- Advertisement -

Тіл – ұлттың жаны

65

- Advertisement -

Таяуда өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекеттік рәміздерімізге, ана тілімізге деген құрмет әрқашан жоғары болуға тиіс. Қазақ тіліне қатысты алаңдаушылық елдегі жағдайды дұрыс түсінбегеннен туындап отыр. Шын мәнінде, бұрынғы ахуал мен қазіргі кезеңді мүлде салыстыруға келмейді. Мемлекеттік тілдің тұғыры күн өткен сайын нығайып келеді. Оған қоса, әлемнің басты ақпарат құралдары қазақша шығып жатыр.

Жақында әйгілі «APPLE» компаниясы қазақ тілін iOS-тың тілдер жүйесіне қосты. Әлемнің 40 тілінде тарайтын «NICKEL ODEОN» телеарнасы қазақша көрсетіле бастады. Жастардың бастамасымен «NATIONAL GEOGRAPHIC» журналы 6 жылдан бері ана тілімізде жарық көруде. Осындай көптеген жағымды жаңалықтар бар. Бірақ, бұл жеткілікті емес. Сондықтан қатты алаңдауға негіз жоқ деп ойлаймын. Десек те, осы саладағы жұмысымызды даңғаза жасамай, табандылықпен жүргізуіміз қажет», – деген болатын. Иә, құлаққа өте жағымды, көңілді қуантатындай әдемі сөз.
Егемендік алғаннан кейінгі жолдарымызға, жылжып өткен жылдарымызға көз салсақ, шынында да тіл мәселесі бірінше рет емес, талай рет көтеріліп келеді екен. Кезінде мемлекетіміздің алғашқы президенті Н.Назарбаев та «қазақ тілі – тұғырымыз» деп мәлімдегенімен ол өз мәртебесіне жетпегені белгілі. Өкініштісі, сол айтылған қанатты сөз өз өзектілігін әлі жоғалтқан жоқ.Оның іске аспағанын тіл жанашырлары жақсы біледі. Қазір де билік басындағылардың 60 пайызының ана тіліміз – қазақ тілінде құжат толтыра алмайтыны айтылып жүр. Кейде басшылар, депутаттар мен шенеуніктеріміздің өзі мемлекеттік тілге жақындап, жанашырлық танытса, жағдай басқаша болар еді-ау деп ойлайсың.
Мойындауымыз керек, кешегі Кеңес Одағы кезінде құжаттар толтырғанда, оқудан, жұмыстан шығып қалмау үшін білмей тұрсақ та «орыс тілін меңгерген» деп жазуға мәжбүр болдық. Ал орыс тілін жетік білмегендіктен, қазақ тілінің жілігін шағып, майын ішкен небір білгір, білімді қандастарымыздың ғылыми жұмысын жалғастыра алмай немесе жауапты қызметке тұра алмай жерге қарағанын да көрдік. Көре тұра бірде-біріміз ана тілімізді қорғап, қолдап, мәртебесін биіктетуге жарамадық. Тіпті, Кеңес үкіметінің қылышынан қан тамып тұрған кезеңде өз туу куәлігімізге, төлқұжатымызға аты-жөнімізді, ата тегімізді бұзып жазып жатса да мыңқ етпедік. Мысалы, менің қостанайлық жақын таныс хирург-профессорым Б.Д.Тлеуов құжат жүзінде «Тлеуф» болып жүр. Бұл шынында да, сол кезде билігі жүріп тұрған орыс тілді қызметкерлердің бізге, қазаққа деген қорлығы емес пе?

Зерделеп, ой таразысынан өткізсек, шынында да 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының мемлекеттік тіл туралы 7-бабында:
«1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі;
2. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады;
3. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды» деген мәтіндер жазылды. Сөйтіп, Кеңес Одағының құрсауынан босап, тәуелсіз ел атанған кезде қабылдаған алғашқы Конституциямыз қазақ тілін – мемлекеттік тіл деп бекіте отырып, оған этникалық топтардың тілінің бірі – орыс тілін теңестіріп, қосақтап қойды. Сол-ақ екен, соған дейін бір ғана қазақ тілінде жүргізіліп келген мемлекеттік іс-қағаздар бірден қос тілде – қазақ және орыс тілдерінде жүргізіле бастады. Келе-келе ресми тіл деп бекітілген орыс тілі басымдық алып, мемлекеттік тіл – қазақ тілінің адымын аштырмай қойды. Қысқасын айтқанда, мемлекеттік тіл деп дардайтқан қазақ тілі бұрынғы таз қалпына қайта түсіп, орыс тілінің есігінен сығалайтын күйге жетті. Оған кім кінәлі? Әрине, бұл біздің жалтақтығымыздан, кеңқолтықтығымыздан болғаны рас. Ұлы қайраткер, көрнекті жазушы, сол сәттерде Мәжіліс депутаты болған Шерхан Мұртаза ағамыздың «Айыр тіл тек жыланда ғана болады» деп мінберден қанша шырылдаса да жоғарыдағыларды еш селт еткізбеді. Ойындағыларын өткізіп тынды. Конституциямызға енген бұл тармақ орыс тілінде сөйлейтін этникалық топтар мен өз ана тілін білмейтін, не менсінбейтін қандастарымызға (іштен шыққан жау жаман!) шексіз қуаныш сыйласа, елдегі тіл жанашырларына ауыр соққы болып тиді. Олар естерін жиған соң «Қазақстанда тұратын өзге этникалық топтар секілді орыс этникалық топтарының тіліне де заң жүзінде артықшылық берілмеуі тиіс» деген өз ойларын жоғары жаққа білдіріп, Конституциядан 7-баптың 2-тармағын алып тастауды талап ете бастады. Алайда халықтың жанайқайына селт етпеген Парламент керісінше бұл тармақты еш өзгертпестен 1995 жылы жаңадан қабылданған Конституциямызға тағы да үн-түнсіз енгізді де жіберді. «Әттең, әттең…» деп шаң қауып, бармақтарын шайнап, күйіп-піскен ел азаматтары мен тіл жанашырларының ұсынысы далада қалды.

Осылайша, жоғары жақтағы билік өкілдерінің жанашырлық танытпауының кесірінен мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі орыс тілінің көлеңкесінен шыға алмай, қосақталған күйі қала берді. Оның соңы қазақ тілін жақтаушылар мен орыс тілін жақтаушылардың арасындағы бітпес айтыс-тартысқа, бірін-бірі жек көрушілікке алып келді. Ол ол ма, кезінде тағдыр тауқыметімен қолтығымызға тығылып, нанымызды жеп, суымызды ішіп келген кейбіреулер орыс тілінде жауап бермегені үшін қазақ тілділерді заң орнына беріп, айыптай бастады. Тіпті, кешегі өткен құрылтайда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев қоғам қайраткері, тіл жанашыры, белгілі ақын Мұхтар Шахановтың көп жылғы қоғамдық қызметін жоғары бағалап «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын бергеніне бәріміз куәміз. Оның ұлтжандылығы, тілге деген құрметі кез келген «мен қазақпын» деп жүрген жанға үлгі болуы керек. Базбіреулер сол сәтте «соншама М.Шахановтың ел-жұртына қандай еңбегі бар?» деп осқырынып қарағанын да көрдік. Ол білместіктен, ой таяздығынан туындаған ой-пікір. Ал енді халықтың осыншама құрметіне лайық Мұхтар Шаханов кім еді? – деген сұраққа өз білгенімізше жауап берейік. Ол, ең әуелі, үлкен жүректі талантты ақын, түркітілдес халықтар арасындағы «Ең үздік әлем ақыны» сыйлығының иегері демекпіз. Оның есімі Біріккен Ұлттар Ұйымының Алтын кітабына жазылған. Нобель сыйлығының 100 жылдығына орай тағайындалған Нобельдің алтын медалінің иегері. Екіншіден, ол елін ерекше сүйген ірі қоғам қайраткері. Осы жерде қазақтың ұлттық мүддесін қорғау жолындағы жасаған төрт ерлігін атап айтуымыз керек!
Біз, қазақ халқы, үш ғасыр бойы әуелі патшалық Ресейдің боданында тұншығып, соңғы жетпіс жылда Кеңес Одағының солақай саясатының құрбаны болдық. 1986 жылы желтоқсан айында жастардың Алматы қаласындағы орталық алаңдағы бас көтеруін билік «қазақ ұлтшылдығы» деп аяусыз қантөгіспен басты. Араға екі жыл салып, 1988 жылы маусым айында КСРО Жоғарғы Кеңесінің сессиясында сол кездегі депутат Мұхтар Шаханов «Аралдың тағдыры туралы айтамын» деп, Бас хатшы Горбачевті көндіріп, Мәскеудің биік трибунасынан осы Желтоқсан оқиғасына саяси баға беру туралы мәселе көтерді. Сөйтіп, «Қазақ ұлтшылдығы» деген биліктің жалған айыптауларын алып тастатуға бар күш-жігерін салды. Бұл оның бірінші ерлігі.

Екінші ерлігі – 1989 жылы 22 қыркүйекте Қазақ КСРО Жоғарғы Кеңесінің сессиясында екі тілге, яғни орыс пен қазақ тіліне бірдей мемлекеттік мәртебе беру туралы ұсыныс қабылданып бара жатқан сәтте мінбеге атып шығып, мемлекеттік тіл тек қазақ тілі болуы үшін қайта дауысқа салдырады да, көп дауыспен жеңіске жетеді.

Үшінші ерлігі – 1988 жылы Колбинге хат жазып, Наурыз мерекесін қазаққа қайтару үшін соған Горбачевтен рұқсат алып беруді сұраған. Ақыры сол кезде 62 жыл бойы тоқтап қалған Наурыз мерекесі Қазақстанда алғаш рет тойланды. Әрине, ол сапта тек М.Шаханов қана емес, қазақтың біртуар азаматы Өзбекәлі Жәнібековтің де еңбегі зор болды.

Төртінші ерлігі – «қазақстандық ұлт» туралы. Шаханов қазақ патриоттарын ертіп, бір ай бойы аштық жарияламақшы болған соң, бұл мәселенің де беті қайтты. Міне, бір кездері Мұхаңның жоғарыда аталған төрт ерлігін көре алмай, алып-қашпа әңгіме айтушыларға айтылар жауап осы! Оның ұлттық мәселеге келгенде ештеңеден аянары жоқ! Енді басын бәйгеге тігіп, шындық үшін шырылдап жүрген ақынның қажыр-қайратын «пыш-пыш» әңгіме таратып жүрген дұшпандарының өзі мойындамасқа амалы жоқ.
Мұндай үлкен қадамға баруы оның азаматтығы, Отан алдындағы борышы, ұлты мен халқының алдындағы парызы десек, ал ақындығы оны әлемнің шырқау биігіне көтерді. Тамаша жазушы, қоғам қайраткері Шыңғыс Айтматов: «Нақ осындай заңды деңгейдегі ақын (Шаханов) XX ғасыр мен XXI ғасыр аралығында бой көрсетті», деп жазды. Ал КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Евгений Евтушенко: «Мұхтар Шаханов осы өмірінде үш адамның ғұмырына жетерлік атақ пен даңққа бөленді және ол оған лайық та!», деп жоғары бағалады. Ал Халық жазушысы Ғабит Мүсірепов: «Мұхтар Шахановтың «Жұбайлар жыры» атты әні осы дәуірдегі қазақ әндерінің бір классикасы» деп, оның сазгерлігін де жоғары бағалаған болатын.

Көрнекті ақын, қоғам қайраткері Шахановтың тағы бір қыры: «Отан – біздің ең үлкен анамыз. Әркім өз анасына сіңірген еңбегі үшін құрмет дәметпеуі керек», – деген ұстанымына берік жан.
Алайда ақын шетел сыйлықтарын қабылдайды. Шаханов 22 мемлекеттің ғылым докторы, профессоры, академигі, 40-тан аса Қазақстан қалалары мен аудандарының, 20-дан аса Жапония, Америка, Англия, Түркия, Ресей, тағы басқа мемлекеттердегі қалалардың «Құрметті азаматы» атанған. Оған қоса 10-нан аса елдің басшылары, жазушылары, қоғам қайраткерлері оның шығармашылық, ақындық қуатын аса жоғары бағалаған. Олардың ішінде Горбачев, Ельцин, Айтматов, Ғамзатовтар және тағы басқа тұлғалар бар.

Қазақтың жұлдызы туып, сібірлеп жаңа таңы атып келе жатқанында, енді-енді ел болып қалыптасып келе жатқанымызда: «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады» – деп жазды қазақ ойшылы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов. Мұны неге айтып отырмыз? Өйткені күні бүгінге дейін тілге қатысты күрес тоқтаусыз, толас таппай келеді. Өйткені тіл – қарым-қатынас құралы. Өмірдің мәні. Тіл – тәуелсіздіктің айқын белгісі. Тіл – ұлттың жаны.
Осы ойларды ой-санамыздан өткізе отырып, халық ретінде, ел ретінде жер бетінен жоқ болып кеткен әлемде қанша халық бар екен деген ойға келесің. Өйткені сөз жоқ бір ақиқат бар: үстем тіл ұсақ халықтың тілін жұтып қояды. Алысқа бармай-ақ. КСРО-ның құрамында болған Солтүстік аймақтардың ежелгі тұрғындары, халқы (ненецтер, тывалар, хакастар, шорлар, хантылар, мансилер, коряктар, эвендер, эвенкілер, долгандар, юкагирлер, ительмендер, чукчалар және басқа да ұлттар) не болды? Ата салт-дәстүрлері қайда қалды? Тіпті, аты-жөндері де «ұлы ұлттың» жетегінде кетпеді ме? Көп тілдер осылай жойылған және солай бола береді де. Ағылшынның атақты профессоры Д.Кристал деген азамат 1987 жылы «Тілдердің Кембридж энциклопедиясын», 1995 жылы «Ағылшын тілінің Кембридж энциклопедиясын» шығарған. Ал 1997 жылы «Ағылшын тілі – әлемдік тіл» деген еңбегі жарық көрді. Пайдалы және жанайқайға толы еңбек десе де болады. Неге жанайқай дерсіз? Д.Кристалдың дәлелінше, әлемдегі 6 мыңнан астам тілдің 600-іне ғана жойылу қаупі төнбейді екен. Ғалымның айтуына қарағанда, үстіміздегі ғасырдың соңына қарай әлемде қазір қолданыста жүрген негізгі тілдер ғана қалатын көрінеді. Ал тілдің жойылуы, бұл бүтін бір ұлттың жер бетінен жоғалуы деген сөз. Өлі тіл дегенде бүкіл ғалымдар әлем тарихында орын алған бір оқиғаны тілге жиі тиек етеді. Өткен ғасырдың соңында Камерун елінің Адамавия өлкесінде касаба тілінде сөйлейтін ең соңғы азамат өлді. Сөйтіп, касаба тілі өлі тіл ретінде тарих қойнауына кетті.

Расында да, ешкім сөйлемейтін тіл өлі тіл болатыны ақиқат. Қазіргі уақытта әлемде 6300-ден аса тіл бар екендігі айтылады. Бірақ ең жанауыртатыны, осы 6300 тілдің жартысы ХХI ғасыр соңына дейін өледі. Шын мәнінде, жан шошырлық мәлімет. Тағы бір дерек, 1992 жылы Кавказ аймағындағы обух тілінде сөйлейтін ең соңғы адам өлді.

Ақиқаты – тілің өлмес үшін сөйлеу керек. Сөйлейтін ұрпақты көбейту қажет. Сонда ғана Д.Кристал келтіріп отырған қауіптен ада боласыз. Ал адам баласы өзінің тілінде сөйлеу үшін қажеттілік және рух пен намыс, жігер қажет! Қазақ – ананың тілі деп айтқан. Өйткені баланың дамуы, сөйлеуі ең алдымен анаға, әкеге байланысты. Жер бетінен жойылып кетпес үшін жанашырлық тірлік керек, тіл үшін күрес өмір бойы толас таппайды. Мысалы, өлген тілдің бірі – иврит тілі. Ал еврейлер өздерінің ана тілін қалай тірілтті? Саяси күрескер, қайраткер азамат Сағат Жүсіп бұл туралы былай деп жазады: «1947 жылы ғана құрылған Израиль елінің әлемде жасаған таңғаларлық ғажайыбы бар. Бұл, әрине иврит тілі. 2000 жыл бойы ұмытылып келген, екі мың жыл бойы ешкім сөйлемей келген тіл. Міне, сол тілді еврейлер екі мың жылдан соң сөйлетті. Қалай дейсіз ғой. Еврейлердің ауыз бірлігі, мемлекетшілдігі арқасында! Израильдің еврейлері үш құрлықтың 70-80 елінен жиналған. Олар қазіргі мекеніне келген кезде түрі мен түстері неше түрлі болғанына, неше түрлі тілде сөйлегендеріне қарамастан бірден иврит тілін мойындап күмәнсіз қабылдады. Соның арқасында бар болғаны 20-30 жылда 2 мың жыл бұрын өлген тілді тірілтіп, мемлекеттік тілге айналдырды». Міне, тілге деген жанашырлық осындай ұлы істен басталады. Ал бізде ана тіліміздің халі мүшкіл болып бара жатқаны жайлы тіл жанашырлары дабыл қағуда. Бірақ көңіл толар, ауыз толтырып айтар іс жоқ. Өкініштісі, барлығы «баяғы жартас, сол жартас» күйінде қалып отыр.
«Қазақ мемлекеті аман тұрғанда, қазақ тілі жасай береді. Бұған ешқандай күмән болмауы керек. Біздің елде ұлтына, тіліне бола ешбір азаматтың құқы шектелмеуге тиіс. Әйтпесе, қоғамда жанжал тууы мүмкін. Ел ішіне іріткі түскенін қалайтындар осыны тілеп отыр. Сондықтан тіл мәселесі бойынша бәріміз ұстамдылық танытуымыз керек деп ойлаймын. Әйтпесе, бұл сырт көзге ұлтымыздың өз болашағына деген сенімсіздігі, тіпті, әлсіздігі сияқты көрінеді. Баршамыз тілге құрметімізді құр сөзбен емес, нақты іспен көрсетуіміз керек. Әсіре радикалдық іс-шараларға, мысалы, тіл патрульдеріне жол бермеуіміз қажет. Олар – нағыз арандатушылар, өзге елдердің мүддесіне қызмет етеді.
Ғылым, оқу-ағарту жүйесінде маңызды өзгерістер, тіпті ауқымды реформалар керек. Қазақ тілі ғылымның, техниканың, бизнестің тілі болуына үлес қосайық», – деп халықты сабырлыққа шақырды. Ұлытауда өткен басқосуда мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Онысы дұрыс та. Барлығын бірден кесіп, алып тастау да жақсылыққа апармайды. Ол да есте болу керек.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымының докторы, профессор,

Нью-Йорк академиясының мүшесі,

Жамбыл облысының Құрметті азаматы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support