- Advertisement -

«Өзімді жеңілдім деп есептемеймін»,– дейді мақтанышымыз Ғалымжан ҚЫРЫҚБАЙ

295

- Advertisement -

Нұр-Сұлтан қаласында елорда күніне орайластырылып өткен қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық турнирінде жерлесіміз Ғалымжан Қырықбай өңір намысын абыройлы қорғап қайтқаны белгілі. Турнирдің қола белбеу иегері атанған балуанды жамбылдықтар Тараздың батыс қақпасынан зор құрметпен қарсы алып, іс-шара Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінде жалғасты. Спортшыны ұлттық киім киген қыздар қазақы дәстүрмен шашу шашып қарсы алды.

Іс — шара шымылдығынжасайтыскер ақын, республикалық жастар айтысының жүлдегері Дидар Апбасов арнау өлеңмен ашты. Оның «Бейбіт күнде топ жарған Ғалымжанға, Бейбіт Ыстыбаевтың жолын берсін» деген жолдары көпшілік көкейіне дөп қонды. Ақынның арнау жырынан соң облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков осы кезге дейін бұйырған күміс және қола белбеудің алтынға айналуына тілектестік білдірді. «Қазақ күресінен Әулиеата өңірінің шоқтығы биік. Бейбіт Ыстыбаев, Айбол Айтбек, Дәулетхан Жақыпов секілді балуандар – ел мақтанышы. Солардың жеңісті жолын Ғалымжан лайықты жалғайды деген сенімдемін», деді ол. Мұнан соң даңқты балуан Сәлкен Жартыбаев, Ғалымжанның жеке бапкері Бақтияр Ақбергенов ел үмітін ақтаған ұлға жылы лебізін білдірді.

Жиын соңында Әулиеата асыға күткен Ғалымжан Қырықбай сөз алды.
– Осынша құрметпен қарсы алып, қуанып жатқандарыңызға рақмет. Бізді үнемі қолдап жүрген облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасына алғысым шексіз. Негізі алтын белбеуді көздеп барған едік. Бұйырғаны қола болды. Шүкір етемін. Бірақ жартылай финалда қызылордалық балуаннан өзімді жеңілдім деп есептемеймін. Құдай бұйыртса, алдағы жылдары алтын тұғырдан көріну жолында аянбай тер төге бермекпін, – деді.

Біз балуанды қарсы алу іс-шарасында Ғалымжан Қырықбайдың жеке бапкері Бақтияр Ақбергеновке бірнеше сауалдар қойған едік.
– Ғалымжанды қай жылдан бері баптап жүрсіз?
– 2013 жылдың басынан бері біргеміз. Он жылға
жуықтап қалды.
– Өз сөзінде Ғалымжан: «Жартылай финалда
Сыр елінің балуанынан жеңілген жоқпын», деді. Сіз
мұнымен келісесіз бе?
– Қалай десек те, алтын белбеу басқа балуанға
бұйырды.

Бірақ жартылай финалдағы екі балуанның әдіс жасаған сәттері біраз даулы мәселеге айналды. Әдісті негізі Ғалымжан жасады. Көптеген сырт төрешілер менің шәкіртімнің жеңілмегенін айтып жатты. Соның өзі Ғалымжанның абыройлы күрескенін, жанкүйерлерінің алдында жүзі жарқын екенін көрсетеді.
– Алдағы жылдардан не күтесіздер?
– Алдағыны болжау оңай емес. Дегенмен бұйырса, ендігі мақсатымыз алтын жүлде жолында болатыны анық.

Дәл келесі жылы ала қаламыз деу де артық сөз болар. Алдағы жылдар ішінде Ғалымжан жарақаттан аман болса, алтын белбеумен өзін дәлелдейтініне сенемін.
– Ғалымжан дзюдо күресінен де халықаралық
дәрежедегі спорт шебері. Алдағы Олимпиададан үміт
бар ма?
– Оны уақыт көрсетеді. Ол үшін алдағы маңызды жарыстарда ұпай жинауы тиіс. Бірақ биылғы жылдың соңында қазақ күресінен өтетін Әлем чемпионатына қатысуға, қатысып қана қоймай, жеңіс тұғырынан көрінуге күш салмақшымыз.
– Әңгімеңізге рақмет. Сіздерге жеңіс тілейміз!

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support