- Advertisement -

Шоқпарда жел электр стансасы салынуда

76

- Advertisement -

Шу ауданында баламалы энергия көздерін пайдалануда бір ғана күн электр стансасы жұмыс істеп тұрған жоқ. Бұдан бөлек, 2013 жылы аудан аумағында «Компания АТ-Энерго А» ЖШС Тасөткел су қоймасы маңынан салынған станса судан энергия өндіруде. Бұл станса былтыр су электр стансасының екінші кезеңін аяқтап, үшінші жобаны жүзеге асыруда.

Ендігі кезекте аудан орталығынан шалғай орналасқан Шоқпар ауылдық округінде тәулігіне 110 мегаватт энергия өндіретін жел электр стансасының құрылысы басталған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының екінші этапының жүргізілуі күтілуде.

Жобаның жетекшісі «WINDHAN» ЖШС. Жобаның құны 71 миллиард 500 миллион теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін аудан әкімдігі шалғайдағы Шоқпар ауылдық округінен 155,8 гектар жер телімін бөліп берген.

Жоба «Еуропалық қайта құру және дамыту» банкінің «Жасыл экономикаға көшу» аясында қаржыландырылуда. Мамандардың есептеуі бойынша, көмірмен жұмыс істейтін электр стансаларымен салыстырғанда, сондай қуаттылықпен жел электр стансалары жылына 109500 тонна көмір, 1031 тонна күкірт диоксиді және 934 тонна азот оксидін үнемдеп, көмір қышқыл газының шығарындыларын 289 мың тоннаға, түтін мен шаңды 322 тоннаға азайтады екен.

Сондай-ақ күл-қоқыс көлемін 32900 тоннаға төмендетеді. Қазіргі таңда адамзат өзіне қажетті электр қуатының 6-7 пайызын желден алуда. Жел энергиясы жөніндегі әлемдік кеңестің мәліметі бойынша, 2030 жылға қарай жаһандық энергетикалық өндірісте жел энергиясының үлесі 20 пайызға жетпек. Жел қуатын өндіруге, әсіресе Еуропа мемлекеттері барынша мән беруде.

Мәселен, Дания қазірдің өзінде жел генераторларының көмегімен барлық электр қуатының 40 пайызын, Португалия – 23, Испания – 16, Ирландия – 14, Германия 8 пайызын өндірсе, біздің елімізде бұл көрсеткіш 0,5 пайыз деңгейінде ғана болып отыр.

Міне, осындай жағдайларды ескере келе біздің ел осыдан бірнеше жыл бұрын «жасыл» экономикаға өту жөнінде шешім қабылдап, оның тұжырымдамасын әзірледі. Мұның экологиялық жағдайдың жақсаруына үлкен әсері болары сөзсіз.

– Баламалы энергия көздерін дамыту бойынша жұмыстар ойдағыдай жүріп жатыр, оған ауданның климаттық жағдайы да қолайлы. Өндірістік қуаты жағынан еліміз бойынша ең жоғары көрсеткіш бізге тиесілі. Сондықтан жұмысты жалғастыра отырып, түрлі нұсқаларды қарастырып, инвесторлар тарту қажет. Баламалы энергетика – бұл стратегиялық маңызды бағыт, оны дамыту Президентіміздің тапсырмасына сәйкес жүргізіліп жатқанын еске салғым келеді. Біз жаңартылған энергия көздері нысандарын салу үшін қай жерде және қандай мүмкіндіктер бар екенін нақты білуіміз керек, – деді аудан әкімі Сәкен Арубаев.

Жоғарыда аталған барлық жобалардың жүйелі жұмыс істеуінің нәтижесінде бюджетке түсетін салық өсімі еселеніп, жаңа жұмыс орындары ашылып, сондай-ақ өнеркәсіп пен құрылыс нысандарының қатары артады.

Мұның бәрі аудан тұрғындарының әлеуметтік- экономикалық және экологиялық жағдайын жақсартуға септігін тигізері сөзсіз.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ
Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support