- Advertisement -

Туралықтың тұғыры

118

- Advertisement -

Шерхан Мұртаза туралы естеліктер, оның өмірдегі елге жасаған еңбектері әлі талай жазылатыны сөзсіз. Ағамыздың тоқсан жылдық мерейтойына орай баспа бетінде жарияланып жатқан дүниелердің ішінен бір мақала мені өткен шаққа ой жүгіртуге мәжбүр етті.

Ошақбай Көлбаев деген ағамыз 1960 жылдары Шерхан ағамызбен Алматыда ауыл шаруашылық институтында оқып жүргенде танысыпты. Шер-ағаң Мәскеуде жоғары оқуды тәмамдап, журналист ретінде баспа беттерінде мақалаларын жариялап жүрген мезетте, осы Ошақбай ағамыздың фотоаппаратпен жұмыс жасау қабілетін көріп, фототілші ретінде штаттан тыс қызметке алған екен. Міне, осы екі тұлғаның таныстығы мен жолдастығы Алматы қаласында басталған. Бір жағынан екеуі де қасиетті Жуалы ауданының тумалары, жерлес.

1985 жылы М.С.Горбачев Орталық партияның Бас хатшысы қызметіне келгеннен бастап, қазақ еліне деген «теріс көзқарасын» халық біледі. 1987 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының бірінші хатшысы, біртуар азамат Асанбай Асқаров тікелей Мәскеудің нұсқауымен, «қызметтік бабын асыра пайдаланды» деген жалған айыппен қамауға алынды. Арада көп ұзамай, А.Асқаровтың қоластында жұмыс істеген Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданының бірінші хатшысы Ошақбай Көлбаев та қамауға алынды. О.Көлбаев ағамыз қамауда алты ай отырып, қылмысы дәлел таппаған соң қамаудан босатылды, алайда тергеу амалдары жүргізіліп жатты. А.Асқаровтың да, О.Көлбаевтың да «қылмыстық» істері бойынша тергеу жүргізіп жатқан Мәскеуден келген Бас Прокуратураның тергеушілері (басшысы В.И.Калиниченко). О.Көлбаев А.Асқаров пен өзінің ешқандай қылмыс жасамағандарын, тағылған айыптың жала екенін дәлелдеу үстінде Мәскеу бар, Алматы бар ашпаған есігі жоқ.

1989 жылдың жаз айында О.Көлбаев мені ертіп, Алматыға Шерхан ағаны іздеп келді. Мақсаты біреу – өзі мен қамауда отырған А.Асқаровтың кінәлі емес екендігін дәлелдеу.

«Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Egemen Qazagstan») газетінің бас редакторы Шерхан Мұртаза ағамыздың кабинетінен бір-ақ шықтық. Басына іс түскен ескі досы Көлбаев Ошақбайды көрген Шер-ағаң үлкен кабинетіндегі, төрдегі үстелінен тұрып қарсы алды, құшақтап амандасты. Жөн сұрасып болған соң, Ошекең жанындағы отырған мені күйеу балам деп таныстырып, арғы жағын «Шәке, маған қарағанда, сізге жақын, Құли бабаның ұрпағы, бауырыңыз болады», деді. Шер-ағаң көзілдірігінің астынан мені басымнан аяғыма дейін бір шолып өтті де, әрі қарай үндемеді. Жасы әлі алпысқа жете қоймаған Шер-ағаңның көз жанары өткір екен. Әр сөзін асықпай байыппен айтып, әр сөзге мән беріп, салмақтап отыр. Араларындағы әңгіме ұзақ болды.

Ошекеңнің айтқанын мұқият тыңдап, әр фактіні жібермеуге мән беріп отыр. Әңгіме төркіні сол Асанбай Асқаров пен Ошақбай Көлбаев жайлы. Кейбір фактілер бойынша Шер-ағаң менен әлденелерді сұрап та қояды.

Біраз уақыт өткен соң Шер-ағаң алдымен кабинетіне Шәкизада Құттаяқов деген орынбасарын, одан соң Нұри Муфтах деген журналисті шақыртып алды. Ошақбай атамның қолындағы бір бума қағаз бен құжатты алып, аталған екі кісіге салмақтап нұсқау берді. Нұсқауының түбінде бір зіл әрі салмағы бар үлкен сұрақпен қоса «әттеген-ай!» жатыр.

Шәкеңнің бет-әлпетіне қарасам, қабағы мен көз жанарында ыза менен оттың белгісі бар екен. Ол от пен ызаның сыры маған айқын көрініп тұрғандай.

Не керек, сол кездесуден кейін Шәкизада Құттаяқовтың «Қазақ әдебиеті» газетінің 1989 жылы 25 тамыз күнгі 34-нөмірінде тергеу органдарының О.Көлбаевтың ісі бойынша заңбұзушылық фактілері әшкереленіп, жарияланды.

Ал Нұри Муфтах ағамыз ақиқаттың анығына жету үшін, бел шешіп кірісті. Арғы жағы Мәскеу прокуратурасы, бергі жағы республикалық прокуратура мен Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы деңгейінде үш айдың көлемінде ізденіп, республикалық баспа бетінде мақалалар жариялады. Мақалалардың мағынасы – қазақтың ел деп еңіреген екі азаматы жайлы, олардың мойнына тағылған кінәлардың дәлелсіз екендігі.

Осы журналистік тексерулердің нәтижесінде Ошақбай Көлбаевтың үстінен қозғалған қылмыстық іс 1990 жылдың 20 қазанында «Іс-әрекетінде қылмыстық белгілер жоқ» деген негіздермен қысқартылды. Ошекеңнің қолына партиялық билеті қайтарылып, атамыз мемлекеттік қызметке қайта оралды.

Ал Асанбай Асқаров жөнінде орталық газеттерде және «Социалистік Қазақстан» газетінде Нұри Муфтахтың «Қылбырау» атты мақаласы жарияланды. «Казахстанская правда» газетінде орыс тілінде «Не стреляйте в белых лебедей» деген мақаласы шығып, Мәскеудің тергеу органдарын бір дүрліктірді. Соның нәтижесінде және қазақтың ел ағаларының араласуымен ағамыз Асанбай Асқаров та 1990 жылы Бішкек сотының үкімімен ақталып, бостандыққа шықты. Ақиқат пен шындық, әділдік орнын тапты.

Міне, Шер-ағаңның ақиқат десе қасқайып, еш биліктен тайсалмай шындықтың, әділдіктің түбіне жететін адами табиғаты осы еді.

Шерхан Мұртазаның шежіресін тарқататын болсақ, Дулаттан – Шымыр, Шымырдан – Бекболат, Бекболаттан – Жиеналы, ал Жиеналыдан Шілменбет және Тілменбет деген екі ұл тарайды. Ал Тілменбеттен Құли туады. Яғни Құли Тілменбеттің баласы. Қасиетті Түлкібас пен Жуалы жерінде Құли бабадан тараған елді Құли-Шілменбет деген қатар атаумен атайды. Оның тарихы өте тереңде. Мұны жас ұрпақтың білгені дұрыс. Алайда ақиқаттың алдаспаны атанған Шер-ағаң бір елдің, бір рудың ғана емес, тұтас ұлттың мақтанышына айналды.

 

 Бауыржан СМАТЛАЕВ,

заң ғылымдарының докторы,

профессор, ҚР прокуратура

органдарының құрметті

қызметкері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support