- Advertisement -

Қаранар қаламгер, тағдырлы тұлға

67

- Advertisement -

Қазақ ұлтының басынан өткен әрбір қасіретті кезең, жылымық жылдар сол кезеңді көзімен көрген қаламгерлердің қаламынан шерлі шежіре болып төгілді. Тағдырдың тауқыметіне тап болған талант иелері сол бір нәубет кезеңдерді хатқа түсіріп, ұрпаққа аманаттап кетті. Ал олардың көбінің қамкөңіл күйден, әділетсіздік әсерінен айыға алмай бұл дүниеден көшіп кетуі де жаныңды ауыртады. Естіген бөлек, көрген бір басқа, кешегі кер заман көрнекті тұлғалардың бәріне де керме керген, көр қазған сондай бір ауыр уақыт болды ғой. Алаш қайраткерлері де сол әділетсіз заманның барлық ауыртпалығын көрді. Қасап қырғынның жазықсыз құрбаны болды. Сол бір бейдауа уақыттың азабы мен тозағын көрген қайраткерлердің бірі – Жайық Бектұров еді.

Жайық Бектұров талантты ақын, жазушы, аудармашы ретінде әдебиетсүйер қауымға белгілі есім. Ол 1912 жылы Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Қызылағаш ауылында дүниеге келген. 1998 жылы Қарағанды қаласында қайтыс болған. Ол әр жылдары мұғалім, комсомол қызметкері болып қызмет атқарған. 1939-1942 жылдар аралығында Жамбыл облыстық «Коммунист» газетінің редакторы болып істеген. 1922 жылы «Кедей еркі» деген атпен жарық көрген бұл басылымның бүгінде жүз жылдық тарихы бар. Аталған басылым әр жылдары «Кедей еркі», «Колхоз жолы», «Коммунист», «Сталиндік жол», «Еңбек туы» деген атаулармен жарық көрген. Жайық Бектұров өзінің Әулиеата жерінде еңбек еткен жылдарын, редакцияның сол кездегі тыныс-тіршілігін өз естеліктерінде жазып қалдырған. Екі тілшінің бір қаламмен кезектесіп мақала жазып отырғаны туралы естеліктерінде бар.

Бұл көріністің өзі сол кездегі тұрмыстың ауырлығын көрсететін сурет. «Баспахана шағын. Түк жабдығы жоқ. Жалғыз ғана аудандық газет шығарып отырған кішкене типография. Біресе әріп жетпейді. Біресе электр қуаты болмай қалады. Не газет басатын машина сынып қалады. Күнде жанжал, ұрыс-керіс, айғай-шу… Ең аяғы тұрақты, өнерлі фотографымыз да жоқ. Қап-қап қорғасын сурет келеді Москвадан. Әрі ауыр жүк, әрі шашау шығармай сақтау қиын. Әрбір құйылған суреттің мұқият сақталуының ол кезде саяси да мәні бар. Осы суретке редактор мен секретарь айрықша жауапты. Иә, суретті пайдалану, сақтау, ауыр жүкті әлсін-әлі қайтадан Москваға жөнелтіп отыру өз алдына бір төтен жұмыс», деп жазады. Сондай қиын-қыстау заманның өзінде Жайық Бектұров сынды қазақ баспасөзінің қайраткері барлық сынаққа төзіп, басылымды сақтап қалды. Сол кезеңде «Коммунист» газетінде қызмет атқарған барлық азаматтардың да еңбегі ерен. Қазіргі кезде бұл басылым «Aq jol» деген атпен шығып келеді.

Жайық Бектұровтың есімі елімізге журналист, аудармашы ретінде ғана емес, жазушы ретінде де белгілі. Ол әр жылдары «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас» газеттерінде де еңбек еткен. Өзінің журналистік жолында талай-талай тегеурінді туындылар жазған. Сонымен қатар Даниэль Дефо, Шандор Петефи, Ярослав Гашек сияқты танымал қаламгерлердің де еңбектерін қазақ тіліне аударды. Ал жазушы ретінде «Ақиқаты осы еді», «Таңба», «Жол жоралғысы» және басқа да кітаптары бар. Жалпы, Жайық Бектұровтың зиялы, парасатты, білімді тұлға болғаны көп айтылады. Қандай қиындық көрсе де, азаматтық ұстанымынан айнымаған жазушының жазбалары да ақиқат ауылынан алыстамаған, шындықтың шеңберінен шығандамаған шығармалар еді. Сталиндік зұлматтың талай қасіретін бастан кешкен қайраткер жазушының «Таңба» деген кітабы бар. Мұнда қаламгер әділетсіз заманның қасіретін, түрлі адамдардың тағдырын көрсетеді.

Бұл туралы жазушының өзі «Елуінші жылдардың орта кезінің жаңа лебі мен демі суымай тұрғанда «Төгілген ар» атты көп тараулы роман жазған едім. Мұнда жиырмасыншы-елуінші жылдардағы ел ішінің жалпы әлеуметтік-саяси ахуалы, оның ішінде сан мыңдаған адамдарымыздың, әсіресе алдыңғы қатарлы адамдарымыздың жазықсыз опат болуы, көп аймақтарымызда түрме-лагерьдің қаптап кетуі, Қазақстандағы қырғын, аштық сияқты алапатқа шама-шарқымызша біркелкі шолу жасағандай едік», деп жазады. Бұл естелігін жазушы 1986 жылы жазған. Ал 1996 жылы жазушы бұл шығармасы туралы тағы да былай дейді: «Таңбада» күллі совет елінің ауыр ахуалына тән көріністері біраз бейнеленгенімен, біздің қазақ халқының мұңды тағдырын бөле-жарып баяндауға қол қысқа, тіл күрмеулі болды». Қасіретті жылдарға куә болған қаламгердің бұл өкініші уақыттың кереғарлығынан, қиындығынан туған өкініш еді.

Кітаптың «Жол үстінде» деген бірінші бөлімінде мынандай сөйлем бар: «Ішкі істер комиссариатының ішкі екі-үш қабат тас түрмесінің үстіңгі қатарында жатты Тұрлыбек алғашқы айларда. Ауыр, темірмен қапталған қалың есік. Қабырғаға сүйеп қойған жалпақ қара тастай қорқынышты қап-қара темір есік. Кіндігінде «жылан көз» – «волчок» деп аталатын шынылы есік. Зіл-ауыр есік төбеден тас құлағандай сарт- сұрт жабылады. Кілтшілер әдейі сарт еткізіп қатты жабады. Қолдарында уыс-уыс кілт салдыр-гүлдір құлақты тескендей, қолқа сабағын кескендей, жүйке құртқандай естіледі қу темір». Сол бір қасап қырғын заманды еске алғанда, көрдің суық ауызы сияқтанып әре-құтыңды алып тынатын түрменің есігінің өзі де қатал көрінеді. Ал оның арғы жағындағы адамдардың тағдыры ол кездегі жүйені ойландыра қойған жоқ. Жазушы кітапта Тұрлыбектің тағдыры арқылы сол кездегі жазықсыз жандардың тұтас жан жарасын бейнелейді.

Сонымен қатар Тұрлыбектің төңірегіне топтасқан түрмедегі түрлі тағдырларды да көрсетеді. «Тұрлыбек өз қасіретін ішіне ұйысқан қандай жұтып отырса да, мына жас баланы қатты аяды. Бұл неткен сұмдық. Белгілі қызметкерлер өз алдына, бала-шағаны тұтқындау қайдан шыққан», – дейді. Бұл жазықсыз түрмеге түскен бала Бористің тағдыры еді. Өзінің айтуынша, «Мектеп оқудан шығарып тастады «халық жауларының баласы» деп». Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов және өзге де ұлы арыстардың ұрпақтары сол жылдары қисапсыз қасірет шекті ғой. Шығармадағы Борис бейнесі де сондай жазықсыз жандардың бейнесі десе де болады. Жалпы алғанда, жазушы Жайық Бектұров «Таңба» атты бұл кітабында жазықсыз жандардың жүрегіне түскен қасірет таңбасын айтады. Ешқандай айыпсыз, дәлелсіз, жазықсыз түрмеде отыру, жастық шағын қорлық тірлікке еркінен тыс айырбастау, бәрі де кеңінен суреттеледі. «Таңғы алтыдан түнгі сағат он бірге дейін тергеуге әкетпесе орынсыз қимылдауға, шалжиған жаман кірауатқа жантаюға да болмайды.

Бұл жалпы ереже. Ал мойнына әзір айып-кінәсі қойылмаған Тұрлыбекті үш кісі кезектесіп тергеуде таңғы беске дейін ұстайды». Бұл – сол кездегі барлық көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың басынан өткен трагедия. Кітаптың алғысөзінде жазушының өзі уақыттың қаталдығына байланысты ешкімнің атын атай алмағанын өкінішпен еске алады емес пе?!. «Лидияның есіне есік- терезесі жабық, шамы сөніп, түтіні шықпай қалған үйі де, өлі-тірі екені белгісіз әке-шешесі де түсетіндей. Қор болған, тұл қалған жастық шағын да, күйреген арманын да ойлайтын болар», дегеннен артық қасіретті елестетудің өзі қиын. Тұрлыбек, Борис, Лидия сияқты азаматтардың басына түскен ауыр тағдыр арқылы Жайық Бектұров сол кездегі уақыттың тынысын, қоғамның қасіретін, замананың зарын беріп отыр. Адамды адам азаптауының түр-түрі бар мұнда. Бәріне де «халық жауы» деген жалған жала жабылған. «Қарға құйрық төсеп отыру керек. Сұмдық көрініс! Осынша зұлымдықты кім ойлап таба берген», дегенде адамның жан-дүниесі күзгі жапырақтай қалтырайды. Кейіннен кітаптағы оқиға шиеленісе береді. «Тұрлыбектер бес кісі. Бірі Семей облыстық газетінің редакторы Естай, бірі Қостанай обкомының хатшысы Есмұхан, бірі сол облыстық сот төрағасы Нұғыман, енді бірі сол облыс прокуроры орынбасары Бекмұхан. Тұрлыбек бұларды бұрын көрмек түгіл, аттарын да естімеген, ол тіпті Қостанай жаққа өмірі аяқ аттаған да емес. Ол кезде қала-қала, облыс- облыс арасының қарым-қатынасы сирек болатын.

Енді, міне, сөйтсе де осы бөтен адамдармен ол ауыр, кешпес қылмыс жасаған болып, Қостанай облысының кең аймағында совет өкіметіне қарсы қарулы ұйым құрған болып, меңіреу Сібірге он жылға айдалып барады», деп жазады. Бұл кітап негізінен жазықсыз құрбан болған қайраткерлерді аза тұту, жоқтау кітабы. Жоғарыда Жайық Бектұровтың «Социалистік Қазақстан» газетінде де жұмыс істегенін айттық. «Таңба» кітабында қаламгер сол бір сұрапыл жылдарды «Мен ол кезде «Социалистік Қазақстан» газетінде қызмет істеуші ем. Тізімді өз қолымызбен жарияладық. Бәрі де атылуға кесілді, айыптарын мойындарына алды, үкім орындалды делінген», деп еске алады. Ойға алуға ауыр болса да, бұл қазақтың басынан өткен кешегі қасіреті еді. Жазушы өзі куә болған, басынан өктен жағдайларды сол кезеңдегі тарихи шындықпен сабақтастырып, сәтті жеткізеді. Бұл ретте Жайық Бектұровты азап лагеріндегі өмірді тұңғыш рет қазақ әдебиетінде бейнелеген қаламгер деп білеміз. Өзге де туындылары шындыққа, ақиқатқа құрылғандығымен де, айтар ойының нақты болуымен де құнды.

Жайық Бектұров қайраткер тұлға ретінде де белгілі. Кезінде сан түрлі азап лагерінен өтсе де, сағы сынбаған, рухы төмендемеген қаламгер. Жазушының ұлтымыздың ұлы тарихи тұлғалары туралы жазып қалдырған да, ауызша айтқан да әңгімелері кейінгі ұрпаққа рухани азық болып келеді. Мәселен, Абылай хан, Кенесары хан, Шоқан Уәлиханов, Балуан Шолақ, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин, Ермұхан Бекмаханов және өзге де қайраткерлер туралы жазылған дүниелердің көпшілігінде Жайық Бектұровтың есімі жүреді. Көптеген зерттеуші-ғалымдардың Жайық Бектұровқа сілтеме жасағанын байқаймыз. Жалпы, тарихтан белгілі, жазушының саналы ғұмырының біразы қуғын-сүргінмен өтті. Ол елуінші жылдары Қарағанды қаласына келеді. Сөйтіп, өзінің саналы ғұмырын мейлінше әдебиетке, ғылыми ізденіске арнайды. Ұлт перзенті Ақселеу Сейдімбектің «Анамыздың әлдиіндей, өзіңіз құлағымызға құйған анау Ахметтің, Шәкәрімнің, Мағжанның, Міржақыптың, Сәкеннің тағдырларын елестетіңізші.

Сіз сол арыстардың көзі болып, сөзі болып, өкшебасар ұрпағымызбен жалғастыңыз», дегені де ұстазға деген құрмет болса керек. Жалпы, Жайық Бектұровтың жай жазушы емес, қайраткер жазушы болғанын айттық. Сондай-ақ ұлттың ұлы тұлғалары туралы да көптеген зерттеулер жүргізіп, артына мол мұра қалдырды. Мәселен, Жайық Бектұровтың 1982 жылы Омбы қаласында Шоқан Уәлихановқа арналған ескерткіш-тақтаның ашылуына да себепші болғанын зиялы қауым біледі. Ал 1985 жылы ЮНЕСКО көлемінде Шоқан Уәлихановтың 150 жылдығы тойланған кезде, атаулы күн қарсаңында Мәскеу қаласынан «ЖЗЛ» сериясы бойынша Л.Стрельникованың Шоқан Уәлиханов туралы кітабының таныстырылымы кезінде Жайық Бектұровтың Шоқанның атасы Абылай хан, Кенесары хан, Қасым хан, әжесі Айғаным туралы көптеген тарихи тың деректер бергенін көпшілік әлі аңыз қылып айтады. Бұл да жазушының ұзақ жылғы ізденісінің жемісі еді. Сол сияқты, Жайық Бектұров қазақ поэзиясының ірі өкілі Қасым Аманжоловтың да жоқтаушысы, насихатшысы ретінде белгілі. Ол қырық төрт жыл ғана ғұмыр кешкен Қасым ақынның алпыс, жетпіс жылдық мерейтойларын өткізуге бастамашы болған азамат ретінде де белгілі. Досы әрі сырласы болған Қасым ақынмен арадағы жазысқан хаттары да әдебиеттің эпистолярлық жанрын байытқан дүниелер болып мәңгілікке қала бермек.

«Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы, артына өлмейтұғын сөз қалдырған», деп хакім Абай айтқандай, Жайық Бектұров та артына өлмейтін сөз қалдырған қаранар қаламгер, тағдырлы тұлға болды. Ол саясаттың салқынынан қорыққан жоқ. Ол тарихқа, ұрпаққа қажетті сөзді айтты. Қазақтың қабырғалы қайраткер азаматтары да Жайық Бектұров туралы жақсы сөзін жазып қалдырған. Нұрмұхан Оразбеков пен Төлеубай Ермекбаев совет өкіметінің құйтырқы саясаты әлі әшкере болмай тұрған кезде ештеңеден қорықпай Жайық Бектұров «Өрт пен дерт», «Дәлел мен дерек», «Дала уәлаятының мақтанышы» атты тарихи очерктерін жариялайды. Мұнда жазушы әйгілі Кенесары көтерілісін, Абай тағылымын, Әлихан Бөкейханның тұлғалық қасиетін шебер тілмен суреттейді. Сонымен қатар «Тағдыры қиын талант», «Батыр Баян және Мағжан», «Мағжанның анасы мен жұбайы», «Ақан сері және Мағжан» атты мақалаларында Мағжан Жұмабаев сияқты ұлы ақынның тағдыр-талай жан-жақты жазылады. Мұның барлығы да сол кезеңде ерлікпен бірдей әрекет болатын. Жайық Бектұровтың Алаш қайраткерлерімен бірге жүріп қана қоймай, жалпы Алаш қайраткерлері туралы жазуы, кейінгі ұрпаққа Алаш тарихын, идеясын барынша насихаттауы да ерлік еді. Белгілі ақын Қойлыбай Асанов «Сәкеннің қолын алған алақаны…» атты Жайық Бектұров туралы естелік-мақаласында «Әлі есімде 1989 жылы Қарағанды Мемлекеттік университетінің мәдениет сарайындағы өнер кешінде шаршаңқы, әлденені соншалықты сарғайып, сағынып күткен адам кейпінде, қарлығыңқы дауысын қырнай сөйлеп, сарай толы бес жүздей студенттің алдында, «Шырақтарым, сүйінші, бүгін Шәкәрім ақталды» деген Жәкең дауысы әлі күнге дейін санамызда күңгірлеп тұр», деп жазады. Бұл да Жайық Бектұровтың Алаш идеясын ту етіп көтерген қайраткер екенін көрсететін деректердің бірі. Осылайша Жайық Бектұровтың қазақ тарихында есімі алтын әріппен жазылып қалды.

Қазақтың тағдырлы тұлғалары сияқты, Жайық Бектұров та күрделі, тағдырлы тұлға. Талай азап пен тозақты басынан өткерсе де, өзінің ұлттық көзқарасынан таймаған талант. Қылдай қиянатқа төзбеген қаламгер сол бір дертті, ауыр жылдарды өзінің барлық туындыларында сынап, мінеп отырды. Уақыттың дауылынан да, жауынынан да қорыққан жоқ. Күштілердің қас-қабағына қарамады. Себебі, оған ақиқат қымбат еді. Әділдік жақын еді. Талай адам көзсіз табынған сол совет өкіметі де бүгінде келмеске кетіп, жаңа заман орнады. Олардың жазықсыз жала жауып, жар басында жалғыз қалдырып кеткен жақсылары жұртымен бүгінде қайта қауышты. Ақиқат, әділдік орнады. Ал, сол кездің өзінде ештеңеден қаймықпай қазақтың тарихын жазып жүрген Жайық Бектұров болашақтың таңы ататынын сезді, білді. Сол үшін де оның мінезді туындылары, шығармалары халықпен, ұрпағымен, оқырманымен мәңгі жасай бермек.

 

Хамит ЕСАМАН

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support