- Advertisement -

Қуанышбектің құлпынай плантациясы

55

- Advertisement -

Көкбастау ауылдық округінде үй іргесіндегі жер телімін тиімді пайдаланып, бақша өнімдерін өсіру жақсы жолға қойылған. Округке қарасты Көктөбе ауылының тұрғыны Қуанышбек Қалдыбеков құлпынайды бірнеше жыл бақшасында өсіріп, жемісті баптаудың қыр- сырын үйреніпті. Былтырдан бері құлпынайды үй іргесінде орналасқан үш гектар алқаптың бір гектарына отырғызып, жинаған өнімді орталық базарға өткеруде.

– Өзбекстан Республикасының Ташкент облысында тұрғанымызда, біздің шаруашылық жеміс- жидектер өсіретін. Бақшамен жақын айналыспасақ та, оның бабымен жақсы таныс болдық . Отбасымызбен атамекенге оралған соң, елде бұл кәсіптің кенжелеп қалғанын байқадық. Бертін келе, ауылда құлпынайға сұраныстың артқанын байқап, алдымен үй іргесіндегі бақшалық жерден тұқымбақ жасадық. Онда құлпынайдың «Қара принц» деген түрінің көшетін жинап, бір орнында көбейтіп алдым, – дейді ол.

«Тұқымбақ бізге тәжірибе алаңы іспеттес болды. Құлпынайдың нені қалайтыны, қалай тыңайтылатыны, жемісті қалай беретіні, осының  бәріне біз көшеттерді баптау барысында көзімізді жеткіздік. Құлпынай–негізінен өзінен өсіп-өнетін бақша жемісі. Көктемде қалың гүлдейді. Үлкендігіне қарай бір шоғырда 30-50 гүлге кейін болады. Сол кезде сабақтарда
түйін пайда болады да, әр түп шоғыр өзінен бірнеше мұртшалар тастайды.

Егер құлпынайдан көшет алғыңыз келсе, тамыр жайып үлгерген мұртшаларды әрі қарай өсірсеңіз, одан жақсы көшет алуға болады. Ал егер де салған жемістері ірі болсын десеңіз, мұртшаларды дер кезінде қиып отыру керек», – деп кәсіпкер бұл жылдарда жинаған тәжірибесі мен бөліскен еді. Бағбан еткен бақша маусымында плантацияға тамшылатып суғару технологиясын қолдануға әрекеттенген көрінеді. Ол үшін қондырғысын да сатып алыпты.

Ағын суға сорғысын жалғап, әр түптің тұсына тамшылап тұратындай етіп құбыр орнатқан екен. Алайда ағын судың құрамы лайсаң болып, құбырдың сүзгілері бітеліп, іске жарамай қалған. Ал қондырғыға таза мөлдір су қажет. Оған қоса үйден шығатын электр кернеуі сорғының шектен тыс жүктемесіне шыдамай, істен шыға берген.

– Қазір плантацияны ағын сумен суғарып жатырмыз. Қолмен қопсыту көп еңбекті қажет етеді. Сондықтан шағын механиканың күшімен қопсыту оңай болсын деп, қатар аралығын 70 сантиметрден салдық. Биылдыққа қопсытқыш жүйектен бір мәрте жүріп өтті. Дегенмен алқап басынан бір ұңғыма қаздырып, сорғыны таза сумен қамтамасыз ету керек болып тұр. Сонымен бірге үш фазалы электр желісі қажет, – дейді Қуанышбек.

Кәсіпкер келешекте құлпынай плантациясын ұлғайтып, өнімді еселеп арттырғысы келетінін айтады. Піскен жемістер күніне бірнеше мәрте теріледі. Олар арнайы контейнерге салынып, тұтынушыға жөнелтіледі. Құлпынай теруге үйде қалған бала- шаға мен ауыл тұрғындары жұмылдырылады. Терімшілер еңбегіне қарай күнделікті ақысын алады. Алқаптан жеткізілген ірі, дәмді құлпынай жемістерін балғын күйінде «Айдана» сауда орталығындағы жеміс-көкөніс бутигінде Қуанышбектің жұбайы Гүлзада жүйелі бағамен саудалауда. Алқап басынан үзіліп, дер кезінде жеткізілген құлпынайға тұтынушылар тарапынан сұраныс әркез жоғары.

Абылайхан СӘРСЕН,
журналист.
Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support