- Advertisement -

Темір-бетон өндірісі іске қосылды

72

- Advertisement -

Қордай ауданында соңғы жылдары құрылыс саласында қарқынды жұмыстар байқалады. Әсіресе білім мен денсаулық салаларына тоқталар болсақ, өңірде жаңа мектептер мен дәрігерлік амбулаториялар көптеп бой көтеруде. Сонымен бірге ауыз су мен көгілдір отын құбырын салуда да ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар байқалады.

Осы құрылысқа қажетті, оның басты элементі саналатын темір-бетоннан жасалған материалдар өндірісі ауданымызда бұған дейін аса дамымаған еді. Жуырда бұл олқылық түзетіліп, аудан аумағында темір-бетон зауытының құрылысы басталып кетті.

Темір-бетон зауытының құрылысын «Стандарт Строй» ЖШС жүргізуде. Зауыт басшысы Ерғазы Құсайынов басқаратын өндіріс ошағында жұмыс қызған. Қордай ауылының сыртында орналасқан өндірістік нысан екі биік мұнарасымен бірден көзге түседі. Ішінде тау болып үйіліп жатқан құм, құм-шағал, арлы-берлі сабылған техникалар назарыңды бірден аудармай қоймайды.

– Жұмысты бастағанымызға бір айдай болып қалды. Оның алдында аукцион арқылы 3 гектар жер телімін сатып алып, қазір оны өзіміз шығарған бетон плиталармен қоршап жатырмыз. Негізі құрылыс саласында көпжылдық тәжірибеміз бар, Шу қаласында бір темір-бетон шығаратын зауытымыз жұмыс істеуде. Енді, міне, Қордай жерінде де өндірісті орналастырсақ деген жоспарымыз бар, – дейді зауыт басшысы Ерғазы Расылханұлы.

Негізі кәсіпорын тауарлы бетон, ол бетон сақиналарын, бетон құрылыс плиталары мен блоктарын шығарумен айналысуда. Зауыт басшысының айтуынша, болашақта ассортиментті кеңейтіп, бетон блоктарының түр-түрін, бетон іргетастарын, темір торларды, профлист, құмблоктарды, брусчатканың түрлерін шығару жоспарлануда. «Қазіргі таңда темір-бетон өнімдерін өндіруге үлкен тапсырыс алдық. Аудандағы Степное, Сарыбұлақ су құбыр жүйесін салу кезінде темір-бетон өнімдерін толығымен біз жеткізіп беріп жатырмыз. Басты назар – сапада. Әсіресе құрылыс саласында сапаны қамтамасыз етпесең алысқа бармайсың», – дейді компания басшысы.

Ерғазы Құсайынов қоршалған аумақты көрсетіп, болашақ өндірістік кешеннің жоспарын айтып берді. Мәселен, компания өз офисін салып, жұмысшыларға асхана, жуынатын бөлме, спортзал, тіпті өзге өңірлерден келетін жұмысшыларына арнап жатақхана салуды жоспарлауда. «Заман талабына сай жұмысшыларға жақсы жұмыс істеу үшін тиісті жағдай жасау қажет. Сол арқылы кадр мәселесін шешуді жоспарлап отырмыз», – дейді ол.

Болашақ зауытқа шикізат жеткізу мәселесі де шешімін тапқан. Құмды компания өзінің Шудағы карьерінен жеткізуде. Ол алдын ала жуылып, жүк көлігімен тасымалданады. Құм-шағал «Ақтас» АҚ карьерлерінен алдырылса, цементті Шымкент қаласынан, ал арматура мен химиялық қоспалар Алматы қаласынан жеткізіледі екен. Сонымен бірге, болашақта арнайы кран-балка орнатылып, үсті жабылған үлкен цех салу да көзделіпті. Жалпы алғанда бұл өндірістік кешенде темір-бетон құрылыс материалдарының кең ассортиментін шығару жоспарлануда. Құрал-жабдықтар Қазақстан, Ресей, Қытай елдерінен жеткізіліп, орналастырылған.

Мәселен, тауарлы бетонды араластырып шығаратын 125 тонналық екі машина қазақстандық «Алматы эксперименталды механизацияланған зауытта» құрастырылған екен, бетон сақина жасайтын қалыптар Ресейден алдырылған, ал жүк көліктері Қытайдан келген. Зауыт басшысының айтуынша, қазіргі таңда зауытқа 100 миллион теңгеге дейін қаражат салынған, болашақта бұл сома 300 миллион теңгеге дейін жоғарыламақ. Кәсіпорында қазіргі таңда он адам еңбек етуде. Болашақта жұмысшылар санын 50 адамға арттыру жоспарлануда.

Ерғазы Расылханұлы өндіріс өскен сайын Қордай жерінде шығарылған темір-бетон өнімдерін жақын жатқан көрші мемлекеттерге де жөнелтеміз деп отыр. Ал аудан құрылысшылары ауыр темір-бетон өнімдерін алыстан арқаламастан, жақын жерден алуға мүмкіндік алады.

 

Серғазы МАНАСБАЕВ,

журналист.

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support