- Advertisement -

Алтын бар жерде – әзәзіл бар

53

- Advertisement -

Алтын бар жерде – әзәзіл бар
(Камалға хат)

Қадірлі Камал! Менің бірінші хатыма жауабыңды («Егемен Қазақстан», 31 шілде, 1996 жыл) ауруханада жатып оқыдым. Оптимистігіңе тағы да таңғаламын. «Қазақстан жеріне осы заманда ешкім көз аларта алмас. Ресейдің, Қытайдың, АҚШ-тың бізге қамқор-қорған боламыз деп ресми берген (біз 104 ракетаны жойғаннан кейін) уәделері бар ғой. Оларға сенбесек, кімге сенеміз?» дейсің.

Рас бұл заманда: «Кіші ұлтқа үлкен қанжар керек» деген Шәміл өсиетінің мәні өзгерген шығар. «Үлкен қанжарларды» біз қолдан бердік… Бірақ, сол Ресей, Қытай, АҚШ неге өздері «үлкен қанжарларын» тот бастырмай қайрап, сақтап отыр? Кім үшін? Не үшін? Әділ ойын емес сияқты. Ракеталарды жойсақ – бәріміз бірдей жояйық. Әйтпесе алдап тартып алған жас баланың ойыншығы сияқты. Қазақстан жеріне «көз алартқандар» сонау І Петр дәуірінен басталған, әлі жалғасып келе жатыр. Қазақстанды отаршылдар ноқталап мінгеніне жүздеген жылдар өтіп, енді тәуелсіздікке қолымыз жетті дегенде, өзің куәсің, кешегі таратылған парламентте Головков, Михайлов тағы басқа депутаттар Қазақстанның солтүстігіндегі бес облысты орыстікі деп дау шығарған жоқ па? Солженицын, Горбачев, Жириновскийлердің Қазақстанға қадалған сұқ көздерін кейбіреулер байқағысы келмейді. Далбаса, сандырақ деп ойлайды. О басында Гитлердің әрекеттерін де жұрт сандырақ деп ойлаған… «Құдай сақтансаң –сақтаймын» деген. Әрине, бетін аулақ қылсын, әсіресе империялар шабуылына Қазақстан төтеп бере алмас. Бірақ, тұяқ серіппей қалуы да абырой емес. Сондықтан Қазақстанды Қарулы күштері, Қазақстан әскері дегенге жеңіл желпі қараудың қате екенін әрбір азамат сезінгені керек-ақ. «Әскерден қашыпты» дегенді естіп қаламыз, газеттен оқимыз. Бұған әскердегі тәртіпсіздік кінәлі деген пікір қалыптасты. Тәртіпсіз әскер – әскер емес. Ол бесенеден белгілі. Қазіргі әскербасылардың алдымен тындыратын шаруасы осы тәртіп болса керек.

Ал енді өзінің туған Отанын, өзінің Қазақстанын қорғау міндетінен бас тартқан дені сау адам кімге опа береді? Ондайларға заңды қатайтқан жөн. Әскерге шақырылған жастар жасық, қауқарсыз, күш қуаты жоқ деп газеттер де жазып жатады. Мұның себебі неде? Тек тамақтың құнарсыздығында ма? Түбіріне үңіліп жатқан кім бар? Ал түбіріне үңілсеңіз, «Баланы – жастан» деген. Әсіресе, ауылдық мектептерде дене шынықтыру сабағы атымен жоқ. Жоғары кластағыларға әскер сабағы да жүрмейді. Неге?

Неге десеңіз, бүкіл Қазақстанда әскери ғылыммен айналысатын екі-ақ адам бар. Бірі – бұрынғы Қазақ КСР-нің республикалық әскери комиссариатының бастығы Л.Бақаев, бірі полковник К.Серікбаев. Әскери сабақтан қарапайым оқулық жоқ. Бірақ, неге жоқ? Баяғы Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөк, Шыңғысхан, Бату-хан, Салқам, Жәңгір, Қарасай, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Райымбек, Қойгелді, Исатай, Махамбет, Кенесары, Наурызбай… Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Төлеген Тоқтаров, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова… Көзі тірі Қасым Қайсенов – осылардың бәрінің ерлік өмірлері тұнып тұрған оқулық. Бауыржан Момышұлының «Артымызда – Москва», «Офицер күнделігі», «Соғыс психологиясы» атты кітаптары дайын тұрған оқулық. Александр Бектің «Арпалысы» – дайын тұрған оқулық құралы. Не керек? Ынта керек. Отансүйгіш маздаған жүрек керек. Жүрегімізде Отансүйер маздаған от жоқ. Бықсыған түтін ғана бар.

Күні кеше Қазақстанда отыз алты миллион қой барда сол қойды бағып-қағатын қанша адам болғанын білесің бе, Камал? Сен есепке жүйріксің ғой. Мен нақты санын білмеймін. Бірақ, тұтас бір мемлекет көз алдыма келеді. Қазір сол отыз алты миллионның тамтығы қалмады. Нақты санын ешкім де білмейді. Статистиканың есебіне сену де қиын. Статистика нақты санды айтпайды, әкім не айтса, соны жазады. Сонда әлгі отыз алты миллион қойды баққан тұтас армия таяғын ұстап қайда кетті? Күнкөріс іздеп қаңғырып кетті? Және олар кімдер? Қойды кім бағушы еді, Камал?

Үкімет қой шаруашылығын мұндай халге әдейі ұшыратты. Неге десеңіз, өзіңіз айтқандай, қой шаруашылығы, жалпы мал шаруашылығы тиімсіз, пайдасынан шығыны көп көрінеді. Қойды өзімізде баққаннан гөрі оның өнімдерін, жалпы ауылшаруашылығы өнімдерін шетелден сатып алған арзанға түседі-міс. Үкіметіміз осылай ойлайды. Сондықтан да, Камал мырза, сені мен біз бұл күнде Қытайдың сырасын, Израильдің арағын сіміріп, Германияның сүтін ішіп, Голландияның майын жеп, тағы біреудің ақ жолақ соскасын жеп, оның ар жағында қандай ет жеп жүргенімізді түк ойланбай, жайбарақат жүріп жатырмыз. Кімдікі болушы еді?! Қойдан босап, жұмыссыз қалған қазақтың арқа етін арша, борбай етін борша етіп жеп жатырмыз. Күнкөрісі құрыған, жұмыссыз қалған шалғайдағы қазақ қазір қалаға қарай шұбырды. Люмпен-пролетариат дегенді бұрын кітаптан оқысақ, енді топ-тобымен көз алдыңда жүр. Оларға ақыл айтуға ұстамыз: жекешеге мал бақ дейміз. Камал, кел екеуміз сонау Бетпақтың бер жағына барып жекеше мал бағып көрейікші. Біріншіден, қора-қопсың жоқ, екіншіден, шөп шауып, жинап алатын мәшинең жоқ, үшіншіден, сол малдың өнімін өткізетін рынок жоқ, төртіншіден, мылтығың жоқ… «Мылтығы несі?» дерсің. Қазір дала қасқырларына адам-қасқырлар қосылған. Аса қауіпті. Ал шопан болсаң да мылтық ұстауға рұқсат етілмейді. Үкімет солай шешкен.

Сонымен Камал мырза, біздің даладағы ағайын, қалаға қарай ағылды. Мұны біреулер прогреске балайды. Халық шынығады, капитализмге бейімделеді дейді. Бұл енді «азаматтық қоғамды» аңсаушылардың долбары. Сірә, Америка Құрама Штаттары тектес қоғам болса керек. АҚШ «азаматтық қоғамы» дегеннің ойдан-қырдан жиналғандардың, миллиондаған үндістерді қынадай қырғандардың, сол қырылған миллиондардың қураған сүйегінің үстіне құрылған қоғамы екенін әлем біледі. Оның ар жағында, жаппай қалаға көшудің ар жағында не жатқанын аңғару қиын емес. Қазақ деген халықтың түп қазығы суарылды. Түп қазық кеткен соң, кіндік үзілген соң, ұлттық тұқым (генофонд) кетеді. Қазіргі қазақтың демографиялық өсімі осы ауылдың арқасы болатын. Қаладағылардың көбі бір-екі баламен қақайып қалған. 1932-1933 жылдардағы көшкінде Шәуілдірден шыққан Ергөбек ақын: «Алдымда – Ташкент шаһары, Артымда – аштық қаһары» деген екен. «Ташкент – тоқ қала» («Ташкент – город хлебный») деп бекер айтылмайды. Сол геноцид жылдары қазақтың қырылғаны қырылып, тірілері қалаларды жағалап, көбісі Өзбекстан, Қырғыз, Қытай, Ресей өтіп кетіп, көпшілігі сол жақта түпкілікті қалып қойды. Демографиялық апат деген сол. «Азаматтық қоғамның» ұраншылдары осы халге мән бере ме, бермей ме-білмеймін. Біліп істесе –екі есе күнә.

«Қала! Қала!» – деп қақсағанда қала қазаққа төрін беріп жатқан жоқ. Төрі тұрмақ, босағасынан да орын таба алмай жүргендер қаншама. Міне, сондай қатыгездікке ұшыраған қазақтың мінезі, психологиясы аласапыранға түсіп, небір арман, үміттерді үсік шалып, жадыра жайсаң көңілге қырау тұрады. Ал ондай адам жаңа туған жас нәрестені қоқысқа лақтырып тастауға бейім. Ондай адам үшін адам өмірі шыбынды ұрып өлтірумен бірдей. Міне, Камал мырза, ауылдың қалаға ағылуының ар жағында қандай халдер жатыр. Ал ауылдың бас қамқоршысы деген Кәріпжанов мырза болса, теледидардан көрсең, шаруасы оңтайлы адамдай жағасы – жайлау, жайбарақат, бәрі «о, кей» деп отырады. Мен сенен өткен жолы Малахов жайлы тектен текке, ермек үшін сұраған жоқпын. Бұл сұрақтың ар жағында сұрапыл сұмдықтар жатыр.

Қазір дүниежүзі таныған, «демократияға бет бұрды» деген Қазақстан атты беделді мемлекеттің Жоғарғы сотының төрағасы жемқор, парақор атанып, ақырын ғана орнынан алынады да, жым-жылас жоғалып кетеді. Оның алдында республиканың тәртіп тұтқасын ұстап тұрған министрліктің басшысы, яғни ішкі істер министрі Шумаков о да дүниеқоңыздықпен құлқынның құлы болып, қол-басын былғап алып, қашып кетеді. Ләм-мим деген ешкім жоқ. Бұл нақты екі мысал. Бұлар едәуір. Ал бірақ «неге, қалай?» деген Үкімет те жоқ, Заң да жоқ. Демократия дейміз, ұялмаймыз. Ал шын демократияға бет алған Оңтүстік Корея өзінің бұрынғы екі бірдей ел басшысын ақша жеп қойдың деп сотқа тартты. Міне, демократия! Ал біз неге ыздиып отырмыз? Қызық, ә? Шумаков қайда? Малахов қайда? – деп дүниежүзіне жар салуға, ИНТЕРПОЛҒА тапсыруға ыңғайсызданамыз, біртүрлі ұят сияқты. Неге?

Осыдан кейін менің біздің заң қорғау органдарына деген сенімім жоғалғандай, оларға деген құрметім де құрып бара жатқандай. Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Мемлекеттік тергеу комитеті, Жоғарғы сот, Әділет министрлігі… аттарын атауға қорқасың. Қазақстан Заңының реформаторы, Ребеспьері, жаны, қолы таза, жаңашыл демократ деген Нағашыбай Шайкенов шаршаған ба? Кезінде күрескер, шыншыл, әділ заңгер танылған Жармахан Тұяқбаев та үндемейді. «Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде» деген. Жаңағы есіл ерлер үнсіз қалғанда, біз пендеге не шара!

«Алматының айналасын небір зәулім коттедждер, вилла, әсем сарайлар қаптап кетті. Қандай қаржыға салынған, тексеріңіздер!», – деді Президент. Заңға бұдан артық не керек? «Салтанатты сарайдың құны қанша?», «Қаржыны қайдан алдыңыздар?». Екі-ақ сұрақ. Осы сұраққа жауап жоқ. Сұрақ қойғандардың тамағына тас тығылып қалғандай. Осыдан барып қоғамда жағымсыз мораль қалыптаспақ: «Адал жүрсең – аштан өлесің», «Ақылды болсаң – неге кедейсің?», «Адал болу – тиімсіз» деген. Мұндай имансыз моральды қалыптастыра бастаған үкіметтің өзі болса, басқа қайда барып арыз айтарсыз?!

Камал! Алтын бар жерде – әзәзіл бар. Біздің Қазақстан – ХХ ғасырдың соңындағы Клондайк. Кезінде Аляскадағы алтын алабына жер-жерден адамдар, дүниеқор пенделер қандай ағылса, қазір де олар Қазақстанға солай ағылып жатыр. Олардың арасында ниеті түзу де бар, бұзығы да бар. Бірақ есіңде болсын, «Алтын көрсе, періште жолдан шығады» деген философияны тапқан қазақ – данышпан. Періштеге қарағанда Шумаков, Малахов дегендер кәдімгі пенделер ғой. Егер Оңтүстік Кореядағыдай Шумаков, Малахов тұтқындалып, тергеуге алынса… Ал жалпы тазармай – жарымаймыз. Тым болмаса Гейдар Алиевтың тазартуындай… Қазақстан – бәріміздің ортақ үйіміз. Кім үйін лас ұстағысы келеді дейсің. Ортақ үйдегі әр азамат таңертең ұйқыдан тұрғанда: – Үйімнің таза болуы үшін мен бүгін не істеуім керек? – деп түрегелсе, ұйқыға жатарда: – үйімнің таза болуы үшін бүгін не істедім? – деп жатса… «Түзелер еді бұл заман, пейілі жаман пендені кетсе астына жер тартып…». Бұл – ежелден келе жатқан арман. Аңыздың, мифтің айтуынша, әзәзіл Адам Ата мен Хауа Анадан бұрын жаратылған. Сол үлкендігін салмақтап, Құдайдың құдіретіне қарсы шыққан. Адам Ата мен Хауа Ананы азғырып, тура жолдан тайдырып, Жұмақтан қуғызған.

Әзәзіл күрес оңай емес. Оңай емес деп тым-тырыс жатып алған да жарамас. Күреспесек – құрыдық. Қазақстан өлген өгіздің терісіндей болады. Әркім таспа тіліп әкете береді.
Бұл хатты осымен доғарайын. Мүмкін, Үкіметтің тұтқасын ұстап отырған азаматтар екеу-ара әңгімеге үн қосар…

Шерхан Мұртаза, 9 тамыз, 1996 жыл.

 

Отырып бір ойлансақ…
(Шерханға хат)

Құрметті Шерхан! «Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба солай барады» деген емес пе? Осы экономикалық реформаны, нарыққа жолды бастаған Ресейге еріп, біз де қойып кеттік. Он бес жыл бойы соларда бүгін не болса, ертең бізде де тап сол болатынын көріп, көзіміз жетіп келеді. Олар жұмыс істеп тұрған мыңдаған зауыт-фабрикаларды тоқтатты, қалғандарын жекешелендіріп тоз-тозын шығарды. Ақыры онда да, бізде де сонау бір кездегі қуатты, мықты өнеркәсіптің жартысынан азы (40 процент) ғана қалды. Өндіріс көлемінен 80-жылдардың, ауыл өнімі жағынан 70-жылдардың, құрылыс саласынан 60-жылдардың, жалпы халықтың тұрмыс-тұтыну мөлшерінен 50-жылдардың деңгейіне дейін құлдырап, төмен түстік. Экономика министрі Ресейдің экономикасын қайта құру, жандандыру ісі кемі 15 жылға созылады да, оған бір триллион доллар қажет болады дейді. Ал енді Чешен шығынын қосқанда екі триллион доллар қажет болады. Мұндай қыруар қаржыны кім береді? Қазір бүкіл дүниежүзіндегі дамыған елдердің басқаларға жылына беретін қаржы көлемі 325 миллиард доллар екен. Демек, сол дүниежүзілік айналымда жүрген бар қаржының үштен бірін жыл сайын Ресейге беріп отыру керек. Оны кім береді, оған кім көнеді? Ал Ресейдің өз қазынасы оған маңайламайды да!

Қазақстанда ше? Шетелдіктердің басқаруына берілген бағалы өнімдер шығаратын аса ірі, пайдалы да тиімді кәсіпорындар, Шерхан- ау, алынған өнімді өздері сатады және кімге, қаншаға сатса да өз еркі екен. Ең ғажабы біздің заңымыз оларға қосымша құн салығын төлемеуге де ерік беріпті. Жезқазған мыс өндіріс орындары осыдан жарты жылда 3,2 миллиард теңгенің салығын төлемеген. Сол сияқты бар өнімін түгелдей шетелге сататын Өскемен комбинаттары, Соколов-Сарыбай кеніші, Павлодар алюминий зауыты да сондай салықты төлемейді де. Қайта осы кәсіпорындар бір тоқсан ішінде бұрын бермеген қосымша құн салығынан 3 миллиард теңгені қайтарып алған. Қарағанды металлургия комбинатының иесі Испат-Кармет 1,2 миллиард теңгені қайтарып алған. Бюжетті содан жанталасып, тұрғын үй ақысы, ұсақ қызмет есебінен, шағын салалардан толықтырмай не істейміз?

Жақында үкімет басшылары енді көмір мен темірді тонналап есептемеу керек, оларды ақшалай бағасымен есепке алу дұрыс деді. Иә, қаржы-қаражат билеген мемлекетте бар дүние мүлікті ақшалай бағалаған дұрыс та шығар. Бірақ, дүниежүзіндегі барлық елдерде мұнай, көмір, руда, қара және түсті металдарды, тіпті алтын мен уранды да тонналап өлшейді де, тоннамен есептейді ғой. Одан неге қашамыз? Оның себебі – көп жыл бойы көп көлемде, миллиондаған тонналарға үйреніп, бәрін сонымен өлшеп-бағалап қалған халық қазір де сол тоннасын іздейді, соған қарап өнімдердің азайып- көбейгенін біліп отырады. Міне, мәселе осында. Қазір сол тонналар 4-5 есеге кеміп кеткен. Бірер мысал. 1990 жылы Қазақстанда мұнай – 22 миллион тонна еді, енді 14 миллион тонна ғана болып отыр. Көмір 131 миллион тонна еді, енді 50 миллион тоннаның айналасында.

Бір кезде сонша миллион қойдың қажеті бар ма, қойды көбейтпей-ақ, ет пен жүн таба аламыз деген еді үкімет басшысы. Содан қойды азайтып, 36 миллионнан (қанша жыл еңбек-бейнетпен жеткен едік!) 16 миллионға дейін азайттық. Оның есесіне етті, шұжықтарды шетелден долларға сатып аламыз. Американдықтар құстың кеуде етін өздері жейді де, сыйдиған сирақтарын бізге жібереді екен. Ал өзіміздегі 50 миллион бас құсты жемсіз, күтімсіз қалдырып, 20 миллионға түсірдік. Қандай обал десеңізші! Шетелдерге берген қаржыға сол құсқа неге жем әпермедік. Әне бір жылы егін жақсы шығып, 16 миллион тонна астық қызылдағанда, онша астық қажет емес, бұдан азы да жетеді деп айтқанбыз. Енді сол астықты алтынға алушылар көбейіп жатыр…

Шерхан, ауыл халі турлы жаның ауырып, қиналып жазғаныңды мен әбден түсінемін. Баяғыда мектеп бітіргенше жазғы демалыста шешеме жәрдемдесіп, қозы баққан, бұзау қайырған ауылымыз ғой. Ондағы қиындық соғыстан келгенін бірі түсінетін, шыдайтын. Ертең бәрі түзеледі, орнына келеді деп үміттенетін. Қазіргі қиындық кім жасаса да, қолдан жасалды ғой. Мұның аяғы немен тынарын да, қашан тығырықтан шығатынын да ешкім айта алмайды. Бір күрт кеміп, жартысынан азы қалған қой басы енді қайтіп көбеймейді. Сол алдындағы 20 миллионға жуық қойынан айырылған қойшылар, таяқ ұстап қайғырып қалды. Қанша қойшы жұмыссыз қалды, есептеп берші, дейсің сен. Оның есептейтін ештеңесі жоқ. Сол жойылған 43 мың отарды бағатын 130 мың қойшы жұмыссыз қалған. Олардың отбасында күн көріп отырған адамдардың саны (бір үйде 7-8 адамнан десек) бір миллионға жақындайды екен. Олар енді қайда барып, не жұмыс істеп, қайтіп күн көреді? Өткен жылы ауылдан 275 мың отбасы көшіп кетіпті. Бұл да кемі бір жарым миллион адам! Олар босып қалаға келді. Қалалардың өзінде қазір бір жарым миллион адам жұмыссыз жүр. Алматыда Сейфуллин көшесінің бойында арықты жағалап отырған жас жігіттерді көрдің ғой. Солар біреу келіп алып кете ме деп, жұмыс күтіп отырғандар.

Сол қойдың басын сақтауға (50 миллионға дейін көбейтпесе де) әбден болатын еді. Ол үшін қалыптасқан шаруашылықтарды бұзбау, таратпау керек еді! Осы бір істі мемлекет ауыл қамын өз мойынынан сыпырып тастауға ұмтылып, шапшаңдата, асықтыра түсті. Ақыры не болғанын жұрт көріп отыр. Сол науқаннан аман қалған жеке колхоз-совхоздардың қазір шаруасын дұрыс жүргізіп, тұрмысты да ұстап отырғанын газеттер жақында жазды. Ауылды аман сақтау үшін, Шерхан, ауылдарды сол жекешелеп алған мал- жерлерімен бірге (оларды өздеріне жаздырып) аса ірі бірлестік, ассоциацияларға бастарын қостыру қажет. Кей жерлерде МТС-терді қайта құрып жатыр, кооперативтер құрылуда. Сен қозғаған әңгіменің бір қыры бар. Кезінде үкімет кепілдігімен қыруар несие алғандар кімдер еді? «Деловая неделя» газетінде жарияланған тізімде мыналар аталған: «Ынтымақ 7,5 миллион доллар (үш рет), Жеңіл өнеркәсіп холдингі екі рет, 8 миллион доллар, «Қызмет» компаниясы – 0,5 миллион доллар, «Медеу-Эмсаш» біріккен (Түркиямен) кәсіпорыны 8 миллион доллар алған. Оның бәріне С.Терещенко қол қойып, рұқсат берген. Ал жеке адамдардың ішінен 19 адамның қайтармаған қарызы 50 миллион доллар болған. Өз топырағыңда, өз жеріңде арзан жұмыс күшіне айналу деген – неколонизмнің ең бір жасырын да жексұрын түрінің бірі деп Марат Қабанбаев жазғандай, шетелдерге басқаруға берген кәсіпорындардың басшысы, өндіріс жүргізушілері арасында қазақтар біртіндеп азайып, ығысып жатыр…

Президент өткен жолымызда орын алған осындай жағдайларға назар аударып, қоғамды революция арқылы өзгерту, реформаны күштеп таңу қарама-қарсы нәтижеге жеткізуі ықтимал екендігін ескертеді. Осы бағытты мықтап ұстанатын болсақ әлі де кеш емес. Біз де ойланып, бір қарап алсақ артық болмайды.

Демократиялық мемлекетте бәрі айқын, ашық, бірлесіп қимылдауға жағдай бар емес пе? Өз тарихымыздан іздейтін, алатын үлгі өнегелер мол. Біздің қазіргі кезеңіміз, байқап отырсақ, Шерхан, сонау 1917-1920 жылдарды еске түсіреді. Мен жақында Смағұл Сәдуақасов пен Сұлтанбек Қожановтың кітаптарын оқып шықтым. Қандай ғажап адамдар! Сол кездегі басшылардың бәрі әрі өткір саяси қайраткер, әрі терең білімді ойшылдар болған-ау. Тұрар Рысқұловтың тұтас Түркістан жолындағы күресі, Әлихан Бөкейхановтың Қазақтың тәуелсіз автономиясын құрған Алаш идеясы, Сәкен Сейфуллин мен Ораз Жандосовтың «Қазақ» атын қайтарып алуы, Смағұл Сәдуақасовтың ресми жиында «Мен Голощекиннің сөзіне қосыла алмаймын» деп айтып салғаны – осының бәрі қымбат тағылымдар. Олар кей мәселелермен өзара келісе алмаса да (ірі қайраткерлердің өз көзқарасы, ойы болады), ортақ ел бірлігін, ұлттың қамын ойлағанда бірге болатын. Осы мақала хаттың соңында, Шерхан, саған айтар бір сөзім бар. Екеуміз елдің, халықтың, әсіресе, ауылдың хал-жағдайы туралы жұрттың айқайлап та, сыбырлап та айтып жүрген сөздерінің төңірегінде ой қозғадық. Жағдай солай дегенмен, реформаны бұдан әрі жүргізгенде халықтың халін жеңілдетер жағы ойландыруға тиіс. Ресей соған барды.

Елдің қорғанысы жайлы мазасыздануың орынды. Енді бүкіл әлемдік тыныштық болсын деп тілейміз. Өз ішімізден ешқандай от шығып кете қоймас. Әйтпесе біздің байтақ шекарамызды түгелдей тас түйін қорғайтын әскер жасақтау, оны ұстап тұру бізге әзір ауыр. Сен кейін сөзіңнің басын қылмыстық әрекеттерге қарсы күрес жайына бұрып жібердің. Ел айтып жүрген жайларды, адамдарды түстеп айтыпсың. Оған үкімет амал-шарасын қолданар, жазықтыларын жазалар.
Ал осы екеумізге тікелей қатысы бар бір әңгімені сен біліп отырсаң да айтпайсың. Ол мына белгілі бір жазушыларымыз бен ғалымдарымыздың өзара бет жыртысып, айтысқа барып, баспасөз бетінде салғыласуы. Кейбіреулер өзінің қарақан мүдде-намысын көздеп, халықтың, ұлттың, тыныштық берекесін құрбан етіп жіберуге де бар екен. Осындайдан сақ болуымыз қажет. Мұны айтып отырғаным, Шерхан, біздің қаламгерлердің сөзіне жұрт құлақ асады. Сол үшін жауапкершілігімізді әрқашан сезініп отырсақ.

Мен, Шерхан, анау, «Қазақстан ХХІ ғасыр» атты көлемді мақаланы жазғандағы мақсатым – еліміздің ешқашан банан республикасы болмайтынын, жеріміздің соншалық қыруар байлығы бар екенін айтып, жайып салу еді ғой. Сен оны таратып, жалғап әкеттің, біраз ой қозғадық. Пікіріміздің ұласып, ұйқасқанын көрдік. Сол үшін саған рақмет.

Сәлеммен Камал досың – Камал Смайылов,

1996 жылдың тамызы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support