- Advertisement -

Талант туған Талапты

333

- Advertisement -

Жуалы десек, Мыңбұлақ есімізге түседі. Мыңбұлақ айтылса, Шерхан Мұртаза ойға оралады. «Түсіме ылғи Мыңбұлақ кіреді, туған үйім кіреді…» деп Шер-ағаң жазған Мыңбұлақ – әлі де қастерлі. Ал жазушының туған үйі – Талапты ауылында. Бұл күнде Мыңбұлақ ауылдық округіне қарайтын Талапты жүз түтіннен тұратын шағын ауыл. Бірақ осы шағын ауылдан қалың қазақтың қадірлісі болған Шерхан Мұртаза шыққан.

Өткен жексенбіде Талапты ауылына арнайы бардық. Шерхан Мұртазаның ауылын, Халық жазушысы жүрген көшені, сол кісі қонақ болған үйлерді көргіміз келді. Халық жазушысы салдырған мекемелерге де бас сұққанды жөн санадық. Әуелі жазушының туған інісі Батырханнан қалған шаңыраққа аялдадық.

Бұл – қара шаңырақ. Үлкен аулада екі үй тұр. Бірі – ескі үй, екіншісі – қазіргі талапқа сай салынған жаңа зәулім үй. Біздің көңіліміз ескісіне ауды. Себебі, мұнда біз идеал тұтқан, халық ардақтаған жазушы Шерхан Мұртаза талай рет арнайы болып, қонып, аунап-қунап қайтқан. Әр бөлмеде жазушының күлкісі, табанының ізі, айтқан әзіл сөздері, өсиеттері қалған. Ал зәулім үйдің құрылысы Шер-ағаң бақилық болған соң аяқталғанға ұқсайды.

Әрине, ол үй де қара шаңырақ ретінде Мұртазаевтарға мың жыл қызмет ете берсін, төрінде талай сыйлы қонақтар отырсын деп тіледік. Батырхан атаның үйіндегі апамыз Райхан Мұртазаевадан ел таныған тұлға жайлы сұрадық.

«Аға ауылға келгенше, ауылды көргенше асығып тұратын. Елге келсе еркелеп келетін. Туған ауылына көмегін беруге, жақсылық жасауға асығып тұрушы еді. Осы Талаптыға зәулім мектеп салынуына тікелей ықпал етті. Мешіттің салынуына үлес қосты. Ауылға таза ауыз су, көгілдір отын келуіне де жазушы ағаның тікелей қолдауы көп болды. Аталған қажеттіліктерді үлкен мінберлерде көтеріп, шешіп берді. Ағаның қалтасынан үнемі конфет үзілмейтін, балаларды өте жақсы көрді. Бала көрсе конфет беріп, солармен ойнап кететін.

Талаптының таза ауасымен қыдырғанды жақсы көрді. Атпен ауыл сыртын серуендеп, сергіп қайтатын. Ол кісі келгенде бүкіл ағайын-туыс, бауырлар болып жиналатын еді. Қазанымыз оттан түспей, қызмет еттік. Соншама үлкен жұмыстарда жүрген үлкен кісі сергіп, демалып, қуанып қайтса деген тілекпен көңіліне қарап, жүгіріп тұратынбыз. Ағаға барша ауылдастардың құрметі бөлек болатын. Ол кісінің келгені бір мереке, кеткені бір мереке еді», дейді жазушының келіні Райхан Мұртазаева.

Шерхан Мұртаза салдырған мектеп

Халық жазушысының балалығы өткен жер болған соң, Талаптының тасына дейін тағылымды, бір уыс құмына дейін құнды. Ал мұндағы мекемелер де көзімізге асқақ көрінеді. «Мен жазушы туған ауылға қызмет етіп тұрмын» дегендей маңғаз.

Талапты ауылдық клубы әсем сахна, кең мәжіліс залымен және үйірме бөлмелерімен де ерекше. Клуб меңгерушісі Нәзипа Кенжебаева бұл мәдениет ошағында іс шаралардың көп өтетінін айтады. Шерхан Мұртаза салдырған Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектепте де болдық. Мұнда қазір 130 оқушы білім алуда. Мектепті аудандық мәслихат депутаты, білікті маман Руслан Сайлаубаев басқарады. Бұл мектеп ұжымы мен ата-ана, оқушылары аталған білім ошағын он бес жыл басқарған Гүлбүбі Ергөбекова және тіл маманы Ләйла Жолдыбаева, математик мұғалім Ғабит Егізбеков, сызу пәнінің маманы Жанар Мырзахметова, тарих пәнінің мұғалімі Махмуджан Мамытов, бастауыш пәні мұғалімі Зәбира Тілешбаева секілді ұстаздарды ерекше құрметтейді. Бұл мектепте қазіргі аудан әкімі Жалғас Мұртаза да оқыған. Ұстаздары Жалғаспен де, Ілияспен де мақтанады.

Былтыр 11-сынып оқушылары Нұржас Тұрарбек республикалық пән олимпиадасында математика пәнінен жеңімпаз атанса, оның сыныптасы Ақбала Бердібай болса ақын Фариза Оңғарсынова атындағы республикалық мүшайрасында топ жарып, бас жүлдені иеленіпті. Балауса Қуанышбаева деген оқушының да тарихты терең білуге деген талабы таудай екен. Спорттан бокс үйірмесі жақсы дамыған. Мәселен, Димаш Әскербек – бокстан оқушылар арасында облыс чемпионы, республика жүлдегері. Мұхамәди Қуаныш, Саят Жолдасбеков те бокс бойынша біраз жетістіктерге жеткенін ұстаздары жарыса айтты. Шер-ағаны тудырған қасиетті топырақта бүгінгі таңда да осындай талантты ізбасарлар өсіп-өніп, жетіліп келеді екен.

Ауылдағы балабақша мен кітапханаға да бас сұқтық. Жексенбі күні барғанымызға қабақ шытып жүрген бір адам жоқ. Кітапханашы да, оқырмандар да, балабақша қызметкерлері де жылы ықыласпен қарсы алды. Салынуына Шерхан Мұртаза себепкер болған ауылдық мешітте де болдық.

Шер-ағаңның шығармашылық үйі

Маңыз беріп айтатын тағы бір мәселе – Талапты ауылындағы Шерхан Мұртазаның шығармашылық үйі. Бұл үйді қазір Шерхан Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығы назарға алып, жазушы мұраларын сараптап, болашақ ұрпаққа мұра ретінде қалдыру жолында еңбек етіп жатыр. Ал аталған шығармашылық үйде қазір құрылыс жұмыстары жүргізіліп, аяқталуға жақындапты. Тіпті аталған орталықтың директоры, тарихшы Сауран Қалиевты да жексенбі күні осы мекемеде кездестірдік. Директордың өзі жұмысшылармен бірге жұмыс істеп жатыр екен. «Бұл шығармашылық үйдің маңызы ерекше. Талаптының тарихы терең.

Тәңіртаудың етегінде тамаша жерде орналасқан. Осыдан бір шақырым жерде Момыш бұлағы бар. Ол жерде батыр Бауыржан Момышұлы дүниеге келген. Осыдан 15 шақырым жерде Қырғыздың Шекер деген ауылы бар. Ол жерде заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовтың кіндік қаны тамған. Міне, қараңызшы Алланың шеберлігін. Бар болғаны 15 шақырым жерге үш бірдей ірі тұлғаны топтастырған екен. Бұл шығармашылық үй енді Шерхан Мұртазаның әдеби-мемориалдық үйі болады. Қазір мұнда музейлендіру жұмыстары жүріп жатыр. Бұйырса, осы әдеби-мемориалдық үйінің ашылуы болады. Мұнда жазушының жас күнінде жазған хат, күнделік,

еңбектерінің қолжазба нұсқасы сақталған. Бұл жерде жазушының кітаптарынан жинақталған кітапхана, архив, 30 адамға арналған мәжіліс залы болады. Осы мекемені басқару жазушының немере інісі Әлижан Мұртазаевқа жүктеліп отыр. Шерханды білемін, зерттеймін деген жас ғалым, жас әдебиетшілер үшін мұнда қажеттіліктердің барлығы болады. Жазған мұралары электрондық нұсқаға да айналады. Біз осы тарапта жұмыс істеп келеміз», – дейді Шерхан Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығының директоры Сауран Қалиев.

Ауылдастар ардақты азаматты ұмытпайды

Біз 88 жастағы Рахман Мырзахметов ақсақалдың үйіне арнайы барып, қарияға сәлем бердік. Тоқсанға жақындаған қария демалып-демалып отырып кішкене естеліктер айтты. «Шерханның інісі Батырханмен түйдей құрдаспын. Шерхан аға ауылға келсе, сол інісінің үйіне түседі. Мені шақыртып алатын. Ауылды аралап, менің осы шаңырағыма да келіп жүрді. Әңгімесі таусылмайтын. Әңгіме болғанда тарихи мәліметтерге, сосын елдің болашағы туралы, балалардың ертеңі туралы мәселелерге көбірек көңіл бөлуші еді.

Сөзі салмақты, ойы озық, тағылымды болатын. Мен осы бұрынғы «Ленин» кеңшарына қараған Талапты бөлімшесін 26 жыл басқарған адаммын. Картоп өсіруден талай табыстарға жеттік. Бөлімшенің өзінде 22 мың қой болатын. Шерхан ағаның әр келгені қуаныш болатын», деді Рахман қария. Қарияның асыл жары Назым Мырзахметова 82 жаста екен. «Қария екеуміз жеті ұл-қыз тәрбиелеп өсірдік. Жолдасым бастық болса да, кеңшарда қатардағы жұмысшы болып еңбек еттім. Еңбектен қашқан кезіміз жоқ. Халық жазушысына талай рет қызмет еттік», дейді ол. Ал қолындағы баласы Нұрпейіс, келіні Жанар да ізетті жандар екен.

Бұл ауылдан Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» шығармасындағы талай адамды, талай тағдырларды кездестіруге болады екен. Шер-ағаның кітабындағы кейіпкер Дошанайдың немерелерін де, осы Ғабиден Әскербайұлын да осы ауылдан кездестірдік. 85 жастағы ақсақал Құдайберген Медербаевтың да Мұртаза әулеті жайлы, оның ішінде Шерхан ағамыз жайлы да айтары көп екен.

Біз мұнан соң облыстық «Aq jol» газеті бас редакторының бірінші орынбасары болған, ҚР Ақпарат саласының үздігі Ақылжан Мамыттың әкесінен қалған қара шаңырақта болдық. Ахаңның анасы 84 жастағы Камила Мамытоваға амандастық. 13 құрсақ көтерген ананың бұл күнде 9 ұл-қызы аман-есен өсіп-өнуде. Олардан біршама немере, шөберелер тарап отыр. Қолындағы баласы Махмуд мектепте мұғалім, келіні Нәзипаның клуб меңгерушісі екенін айттық. «Тағы бір балам осы ауылда тұрады. Ал қызым Толқын аудандық мәдениет үйінде істейді», деді көпті көрген ана.

«Шерхан Мұртаза жақын қайным ғой. Қария бар кезде өте көп келетін. Жолдасым Қорғанбаймен әңгімелесіп, әңгімесі жарасып отырады. Келген сайын бізді көтермелеп мақтап сөйлейтін. «Осы үйдегі Камила жеңгемнің қуырдағы тез дайын болады. Жеңгем менің автомат. Әйтпесе, ауылда газ жоқ. Бірақ жеңгем жылдам» деп құрметтеп сөйлеуші еді. Енді бәрін еске алып айтып отырамыз», дейді ардақты ана Камила Мамытова.

Біз осы ауылды асықпай араладық. Батырхан атаның баласы Әлижан Мұртазаев бірге жүрді. «Атаның тойы жақындап келеді. Дайындық қызу жүріп жатыр. Мемлекетке, облыс басшыларына рақмет. Халық жазушысына лайықты құрмет көрсетуде. Халық жазушысы атындағы айтыс, мүшәйра, ғылыми жарыстар өтуде. Көзкөргендерден естеліктер жиналуда. Барлығы үшін ризамыз. Өзіміз де Шерхан атамен мақтанамыз. Осы Талапты ауылы жазушының атына кір келтірмейтін, озат ауыл бола береді деп сенемін», деді қоштасарда Әлижан аға. Бұл ауылдың көшелері Сыпатай батыр, Бауыржан Момышұлы секілді кілең батырлардың есімімен аталады екен. Ауылдан батырлықтың рухы еседі. Адамдарының бойында бір мақтаныш, мерей бар. Себебі бұл Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның ауылы!

 

 Талапты ауылы,

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support