- Advertisement -

Ақындар алып тұлғаны жырға қосты

312

- Advertisement -

Кім-кімге де туған жері, балалық күндері өткен жер қымбат. Ал жазушылар бұл сезімді екі есе сезінетіні анық. «Наурызкөк, қарлығаш құстар ерте көктемде сонау жердің түбіндегі Африкадан біздің елге мыңдаған шақырымнан ұшып жетеді. Құс екеш құс та туған жеріне жер түбінен ұшып жетеді. Ал мен адаммын ғой. Кейбіреулер туған жерінен жерісе, бұл да бір кем дүние» деп толғанған Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойына орай «Жай отынан жаратылған намысы» атты облыстық ақындар айтысы өтті. Айтысты Жуалы ауданының әкімдігі ұйымдасты.

Әуелі айтыскерлер мен айтыс қонақтарын аудан әкімі Жалғас Мұртаза өзі қарсы алып, мәдениет үйі алдында дайындалған мәдени-әдеби іс-шараны бірге тамашалады. Мұнда ғажайып ән әуелеп, тамаша өлең шумақтары өрілді. Жуалы ауданының Құрметті азаматы, өлкетанушы Дәулетжан Байдалиев келушілерді ауданның тарихи жәдігерлерімен таныстырды. Жуалылықтар ақ пейілмен дәм-тұз ұсынып, Шерхан Мұртазаның жерлестері шат-шадыман күйге бөленді.

Айтыс ақындары мен жыршы-термешілері халықаралық одағы облыстық филиалының төрағасы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Ахметжан Өзбеков бастаған қазылар алқасының құрамында жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Көсемәлі Сәттібайұлы, қаламгер, медицина ғылымдарының докторы Сағындық Ордабеков, ақын, Білім беру ісінің үздігі Үміт Битенова, республикалық «Жас Алаш» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Нұрболат Әлдибек, облыстық «Аr-Аi» жастар газетінің бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбек, облыстық Ш.Уәлиханов атындағы ғылыми әмбебап кітапханасының директоры Эльмира Әбдинова болды.

Айтысты облысқа танымал тележурналист Жалғас Орынбасар жүргізді. Аламан жеребе тастау тәсілі бойынша өтті. Яғни, ақындардың жұбы, шығу реті көрермендер мен ақсақалдар қоржыннан қатысушылардың аты-жөнін суырып алуы арқылы анықталды. Бұл – айтыскерлерді шаппа-шап айтысқа, суырып салмалыққа шынықтыратын жақсы әдіс.

Айтыста бақ сынаған 24 айтыскерді тегіс тізбелеп шығу мүмкін емес. Бастысы – айтыскерлер Шерхан Мұртазаның болмысын ашуға ұмтылып, шындықтың шыңы болған

жазушының шынайы әлеміне бойлауға күш салып жатты.

Бұл айтыс жуалылық Әуезхан Үркімбаев пен байзақтық Дидар Басықараев арасындағы сөз тартысымен басталды. Әуезханның:

Осы тойда айтылар сырым бөлек,

Ер қадірін жерлестері білу керек.

Жұлдызды Жуалының қақ төрінде,

Шерханның ескерткіші тұру керек, – деп өзекті мәселені де қозғай кетті. Ал Дидар да: «Шерханнан беу Жуалы ұшпақ көрген, ұлына дана жолды нұсқап берген. Шер-ағаң оқ-жебені шындап тартса, Өздерің сол жебені ұштап берген», – деп тақырыпты аша түсті. Дегенмен бұл жұптың жыр биігінде жүру үшін әлі де іздене түсулері керектігі байқалды.

Мұнан соң айтысқан байзақтық Алтынкүл Қасымбекова тараздық қарсыласы Мұхтар Қонарбаевтың: «Бір қап алтын бұйырды бүгін маған» деген әзіліне: «Байлығым бар деп мақтанба, ізгілік жолға беттегін, Алтынды көріп періштем, Жолыңнан тайып кетпегін», деп әдемі жауап берді.

Үшінші жұпта жуалылық тәжірибелі Қанат Мырзахан мен таластық 16 жасар оқушы Айсұлу Жүнісбек жеребеде қатар түсіп қалды. Бір қуанарлығы, «Ер сыналар майданда» дегендей, Айсұлу азулы қарсыласымен қатарласа шауып, жақсы айтыс жасады. Тіпті бір тұсында: «Ақын қыз деп бағаласаң, жолыңды бермейсің бе?» деп орынды уәжін де айта білді. «Таластықтар Шерханды ұмытпайды, Газдың алау отымен жылынғанда» деп тақырыпты да ұмытып кеткен жоқ. Дегенмен Қанат Мырзахан қай кездегідей тәжірибесі мен шеберлігіне салып, шын жүйрік екенін дәлелдеумен болды.

Асанқайғы қызыққан Жуалы жердің жұмағы.

Алатаудың ақ қардан киіліп тұр тұмағы

Қойгелді, Рысбек Шоқандай батырлар өткен қырағы.

Баһадүр бабам Бауыржан Алатаудың қыраны.

Рысқұлов Тұрардың атамекен тұрағы, – деп толғанды.

Сондай-ақ Қанаттың: «Жуалым менен басқа ұлың көп қой, Ал менде туған жер жоқ сенен басқа» деп толғануы да жүректерге жетті.

Жуалылық Дидар Апбасов пен Жамбыл ауданынан келген 10-сынып оқушысы Алина Айдаралы арасында сәтті айтыс өрбіді. Алинаның:

Шындық сөзін ортада шырқағанда,

Жүзейік кемелдіктің кемесі боп.

Мен сенің жүрегіңе қадалайын,

Шерханның жазған қызыл жебесі боп, – деген әзілі де сәтті шықты.

Бұл ретте Дидар:

Әуезовтей кім жазып еді Абайды,

Тұрарды кім жаза алады Шерхандай, – деп заңғар жазушының тұлғасын одан сайын биіктете түсті. Ал «Тұрарды отыз жылдай үзбей жазған, Шер-ағаның өзі де қызыл жебе» деп жырлаған меркілік Мейіржан Жекебаев қарсыласының тәжірибесіздігінен толық ашыла алмай, жүлденің ауылынан шет қалды.

Жамбыл ауданынан шыққан Нұрлыбек Құрманов пен шулық Нұрлан Жұмабеков те жақсы айтыс жасады. Шер-ағаның тойында екеуі де аянып қалған жоқ. «Шер-ағаны жырлау үшін ғасыр керек» деп Нұрлан әріден ой қозғаса, Нұрлан: «Шерхан, Камал хат жазып бір-біріне, жүрегі ел деп соққан тұлғалар-ай» деп әдемі өрбітті.

Ел назар аударарлық тағы бір айтыс облыстық «Aq jol» газетінің бөлім меңгерушісі, таластық Есет Досалы мен Шу ауданынан келген Бақытбек Жұмабековтің арасында өтті. Жуалы ауданының бір қызымен тағдыр қосып, отырған Есет:

Жаратқан жүрсе бізге той тойлатып,

Бақыттың дәмін тұрмыз балдай татып.

Генералдар мекені Жуалыға,

Аспаннан жауғандай бір таудай жақұт

Жер жақсысы жерұйық Жуалының,

Қайынжұртым болғаны қандай бақыт, – деп еркелей сөз бастады.

«Алина Айдаралы шәкіртім ғой, бүгін оны көтерген өлең екен. Шәкіртіме кілең «он» берген қазы, Есетке қандай баға берер екен?» деп уәж де айта білді. Бұл жерде тыңдарман ретінде бір пікір айтсам артық болмас. Шынында Есет Досалы айтысқа адалдық танытқан адам. Оның Айсұлу Жүнісбек, Альбина Зұлбахар атты жас шәкірттері барын білеміз. Мейіржан Жекебаев пен Дидар Апбасовты да жас күндерінен танып, тәрбиелеген өзі. Біздің білуімізше, Алина да Есеттің төл шәкірті. Осы күні жас ақын қыз Алинаға Жүрсін Ерманның, Ринат Зайытовтың көзі түсе бастаған тәрізді. Бірақ қыздың бағын ашқан бапкер Есет Досалы екенін, талай республикалық оқушылар айтысына ертіп барып, түн ұйқысын төрт бөліп дайындағанын ұмытпаған жөн шығар. Қазылар алқасына айтып отырған уәжі де осы болар. Бірақ оны қазылар алқасы толық бағалай қоймай, «Қазыдан бал сұрайтын бұл Есет қандай ақын?» деген Бақытбек бағаланып кетті ме, қайдам? Әйтпесе, осы тұста Есет:

«Алина үлкен ұпай алып жатса,

Ұстаз болған менің де беделім ғой»,

– Жуалы қайынжұртқа осы бүгін, арналып жатқан асыл өлеңім ғой.

Қазылар берген ұпайым төмен болып,

Қайынжұртта ұялмайын дегенім ғой», – деп әдемі жауап берді. Бақытбектің ауылында мәдениет ошағы жоқ екенін де, Шерхан жайлы да, шетте қалған Бауыржан ескерткішін орталыққа алдыру керектігін де Есет тегіс ашып жырлады. Есет әріптесіміздің:

Шер-ағаның деңгейі мүлде бөтен, Айтқан сөзі ғылымдай күрделі екен.

Жазушы боп жазса да шындық жазып, Күйсе сол әділдіктен күйген екен.

Қадірі білсе егер бір шәкірті, Көсемәлі Сәттібаев білген екен.

Шер-ағадан үлкен сұхбат алу үшін Талаптыда өткен талай күндері екен.

Кейбіреудің түсіне байлық кірсе, Ондай түс жазушыда сирек екен.

Шер-ағаның түсіне байлық емес, өзінің Мыңбұлағы кірген екен, – деп әдемі түйін де жасады.

Байзақтық Дархан Әбдіманат пен сарысулық Алик Бекмұсаев арасындағы айтыс та жақсы шықты. Алик Жуалыдан шыққан тұлғаларды кеңінен жырлай білді. «Соңғы жұпқа шығып қап беу Жуалы, өздеріңді сағынып зорға шықтым» деген Алик әзілдің тиегін ағытты.

Ал Дархан:

Бүгінгі кей басшының сыры мәлім, ақшаға толтыратын шемаданды.

Семіріп жемқорлықпен байыған соң, қиналмай қиып өтер шекараңды.

Аш көздерді көргенде сағынасың, аш құрсақта туылған Шерағаңды, – деп толғанды.

Жамбылдық Айтмұханбет Исақов пен тараздық Төлеби Тәңірберген, байзақтық Рай Дөңбай мен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті Аят Бәтей арасындағы айтыс та әдемі уәжге, жақсы жауаптарға толы болды. Ал сарысулық Талғат Құсайыновтың тамылжыған тамаша әуенімен ерекшеленіп, көпшіліктің ықыласына бөленгені анық.

Айтысты қорытындылау сәтінде қазылар алқасының төрағасы Ахметжан Өзбеков сөйлеп, жақсы шыққан жыр сайыстарына тоқталып өтті. Айтыстың бас жүлдесі (1 миллион теңге) жуалылық Қанат Мырзаханға бұйырып, жеңімпаздың жүлдесін аудан әкімі Жалғас Мұртаза тапсырды. Жүлделі бірінші орын Дархан Әбдіманатқа берілсе (500 мың теңге), әрқайсысы 300 мың теңге көлеміндегі екі жүлдені байзақтық Алтынкүл Қасымбекова мен Жамбыл ауданынан Нұрлыбек Құрманов өзара бөлісті. 100 мың теңгелік төрт үшінші жүлде тағайындалды. Ол жүлделер жуалылық Дидар Апбасовқа, шулық Бақытбек Жұмабековке, Жамбыл ауданынан Айтмұханбет Исақов және Алина Айдалыға тиесілі болды.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support