- Advertisement -

Бурылда көкөністің мол қоры сақталуда

57

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді», дей келе еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру туралы тапсырма берген еді.

Ауданда ауылшаруашылығы мақсатындағы жалпы егістік жердің көлемі 59790 гектар алқапты құраса, оның 29549 гектары суармалы алқап. Биыл пияз 1825,2, күздік 8730, арпа 12790, көкөніс 5704, жүгері 2010, майлы дақылдар 1400, қант қызылшасы 1000, бақша 1800, картоп 700 гектар алқапқа орналастырылды. Бұрын қант қызылшасын баптаумен даңқы шыққан аудан кейінгі жылдары пияз егіп, одан мол өнім алуда. Атап айтсақ, ауданда егілген 1825 гектар пияз алқабынан 77576 тонна өнім жинаған.

Ауданда суармалы егістікпен көп айналысатын округтердің бірі – Бурыл ауылдық округінің диқандары. Олар 900 гектар алқаптан 38250 тонна пияз жинаған. Картоп, сәбіз, қант қызылшасы, дәндік жүгері, көкөніс, бақша дақылдарынан да мол өнімге қол жеткізді.

Кейінгі жылдары азық-түлік бағасының күрт көтерілуі халыққа оңай тиіп жатқан жоқ. Өз ауданымыздан алынған картоп, пияз, сәбіздердің де бағалары дүкенге түскенде көтеріліп кететіні бар. Міне, мұны жете түсінген диқандар өз өнімдерін сақтау үшін үлкен-үлкен қоймаларды пайдалана бастады. Ауданда осындай жеміс-көкөніс сақтайтын 15 қойма жұмыс істеп тұр. Олардың сыйымдылығы 29540 тоннаны құрайды.

Қоймалардың үшеуінде салқындатқыш қондырғылар орнатылған. Сондай қоймалардың бірі Бурыл ауылдық округінде орналасқан. Ол Жалел Аббасов басқаратын «Grand Foods Premium» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне қарайды, сыйымдылығы 5000 тонна.

Қойманың соғылуы, алыстан көз тартарлық келбеті, ауласы асфальтталып, басқа да барлық жағдайлары жасалғаны көрініп-ақ тұр. Бірнеше бөлмеден тұратын қоймалардың 1000 тонналығына тоңазытқыш орнатылған. Онда бүгінгі күнге 600 тонна сәбіз, 200 тонна картоп, 100 тоннадан астам қызылша сақтауға қойылған. Ал ішкі бөлмелері екі қабаттан тұратын жай қоймаларда 3000 тонна пияз жиюлы тұр. Қоймалардағы өнімдерді қарап, қадағалап отыру үшін 10 адам жұмысқа тартылған. Кооперативтің өз егіс алқаптары болмағанымен олар дайын өнімдерді сақтаумен қатар сыртқа тасымалдаумен де айналысады.

Осы ауылдағы Уммат Башатов басқаратын ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі еншісінде 1500 тонналық қойма бар. 2018 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қойманың 500 тонналық екі камерасына тоңазытқыш қойылған. Мұнда негізінен картоп, сәбіз сақталуда. Ал 1000 тонналық екі қабатты қоймаға биыл 800 тонна пияз түскен.

– Қоймаға түскен пияздың 300 тоннасы сыртқа сатылып кетті. Негізінен бізге биыл екі азамат өз пияздарын әкеліп, сақтауға қойды. Ал сәбіз, картоп, қызылша әзірге түскен жоқ. Мұнда 3 адамға жұмыс беріп, олардың әрқайсысына айына 70-80 мың теңгеден жалақы төлеп отырмыз. Жұмысшылар сақтауға қойылған өнімнің бұзылуына жол бермейді. Бізде егіс егетін алқап жоқ. 3-4 жыл болды жер сұрағалы, алайда ала алмай жүрміз. Ұлым Махамет біреудің 2 гектар жерін кепілдікке алып, пияз егеді, – дейді шаруа У.Башатов.

Бурылда «Байжанова Н» шаруа қожалығының жетекшісі Несіпкүл Байжанованың өз үйі жанынан үлкен қойма салып жатыр екен. Жетпіс жастан асқан ана өзінің 100 гектар алқаптан жинаған басқа да дақылдарын осында сақтамақ. Ол 200 шаршыметрді құрайтын, сыйымдылығы 1000 тонналық үлкен қойма соғып, ішінде 600 тонна пиязы сақтап отыр екен.

– Мемлекет тарапынан үлкен қолдау көріп отырмыз. Жеңілдетілген жанар- жағармай, субсидия, жаңа техникаларды алып жатырмыз. Тамшылатып суаратын үш техникамыз бар. Қазір өзімізге тиесілі 66 гектар алқап болса, алдағы уақытта оны ұлғайтып, өнім көлемін арттыратын боламыз, – дейді Несіпкүл Байжанова.

Бурыл ауылдық округінде бұлардан басқа да кейбір диқандар үйлерінің жанынан өнімдерін сақтайтын шағын ғана қоймалар соғып алғандары да бар екен. Бурылдық диқандар өз өнімдерін сақтайтын мұндай үлкен қоймалардың азық-түлік бағасын тұрақтандыруға тигізер пайдасын жақсы біледі.

 

Сүндетулла ӘБІЛОВ,

журналист.

Байзақ ауданы.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support