киелі жұрты мен тілін сыйлауға міндетті. Себебі қазақ топырағына табаны тиіп, ұрпақ сабақтастығын жалғастырған ұлттардың басына нәубет түсіп, ата-бабасы қиындық көрді, аштықты бастан кешті. Сонда қазақ халқы бір үзім нанын бөліп беріп, үйін паналатты. Ас-суын берді. Осыны қазіргі жастарға айту, жеткізе білу – ассамблеяның және біздің міндетіміз.

 

Исмайл ХАДЖИМҰРАТОВ,

облыстық қарашай-балқар этномәдени бірлестігінің өкілі, ақсақалдар алқасының мүшесі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support