- Advertisement -

Алаштың автопортреті – ана тілі

138

- Advertisement -

«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мазмұнды мақалада ел ертеңі үшін қарқынды, ауқымды және жоспарлы міндеттемелер межеленген еді. Тіл мәселесі – солардың негізі. Өйткені рухани жаңғырудың басты тірегі – тіл. Осы тұста облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» облыстық филиалымен бірлесіп, қазақ тілін деңгейлеп үйрету жүйесінің жаңа жолдарын іздеу, әдіснамасын қалыптастыру мақсатында «Тілді үйретудің заманауи әдіс-тәсілдері» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізді.

Жиынды халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» облыстық филиалының төрайымы Эльмира Мырза-Ғали жүргізіп, алғашқы сөз тізгінін облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетоваға берді.

Конференцияға қатысушы «Мәміле» қоғамдық қорының директоры, қоғам қайраткері, тіл жанашыры, «Ситуативті қазақ тілі» үш томдық кітабының авторы Қанат Тасыбеков жағдайаттық оқытудың сәтті тұстарын қатысушыларға кеңінен ашып, тарқатып берсе, филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлбану Қосымова «Мәтінмен жұмыстың негізгі бағыттары» туралы баяндама жасады.

Сонымен қатар М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Зиба Құламанова «Қазақ тілін оқытудың өзекті мәселелері» туралы, облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының Тілдерді оқыту орталығының директоры Гүлхан Әлімбекова «Мемлекеттік тілді оқыту үдерісінде заманауи әдіс-тәсілдерді қолдану» тақырыбында, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының магистрі Балмира Мырзабай «Қазақ тілін оқытудың интербелсенді әдістері» туралы, Антон Макаренко атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі Салтанат Жұмабекқызы «Көркем мәтінді талдау түрлерін қолдану арқылы оқушылардың тілдік дағдыларын қалыптастыру» жайында және «125 EDUCATION» ЖШС мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ерлан Нұрланов «Тіл оқытудағы креативтілік – заман талабы» тақырыбында баяндама жасап, конференцияға қатысушылар пікір алмасты.

«Еліміз егемендік алғалы бері әлі де қазақ тілінің қағажу көріп келе жатқаны жасырын емес. Яғни бұл тек өзге тілді ұлт өкілдеріне ғана емес, өзіміздің қаракөздерге де тікелей қатысты. 2016 жылдан бері барлық мектептерде қазақ тілінің жаңартылған білім бағдарламасы оқытылып жатыр. Бұл тұста бізге ең қажетті дүние – әдістеме. Яғни ғылыми теорияны тәжірибемен ұштастыра білуіміз қажет. Басқосуда осы мәселелер жан-жақты талқыланды», – дейді филология ғылымдарының кандидаты Зиба Құламанова.

«Адамзаттың Айтматовы» атанған, әлем әдебиетіндегі көрнекті жазушы Шыңғыс Айтматов: «Тіл – халықтың автопортреті. Әр тіл – өз орнында ұлы, әр тіл – бүкіл адамзат қазынасының ортақ палитрасындағы өз өрнегімен қымбат» деп айтқандай, тіл тағдырына қатысты салмақты мәселелер қаузалған басқосу соңында тіл жанашырлары арнайы Алғыс хаттармен марапатталды.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support