- Advertisement -

Қоймалардың санын арттыру маңызды

94

- Advertisement -

Аграрлы аймақ саналатын өңірімізде ала жаздай тер төккен диқанның еңбегі де бағаланғаны жөн. Ол үшін азық-түлікті сақтау қоймаларының жағдайын жақсарту керек. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық жиында азық-түлікті сақтау қоймаларының жай-күйі туралы мәселе қаралды. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұловтың айтуынша, облыс бойынша сыйымдылығы 255,9 мың тоннаны құрайтын 236 сақтау қоймасы бар болса, оның ішінде 81 қойма мұздатқышпен жабдықталған. Оның сыйымдылығы 47,2 мың тонна.

Облыс бойынша мерзімаралық кезеңде мұздатқышы бар қоймалардың қажеттілігі 57,7 мың тоннаны құрайды. Бүгінгі таңда Талас пен Мойынқұм аудандарында көкөніс сақтау қоймалары мүлдем болмаса, Шу және Сарысу аудандарында мұздатқышпен жабдықталған қоймалар жоқ. Облыста биыл 2,2 миллион тоннаға жуық негізгі және сұранысы жоғары жеміс-көкөніс өнімдерін өндіру көзделуде. Мұздатқышы бар 81 қоймада картоп, сәбіз, қырыққабат өнімдерінің 81,8 пайызын сақтауға мүмкіндік бар.

Дегенмен, әр ауданға халық санына және тұтыну нормасына сәйкес сыйымдылығы 21,4 мың тоннаны құрайтын мұздатқышпен қамтылған қоймалар керек. Одан әрі қарай басқарма басшысы: «Шаруашылықтармен сауда орындары арасында делдалсыз өнімді өткеру жөніндегі тапсырмаға сәйкес, бүгінгі күнге жалпы 14,2 мың тонна өнім көлеміне 241 дүкенмен форвардтық келісімшарт жасалған. Дегенмен келісім жасалған өнім көлемі әр аудан халқының тұтыну нормасы қажеттілігінің 5 пайызын да қамтуға жеткіліксіз.

Осыған орай ерте пісетін көкөніс және өзге де өнімдерді сол өнімді өндіретін аудандармен форвардтық келісім жасалуы қажет» деп баяндамасын қорытындылады. Облыс әкімі осы орайда жауаптыларға белсенді жұмыс істеуді ескертіп, бірқатар аудан әкімдерінен жұмыстың неге сылбыр екенін сұрап, сынға алды. Мұнан соң облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев баяндама жасап, 2022 жылы 1136 тонна қант, 7 мың тонна бірінші сұрыпты ұн, 220 мың литр күнбағыс майы, 1,5 миллион дана тауық жұмыртқасы тұрақтандыру қорын толықтыру мақсатында сатып алынғанын айтты. Оның айтуынша, қазіргі таңда тұрақтандыру қорында 2144,9 тоннаға 6 тауар түрі бойынша қор қалыптасқан.

Атап айтқанда, 68 тонна қарақұмық жармасы, 196,8 мың литр күнбағыс майы, 1849,9 тонна ұн, 86,7 тонна күріш, 137,1 тонна қант, 3,2 тонна тұз сақталған. Ол аудандардағы бірқатар сақтау қоймаларының жай-күйін де айтып өтті. Облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы осы ретте әлеуметтік дүкендермен жұмысты жандандыруды, тұрғындардың негізгі тауар түрлеріне көңілге қонымды бағамен қол жеткізулері қажет екенін аталған басқарма басшыларына ескертіп, өзге да жауаптыларға жұмысты одан әрі ширатуды, нақты нәтижелі іспен шұғылдануды тапсырды.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support