«Еңбек қауіпсіздігі — басты назарда»

43

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан кәсіподақтарының XXVI съезінде жолдаған Үндеуінде: «Кәсіподақ – еңбек адамының құқықтарын қорғау, оның лайықты тұрмыс сапасы мен жұмыс жағдайын қамтамасыз ету жолында мәртебелі миссия атқаратын аса маңызды заманауи қоғамдық институттың бірі. Түрлі кәсіппен айналысатын еңбек адамдары – ұлт игілігінің қайнар көзі. Біз еңбекті Қазақстан қоғамының негізгі құндылығы ретінде дәріптеуіміз керек. Бұл – менің нақты ұстанымым. Осыған байланысты кәсіподақтарға ерекше міндет жүктеледі. Кәсіподақтардың дәнекерлігі мен медиациясы арқылы еңбеккерлер мен жұмыс берушілердің тең құқылы диалогының арқасында ғана еңбек қатынастарын тиімді реттеуге болады. Осындай ынтымағы жарасқан ортада еңбек этикасын кемеліне келтіріп, әлеуметтік жауапкершілікті өрістетуге болады», – деп айтқан болатын. Осы бағытта «Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Біз бірлестік төрағасы Бағлан ҚАРАШОЛАҚОВПЕН сұхбаттасып, саладағы түйткілді мәселелер мен атқарылған жұмыстар жөнінде сұрап-білдік.

 – Бағлан Жиенәліұлы, сіз басқаратын аумақтық кәсіподақтар бірлестігі бүгінде біраз нақты нәтижеге қол жеткізуде. Бірлестік былтыр ауқымды шаруаларын қай бағытта жүзеге асырды?

– 2021 жылы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Әділеттілік пен дамуға – бірлікте!» атты 2020-2025 жылдарға арналған стратегиялық даму бағдарламасының негізгі бағыттарын жүзеге асырдық. Сол жылы кәсіподақтар бірлестігі үйлестіру кеңесінің 5 кезекті отырысын өткізді. Жиындарда жалақы қарыздарына жол бермеу, өндірістік жарақаттың алдын алу, «Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылы» аясында жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымдарын ашу, республикалық «Парыз» және «Еңбек жолы» конкурстарына қатысу сынды маңызды мәселелер қаралды.

– Жалпы жұмыс барысында қандай қиындықтар кездеседі?

– Биыл жыл басынан бері 29 жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды. Ал олардың жалпы саны – 1387. Облыста барлық меншік түріндегі 11043 кәсіпорын мен ұйым бар. Олардың 12,7 пайызы кәсіподақ ұйымдарымен қамтылып отыр. Тараз қаласында орналасқан 5821 кәсіпорынның 5 пайызы кәсіподақ ұйымдарымен қамтылды. Аудандардағы көрсеткіш 30-45 пайызды құрайды. Облыс орталығында 5230 жеке меншік сипаттағы кәсіпорын жұмыс жасайды. Осы нысандарда кәсіподақ ұйымдарын құру қиынға соғып жүр. Аталған мәселені жедел шешу үшін жұмыла жұмыс жасауымыз керек.

– Бастауыш кәсіподақ ұйымдарын құру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Кәсіподақтар федерациясының 2021 жылды «Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылы» деп жариялауына байланысты жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымдарын ашу жұмыстары қарқынды жүргізілді. Былтыр 56 бастауыш ұйым ашылып, облыстағы кәсіподақ мүшелерінің саны 2499 адамға толықты. Бүгінгі таңда облыста барлығы 1358 бастауыш кәсіподақ ұйымында 123011 мүше бар. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша 36, мемлекеттік қызмет саласы бойынша 27 бастауыш ұйым ашылды. Бұл жергілікті атқарушы құрылымдармен, салалық кәсіподақ ұйымдарымен бірге атқарылған жұмыстардың жемісі. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

– Бірлестіктің жоспарына сәйкес түрлі сипаттағы іс-шаралар өткізу жақсы жолға қойылған екен. Осы арқылы не нәрсеге қол жеткіздіңіздер?

– Иә, бастауыш кәсіподақ ұйымы жылы аясында бірқатар іс-шара өткізілді. Кәсіподақтар федерациясының «Халың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы бойынша 3 онлайн кездесу ұйымдастырылды. Оған федерация басшылығы және Парламент Мәжілісінің депутаттары қатысты. Бұдан бөлек федерацияның ұйымдастыруымен кәсіподақтық онлайн білім беру марафоны тұрақты өткізілді. Бірлестік өкілдері облыстық және аудандық деңгейде бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен, кәсіподақ өкілдерімен кездесулер өткізіп, түйткілді мәселелерді шешіп келеді. Атап айтқанда, облыстың ірі кәсіпорындарында облыс басшылығының қатысуымен 14 кездесу өтіп, 836 адам қамтылды. Бұдан бөлек барлық аудандарда кәсіподақ өкілдерінің және кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары өкілдерімен 28 кездесу өтіп, барлығы 1010 адам қамтылды. Аталған кездесулерде кәсіподақ өкілдері жалақы қарыздарына жол бермеу, жұмыс орындарын қысқартпау, жалақыны көтеру, еңбек қауіпсіздігін сақтау, кәсіподақ ұйымдарын ашу сияқты бүгінгі таңдағы өзекті мәселелерді көтерді. Жергілікті атқарушы құрылымдармен бірге жасалған жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы облыста 195 кәсіпорын 25 мыңға жуық қызметкерлердің жалақысын шамамен 24 пайызға көтерді.

– Тағы қандай маңызды мәселені шешу жолға қойылды?

– Ауылдық округтердегі білім саласы қызметкерлерінің коммуналдық шығындарына жергілікті бюджеттен төленетін өтемақы өте аз. Қазір аудандарда бұл үстемақы 4-5 айлық есептік көрсеткіш, яғни 12000-15000 теңге аралығында болып отыр. Кейбір облыстарда бұл төлем 10- 15 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Бұл қаражат коммуналдық шығындарды төлеуге жеткіліксіз. Төлем көлемін арттыру қажет. Сонымен қатар облыстағы жұмыс берушілер инфляция деңгейіне байланысты айлық жалақыны көтеру мәселесін күн тәртібіне шығаруы керек.

– Әлеуметтік-еңбек қатынастары қалай реттелуде?

– Кәсіподақтар бірлестігі облыстық әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік- еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі комиссия құрамында ауқымды жұмыстар атқарды. Әлеуметтік әріптестік тараптары арасында облыстық үшжақты келісімге қол қойылды. Жаңа келісімде барлық меншік түріндегі кәсіпорындар мен ұйымдарда кәсіподақ ұйымдарын құруға ықпал ету, ұжымдық-шарттық қатынастар жүйесімен қамтылған кәсіпорындардың үлес салмағын арттыру, өндірістік процестерді тұрақтандыру, жұмыс орындарын сақтау және жұмыспен қамту мәселелері бойынша кәсіпорынмен меморандумдар қабылдау сияқты мақсаттар көзделген. Өткен жылы облыста үшжақты комиссияның 61 отырысы өтті. Оның 7-еуі – облыстық тұрақты комиссияның отырысы, тағы бір 7-еуі облыстық көшпелі комиссияның отырысы. Ал аудандық, қалалық деңгейде мұндай жиын 47 мәрте өткізілді.

– Ұжымдық шарттар жасалып жүр ме?

– Еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік- еңбек қатынастарын реттейтін басты құрал – ұжымдық шарт. Облыс орталығында және 10 ауданда өткізілген түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде осыны ұқтық. 2021 жылы тіркелген 10893 кәсіпорында 6869 жеке-дара ұжымдық шарт жасалды. Тараз қаласы мен аудандарда жұмыс берушілер бірлестігіне мүше 4020 ұйымда бірыңғай ұжымдық шарт қабылданды. Жалпы ұжымдық шартпен қамтылу деңгейі 99,9 пайызды құрап, республика бойынша ең жоғары көрсеткішке қол жеткіздік. Кәсіподақ өкілдері мен жұмыс беруші және жергілікті атқарушы құрылымдар арасындағы өндірістік процестерді тұрақтандыру, жұмыс орнын қысқартпау туралы үшжақты меморандум облыстағы барлық кәсіпорында 100 пайыз жасалды.

– Кәсіподақтардың басты міндеті – еңбек адамының мүддесімен құқықтарын қорғау. Жалпы еңбек қалай қорғалуда?

– Еңбек қауіпсіздігі және өндірістік жарақат – күн тәртібінен түспей тұрған өзекті мәселе. Облыстағы кәсіподақ ұйымдары бар кәсіпорындар мен мекемелерде еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі бойынша 1004 өндірістік кеңес құрылған. Бұл кеңестерде 1330 еңбекті қорғау бойынша техникалық инспектор жұмыс атқарады. Олардың мақсаты – жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі бойынша бірлескен іс-әрекеттерін ұйымдастыру, өндірістік жарақаттану мен кәсіби аурулардың алдын алу, жұмыс орындарында еңбек қауіпсіздігі жағдайларын қоғамдық бақылау.

2021 жылы барлығы 42 жазатайым оқиға тіркелген, зардап шеккендер саны – 64. Мұнда 35 адам ауыр, 12 адам жеңіл жарақат алды. Өкінішке қарай,

қаза болған азаматтар саны – 17. Қаза болғандар санының артуының бірден-бір себебі, бұл – жол-көлік оқиғаларының артуы. Яғни 42 жазатайым оқиғаның 19-ы жол-көлік оқиғасы, онда 10 адам қаза болды. Қалған 23 жазатайым оқиғаның барлығында әртүрлі дәрежеде жұмыс беруші мен жұмыскердің кінәсі бар. Олардың негізгісі – жұмыс өндірісін қанағаттанарлық деңгейде ұйымдастырмау және жұмыскердің өрескел абайсыздығы. Сонымен қатар «Нөлдік жарақат» концепциясы мен «Халықтық бақылау» жобаларына да облыстағы ірі өндірістік кәсіпорындар қатысып отыр. Бүгінде осы жобаларды «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Жамбыл облыстық филиалы, осы акционерлік қоғамның «Жамбыл электрмен жабдықтау дистанциясы» филиалы сияқты 7 кәсіпорын енгізіп, жұмыс атқарып келеді.

–Қазіргі кәсіподақ ұйымдары қоғамымыздағы белді институттардың бірі ретінде де көптеген саяси науқандарға белсенді қатысып жүргенін білеміз. Осы орайда облыстық кәсіподақ ұйымдары қандай жұмыстар атқарып жүр?

– Иә, кәсіподақ ұйымдары елдегі саяси-әлеуметтік науқандардан тыс қалған емес. Кәсіподақ өкілдері 2020 жылы өткен Парламент Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауының әділ және заң аясында өтуіне байқаушылар ретінде де қатысқанын білесіздер. Сол саяси науқанға Жамбыл облысының кәсіподақ мүшелері 205 байқаушы жолдаған болатын. Одан бөлек биылғы 5 маусымда өткен Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы республикалық референдумға да облыстық кәсіподақ өкілдері белсене қатысып, 200 байқаушысын жіберген еді. Көріп отырғандарыңыздай кәсіподақ өкілдері ел тағдырына қатысты маңызды саяси-әлеуметтік науқандарға белсене қатысып, азаматтық ұстанымдарын айқын көрсетіп жүр.

– Нәтижелі жұмыстарды халыққа қандай жолмен көрсетесіздер?

– Кәсіподақтар бірлестігі атқарған жұмыстар бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде ұдайы жарияланып отырады. Былтыр газет-журнал беттерінде 35 мақала жарық көрсе, телеарнада 9 сюжет және әлеуметтік желілерде 278 жарияланым шықты. Сонымен қатар «30 еңбек елшісі», «Еңбеккер бейнесі», «Тәуелсіздік құрдастары» сияқты және тағы басқа 24 ақпараттық акция жарияланды. Бұл жұмыстар салалық кәсіподақ ұйымдары тарапынан да белсенді түрде атқарылып отыр. Облыс әкімдігінің ресми сайтында «Әлеуметтік әріптестік» айдары ашылып, мұнда облыстық үшжақты келісім мен үшжақты комиссия отырысының құжаттары жарияланып отырды.

– Алдағы уақытта қандай жоба- жоспарларыңыз бар?

– «Әлеуметтік әріптестік жылы» аясында бірлесе атқаратын жұмыс көп. Осыған орай кәсіподақтар бірлестігі еңбек адамының әлеуметтік-еңбек тақырыбына қатысты біраз өзекті мәселені шешуге міндетті. Барлық деңгейдегі әлеуметтік әріптестік тараптарымен бірлесе атқаратын жұмыстардың сапасын жақсартып, қолданыстағы ұжымдық шарттарға жұмыскерлердің әлеуметтік-еңбек қатынастарын жақсарту бойынша қосымша ұсыныстар әзірлеп, енгізуіміз керек. Ұжымдық шарт талаптарының мүлтіксіз орындалуына тұрақты бақылау жүргізіп, жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымдарын құрып, кәсіподақ мүшелерінің санын арттыруға тиіспіз. Бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен және жұмыс берушілермен тұрақты түрде кездесулер өткізіп, еңбек заңнамаларының қатаң сақталуына қоғамдық бақылау жүргізгеніміз абзал. Бастауыш кәсіподақ ұйымдары бар кәсіпорындар мен ұйымдарда еңбек кикілжіңі мен жанжалдарына жол бермеу – басты назарда. Өндірістік кеңес құрамындағы техникалық инспекторлардың еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз ету, кәсіподақ мүшелерінен келіп түсетін арыз, шағымдарды заң аясында қарастырып, шешімін табуға ықпал ету, кәсіподақ ұйымдарының атқарып отырған жұмыстарын БАҚ беттері мен әлеуметтік желілерде тұрақты түрде жариялап, көпшілік аудиторияға насихаттау – облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің негізгі міндеті.

– Әңгімеңізге рақмет!

 Сұхбаттасқан Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

 

 

 

 

Comments are closed.