- Advertisement -

Қазақстан мен Ресей – тиімді стратегиялық серіктес

90

- Advertisement -

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 26 қарашада Астанада өткен Ұлықтау рәсімінен кейін келесі күні ресми сапармен Ресейге барды. Бұл Тоқаевтың Президент болып қайта сайланғаннан кейінгі бірінші сапары болды. Мәскеуде Мемлекет басшысы президент Владимир Путинмен келіссөздер жүргізді. Сонымен қатар 29-30 қарашада ресми сапармен Францияға барған Қасым-Жомарт Тоқаев Парижде президент Эммануэль Макронмен келіссөздер өткізіп, оның барысында сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық салалардағы стратегиялық әріптестікті дамыту перспективаларын талқылады.

серіктесӨткен аптада Владимир Путиннің шақыруымен Ресей Федерациясына ресми сапармен барған Мемлекет басшысы Мәскеуде Ресей президентімен келіссөз жүргізгеннен кейін екі елдің басшылары Қазақстан мен Ресейдің Өңіраралық ынтымақтастық форумының жұмысына бейнебайланыс режимінде қатысты.Қазақстан мен Ресей тиімді стратегиялық серіктестік қалыптастыра алды. Бұл туралы Қазақстан мен Ресейдің Өңіраралық ынтымақтастық форумының XVIII жалпы отырысына қатысушыларға видеоконференция режимінде сөз арнаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

«…Форум тақырыбының өзі халықаралық саудадағы дағдарыс пен геосаяси белгісіздіктің қазіргі жағдайында зор маңызға ие. Шындығында, барлық шектеулерді алып тастау және саудада өзара тиімді жағдай жасау елдеріміздің сапалы экономикалық өсіміне негіз болады. Сондықтан бүгінгі кездесуіміздің ерекше маңызы бар», деген Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресей арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толуы аталып өткендігін еске салды.

«Осы уақыттың ішінде елдеріміздің арасында сенімді, сындарлы диалог қалыптасып, ынтымақтастықтың жоғары деңгейіне қол жеткізілді», – деді Қазақстан Президенті. Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясындағы сайлаудан кейінгі алғашқы сапарының маңызына тоқталды. «Әуелі Президент лауазымына қайта сайлануыммен жеке құттықтауыңыз үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Аталған оқиғадан кейінгі ең бірінші шетелдік сапарым Ресей Федерациясына жасалып отыр. Оның өзінің терең саяси мәні бар және бұл сапарымда белгілі бір символдық мән бар», – деді Президент Қазақстан-Ресей келіссөзінде. «Биыл біз дипломатиялық қарым-қатынасымыздың орнағанына 30 жыл толғанын атап өттік. Бүгін осынау тарихи датаға арналған декларацияға қол қоямыз. Қазақстан үшін Ресей Федерациясы негізгі стратегиялық әріптес болған және бола да береді. Бізді түрлі саладағы тамыры терең өзара қарым-қатынас байланыстырып жатыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ынтымақтастық қарқынды дамып келеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ХVIII Өңіраралық ынтымақтастық форумында Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аумақтарында автомобиль жолдарын салуды, логистикалық хабтар мен экономикалық аймақтар құруды, сондай-ақ жоғары дәрежелі қайта жасалатын өнім өндіру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтудің басым бағыттарын ұсынды. Форумға шекаралас облыстардың басшылары, салалық мемлекеттік органдар мен екі ел іскер топтарының өкілдері қатысты.

Президенттің сапары барысында қандай мәселелер көтеріліп, қандай декларацияға қол қойылғанына тоқталсақ, Қасым-Жомарт Тоқаев бейнебайланыс режимінде өткен жиында Ресей мен Қазақстан арасындағы барлық шектеуді алу және сауда саласында өзара тиімді жағдай жасау екі ел арасындағы сапалы экономикалық өсімге жол ашатынын атап өтті.

«Біз халықаралық ұйымдар мен интеграциялық бірлестіктер аясында өзара белсенді әрекет етеміз. Бұл өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және бүкіл Еуразияның жаһандық саясат пен экономикадағы рөлін арттыруға елеулі үлес қосады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, екі ел арасындағы экономикалық қатынастар жылдан жылға күшейіп келеді. Өзара тауар айналымы тұрақты түрде өсіп келе жатыр. Оның дерегінше, былтыр Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда көлемі 24,5 миллиард долларға жеткен. Сонымен қоса Президент бірлескен жобалар іске асырылып, өзара есеп айырысу бағытында ұлттық валюталардың үлесі ұлғая түскенін де атап өтті.

«Былтыр Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда көлемі жаңа рекордтық деңгейге – 24,5 миллиард долларға жетті. Биыл алғашқы 9 айдың қорытындысы бойынша тауар айналымының көрсеткіші 5 пайызға өсті. Ресейге шығарылатын қазақстандық экспорттың ассортименті жақсарды. Оның құны 100 мың доллардан асады», – деді Президент. Мемлекет басшысының мәлімдеуінше, Ресейге шығарылатын қазақстандық тауар атауларының саны өткен жылмен салыстырғанда 640-тан 1050-ге дейін көбейген. Алматыдан Ресей өңірлеріне тауар жеткізу 2,5 еседен астамға, ал Астанадан 5 есеге өскен.

Ол сонымен қоса шекаралас облыстар арасындағы сауда-саттық айтарлықтай жанданғанын да атап өтті. Мәселен, Ресейге Ақтөбе облысынан тауар жеткізу 48 пайызға, Павлодар облысынан 36 пайызға артқан.Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға құйылған Ресей инвестициясы жылдан жылға артып келе жатқанын атап өтті.

Оның айтуынша, елімізде Ресейдің үлесі бар 17 мыңнан астам компания табысты жұмыс істеп отыр. «Ресейлік инвестицияның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, экономикамызға барынша көптеп тарту үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз. Бұл – елдеріміз арасында тиімді өзара іс-әрекеттің жолға қойылғанын дәлелдейтін тағы бір дерек. Осы орайда былтыр Ресейден Қазақстанға тартылған тікелей инвестиция пандемияға дейінгі деңгейден жоғары болды. Қазақстанның Ресейге салған инвестициясы да 34 пайызға артып, 535 миллион долларға жетті», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек Президент кооперациялық ынтымақтастыққа ерекше қызығушылық танытып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, бүгінде бұл сала бойынша Қазақстан мен Ресей арасында жалпы құны 23 миллиард доллар болатын 110 бірлескен жоба жүзеге асырылып, 30 мыңға жуық жұмыс орны ашылған. Мемлекет басшысы жиында логистикалық желілерді жаңғыртуды жеделдетуді қолға алуға шақырды.

Президенттің айтуынша, сауда мен экономика салаларында жаңа өсім көздерін қарастыруға уақтылы қабылданған батыл шешімдер ғана септігін тигізеді. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев көпжақты өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейту үшін бірлескен күш-жігерді мынадай салаларға жұмылдыруды ұсынды.

Бірінші, трансшекаралық және өңіраралық ынтымақтастық жөніндегі шағын комиссияның қызметін күшейту қажет. Өңіраралық ынтымақтастық бағдарламаларын үйлестіру және іске асыру – аталған комиссияның негізгі міндеттерінің бірі.

Екінші, шекара инфрақұрылымын жақсартуға, Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара пункттерінің өткізу мүмкіндігін кеңейтуге ерекше назар аудару қажет. Бұл жұмысты салынып жатқан «Бір белдеу, бір жол» бастамасы мен «Солтүстік – Оңтүстік» трансұлттық дәліздерін ескере отырып, жүзеге асыру керек деп есептейміз. Бұл бағыттарды ЕЭО қызметімен ұштастыру қажет.

Үшінші, Қазақстан тұрақты сауда-инвестиция қатынастарын дамытуға мүдделі.Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аумақтарында автомобиль жолдарын салуды, логистикалық хабтар мен экономикалық аймақтар құруды, сондай-ақ жоғары дәрежелі қайта жасалатын өнім өндіру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді басым бағыт ретінде атап өтті.

XVIII Өңіраралық ынтымақтастық форумынан кейін Қазақстан мен Ресей президенттері келіссөз жүргізді. Екі ел басшылары дәстүрлі түрде өзара сенім мен конструктивті негізде екіжақты серіктестікті одан әрі нығайту жолдарын айқындады. Өнеркәсіптік қатынастар мен көлік-логистика саласындағы экономикалық іс-әрекеттерді күшейту басты міндет болып қала береді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына орай Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Декларацияға қол қойды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Мәскеуге ресми сапары аясында Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинмен де кездесті. Кездесу барысында Қазақстан мен Ресей арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқаны айтылды. Оның айтуынша, екі елдің қарым-қатынастары сауда-экономикалық салада айтарлықтай жетістіктерге жеткен. Өз кезегінде Михаил Мишустин екі елдің басшылары қол жеткізген уағдаластықтарды нақты жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.

Президент ресми сапармен Францияға барды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға ресми сапары өткен аптадағы басты оқиға болды. Бұл сапардың басым бағыттарының бірі – экономикалық ынтымақтастық болды. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай желідегі парақшасында жазды. Қасым-Жомарт Тоқаев Парижде Франция Президенті Эмманюэль Макронмен келіссөз жүргізді. Келіссөз барысында сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық салалардағы стратегиялық серіктестікті дамыту перспективалары талқыланды.

Ресми сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Республикасының Сенатына барып, оның төрағасы Жерар Ларшемен кездесу өткізді. Кездесу барысында Мемлекет басшысы Парижге ресми сапары аясында қол жеткізілген уағдаластықтар елдер арасындағы жан-жақты ынтымақтастыққа жаңа серпін беретініне сенім білдірді.

Қазақстан Президенті екі мемлекет арасындағы парламентаралық байланыстарды нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Жерар Ларше Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформаларды жоғары бағалады. Ол Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастықты дамыту үшін белсенді өзара іс-қимылға дайын екенін жеткізді. Сонымен екі ел президенттері қандай мәселелерді талқылады? Қазақстан үшін Франциямен қарым-қатынасты дамыту неліктен маңызды?

Екі ел басшысы қандай құжаттарға қол қойды?

Эмманюэль Макронмен келіссөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық жаңғырту туралы айтып берді. Өз кезегінде президент Эммануэль Макрон Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды қолдайтынын жеткізді.

Сонымен қоса ол елдер арасында сауда-экономикалық белсенді дамып, энергетика саласында бірлескен жобалар іске асырылып жатқанын атап өтті. Тараптар екі елдің білім және мәдениет саласындағы байланыстарын нығайту жөнінде жан-жақты пікір алмасты, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер мен Орталық Азиядағы ахуалды талқылады.

Мемлекет басшысының Францияға сапары аясында экономикамызға зор пайда әкелетін 35 құжатқа қол қойылды. Осылайша, Президенттің Париждегі әрбір кездесуінде нақты жобаларды іске асыруға, миллиондаған долларлық инвестиция мен озық технологияларды тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін келісімшарттар жасалды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға ресми сапары аясында қол қойылған құжаттардың қатарында ҚР Энергетика министрлігі мен Францияның Еуропа және Сыртқы істер министрлігі арасындағы Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт жел электр стансасын (ЖЭС) салу туралы Үкіметаралық келісім, ҚР Үкіметі мен «Alstom Holdings SA» компаниясы арасындағы Қазақстанда электровоздарды және жылжымалы құрам мен теміржол көлігінің инфрақұрылымына арналған жабдықтарды өндіру және оларға сервистік қызмет көрсету бойынша жобаларды іске асыру жөніндегі базалық қағидаттар туралы келісім, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Synetics» компаниясы арасындағы генетикалық орталық құру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім, «АХҚО» АҚ мен «Paris Europlace» арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум, «Самұрық-Қазына» АҚ мен «Total Eren S.A.» арасындағы негізгі шарттар туралы келісім, «Qazaq Gaz ҰК» АҚ мен «France Hydrogene», «Medef International» компаниялары арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум, «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен «ALSTOM Transport SA» арасындағы ынтымақтастық туралы келісім, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мен «Orano Group» компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум, «Жасыл Даму» АҚ мен «Syctom» тұрмыстық қалдықтарды жою жөніндегі Париж агенттігі арасындағы ынтымақтастық туралы келісім, «Magnetic Oil» мен «Total Energies» арасындағы үлесті сатып алу және сату шарты, ҚР Энергетика министрі мен Францияның Энергетикалық ауысу министрі арасындағы атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық жөніндегі ниет туралы декларация, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және Францияның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі арасындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік меморандум және тағы басқа да бірқатар құжаттар бар.

Инвестиция тартуға келісімшарттар жасалды

Мемлекет басшысы Францияның жетекші компанияларының басшыларымен бірқатар кездесу өткізді. Мұнай-газ саласында ірі кәсіпорын саналатын «Total Energies» компаниясы елімізге 12 миллиард доллар инвестиция құйған. Директорлар кеңесінің төрағасы Патрик Пуянне Президентке оның компаниясы Қазақстанда тағы бірнеше ауқымды жобаны жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізді.

Атап айтқанда, қуаты 1 ГВт-тық жел электр стансасының құрылысы сөз болды. Нысан 2026-2027 жылдары Қазақстанның оңтүстік-шығысында пайдалануға беріледі. Жобаның болжамды құны – 1,9 миллиард доллар. «Air Liquide» химия компаниясының президенті Франсуа Жаков Мемлекет басшысына оның компаниясы Қазақстанда жалпы инвестиция көлемі 120 миллион еуро болатын жобаларды іске асырғаны туралы айтып берді. Компанияның қатысуымен құрылған бірлескен кәсіпорын Атырау мен Павлодардағы мұнай өңдеу зауыттарының негізінде техникалық газ өндірісін жолға қойды.

Oranо S.A. компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Клод Имовен KATCO бірлескен кәсіпорны Қазақстанда жылдық уран өндірісінің 15 пайызын және әлемдік өндірістің 7 пайызын өндіретінін жеткізді. Orano S.A. – Франция атом өнеркәсібі саласының көшбасшысы. Атом энергетикасы мәселесі Électricité de France (EDF) бас директоры Люк Ремонмен болған кездесу барысында да қозғалды. Президент Люк Ремонмен атом энергетикасына озық технологияларды енгізу перспективаларын қарастырды.

Аталған мәселе елімізде АЭС салу жоспары тұрғысынан өзекті. «Alstom» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Анри Пупар-Лафарж Мемлекет басшысына компания жақын арада электровоздар мен теміржол көлігі жабдықтарын өндіру, қызмет көрсету жөніндегі жобаларға 50 миллион еуро инвестиция құятынын айтты. Энергетикалық жабдықтар мен теміржол көлігі өндірісінде әлемдік көшбасшылардың бірі саналатын «Alstom» компаниясының сервистік орталықтары Астана, Алматы қалаларында, Жамбыл және Түркістан облыстарында ашылады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы басқа да Францияның ірі компанияларының басшыларымен кездесті және бұл шара Президенттің Парижге жасаған сапары аясындағы маңызды оқиғаның бірі болды.Сапар аясында Мемлекет басшысы Франция халықаралық қатынастар институтының (IFRI) негізін қалаушы және президенті Тьерри де Монбриалмен, «Électricité de France» (EDF) компаниясының бас директоры Люк Ремонмен, Orano S.А. директорлар кеңесінің төрағасы Клод Имовинмен кездесті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Air Liquide» компаниясының президенті Франсуа Яковты, «Alstom» компаниясының Директорлар кеңесінің төрағасы, Бас атқарушы директоры Анри Пупар-Лафаржды, «Total Energies» компаниясы Директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Патрик Пуяннені қабылдады. Мемлекет басшысы Қазақстан еркін және бәсекеге қабілетті нарықтық экономиканы нығайтуды көздеп отырғанын атап өтті. Сондай-ақ монополиядан арылу Қазақстанды қуатты, бәсекеге қабілетті және инвесторларға тартымды етеді деп санайды. Мемлекет басшысы Франция Қазақстанның негізгі экономикалық әріптестерінің бірі екенін атап өтті.

Саяси диалогтұрақты сипатқа ие

Қазақстан мен Франция 1992 жылы 25 қаңтарда дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. 2008 жылы елдер 2010 жылы күшіне енген стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойды. 2009 жылдан бастап президенттердің алты екіжақты сапары, сондай-ақ министрліктер мен парламенттер деңгейіндегі бірқатар байланыстар өтті.

Екі ел арасындағы саяси диалог тұрақты сипатқа ие, оған екіжақты сапарлардың көптігі оң ықпал етіп отыр. Бүгінде Франция Қазақстанның ең ірі 5 инвестор елі қатарына кіреді. 2005 жылдан бастап еліміздің экономикасына инвестиция ретінде 17 миллиард АҚШ долларын салды. Қазақстанда 170-тен астам француз компаниясы мен бірлескен кәсіпорыны жұмыс істейді.

Серіктес елдер энергетика, тау-кен және жеңіл өнеркәсіп, құрылыс, аэроғарыш, машина жасау, денсаулық сақтау және тамақ өнеркәсібі салаларында тиімді жобаларды бірлесіп іске асырады.Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, 2022 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстан мен Франция арасындағы тауар айналымы 12 пайызға өсті. Елдер арасындағы екіжақты сауда айналымы 2,5 миллиард долларға жетті.

Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 3 миллиард доллардан асуы мүмкін. Бұл екі ел арасындағы сауда қатынастарының дамуындағы тұрақты оң үрдісті көрсетеді. Францияның Орталық Азия мемлекеттерімен саудасының 90 пайызы Қазақстанның үлесіне тиеді. Франциядан Қазақстанға вакциналар, әртүрлі қозғалтқыштар, дәрі-дәрмектер, көміртекті электродтар, радиолокациялық және радионавигациялық жабдықтар, электр трансформаторлары, хош иісті заттардың қоспалары, гербицидтер импортталады. Қазақстан Францияға сутекті, инертті газдарды және басқа да бейметалдарды, қозғалтқыштар мен электр генераторларын, титан мен титаннан жасалған бұйымдарды, шикі мұнайды, уран мен күкіртті жеткізеді.

Франция Қазақстан үшін Еуроодақтағы сенімді және перспективалы әріптес. Тек инвестицияларды ғана емес, сонымен қатар біздің елімізге технологияларды экспорттайды. Француз компаниялары үшін біздің еліміз Орталық Азия өңірінде ұзақ мерзімге орнығу үшін және ірі жобаларды іске асыру үшін жақсы алаңға айналып отыр.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support