- Advertisement -

Ұлт ұстазына құрмет

116

- Advertisement -

Жүрегі елім деп соққан, ұлтым деп толғанған алып тұлғалар ел жадынан кетпейтіні анық. ЮНЕСКО көлемінде аталып өтіп жатқан Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аясында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған ұлт ұстазы атындағы оқытушылардың республикалық байқауы өз мәресіне жетті. Бұған облыстық кезеңнен жүзден жүйрік атанған 12 үміткер қатысты.

Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттық ғылымның негізін қалаған елдің тарихындағы ұлы тұлға. Оның өміршең ғылыми-әдістемелік ұстанымдары әлі күнге дейін өзектілігін сақтап келеді. Бұл мерейтойлық білім мен білік сынға түсетін кезекті бәйгенің биылғы басты ерекшелігі Ахмет Байтұрсынұлының әлемдік деңгейде аталып өтіп жатқан мерейтойы аясында өткендігі болса, жүрекке жылы тиген тағы бір тұсы – қойнауы құт, мыңдаған талант туған жомарт жұмақ мекен, мәдени- рухани құндылыққа бай өлке – әйгілі Әулиеата өңірінде, соның ішінде тарихымыздың темірқазығы Таразда өтуі. Жалпыхалықтық сипатқа ие болған шоқтығы биік шараның жоғары деңгейде өтуіне облыс әкімдігі айрықша үлес қосты.

«Ахаң қазақтың қазақ бола білуіне жанын аямай, халық үшін, оның мәдени-әлеуметтік болмысын көтеру үшін қызмет етті, бұқараны білім алуға шақырған қазақтың тұңғыш білім министрі атанды. Алаш қозғалысының ғана емес, барлық замандағы ұлтшылдардың рухани көсемі ретінде танылды. Дара тұлғаның өсиеті, қалдырған мұрасы тіл жанашырларының алға ұстар бағдаршамы болуға тиіс. Бәріміздің мақсатымыз – Ахмет Байтұрсынұлы қалдырған рухани жəн е ғылым-білім саласындағы мол мұралар сабақтастығын жалғастыру», – деді байқаудың шымылдығын ашқан облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова.

Бұл жолғы байқаудың жаппай бұқаралық мазмұнға ие болуының және бір мәнісі: қатысушылар бұдан  біраз бұрын Facebook әлеуметтік желісіндегі tilqazyna парақшасына өз бейнесабақтарын жариялап, тіл тағдырына немқұрайлы қарамайтын қалың оқырман қауымға пікір білдіру, баға беруге мүмкіндік туғызды. Сол себепті сайыстың алғашқы кезеңінде әр үміткер өзін бірден таныстыруға көшіп, қазақ тілін оқытудағы өзінің жинақтаған тәжірибесі негізінде авторлық бағдарламасын ұсынса, қазылар алқасы өз кезегінде түйінді пікірін білдірді. Байқаудың келесі кезеңі Ахмет Байтұрсынұлының зерттеушілік мол мұрасына, еңбектеріне, соның ішінде оқыту әдістемесінің мазмұнына, оның ғылыми тұжырымдарына, сонымен қатар қазіргі заманғы тіл үйретудің соңғы технологиялары мен әдіс-тәсілдеріне арналды. Қатысушылар қалаған ұяшықтағы жоғарыда аталған бағыттар бойынша алдын ала дайындалған сұрақтарға санаулы минуттар ішінде жауап беріп отырды.

Байқаудың соңғы шешуші кезеңі арнайы сынама топтың қатысуымен жағдаяттық түрде өтті. Үміткерлер тіл үйренушілерге сөйлеу әрекетінің төрт түрі бойынша (оқылым, жазылым, тыңдалым, айтылым) тапсырмалар беріп, аудиториямен жұмыс істеу қабілетін сынаққа салды. Әсіресе тапсырманы орындауға топ мүшелерін белсенді қатыстыру жағы қатаң ескерілді. Бірнеше кезеңнен тұратын бұл мерейтойлық байқауға қатысушылар, бұрынғы жылдарымен салыстырғанда, Ахаңның аяулы есіміне құрметпен қарап, ерекше көңіл-күймен, тыңғылықты дайындалып келгенін байқатты. Кілең дүлдүлдер арасынан жеңімпаздарды анықтау оңайға түскен жоқ.

Қызу талқыдан өтіп, жеңіс тұғырына көтерілген жүлдегерлерді қазылар алқасының мүшелері, яғни, есімі елімізге кеңінен танымал ғалымдар марапаттады. Олардың арасында KAZGUU Жоғары Гуманитарлық мектебінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Қарлығаш Дүсіпбаева, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті Қазақ тіл білімі кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Бекжан Әбдуәлиұлы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Бағдан Момынова бар.

Байқаудың бас жүлдесі Қызылорда облысы тілдерді оқыту орталығының мемлекеттік тіл оқытушысы Алтынай Орынбаеваға бұйырды. Ал біздің өңірдің намысын қорғаған, облыстық тілдерді дамыту орталығының оқытушысы Гүлдерайым Халық бірінші орын алды. Қарағандылық Шыңғыс Түменбаев екінші орын алса, жүлделі үшінші орындарды керекулік Тәттігүл Бекенова, ақмолалық Гайнель Дүйсенбаева, қостанайлық Айнұр Миркемелова иеленді.

Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің басқарма басшысы, филология ғылымдарының кандидаты Айнагүл Көкенованың айтуынша, Тіл саясаты комитеті мен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл- Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ЮНЕСКО көлемінде өтіп жатқан ұлт ұстазының биылғы мерейтойлық жылында бір қатар халықаралық, республикалық деңгейдегі шараларды атқарған. Ахмет Байтұрсынұлының туған күні – алдымыздағы 5 қыркүйектен бастап, жылдың аяғына дейін жүзге тарта сүбелі жұмыстар жоспарланған.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support