- Advertisement -

Доллармен есеп айырысатын ауылдың мәселесі қашан шешіледі?

25

- Advertisement -

Электр жарығы ел экономикасының, халық тіршілігінің ажырамас тынысы екені бесенеден белгілі. Өкініштісі сол, еліміз тәуелсіздік алғанына отыз жылдан асып жығылса да облысымызда күні бүгінге дейін электр жарығын Қырғызстаннан қымбат бағада сатып алып отырған ауыл бар. Нақтырақ айтсақ, Меркі ауданы, Жауғаш батыр ауылының халқы он алты жыл бойы көрші елге электр жарығын доллармен төлеп жүр.

Бағасын теңгеге шаққанда әр үйдің шығыны айына 15-20 мыңды құрап отыр. Ең сорақысы, ауыл халқы жарыққа есеп айырысу үшін ай сайын шекара асуға мәжбүр.

Ауыл – алаш баласының, қазақ халқының аяулы алтын бесігі. Қазіргі таңда ауылдық жерлерді көркейту үшін Мемлекет басшысы да ауқымды жобаларды қолға алып, нақты тапсырмаларды жауаптыларға жүктеп келеді. Десек те әлі күнге электр жарығы таңсық болып тасада қалған ауылдың жайы алаңдатары анық. Жауғашбатырлықтар үшін жарықтың жайы жанайқайға айналғалы қашан. Бірақ олардың талап-тілегі осы күнге дейін орындалмай келеді. Ауыл тұрғындары ендігі бар үмітіміз облыс әкімінде деп отыр.

– Осы ауылда туып-өстік. Жасымыз алпыстан асты. Жарық мәселесі – ауылдың ең өткір проблемасы. Талай жылдан бері жарықты Қырғызстаннан алып отырмыз. Жарық болмағаннан кейін тіршілік тоқтайтыны белгілі. Соның салдарынан көп ауылдастарымыз көшіп жатыр. Мәселен, айына 100, 200 киловатқа дейін жағатындар бар. Сол 100 киловатт үшін айына он бес, жиырма мың теңге төлеп отырмыз. Электр энергиясын тұтыну бойынша облыстағы ең қымбат тариф бізде. Барлығымыздың ақшамызды бір адам жинап, ай сайын шекара асып Қырғызстанға доллармен төлейді. Оның барып келетін жолпұлын да төлейміз. Қосымша кеден құнын да береміз. Қырғызстан жарығын бергенімен сәл жел тұрса өшіп қалады. Ауылда ұялы телефон байланысы да жақсы тартпайды. Себебі телефон байланысының жалғыз мұнарасы дизель моторымен жұмыс жасайды. Дизель отыны біткен бойда байланыстан қаламыз.

Электр бағаналарының барлығы сонау 1955 жылдары тартылған. Қазір олардың әбден тозығы жеткен. Ағаштары шіріп, сымдарын әупірімдеп байлап қойғанбыз. Ал ауданның электр стансалары «Сендер біздің емес, Қырғызстанның балансындасыңдар» деп желілерді жөндемейді. Сол үшін сәл шөптің басы тербелетін самал жел тұрса да жарық өшіп қалады. Одан кейін үш тәуліктей жарық болмайды, – дейді ауыл тұрғыны Сағат Жақсымбетов.

Тараз-Алматы трассасы бойынан 4,5 шақырымда жатқан ауылға баратын жол да жоқ. Ал жарықтың мәселесі тек ауыл халқына ғана емес, ауыл ішіндегі әскери бөлім мен шекара заставасына да қатысты. Қазір ел тынышын күзеткен «Қаратау» шекара заставасы да дизель отынымен генератор арқылы жарық жағып отыр.

– Кеңес үкіметі тарағаннан кейін электр құрылғыларының барлығы ұрланып, «қолды болып» кетті. Одан кейін екі жылдай шам жағып өмір сүрдік. Содан кейін жарықты Қырғызстаннан ала бастадық. Қазір міне тура он алты жыл бойы әрбір үй айына жиырма мың теңгеден Қырғызстанға төлеп келе жатырмыз. Оған қоса ауылдан сайлаған адамымыз теңгемізді долларға айналдырып, өз аяғымен барып төлейді. Ал доллар бағамы өздеріңіз білетіндей жылда, тіпті күнде өсіп отыр. Доллар қанша болып өссе, біздің төлемақымыз да өсуде. Мемлекетаралық тұтынушы болғандықтан ең қымбат бағамен жарық жағып отырмыз. Ешқашан жөндеу көрмеген электр желілерінің бағасын да ай сайын төлеп келеміз. Мәселемізді облыс басшылығы біледі. Мемлекет басшысы жылда өзінің тапсырмаларында ауылды көтеру, елді мекендердің келешегін кемелдендіру бойынша нақты тапсырмалар беруде. Енді неге біздің аядай ғана ауылымыз өз еліміздің, мемлекетіміздің игіліктерін көре алмай отыр? Жарықты сырттан алып, тұтынғандықтан халықтың жағдайы мәз емес. Көп тұтынғандар тіпті кейде ай сайын 25 мың теңгеден аса ақша төлеп отыр. Қазіргідей еліміз дамып келе жатқан заманда ауылымыз тасада, өзге елдің жарығына телміріп отырғаны қабырғамызды қайыстыруда. Осы ауылда туып-өстік. Шаруамызды да осында дөңгелетіп отырмыз. Біздің шаруа қожалығымыз кеңес үкіметі тарағаннан бері егін егіп, мал өсірумен айналысып келеді. Осы бағытта мемлекеттен субсидия алып, техникаларымызды жаңарттық. Ауылымыз егін егіп, мал өсіргенге де өте қолайлы. Бірақ ауылда жарық болмағандықтан халық үдере көшіп жатыр. Десек те біз секілді егде жастағы азаматтар кіндік қанымыз тамған ауылдан ешқайда кетпейміз. Ауылымызда көгілдір отын болмағандықтан, көмір жағамыз. Жарыққа жиырма мың теңге төлеп, оған қоса көмір алу да мұндағы халық үшін оңай емес, – дейді «Ынтымақ» шаруа қожалығының төрағасы Өмірбек Оразбаев.

Ауыл халқының аманатын арқалап аудан әкімдігіне арнайы атбасын бұрдық. Ондағылар халық саны екі жүз адамға жетпегендіктен ауылға жарық тарту жобасы әлі күнге қолдау таппай отырғанын алға тартты.

– Біздің аудандағы 45 елді мекен толығымен электр жарығымен қамтылған. Тек осы Жауғаш батыр ауылы ғана электр қуатын Қырғызстаннан алып отыр. Себебі кезінде ауылдағы трансформатор ұрланып кеткен. Ауылға жақын электр көзі Кеңес ауылында. Бірақ жарық тартылатын арақашықтық 44 шақырымды құрайды. Дегенмен Жауғаш батыр ауылына жарық тарту бойынша 2021 жылы жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, ол сараптамадан да өтіп қойған. Жоба бойынша жарық тартудың құны 532 миллион теңгені құрады. Мұндай қаражат аудан бюджеті үшін ауыр. Сондықтан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына жыл басында өтінім бергенбіз. Өтінім тиісті министрлікке де жіберілді. Өкінішке қарай, әлі күнге жоба қолдау таппай отыр. Ауыл халқының саны екі жүз адамға жетпегендіктен де іс қиынға соғуда. Оған қоса ауылдағы әскери бөлімше мен ауылдан 10 шақырым жердегі әскери застава да дизель отынымен жарық жағып отыр. Заставада қазір үш генератор кезек-кезек жұмыс жасауда. Енді тағы бір мәселе бар, 2021 жылы жасалған жобалық-сметалық құжаттағы 532 миллион биыл немесе алдағы жылы жұмысты бастауға жетпей қалуы да мүмкін. Себебі құрылыс материалдары күннен күнге шарықтап барады. Сол үшін жобаны қайтадан есептеу қажет. Атап өткенімдей, егер 44 шақырымнан жарық тартсақ оның құны 1,5 миллиард теңгеге дейін барады. Сондықтан біз Жауғаш батыр ауылынан 30 шақырымдағы Шудан тартсақ деп жоспарладық. Енді тек сол жоспарымыз қолдау тапса дейміз. Егер ісіміз нәтижелі болса, келесі жылы ауылға жарық тартылуы мүмкін, – дейді Меркі ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Арғынбаев.

Көрші елдің жарығына күні қараған ауыл халқының күнделікті қым-қуыт тірлігі тынымсыз, шаруасы да ширақ. Ата кәсіпті өмірлік алгоритмге айналдырған тұрғындардың жарықтың жайын айтып баспаған тауы, қақпаған есігі қалмаған. Елді алаңдатқан электр жарығының мәселесін енді тек облыс әкімі ғана шешіп бере алады деген үмітте.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Меркі ауданы.

 

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support