- Advertisement -

Алаш арыстарын ардақтау – парыз

51

- Advertisement -

Ел тәуелсіздігі үшін күрескен Алаш қайраткерлерінің асқақ рухын кастерлеп, есте қалдыру бүгінгі ұрпақтың алдындағы қастерлі міндет екені даусыз. Осыған орай «Ақ жол» партиясының бастауымен 2019 жылы бұрын белгісіз болып келген 700- ден астам Алаш қайраткерлерінің тізімдері жасалып, Қазақстанның барлық өңірлеріне жіберілген болатын. 2021 жылғы 3 наурызда Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса осы мәселені көтерген. Оның депутаттық сауалында Жамбыл өңіріндегі Алаш қозғалысына мүше 25 адамның аты-жөні көрсетілген. Оның ішінде Әзімхан Кенесарин, Дінмұхамед Әділов және Мұстафа Бұралхиев бар.

Әзімхан Кенесарин бойынша бізге 1937 жылғы НКВД МҚБ айыптау қорытындысы, Кенесарин туыстарының түрлі инстанцияларға жазған хаттары сканерленіп тапсырылды.

Әзімхан Кенесарин 1878 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген, 1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін, қалыптасқан жағдайға сай, Әулиеата уезінің қазақтарының саяси белсенділігін арттыру жолында қоғамдық өмірге қызу араласқан. Жергілікті халықтың мүддесін қорғау мақсатында құрылған Әулиеата уездік Ұлттық кеңесіне төрағалық еткен. Әулиеата уезінен бүкілресейлік Құрылтай жиналысына қатысқан. Оның ұйымдастыруымен 1917 жылы Әулиеата уезінің қазақтарының съезі өткен. 1937 жылы тамызда тұтқындалып, ату жазасына кесілген. 1956 жылы Түркістан әскери округі трибуналының шешімі бойынша А.Кенесариннің есімі ақталған.

М.Бұралхиев туралы мұрағаттық анықтама оның 1902 жылы Әулие-ата облысында дүниеге келгенін, 1930 жылы қамауға алынғанын, сондай-ақ 1932 жылы бе с жылға жер аударылғанын және 1958 жылы қалпына келтірілгенін растайды.

Д.Әділов 1900 жылы бұрынғы Ақмола облысы, Ақмола уезі, Шу өзенінің бойында (қазіргі Жамбыл облысы, Сарысу ауданына қарасты Шу өзенінің маңында) дүниеге келген. 1917 жылы Алаш партиясының Ақмола облыстық комитетіне мүше болып сайланды. 1920-1923 жылдары Орынборда

Ішкі істер халық комиссариатының алқа мүшесі, халық комиссарының орынбасары болған. Бұдан кейін Семей губкомында, Түркістан Республикасының Сырдария және Әулиеата уездерінде Қазаткомның өкілі болған. Оқытушы, одан кейін Наркомпрос жанындағы қазақ ғылыми комиссиясының мүшесі, қазақ ағарту институтының оқытушысы, директордың орынбасары, директоры, 1925 жылы Шымкентте губерниялық сот мекемесінде, Қызылордада Қазақ АССР Ағарту халкоматында қызмет істеген. Д.Әділов 1928 жылы тұтқындалып, 1930 жылы Мәскеуде атылған.

Алаш автономиясының 105 жылдығының қарсаңында, Алаш қайраткерлерінің қасиетті есімдерін мәңгілік есте сақтап қалу үшін, Тараз қаласы мен аудандардағы алаңдарға, көшелерге, парктерге, скверлерге, көпiрлерге және қаланың басқа да құрамдас бөлiктерiне, мектептерге, елді мекендерге, өңірімізге және елімізге еңбектері сіңген осы үш азаматымыздың есімдері берілсе игі іс болар еді.

«Ақ жол» партиясы облыстық филиалының баспасөз қызметі.

 

 

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support