- Advertisement -

Суға түсуге сақтық керек

196

- Advertisement -

Облыстағы су көздерінде адамдардың суға кету фактілерінің жиілеуіне байланысты және шомылу маусымында қауіпсіздік шараларын сақтау мақсатында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағының құтқарушылары БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз турын ұйымдастырды.

 Құтқару тәсілдерін көрсетті

Іс-шара барысында шомылуға тыйым салынған орындарда рейдтік шаралар өткізілді. Шомылушыларға үгіт-насихат парақшалары таратылып, төтенше жағдайға жол бермеуге бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл күні құтқарушылар іздестіру және құтқару жұмыстары үшін қолданылатын арнайы жабдықтарды, аппараттар мен құрылғыларды, суға батушыны құтқарудың практикалық әдістерін және дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсету тәсілдерін көрсетті. Жедел құтқару жасағының және қалалық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері журналистерге соңғы жылдардағы статистика және күнделікті жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

– Судан құтқару жұмысында бір ауысымда 6 құтқарушы, оның ішінде 4 сүңгуір болуы міндетті. Олар үш бағытта жұмыс істейді. Біріншісі іздестіру жұмысын атқарады, екіншісі – жетекші болса, үшіншісі – жанындағы көмекші. Сүңгуірлер жыл ішінде іздестіру жұмыстары болмаған жағдайдың өзінде 60 сағат суасты жұмыстарын жүргізіп, өз біліктілігін арттырулары тиіс. Біздің аумақта су астында көру қашықтығы жақсы жерлер аз саналады, әрісі қол созымнан аспайды. Сондықтан сүңгуірлер мәйітті жерастын сипалау әдісімен іздестіруге мәжбүр. Бүгінгі таңда біздегі 24 сүңгуір төрт ауысымға бөлініп жұмыс істеуде. Сонымен қатар Қаратау мен Жаңатас қалаларында 6 адамнан тұратын құтқару бекеттері бар. Олар барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Шақырту түскен кезде бірнеше минуттың ішінде қаланың қай аймағы болсын жетіп, құтқару жұмыстарын жүргізуге мүмкіндігі бар. Сүңгірушінің әрқайсысы дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсете алады, арнайы дайындық курсынан өткен, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағы бастығының орынбасары Қуаныш Әбілқасымов.

Баспасөз турына журналистермен бірге өз топ жетекшісі бар екі судан құтқару бөлімшесі қатысты. Әрқайсысының тиісті көліктері, киімдері мен суасты жұмыстарына қажетті бүкіл құрал-саймандары бар. Бір ауысымның сүңгуірмен іздестіру тобының жетекшісі, бас құтқарушы Мақсат Тұрғынбеков журналистерге сүңгуірдің құрал-саймандарын, суасты іздестіру жұмыстарының қалай жүргізілетінін көрсетіп берді. Мәселен, сүңгуірдің арқасына тағылатын аппараттың салмағы 18 килограмм болатынын, оның жағдайға қарай су астында бірнеше сағат жұмыс істеуге мүмкіндік беретінін білдік.

Бес адам суға кеткен

Биыл өңірде жаздың өткен екі айы өте ыстық болды. Елдің көбі, үлкен-кішісі, балалары бар су жағалап кетті. Алайда көбіміздің суға шомылу кезінде сақтық шараларын сақтауды қаперге ілмейтініміз жасырын емес. Биыл облыстың су айдындарында 4 жазатайым оқиға тіркеліп, 5 адам суға батып кеткен, оның екеуі бала. Қайғылы оқиғалар тыйым салынған жерлерде орын алған. Үш жазатайым оқиғаның орын алуы мен 4 адамның суға кетуі шомылу маусымы кезеңінде тіркелген. Сондай-ақ жедел құтқару жасағының құтқарушылары облыстың су айдындарында 2 баланы құтқарып қалды. Олар үлкендердің қарауынсыз қалып, ағысы қатты Талас өзеніне батып кете жаздаған. Қуанышқа орай балаларды құтқарушылар дер кезінде байқап, судан аман-есен алып шыққан.

Басқарма офицері Данияр Келістің айтуынша, төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында қала аумағында түскі сағат 12-ден кешкі 8-ге дейін кезекшілікте тұратын 2 мобильді бекет бар. Одан бөлек 6-ықшам ауданы мен «Тектұрмас» алқабында екі-екіден қоғамдық құтқарушылар жүреді. Халықтың назарын аудару үшін қазіргі таңда қала аумағында 21 тыйым салу туралы ескерту тақтайшалары мен 6 баннер орнатылған. Апта сайын төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері телерадио арқылы тұрғындарды сақтандырып келеді. Журналистердің қатысуымен ұйымдастырылған бұл жолғы баспасөз турының мақсаты да облыс тұрғындарының назарын су айдындарында қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға аудару болғаны сөзсіз.

Қауіпсіздік ережелері ескертілді

Жазғы кезеңде төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында су айдындарына бір мыңнан аса рейд және патрульдеу жүргізіліп, қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша тұрғындарға 30 мыңнан астам жадынама мен кітапшалар таратылған. Бұл шараларға департаменттің 2349 қызметкері, 423 полиция қызметкері және 882 ерікті қатысқан. Сонымен қатар оқу орындарында халықпен жиындар, интерактивті сабақтар өткізілген. Облыс аумағындағы аса қауіпті су айдындарында жедел құтқару жасағының құрамынан 3 мобильді құтқару бекеті қойылып, 55 жасақ дайындалған. Өңірде барлығы 15 стационарлық құтқару бекеті құрылып, су қоймаларының түбіндегі қауіпті анықтау мақсатында 9 жағажайға тексеру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ су айдындарында 40 түгендеу жұмысы жүргізіліп, нәтижесінде облыс аумағында шомылуға рұқсат етілген 12 орын анықталған. Ал шомылуға тыйым салынған орындар саны – 86. Облыс аумағында 40 стационарлық бассейн, балалардың шомылуына арналған 6 орын бар екен.

– Дәл қазіргі уақытта Тараз қаласында рұқсат етілген бір ғана «Зербұлақ» су айдыны бар, онда бүгінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Талас өзенінің барлық аумағында және оның төңірегіндегі су жиналатын су айдындарында негізі шомылуға рұқсат берілмеген. Себебі бұл жерде құтқарушылардан жасақталған бекет жоқ, демалушыларға арналған орындар жабдықталмаған әрі шомылушылардың шекарасы бекітілмеген. Сол себепті мұндай жағалаулардың барлығы «жабайы» болып есептеледі. Сондықтан биылдан бастап полиция қызметкерлерімен бірге күнделікті рейдке шығып, шомылушыларға бірінші кезде ескерту жасап, жыл ішінде сол тұлғалармен екінші рет заң бұзушылық қайталанатын болса айыппұл салынатыны ескертілуде, – дейді Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасының офицері Данияр Келіс.

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support