- Advertisement -

Еуразия кіндігінде ынтымақтастық рухын күшейту маңызды

66

- Advertisement -

Бұл аптада Астана тағы да жұртшылық назарын өзіне аударып, елордада бірнеше көршілес елдердің басшылары бас қосты. 27 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев, Қырғыз Республикасының Президенті С.Жапаров, Тәжікстан Республикасының Президенті Э.Рахмон, Өзбекстан Республикасының Президенті Ш.Мирзиёев, Түрікменстан министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Х.Гелдімурадов және Еуропалық кеңес президенті Ш.Мишель жоғары деңгейдегі алғашқы өңірлік кездесу өткізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада 26 қазан күні ресми сапармен келген Еурокеңес басшысы Шарль Мишельді қарсы алды. Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметі жазды. Сапар аясында Еуропалық кеңес басшысының Орталық Азия мемлекеттерінің басшыларымен кездесіп, бірқатар екіжақты келіссөз жүргізуі жоспарланған. Еске сала кетсек, Тоқаев пен Мишель қыркүйек айының соңында АҚШ-тағы азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі жаһандық саммит алаңында кездесіп, сол кезде Тоқаев Шарль Мишельге Қазақстандағы саяси және экономикалық реформалардың негізгі бағыттары туралы айтып, оны елімізге келуге шақырған болатын.

Шарль Мишельмен келіссөз жүргізді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Еурокеңес басшысы Шарль Мишельмен келіссөз жүргізді. Кездесуде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Еуропалық кеңестің президенті Шарль Мишель энергетика және азық-түлік қауіпсіздігі, «жасыл» экономиканы дамыту, көлік және логистика мәселелерін жан-жақты талқылады. Сонымен қатар олар Орталық Азия – Еуропалық одақ форматындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері жөнінде пікір алмасты. Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық одақпен стратегиялық серіктестікті дамыту әрқашан Қазақстанның басты сыртқы саяси басымдықтарының бірі болғанын атап өтіп, Қазақстан Еуропалық одақпен кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған Орталық Азиядағы алғашқы ел екенін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, жоғары деңгейдегі тұрақты байланыстар Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы жан-жақты диалогты дамытуға зор мүмкіндік береді. Өз кезегінде Еуропалық кеңес президенті Шарль Мишель Қазақстан мен ЕО арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанына көңілі толатынын атап өтті.

Сапар аясында Еуропалық кеңес басшысы Орталық Азия мемлекеттерінің басшыларымен кездесіп, бірқатар екіжақты келіссөз жүргізді.

Қырғызстан президентімен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының және Еуропалық кеңес президентінің кездесуіне арнайы келген Қырғызстан президенті Садыр Жапаровпен кездесті. Бұл туралы Ақорда ресми сайтында хабарлады. «Сіздің бұл сапарыңыз маңызды. Елдеріміздің арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі ілгерілету мақсатымен екіжақты кездесу өткізіп отырмыз. Мемлекеттеріміздің арасында ешқандай түйткіл жоқ. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында осы жетістіктеріміз еселеніп, екіжақты серіктестігіміз қарқынды дами береді деп сенемін», – деді Мемлекет басшысы. «Орталық Азия мемлекеттері басшыларының және Еуропалық кеңес президентінің бірінші кездесуіне қатысу үшін Астанаға келгеніме қуаныштымын. Біз қырғыз-қазақ қарым-қатынасын жоғары бағалаймыз. Осы сәтті пайдалана отырып, мемлекеттеріміздің арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуымен құттықтаймын», – деді Садыр Жапаров.

Қазақстан Президенті баспасөз қызметінің мәліметінше, екі мемлекеттің басшылары екі ел үкіметтерінің сауда саласында бірлесе атқарып жатқан жұмыстарының оң нәтижелерін жоғары бағалаған. Екі ел арасындағы тауар айналымы былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 17,7 пайызға өскен. Екіжақты сауда-саттық көлемін 2 миллиард долларға дейін жеткізу мақсаты жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ тараптар кездесу барысында қазақ-қырғыз қатынастарының көлік-логистикалық, мәдени-гуманитарлық аспектілерін талқылады.

Мирзиёев пен Рахмон да келді

Орталық Азия мемлекеттері басшыларының және Еуропалық кеңес президентінің кездесуіне қатысу үшін Астанаға Өзбекстан және Тәжікстан президенттері де келді. Қазақстан Президенті баспасөз қызметінің мәліметінше, екі мемлекеттің басшыларын – Шавкат Мирзиёев пен Эмомали Рахмонды Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алған.

Келелі кездесуде не айтылды?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының және Еуропалық кеңес президентінің кездесуіне қатысып, жиында сөйлеген сөзінде Орталық Азия елдері мен Еуропалық одақ арасында орнаған дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығы қарсаңында өтіп отырған осы кездесудің символдық мәні бар екенін атап өтті. «Еуропалық одақ Орталық Азияны терең тарихы мен ортақ мәдениеті бар біртұтас, ынтымағы жарасқан аймақ ретінде алғашқылардың бірі болып танығанын айтқым келеді. 30 жыл ішінде біздің Еуропалық одақпен қарым-қатынасымыз айтарлықтай дамыды және Орталық Азия мемлекеттерінің егемендігін, тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығын нығайтуға ықпал етті. Ынтымақтастықтың барлық басым саласында өңіраралық диалог орнады, әлеуетіміз әлі де мол. Бүгінгі жоғары деңгейдегі кездесу – саяси, экономикалық және гуманитарлық салалардағы конструктивті өзара байланыстарды одан әрі кеңейтуге деген ұмтылысымыздың айқын дәлелі», – деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ Президент өңіраралық өзара ынтымақтастықты кең ауқымда дамытуға деген ұмтылыс Орталық Азия елдері мен Еуропалық одақ арасындағы жан-жақты диалогтың берік іргетасы болатынына сенім білдірді. «Әлем жылдам өзгеріп жатыр. Орталық Азия бұрын-соңды болмаған геосаяси шиеленістен туындаған қауіпті сезінеді. Бүгінде Еуразия кіндігінде өзара сенім мен ынтымақтастық рухын күшейту өте маңызды. Осындай күрделі кезеңде Орталық Азия мен Еуропада орналасқан елдердің арасына қабырға емес, көпір салуымыз керек», – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-экономикалық және инвестициялық іс-әрекетті ынтымақтастықтың аса маңызды бағыттарының бірі ретінде атап өтті. Бүгінде Еуропалық одақ – Қазақстанның басты экономикалық әрі сауда серіктестерінің бірі. «Соңғы он жылда Еуропалық одақ Орталық Азия мемлекеттеріне 120 миллиард доллардан астам инвестиция құйды. Бүкіл қаржының шамамен 70 пайызы Қазақстанға бөлінді. Биыл 8 айда Қазақстан мен Еуропалық одаққа мүше елдер арасындағы сауда көлемі шамамен 30 миллиард долларға жетіп, былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 40 пайыздан астам артты. Қазіргі таңда еуропалық капиталдың үлесі бар үш мыңға жуық компания Қазақстан экономикасының түрлі секторында жұмыс істеп жатыр», – деді Мемлекет басшысы. Президенттің айтуынша, елдеріміз арасындағы сауда-саттықтың құрылымы анағұрлым теңгерімді болуы керек. «Жалпы, Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы ынтымақтастық жалғасатынына сенім білдіремін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қатысушылар өзара құрмет пен сенімнің ашық және достық ахуалында Орталық Азия мен ЕО мемлекеттері арасындағы көп қырлы және өзара тиімді ынтымақтастықтың өткен кезеңін қорытындылады және ортақ құндылықтар мен өзара мүдделерге негізделген берік, жан-жақты және перспективалы әріптестік құрылымын жалғастыруға өз бейілдіктерін растады. Олар барлық елдердің тәуелсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеу қағидаттарын сақтауға, күш қолданбауға немесе оны қолдану қаупін тудырмауға және халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешуге деген адалдықтарын білдірді.

Сонымен қатар кездесуде Еуропалық кеңес президенті Шарль Мишель, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев және Түрікменстан министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Ходжамұрат Гелдімурадов сөз сөйледі. Жиын соңында Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары және Еуропалық кеңес президенті Бірлескен мәлімдеме қабылдады.

Өзбекстан президентімен кездесті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен кездесіп, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады. Сонымен қатар тараптар кездесудің қорытындысы жөнінде пікір алмасты. Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысқаны және мазмұнды сөз сөйлегені үшін Шавкат Мирзиёевке ризашылығын білдірген. Өз кезегінде Шавкат Мирзиёев аталған шараның өткізілу деңгейін жоғары бағалап, кездесуді ұйымдастырғаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтқан. Сондай-ақ бүгінгі шарада аймақтағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдарын талқылауға жақсы мүмкіндік болғанын атап өткен.

Мәдениет күндерінің ашылуына қатысты

Президент баспасөз қызметінің Telegram арнасының хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан президенті Садыр Жапаровпен және Еуропалық кеңес президенті Шарль Мишельмен бірге Қырғызстанның Қазақстандағы мәдениет күндерінің ресми ашылу шарасына қатысты.

Президенттер Қырғызстанның Ұлттық тарихи мұражайының коллекциясы қойылған «Ықылым мұрасы» көрмесімен танысты. Содан соң қырғызстандық өнер шеберлерінің концертін тамашалады. Концерт бағдарламасы аясында «Манас» эпосынан үзінді оқылып, халық ақыны Тоқтоғұл Сатылғановтың санаттары орындалды. Сондай-ақ Халық жазушысы Шыңғыс Айтматовтың шығармаларынан үзінділер қойылды. Сонымен қатар қазақ және қырғыз халықтарының бауырластығын дәріптеу мақсатында қырғыз өнерпаздары Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Жамбыл Жабаев, Мұхтар Әуезов сияқты тұлғаларымыздың бейнесін сомдап, екі халыққа кең тараған ән-күйлерді орындады.

 

 Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support