- Advertisement -

Аудан әлеуетін арттыратын жоба

83

- Advertisement -

Қытайлық «China Power» компаниясы Сарысу ауданында қуаты 400 мегаватт болатын жел электр стансасын салып, оның көлемін 500 мегаватқа жеткізбек. Сарысу ауданында төрт жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қытайлық «China Power» компаниясы әлем елдерінде ірі электр стансаларын салумен қатар, оны басқаруменде айналысып келеді. Олардың ауданда салған 100 мегаватты «Жаңатас жел электр» стансасы бүгінгі таңда толық қуатында жұмыс істеп тұр.

«Жаңатас жел электр стансасы» ЖШС бас директоры Гуо Кимнің айтуынша, Сарысу ауданында жүзеге асырылған жел электр стансасында жылына 350 миллион киловатт электр энергиясын өндіру жоспарланған. Жалпы станса Сарысу ауданын ғана емес, бірнеше елді мекенді жарықпен қамти алады. Кәсіпкердің айтуынша, бұл – Орта Азиядағы ең алып жоба. Жабдықтары Қытай Халық Республикасынан әкелініп, орнатылған.

Жобаның жалпы құны 150 миллион АҚШ долларын құрайды. Жоба аясында қуаты 2,5 мегаватт болатын 40- тан аса жел энергетикалық блок пен электр жабдықтарын, сондай-ақ бір станса торабы мен көпфункционалды орталық салынған.

Сөз барысында серіктестік директоры Гуо Ким енді осында 400 мегаватты жел электр стансасын салып, оның көлемін 500 мегаватқа жеткізгісі келетінін айтты.

– Бізді қызықтырғаны – бұл өңірдің жақсы климаты. Егер мұнда жел көзі болмағанда үш жылда мұндай айтулы жобаны жүзеге асырмаған болар едік. Біз осы аймақтың климатын зерттей келе, жергілікті билік тарапынан қолдау болып жатса, ендігі жерде жел электр стансаларын салып қана қоймай, күн электр стансаларын салуға да ниеттіміз. Қазақстанның қай өңірін алып қарасаңыз да, желден де, күннен де электр қуатын өндіруге болады. Қазіргі таңда Қазақстан дұрыс бағыт таңдап, тура жолда келе жатыр. Болашақта алдыңғы қатарлы электр қуатын өндіретін елге айналатынына сенімім мол, – дейді ол.

Сондай-ақ серіктестік өкілі осы жерден жел және күн электр энергиясына қажетті құрал-жабдық өндіруге арналған зауыт салуға ниетті екенін де жеткізді.

– Бізге керегі осы зауыт. Зауыт салып алсақ, жел және күн электр стансаларына қажетті құрал-жабдықтарды шет мемлекеттерден тасымалдамай, өзімізде жасап құрастыруға мүмкіндік алар едік, – деді аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев.

Жергілікті билік 400 мегаваттық жел электр стансасын салу үшін қосымша 130 гектардан астам жер бөлініп берілгенін, жоба жүзеге асса бұл өңір алда табиғат көзінен баламалы электр қуатын өндіретін аймаққа айналғалы тұрғанын айтуда.

Бұл жоба жалпы болашақта оңтүстік Қазақстандағы электр энергиясы тапшылығын жойып қана қоймай, тау-кен өндіруші кәсіпорындардың да жұмысының тиімділігін арттырмақ.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support