- Advertisement -

Бас жүлде Ержановтардың еншісінде

160

- Advertisement -

Бірнеше жылдан бері дәстүрге айналған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы барша қазақтың жас шаңырақ иелеріне үлгі екені белгілі. Биыл да жалғасын тапқан ұлттық байқаудың облыстық кезеңінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталып, үздіктер Тараздағы «Анаға тағзым» орталығында салтанатты жағдайда марапатталды.

Іс-шараны облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев ашып, үлгілі әрі белсенді отбасыларға алғысын білдірді. «Жылдан жылға «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының түрлі деңгейдегі кезеңдеріне қатысушылар саны артып отыр. Биыл облыс бойынша 243 отбасы бақтарын сынады. Оның ішінде 22 отбасы облыстық кезеңге өтті. Бұл отбасылардың барлығына құрметіміз мол», – деді Еркін Құлымбайұлы.

Облыстық кезеңнің жеңімпазы (бас жүлдегер) болып тараздық Ержановтар отбасы танылды. Ержановтар отбасы 1988 жылы отбасы үлгісіндегі балалар үйін ашып, өздерінің 7 ұл- қызынан бөлек, 12 баланы бауырларына басып, қанаттандырған қасиетті шаңырақ. Отанасы Сапура Ержанова «Алтын алқа», «Ерен еңбегі үшін» медальдарының, ұлттық қоғамдық «Алтын жүрек» сыйлығының иегері. Ата-ана жолын қуған Артур Ержанов (баласы) өзінің 7 ұл-қызынан бөлек, 7 баланы қамқорлыққа алған. Одан бөлек, 6 баланы патронаттық тәрбиеге алу үшін құжат жинап жүр. Ержановтар отбасына бас жүлде және 500 мың теңгенің сертификаты табыс етілді. Жүлделі бірінші орын Байзақ ауданынан келген Мамырбаевтар отбасына (400 мың теңге сыйлық) бұйырды. Бұл отбасы 9 ұл, 6 қызды өмірге әкеліп, олардан 36 немере, 40 шөбере көріп отыр. Отбасы құрғандарына 65 жыл. Бұл отбасы ұлттық салт-дәстүрлерді ерекше қадірлейді.

Ал жүлделі екінші орынды (300 мың теңге сыйлығымен) Т.Рысқұлов ауданынан келген Далибаевтар отбасы жеңіп алды. Далибаевтар отбасы 7 ұл-қызды өмірге әкеліп, өсіріп, тәрбиелеп, олардан әзірге 13 немере көріп отыр. Бұл отбасының ерекшелігі қайырымдылықты өте көп жасайды екен. Атап айтқанда, Қорағаты ауылындағы тұрмысы төмен, жалғызбасты анаға 4 миллион теңгеге 4 бөлмелі үй сатып әперген. Аталған ауылдағы бокс мектебін барлық керекті спорттық құрал-жабдықтармен қамтығандары да спорттың дамуына деген үлкен үлес екені анық. Ауылдағы жаңа салынған мешіттің құрылысына белсене үлес қосқандарын да ауыл тегіс біледі. Мұның бәрі жас ұрпақтарға тәрбиелі және сауапты іс екені шындық. Үшінші жүлдеге (200 мың теңге сыйақысымен) Қордай ауданынан келген Вансинвиндер отбасы лайық деп танылды. Вансинвиндер отбасы этносаралық келісім мен бірлікті нығайтуға ерекше үлес қосып отырған шаңырақ. Жыл сайын бұл отбасы «Мектепке жол» акциясына белсене қатысып, көптеген оқушыларды мектеп формасымен қамтамасыз етуде. Вансинвиндер отбасы 3 перзент тәрбиелеп өсіріп, олардан 10 немере, 8 шөбере сүйіп, қуанышқа кенелуде. Бұл отбасының үлгілі істері өте мол.

Осылайша, жүзден жүйрік шыққан отбасылар марапатталды. Енді жеңімпаз атанған тараздық Ержановтар отбасы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының республикалық кезеңінде бақ сынайтын болады.

 Есет ДОСАЛЫ

Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support