Тараз төрінде Еңбек Ері, Халық жазушысы Мұхтар Шахановтың 80 жас мерейтойы аталып өтті

92

Таразда Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы және Қырғызстанның халық ақыны Мұхтар Шахановтың 80 жас мерейтойына арналған «Ғұмыр-дария» атты ән мен жыр кеші өтті.

«Баласағұн» орталық концерт залында өткен шараға ақынның оқырмандары, қалың жұртшылықпен бірге Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов те қатысты.

Кеш басталмас бұрын фойеде келушілерге арналып «Алатау» фольклорлық ансамблінің орындауында Мұхтар Шаханов әндерінен радио-фон концерт ұсынылды. Қонақтар алдымен ақын шығармашылығына арналған Ш.Уалиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының көрмесін тамашалады.

Шара барысында алдымен үлкен экраннан Мұхтар Шаханов туралы замандастар пікірлері беріліп, қаламгердің «Танакөз» поэмасы желісімен сахналанған композициясы көпшілікке әдемі әсер сыйлады.

Автор көпшілік оқырманмен сұхбаттасып, ой-орамдарымен, парасатты пікірлерімен бөлісті. Ақынның өзі ұлттық рухқа, сезім, көңіл-күй лирикаларына негізделген жырларын шабыттана оқып, жырсүйер қауымның қошеметіне бөленді. Автордың тыңдармандарға кеңінен танымал әндері әуелете шырқалып, жүректердің қылың шертті.

Аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов өзінің құттықтау сөзінде жуырда ғана «Қазақстанның Еңбек Ері» атанған қайраткер ақынның шығармашылығын, ел дамуына, қазақ әдебиеті мен руханиятына қосқан өлшеусіз үлесі мен еңбегін айрықша атап өтті.

— Сізді бойыңызға қонған қасиетті сөз өнерін қастерлеп, кемеліне келтіріп, қалың оқырманға ұсына білген аса дарынды ақын, азаматтық, парасаттылық болмысы биік тұлға деп танимыз.

Өзіңіздің ерекше талантыңыз арқылы халық мақтанышына айналып, ұлттық рухымызға негізделген Қазақ поэзиясының асқақтауына айрықша  үлес қосқан азаматсыз. Өлең сүйер қауым Сіздің шығармаларыңызды оқи отырып, бірде патриоттық рухқа, ұлтжандылық сезімге бөленсе, енді бірде махаббат жырын жырлайды.

Сіз тек қазақ әдебиетінде ғана емес, елдік, ұлттық мүддеге қатысты маңызды бастамаларда да белсенділік танытып, жауапкершілігі жоғары қызметтерді де абыройлы атқара білдіңіз. Осы тұрғыда біз Сізді халқын сүйіп қана қоймай, оны табанды һәм батыл қадамдарымен дәлелдей алған «нағыз тұлға» деп бағалаймыз!

Шыншыл, адал, ұлтжандылық секілді биік қасиеттеріңіз бен ұзақ жылғы табанды шығармашылық еңбегіңізді ұштастыра білген Сіз және Сіздің шығармаларыңыз еліміздің және әлемнің түрлі жоғары марапаттарына ие болғаны белгілі.

Жуырда ғана Мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың  Жарлығымен «Еңбек Ері» атағы табыс етілгенде барша қазақ қуанышқа кенелді. Бұл – Сіздің елеулі еңбегіңіздің лайықты бағасы!-дей келе облыс әкімі жазушыға шығармашылық табыс, ұзақ ғұмыр тілеп, сый-құрмет көрсетті.


Өз кезегінде ақын да қошеметке бөлеген жамбылдықтарға ыстық ықыласын білдіріп, ақ батасын берді.

Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Comments are closed.