Жастарды жақсылыққа баулыған жан

148

Қанат Қорабаев ауыл спортының дамуына, жас жеткіншектердің салауатты өмір салтын ұстануына айрықша үлес қосып келеді. Жылдар бойы Т.Рысқұлов ауданы, Тереңөзек ауылында спорт саласында тапжылмай еңбек еткен ардагер биік белестер мен көп марапаттарға ие болған. Ол өзінің спорттағы алғашқы қадамдарын ерте жасында бастаған. Спорттың ең қызық түрлерінің бірі футболмен айналысып, бұл уақыт ішінде түрлі деңгейдегі жарыстардың жеңімпазы, жүлдегері атанды. Бүгінгі күнге дейін ол өзін аяқдоптың шебері екенін дәлелдеп, жасыл алаңшадан табылып келеді. Сондай-ақ ол әлі күнге дейін ауыл жастарының кәсіби футболмен шұғылданып, қыр-сырын меңгеріп машықтануына, олардың аудандық және облыстық деңгейдегі турнирлерде топ жарып, биік белестерден көрінуіне өз септігін тигізіп жүр.

«Футболға деген құмарлық бозбала кезімде басталды. Біз балалық балғын шағымызды ауылдың шаңы мен топырағында жалаңаяқ доп теуіп, футболды көп ойнаумен өткіздік. Жоғары сыныпқа барған уақытымызда кәнігі ауылдың ересек балалары болып үнемі жиналып ауыл арасында футбол ойнауды әдетке айналдырдық. Кейіннен мен оқуымды сол кездегі Жамбыл, қазіргі Тараз қаласында тұратын ағаларымның қолында жалғастыруыма тура келді. Мен ол жақта да футбол ойнауды тоқтатпай, керісінше қаланың балаларымен бірге доп теуіп, әртүрлі жарыстарға қатысып жүрдім», дейді Қанат Қорабаев.

Қанат смат, Тереңөзек ауылдық округінің әкімі:

– Тоқсаныншы жылдары аудандық спартакиадада Тереңөзек ауылында құрылған «Бекболат» командасы футболдан І-орын алып, бұл командаға 1996 жылдардан бастап аудан көлемінде ешбір команда бәсекелес бола алмады. Облыстық деңгейдегі жарыстарда да жүлделі орындарды олжалады.

1996 жылы «Тараз» футбол командасы елімізде чемпион болғаны көбіңіздің естеріңізде болар. Тереңөзек ауылында құрылған «Бекболат» командасы сол жылдары чемпион атанған «Тараз» футбол командасымен жолдастық кездесу өткізіп, 1:1 есебімен тең ойнаған. Мұның өзі сонау тоқырау болған жылдары Тереңөзек ауылында футболдың даму деңгейі аудандық, облыстық емес, республикалық деңгейге шыққанын көрсетті. Осы ауылымызда құрылған «Бекболат» командасының дамуына Қанат Қорабаевтың қосқан үлесі көп.

Ол Жамбыл педагогикалық институтын бітірген білікті маман ретінде мектепте ұстаздық етеді. Ол бұл салада жүріп те ауыл жастарының спортқа деген құлшыныстарының артуына, оқушылардың аудандық және облыстық спорттық додаларда топ жаруларына зор үлесін қосып келеді.

Айбек сАйлАубАев, No15 Жамбыл атындағы орта мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары:

– «Бір жақсы ұстаз, мың шәкіртке кепіл» деген сөз бар. Рас, біздің әріптесіміз Қорабаев Қанаттың бүгінде көптеген шәкірті бар. Алдыңғы буын шәкірттері салауатты өмір салтын ұстанған, өмірге деген көзқарастары дұрыс бағытта қалыптасып, қоғамда өзіндік орындары бар азаматтардың қатарынан көрініп жүрсе, оның қазіргі тәрбиелеп жүрген жас буын жеткіншектері де дәл сондай бағытта қалыптасып, өсіп, жетіліп келеді. Бұл дегеніміз оның жақсы ұстаз болғандығының белгісі деп білем.

Иә, Қанат ауыл жастарының, ауыл спортының жанашыры. Қазақтың алтын бесік ауылын дамытуда Қанаттай азаматтардың жетіспейтіні анық. Олай дейтінім, Қанат ауыл тіршілігіндегі қара домалақтардың соңынан жүріп, ала доп тебуге тәрбиелеп, спортқа
баулыды. Еңбегі еш кетпеді, жетістіктері сүбелі болды.

Райлан сейіТбеков, Тереңөзек ауылы округінің спорт әдіскері:

– Біздің бала күнімізден футболға деген құлшынысымыз бен әуестігіміздің артуы және спорттың осы түрімен көп шұғылданып, машықтануымыздың қыр-сыры ағайынды жаттықтырушы Қанат Қорабаев пен Саламат Қорабаевтың еңбектерімен тікелей байланысты. Өйткені олар футболға деген ынтасы зор ауыл жастарын жаттықтырудан, аудан мен облыс аймағындағы әртүрлі турнирлерге апарып қатыстырудан ешқашан жалыққан емес. Иә, әлі есімде, біздің бала кезімізде тұрмыстық жағдай мен әлеуметтік деңгей дәл қазіргідей емес еді. Дейтұрғанмен, сондай қиын уақыттың өзінде Қанат ұстазымыз турнирлерге баратын жол шығындары мен балалардың ішіп-жемін өзінің қалтасынан шығарып, бізді барлық жарыстарға апарып қатыстырып отыратын. Қазір ойлап отырсақ, ағайынды Қанат пен Саламат ұстаздарымыздың сол істері үлкен азаматтық пен кісіліктерінің белгісі екен. Ауыл жастарына деген жанашырлығы екен.

Бүгінде спорт ардагері Қанат Қорабаев ердің жасы елуге толып отыр. Ауыл жастары бірлесіп, үлкен және шағын футболдан облыстық деңгейдегі турнир ұйымдастырмақ ниетте. осы орайда отыз жыл бойы жасөспірімдерді салауатты өмір салтын ұстануға баулып келе жатқан Қанат Қапанұлының сіңірген еңбегі ескерусіз қалмаса екен дейді Тереңөзек ауылдық округінің жастары. бұл ретте бірқатар ауыл азаматтары да пікір білдірді.

 

Мадияр ЕРАЛЫҰЛЫ

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Т.Рысқұлов ауданы.

 

Comments are closed.