- Advertisement -

Әріптестер арасындағы әзілдер

50

- Advertisement -

Әр саланың еңбек ұжымдарындағы әріптестер арасында неше түрлі қызықты да еріксіз езу тартқызатын күлкілі оқиғалар мен әдемі әзілдер орын алып жатады. Биыл 100 жылдығы аталып өтіп жатқан «Aq jol»-дың мерейтойы құрметіне есте қалған бірқатар әзіл әңгімелерді назарларыңызға ұсынғым келді.

 Бұзатын орда болмаса…

Мен «Aq jol»-ға келген 1993 жылы тұп-тура 30 жасқа толған едім. Бұл жайында білетін Болат Бекжанов: «Әй, Тұрмахан, жұмыстан кейін сенің отыз жасыңды атап өтпейміз бе?» деді. Оның осы сөзін жанымызда тұрған Кеңес Рахметуллаев, Асқаржан Сәрсек, Берік Шәмшиев ағалар қуана қоштады.

Сонымен не керек, кешке Ш.Уәлиханов кинотеатры жанындағы біз «Рейхстаг», кейінгі жастар «Шолпанка» деп атап кеткен дәмханада бас қостық. Кішігірім дастарқан басында алғаш сөз алған Кеңес аға жақсы тілектерін айта келе: «Қазақ атамыз айтқандай, нағыз орда бұзатын жаста екенсің» дегенін Асқаржан аға іліп әкетіп: «Кеңке, қазір бұзатын орда жоқ. Орда бұзбасаң да «морда» бұзатын жаста екенсің демейсіз бе?!» деп, бәрімізді күлдіргені бар.

Тарихта қалдық

Сол 1993 жылы Қазақстанның өз ақшасы теңге айналымға енді. Дәл сол тарихи оқиға жарияланатын газеттің нөміріне мен және Асқаржан Сәрсек екеуміз кезекшілікке түстік. Ол кезде компьютер, электронды пошта деген жоқ. Барлық жедел ақпараттар телетайп арқылы келетін. Газетті шығару түн ортасына, кейде таңға дейін созылатын. Бұл жолғы нөмірді де таңға жуық аяқтадық. Редакция көлігі үйлерімізге таратты.

Содан алаңсыз ұйықтап жатқанымда көлік жүргізушісі келіп оятып, «Шұғыл редакцияға шақырып жатыр» деп алып кетті. Жолдан Асқаржанды да алып шықтық. Барсақ бас редактордың бірінші орынбасары Әлдихан Қалдыбаев пен орынбасары Бақытяр Әбілдаев және облыстық әкімдіктің екі өкілі отыр екен. Көңіл-күйлері жоқ. Бірдеңені ішіміз сезсе де үндемей әліптің артын бағып отырмыз.

Сөйтсек, «Aq jol»-дың бірінші бетіндегі «Бүгіннен бастап Қазақстанның төл ВАЛЮТАСЫ теңге айналымға енгізілсін» деген Н.Назарбаевтың Өкіміндегі семіз жарнамалық бас әріптермен терілген ВАЛЮТА сөзі бір әрпі жоқ ВЛЮТА болып кетіпті. Бас редактор Арғынбай Бекбосын іссапарда болатын. Оның орнына орынбасары Бақытяр Әбілдаев қол қойған. Өз кезегінде ол кісі «Мына екі балаға сеніп қол қоя салыппын» деген уәжбен кінәні бізге артып, өзі ақталғандай болды.

Бекер-обалы не керек, Әлдихан Қалдыбаев ағамыз бізді ақтап, әрі жақтап сөйледі. Қорытындысында, отырғандар ақылдаса келе Асқаржан екеумізге сөгіс жариялаумен шектелді. Осылайша, 100 жасаған газеттің тарихында біз сөгіс алу арқылы қалғанбыз.

Ақын достың ризашылығы

1990 жылы «Қаратау кеншісі-Горняк Қаратау» газетін облыстық баспаханадан шығарып жүрген досым, ақын Қуаныш Түменбаев (белгілі жазушы Қуандық Түменбайдың інісі) әйеліне ота жасалатын болып, газеттің екі нөмірін баспаханадан шығарып беруді маған табыстап, өзі Алматыға кеткен болатын.

Бір аптадан соң хал-жағдайды, газет нөмірлерінің қалай шығып жатқанын сұрап телефон соқты. Сонда мен алып бара жатқан ақындығым болмаса да, ақынға жақын көңілмен:
«Беріпсің хабар звандап,
Көңілім болды қызғалдақ.
Бәрі жақсы болған соң,
Отырмын саған жыр арнап!» – дегенімде, ол:
«Құлақтан кіріп өлеңің,
Шаттыққа бойды бөледің.
Сеніп ем саған, сенемін,
Сенгенім де сен едің.
Рақмет! Саған нағыз дос,
Үш күннен соң келемін.
Алматыдан арнайы,
«Базарлық» әкеп беремін!» – деп, ризашылығын білдірген еді.

Жақсылық ағаның қолтаңбасы

Бірде облыстық баспаханада мен Жамбыл аудандық «Шұғыла-Радуга», Нұрлан Исаев Байзақ аудандық «Ауыл жаңалығы-Сельская новь», Қуаныш Түменбаев «Қаратау кеншісі-Горняк Қаратау» газеттерін облыстық баспаханадан шығарып жатқанбыз. Бір кітабын бастыруға тапсырыс беруге келсе керек, Жақсылық Сәтібеков ағамызды көріп, бәріміз сол кісінің әңгімесін тыңдағанды қызық көріп қоршап алып қауқылдасып жатырмыз. Менің сөмкемде Жақсылық ағаның бір кітабы бар еді. Сол кітабына қолтаңба жазып беруін өтіндім.

«Оу, бұны қайдан тауып алғансың?» деп, мәз болып қалған ақын аға қолтаңбасын қалдырды. Сонда Нұрлан құрдасым: «Осындай республикаға танымал, ақиық ақын ағамыздың қолтаңбасын алудың өзі ақ батасын алу деген сөз. Енді жумайсың ба?» – деді, қулана қалжыңдап. Күлдірем деп бүлдіріп алғанын байқамаған құрдасыма тік мінезді адуын ақын аға: «Менің қолтаңбамды саудаға салып тұрғаның қай сасқаның» деп, жекіп тастады да:

– Менің өзімді де, өнерімді де шын ықыласымен бағалап, кітабымды арқалап жүрген мына балаға ризамын. Осындай ініме берген қолтаңбамды өзім жуып беремін, – деп, бәрімізді қарама-қарсы орналасқан «Минутка» дәмханасына ертіп барып түстендірген еді.

Күтпеген сұрақ

Сол «Минуткада» отырғанымызда Жақсылық аға: – Тұрмаханбет, сенің аудандық газетте жұмыс істегеніңе көп болмапты. Сонда да болса айтшы, ұжымыңда дұшпаның бар ма? – деп, сынай қарады. Кейбіреулердің «пендешілігі» есіме түскен мен: «Міне, былай!» деп, қолымның қырымен кеңірдегімді көрсеттім. Жақсылық аға: «О, азамат! Жарайсың! Демек, сенің мықты болғаның. Ал мықтыны көре алмаушылар көп болады. Егер сен әншейін жүрген біреу болсаң басқалар саған дұшпан болып неғылсын» деді, арқамнан қағып. Сол бір сәт өзімді рухтанып қалғандай сезінгенім бар.

Амалын тапқан алады

Бірде мықты журналистердің бірі Дүйсенбек Айбеков екеуміз «Aq jol» мен «Знамя труда» орналасқан ғимараттың алдында жолығып қалдық. Амандық-саулықтан соң Дүйсенбек: – Жақсы көретін қайным едің, ой, бүгін бір өзіңді кафеде түстендіріп сыйлайыншы, – деді. Мен оның мына жомарттығына мәз болып қалдым.

Ол: «Алдымен – редакцияға кіріп шығайық» деді. Кірдік. Ең алғаш коридорда кездескен Елен Әлімжан ағамен амандастық. Дүйсенбек «Мына жұмыссыз жүрген Тұрмахан ініңізге жаным ашып бір түстендірейін десем, тиын-тебен аздау боп тұрғанын қараңызшы», деп еді Елен аға сөзге келмей қалтасынан екі мыңдықты алып, қолына ұстата салды. Қатты ыңғайсызданып «Әй, мені неге қыстырасың» деп, шыр-пыр болып жатсам ол: «Қазір күте тұр» деп, Ақылжан ағамның кабинетіне кіріп кетті. Одан да бірдеңе алған-ау, күліп тез шықты. Жауапты хатшының кабинетінен шығып келе жатқан Әлдихан ағамыздан да ақша сұрап алған ол: – Тұреке, кеттік енді кафеге, – дейді жымиып.

Сыртқа шыққан соң «Ойпырмай, сен нағыз қазіргі заманның Алдар көсесі екенсің. Қайнымды сыйлаймын деп, қайнағаларыңның бәрінен ақша алдың-ау, ой, қу-ой» десем, ол: «Амалын тапқан алады, қайнысының көңілін табады. Қайнағалардың ақшасын қайнымнан несін аяйын» дейді, қулана күліп. «Апам да аң-таң, мен де аң-таң» дегендей күй кешкенмін сонда.

Тірі Нарша

2006 жылы облыстық «Аr-Аi» жастар газетінің редакциясына сол кездегі Талас аудандық мәдениет бөлімін басқарып жүрген айтулы ақын Нарша Қашағанов бас сұққан еді. Оны қарсы алып, күтіп алған газеттің бас редакторы Болат Бекжанов сол жерде бөлім меңгерушісі болып қызмет етіп жүрген маған Наршаны таныстырды.

Нарша менің қолымды алып тұрып, сөзін нығарлап: – Інім, сен тірі Наршаны көріп тұрсың, – деді сын көзбен қарап. Сонда: «Құдай өлі Наршаны көрсетпей-ақ қойсын!» дегенімде оның «Әумин» деп құшақтаса кеткен сәті есімде қалыпты.

Аттестациядан өту

1992 жылы «Химпром»-ның бас директоры Мұқан Атабаев басқа жұмысқа ауысып, орнына Алексей Тё, «Жаңа Жамбыл фосфор зауытына» директор болып ауысқан Талғат Әжібаевтың орнына Ерік Көшербаев келіп, зауыт басқармасындағы барлық мамандарды аттестациядан өткізу басталды. Кезек «Химик» газетінің журналистері – бізге де таяды.

Редактор Людмила Липко бастаған орыстілді журналистер қорқып, аттестациядан өтетін күні түрлі себептер айтып келмей қалатын болды. Ертең аттестациядан өтетін күн. Мен жалғыз қалатын болдым. Сондықтан бір шешімге келдім де, бас инженер Ерік Әубәкірұлына кіріп: «Біз инженер-техникалық қызметкерлерге жатпаймыз. Біз шығармашылық адамдарымыз. Сондықтан бізді аттестациядан өткізу үшін обкомның идеология бөлімі мен Қазақстан Журналистер одағының Жамбыл облыстық филиалынан мамандар шақырыңыздар» деп талап қойдым.

Бас инженер: «Сіз еш саспаңыз, аттестациялық комиссияның төрағасы менмін. Сізге үш сұрақтан артық қойдырмаймын. Сол сұрақтарды мүмкіндігінше газетке, журналистикаға байланысты қоюларын ескертіп қоямын. Жалпы мен және техникалық қауіпсіздік инженері Дауылбаев екеумізден басқа комиссия мүшелерінің бәрі орыс. Сондықтан түсінсеңіз де түсінбесеңіз де жұрналшысыз ғой, өз тіліңізбен өзіңізше жауап бере беріңіз» деп, маған рух берді.

Ертеңіне аттестациядан өтетін бөлмеге кірдім. Бірінші болып, Н.Дарьевна деген бірлестіктің эколог маманы: «Сіздер газеттеріңізде экология тақырыбына мақала жариялап тұрасыздар ма?» деген сұрақ қойды. Біздің газетте әр тоқсан сайын екі тілде «Природа – наш дом», «Табиғат – біздің үйіміз» деген айдармен мақалалар жарияланып тұратынын, бірақ осы бірлестіктің маманы бола тұра бірлестіктің газетін неге оқымайтынын өзінен сұрап қатты ұялттым. Отырғандардың бәрі күлді.

Осыдан кейін комиссия мүшелерінің біреуі ғана экономика жөнінде сұрақ қойды. «Можно на этот вопрос отвечу на казахском языке?» деп едім бәрі жапатармағай «можно, можно» деп шулады. Комиссия төрағасы Ерік Әубәкірұлына қарап тұрып: «Экономиканы әрине экономист мамандар жақсы біледі. Осыған байланысты бір әңгіме айтайын деп, баяғыда бір ханның әпендіден он сұрақ қоямын сол онына екі-ақ ауыз сөзбен жауап бере аласың ба деген сұрағына «түсінсем бұйырмасын» деп жауап бергендігін» айтқаным сол, Ерекең: «Он сұраққа жауапты экономдап екі-ақ сөзбен жауап берген екен ғой» деді де Дауылбаев екеуі кеңкілдеп күлсе бола ма. Ал қалғандары олардың неге күліп жатқанын түсінбесе де еріксіз қосыла күлді. Үлкен өнеркәсіп орнының басқармасында аттестациядан осылайша күлдірудің арқасында өтіп кеткенім бар.

 

Тұрмаханбет ҚАЗАҚБАЙ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support