- Advertisement -

Сапалы ауыз суға сұраныс көп

46

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін елімізде таза ауыз су мәселесін шешуді тапсырғаны белгілі. Яғни, алдағы үш жылда қалалар 100 пайыз, елді мекендер 80 пайызға дейін таза ауыз сумен қамтылуы тиіс. Мұны аудандарда 100 пайызға жеткізу жоспарланған.

Жуалы ауданы әкімдігі тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Роза Құрмашеваның айтуынша, аудандағы 49 елді мекеннің 31-і орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған. Ол жалпы халықтың 63 пайызын құрайды, яғни, аудан халқының 85 пайызы таза ауыз су тұтынуда.

– Жолдауда айтылған «Ақбұлақ» бағдарламасы да өңірде өз шешімін тауып, кезең-кезеңімен іске асырылуда. Қазіргі таңда таза ауыз сумен қамтылған елді мекендер саны едәуір артқан. Атап айтсақ, ауданда орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған елді мекендер саны – 31. Ол 63 пайызды құрайды, яғни, аудан халқының 85 пайызы таза ауыз су тұтынуда. Қазіргі таңда таза ауыз су құбыры Қоңыртөбе ауылында тартылуда. Ондағы құрылыс жұмыстарын «Жаңарту» ЖШС жүргізуде. Бұдан бөлек, алты елді мекенге, атап айтқанда, Рысбек батыр, Жаңаталап-Ақтоған, Тасбастау, Кәріқорған, Бәйтерек ауылдарына таза ауыз су тарту жоспарлануда. Бүгінгі таңда Тасбастау, Кәріқорған, Бәйтерек елді мекендерінде таза ауыз су жүйесінің құрылысын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу жұмыстары басталып кетті, – дейді ол.

Су – тіршілік көзі. Қоғамдағы барлық тіршілік салалары үшін су ресурстарының маңыздылығын айтып жатудың өзі артық. Елімізде осыдан 12 жыл бұрын басталған «Ақбұлақ» бағдарламасы соңғы үш-төрт жылдың көлемінде қарқын алғаны белгілі. Ол «Өңірлерді дамыту», «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламалары және «Ауыл – ел бесігі» жобалары аясында жүзеге асырылуда.

Ауыз сумен қамт амасыз етудің оң жұмыстарына қарамастан, бүгінгі таңда аудан халқының бір бөлігі сапалы және жеткілікті көлемде таза ауыз сумен әлі күнге қамтамасыз етілмеген. Қошқарата, Боралдай ауылдық округтерін айтпағанда, аудан орталығы Б.Момышұлы ауылы іргесіндегі Көкбастау мен Нұрлыкент ауылдық округтеріне қарасты Көктөбе мен Қосбөлтек, Түктібай мен Қосбастау елді мекендерінде бұл мәселе басы ашық күйінде қалуда. Бұдан бөлек, Теріс пен Алатау елді мекендеріндегі ауыз су құрылысының сапасыз салынуынан ауыл тұрғындары зардап шегуде. Толыққанды таза ауыз судың игілігін көре алмауда. Қайда шағымданса да тұрғындардың айқайы жарты жолда қараусыз қалып келеді.

Айта берсе, кемшілік жетіп артылады. 2010 жылы Бауыржан Момышұлы ауылында берілген таза ауыз су жүйесінде де жүздеген ақау шығып, әлі күнге «Жуалы су» мекемесі сондағы кеткен ақауларды жамап-жасқаумен айналысуда.

Қызыларық пен Сұрым ауылындағы таза ауыз су жүйесінде де мұндай мәселелер болмай қалмады. Қайсыбір елді мекенде болмасын, құрылыс жұмысынан кейін мердігерлердің жауапсыздығынан талай кем-кетігі шығып, оның зардабын халық көруде. Майлы жіліктің басын ұстағандар сол баяғысынша құтылып, олардан қалған кем-кетік бүгінде «Жуалы су» мекемесінің мойнына ілінген. Ендігі жүзеге асырылатын жобаларда мұндай қателіктер кетпесе екен деп тілейік.

Халық үшін сапалы ауыз суға қолжетімділіктің маңызы өте зор. Осыны сезінген Үкімет ел тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бар күшін салуда. Сондықтан да әлеуметтік маңызы жоғары «Ақбұлақ» бағдарламасы жан-жақты, тыңғылықты зерттеліп-зерделенген бағдарлама. Бағдарлама ойдағыдай орындалып жатса, шалғайдағы ауыл халқы да толығымен таза ауыз сумен қамтамасыз етілетін күн де алыс емес.

Мәселен, биыл Жуалы ауданының шалғайында орналасқан Қоңыртөбе, Рысбек батыр, Жаңаталап, Ақтоған ауылдары таза ауыз суға қосылады деп жоспарлануда. Олар қосылғаннан кейін ауданның ауыз сумен қамтылуы аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше елді мекен саны 35-ке жетіп, 71,4 пайызды құрамақ. Бір елді мекеннің жобасы сараптама қарауында, ол – Ақтөбе ауылы.

Бұдан бөлек, Түктібай, Ақтасты, Қызтоған ауылдарына жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде екен. Сондай-ақ жеті елді мекенге, яғни ондағы халық және аула саны аз болғандықтан суды тазартудың кешенді блок модульдерін орнату жоспарланған. Ол санатқа Күркіреусу, Қаратас, Көктас, Қарасу, Амансай, Қазбастау елді мекендері енген. Аталған жұмыстарды атқару 2024-2025 жылдарға белгіленген.

Әрине, су – бар берекенің бастауы. Бұл тұрғындар үшін жағымды жаңалық. Таза ауыз судың адам денсаулығына пайдасын айтпасақ та түсінікті. Мал бағып, бақша салып отырған аудан тұрғындары үшін бәрінің ойдағыдай жүзеге асып жатса, бұдан асқан жақсы жаңалық болмас еді. Бүгінде үйіне су кіргізіп, қызығын көріп отырған тұрғындар да аз емес. Соның бірі Айдос Ахметов.

– «Ақбұлақ» бағдарламасының елге берері мол. Ауылға су кірді. Қуанышымызда шек жоқ. Суды үйге кіргізіп алдық. Үйіміздің ішінен жуынатын бөлме, тіптен дәретханаға дейін қосып қойдық. Қаладан еш кем емес. Біз сияқты зейнеткерге бұдан басқа не керек. Жұрттың бәрі қалаға ұмтылады, егер ауылда осындай жағдайды үкімет жасап қойса, ешкім ешқайда кетпес еді. Өз туған жеріме ештеңе жетпейді. Көркейе бергенін қалайсың, әрине, – дейді.

Ал Теріс ауылының тұрғыны Байбос Жұмағұлов «Бұрын таза ауыз суды ауламызда тұрған құдықтан сусорғы арқылы тартып алатынбыз. Бақша суарып, суды көп алсақ таусылып қалатын. Сосын үнемдеп пайдаланатын болдық. Қазір ауылымызға су кіріп, рахатын көрудеміз. Ауыл адамының еңбегі көп қой, осылай тұрмыстық жағдайымыз түзеліп жатса қандай жақсы», дейді ол.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support