- Advertisement -

Мен бақытты анамын

274

- Advertisement -

1966 жылы Жамбыл қаласындағы медицина училищесінің фельдшерлік бөлімін аяқтаған
соң, мені жолдамамен Тұрар Рысқұлов ауданы (бұрынғы Луговой) Жамбыл атындағы ұжымшардың Шолаққайыңды бөлімшесіндегі дәрігерлік пункттің меңгерушісі қызметіне жіберді.

Ауданның сол кездегі денсаулық сақтау мемлекеттік мекемесінің басшысы, марқұм Ақылбек Исаев ағай өзінің ақыл-кеңесін беріп, ауылдық жерде уақытпен санаспай, науқас жандарға қызмет көрсету керектігін ескертті. Бұған дейін осында келген мамандардың тұрақтамай кетіп қалатындығын да айтты.

Бөлімшеде жетпіс отбасы есепте тұрса, оның жиырмасы тікелей мал шаруашылығымен шұғылданады. Яғни, аға шопан, оның көмекшісі, бақташы, жылқышы болып жұмыс атқарады екен. Ауылда тұратын сырқат жандарды, айы-күні жақындап қалған әйелдерді, жаңа туған сәбилерді есепке алып, оларға егу-емдеу сынды іс-шараларды жүргізуді қолға алдым.

Жазда жайлаудағы, қыс мезгілінде қыстаудағы малшыларға дер кезінде алғашқы медициналық көмек көрсету де менің міндетіме кіретін. Орталық мекенжайдан шалғай орналасқандықтан және жол қатынасы, байланыс жүйесі мен жедел жәрдем көлігінің болмауынан жүкті әйелдерді өзім қабылдап, кейде тіпті босандыруыма да тура келетін. Сөйтіп осы ауылда өзім қызмет еткен жылдарда дүние есігін ашқан сәбилердің кіндік шешесі атандым.

Осы елді мекенде қызмет ете жүріп, Алматы зоотехникалық мал дәрігерлік институтының түлегі, ауыл азаматы Бейбіт Байсариевке тұрмысқа шықтым. Жолдасым зейнет жасына шыққанға дейін Жамбыл атындағы агробірлестігінде кадр бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған. Бүгінде ауданның Құрметті азаматы. Екеуміз 10 ұл-қызды тәрбиелеп өсірдік.

Өз басым «Батыр ана» атанып, «Алтын» және «Күміс алқа» төсбелгілерінің иегері болдым. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласының ардагерімін. Ұлымның тұңғышы Мият әскери институттың түлегі. Бүгінде Тараз қаласындағы әскери байланыс бөлімі командирінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары. Офицерлік шені – подполковник. Ал Болат есімді балам ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметкері. Қара шаңырақтағы Қайратым ауылдық клубтың меңгерушісі. Кенже ұлым Мұрат құрылыс саласында қызмет етеді. Қыздарымның тұңғышы Фарида ұстаз, музыка пәнінен сабақ береді.

Майра кітапханашы, Лаура Тараз инновациялық қыздар лицейінде аспазшы, кенже қызым Жұлдыз Қарағанды қаласындағы республикалық «Достық» білім орталығының директоры болып қызмет етеді. Немеремнің тұңғышы Медер Назарбаев университетінде білім алады. Немере қыздарым Мақпал, Қарлығаш Тараз мемлекеттік университетінің магистратурасын үздік аяқтап, бұл күнде Алматы және Талдықорған қалаларындағы қыздар лицейінде дәріс береді.

Отағасы екеуміз қазір Тараз қаласында кенже ұлымның қолында тұрамыз. Осылайша, бейнеттің зейнетін көріп отырған жайымыз бар. Мақтанышым, бар байлығым ұл-қыздарымыз, немерелеріміз болса, солардың аман- саулығына, болашағына ақ тілегімізді арнап отырған ақ жаулықты анамын.

 

Медеркүл МАНАШЕВА,

«Батыр ана», «Алтын алқа» төсбелгілерінің иегері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support