- Advertisement -

Тұрғындарды толғандырған мәселелер талқыланды

67

- Advertisement -

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ғимаратында облыс тұрғындарымен және коммерциялық емес ұйым өкілдерімен кездесті. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек ашып жүргізді.

Қазіргі таңда Президент тапсырмасымен облыс әкімдері мен барлық деңгейдегі әкімдер және министрлер халық алдында есеп беруде. Осы талап шеңберінде Жамбыл жұртшылығымен болған кездесуде ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев ауыл шаруашылығы өкілдері алдында есептік баяндамасын жасады. Баяндамашы ағымдағы жылдың тоғыз айында республика деңгейінде және Жамбыл облысында атқарылған, жоспарланған жобаларға тоқталып өтті.

Министр биыл облыста 15 іс-шара қаралып, оның 5-еуі жүзеге асырылғанын айтты. Яғни, министрдің бұл айтып отырғаны суару жүйелері барысында атқарылған жұмыстар. Баяндамашы сонымен қатар Тараз қаласындағы кәріз жүйесінің шайынды суы төгілетін Жамбыл ауданының экологиялық жағдайын да сөз етті. Кездейсоқ тасталатын күл-қоқыс та өңірде аз емес. Космостан түсірілген картада облыс аумағынан 131 кездейсоқ күл-қоқыс алаңы анықталған, бүгінгі таңда оның 82 пайызы жойылған.

– Жамбыл облысы жерасты кеніне бай. Бір ғана фосфорит кені облыстың басым бөлігін алып жатыр. Сонымен қатар облыста жерасты суы қоры көп, әрі тұщы сумен жақсы қамтылған республикадағы алдыңғы үштікке кіретін өңір. Қазіргі таңда жерасты қорын барлау жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта облыста 26 жерасты кенін барлау жоспарланып отыр. «Еуропалық қайта құру» банкі арқылы суландыру жүйелері бетон науаларға ауыстырылуда. Бұл жұмыстар алты ауданда атқарылу үстінде, ол қайта жаңғыртылған науалардың арқасында 66,3 мың гектар алқапты ылғалдандыруға мүмкіндік береді. Бүгінде 264 канал жөнделіп, 53,9 мың алқапқа су жеткізілді. Бұдан бөлек, облыста Рғайты, Қалғұты мен Ақмола каналдарын салу жоспарлануда, – деді Серікқали Брекешев.

Сонымен қатар министр Президенттің тапсырмасы бойынша алдағы бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызылу жоспарланғанын айта келіп, облыста 24,6 миллион ағаш отырғызу көзделгенін айтты. Сонымен қатар ол балық шаруашылығы, облыстың экологиялық жағдайы туралы да айта келіп, жиынды бұдан әрі сұрақ- жауап түрінде өткізу туралы ортаға ұсыныс тастады.

Халықтың да күткені осы болса керек, сұрақ берушілердің қарасы қалың болды. Атап айтсақ, «Регион» газетінің журналисі Әміркен Сұлтан қала іргесінде тау болып үйіліп жатқан «Қазфосфат» ЖШС фосфор күлінен Жамбыл ауданының біраз елді мекені зардап шегіп отырғанын айтты. Сонымен бірге ол фосфор қалдығын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автомобиль жолын салған тұста құм алу үшін қазылған орларды сонымен толтыруды, жол құрылысына пайдалануды, сор жерлерді құнарландыруға жұмылдыру туралы ұсыныс тастады. Тағы бір айтқаны, кәріз суын тазалайтын станса салу, қала ішіндегі сегіз каналды тазалауды қолға алу және суды көп қажет етпейтін, әрі оттегіні жақсы бөлетін, әрі қант өндірісіне таптырмайтын, жер талғамайтын қант қамысын өсіру қажеттігін көтерді.

– Егіс алқаптарын ылғалдандыру жүйесі бойынша салынып жатқан каналдар бойынша берілген есеп өтірік. Каналдар бойынша кемшіліктер өте көп. Құрылысын тастап кетіп қалған мердігерлер де жоқ емес. Төрт метрдің орнына екі метр бетон жерарық салып кеткен мердігерлерге де ешқандай жаза қолданылмай отыр. Құрылыс сапасы сын көтермейді, қалай болса солай салынған. Бүгін су жүйесіне байланысты берілген ақпарат өтірік, – деді ол.

Министр көтерілген мәселелердің әрқайсысына тоқтала келіп, ақыр соңында оны «жергілікті билік бақылауы тиіс» деді.

Бұдан кейін залдан «Қазфосфат» ЖШС тарапынан ауаға тасталған зиянды қалдықтың қорытынды тексерісінің нәтижесі не болды деген сұрақ қойылды. Тараз қаласында тал-дарақтар аяусыз кесіліп орнына кафелер мен басқа да нысандар салынып жатқаны, өзендердің ластанып кеткені» сынды сұрақтар берілді. Ал байзақтық шаруа Саха Манатов алдағы жылы сусыз қаламыз ба деген қаупінің барын айтты. Өйткені биыл күрделі жөндеуден өткізіліп жатқан Қырғыз мемлекетіндегі Киров су қоймасындағы құрылыс жұмыстары әлі аяқталмаған. Су қоймасында тиісті су жиналмаса, алдағы жылы өңір диқандары сусыз қалмақ. Содан кейін қант қызылшасын өсірушілерге жерасты суын пайдалануға рұқсат беріп, ұнғыма қазу мемлекет есебінен жүргізілсе деген ұсыныс айтты. Басты мәселе суды диқандарға жеткізіп беретін «Қазсушар» мекемесінің облыстағы филиалында бірде-бір техниканың жоқтығын көтерді.

Министр диқанның сұрақтарына жауап бере келіп, облыстағы «Қазсушар» мекемесіне техника қарастырылатынын айтты. Бұл жауапқа қанағаттанбаған кәсіпкер Сақа Манатов «Жылда бұл мәселе көтеріледі. Бірақ жылда сөз жүзінде, уәде күйінде қалады. Облыстағы су мамандары қашан көрсең шаруа қожалықтарына жалынып жүреді. Өзіңіз ойлаңызшы, осы жақсы ма? Осыдан кейін оларда қандай бедел болады?», – деді.

Ал қоғам белсендісі Ықтияр Мырзахметов тал егу жайын сөз ете келіп, «Жылда бір жерге тал көшетін отырғызамыз. Ол көктем мен күзде қайталанады. Қарап тұрсам бір орынға ағаш көшетін отырғызып келе жатқанымызға 30 жыл болыпты. Біз бұл жұмысты тек есеп беру үшін атқарып жүргендейміз. Оны күту мен суару біреуге шегелеп тапсырылмаса осы үрдіс бұдан кейін де 30 жыл қайталана беретін түрі бар. Отырғызылған ағаштардың есебін алып жатқан ешкім жоқ, барлығы қағаз жүзінде атқарылуда. Әйтпесе отыз жылда отырғызылған ағаштарды есептер болсақ қазір Тараз қаласының айналасы орман болып кетпес пе еді?», – деді ол. Қоғам белсендісі «Қазфосфат» ЖШС ашық жұмыс істемей отырғанын, тіпті зауыт аймағына экологтардың өзін кіргізбейтінін айтып өтті.

Жиын барысында көп мәселе көтерілді. Ол сұрақтарға министр қал-қарекетінше жауап берді. Кейбір сұрақтың шешімін облыс басшыларының назарына қалдырса, енді бірін өз бақылауына алатынын жеткізді. Кездесуден соң облыс тұрғындарын жеке сұрақтарымен қабылдады.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support