- Advertisement -

Жаңа көзқарас жас мамандарды шыңдайды

42

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқаруға жаңа көзқарас қалыптастырып, жаңа жүйе түзу мәселесіне айрықша мән беріп келеді. Бұл тұрғыда Президент Қазақстан халқына Жолдауында: «Ең алдымен, мемлекеттік басқаруға, кадр саясатына, шешім қабылдау жүйесіне және оларды орындау жауапкершілігіне деген көзқарасты өзгертуден бастауымыз керек» деп атап өткен болатын. Шынын айту керек, бұл салада тәуелсіздік алғалы талай нәтижелі реформалар жасалып, игілікті істер атқарылды. Мемлекетті басқарудың жаңа буыны өсіп, тәуелсіздігіміздің қуаттануына көптеген мемлекеттік қызметкерлер өздерінің лайықты үлестерін қосты. Оны бүгінгі мемлекеттік қызмет саласындағы алға ілгерілеушіліктен де аңғаруға болады.

Қазіргі кезде мемлекеттік қызметке келуге ниетті жас талапкерлерге де мейлінше жол ашылып, олардың шетелдің оқу орындарында білім алуына жағдай жасалып отыр. Тек «Болашақ» бағдарламасымен білім алғандар саны бүгінде 12 мыңнан асады екен. Әлбетте, олардың бәрі мемлекеттік қызметке келу керек деген ойдан аулақпыз. Маңыздысы – қай салада болсын жақсы маман болуда. Мемлекеттік қызмет беделін көтеретін көптеген шара жүзеге асырылды. Президент жанынан Мемлекеттік басқару академиясы құрылды. Арнайы заңдар қабылданды. Осының барлығы жоғарыда аталған қызметті күннен күнге жақсартуға бағытталғанын айта кеткен жөн.
Бір қарағанда мемлекеттік қызметкер кәдімгі қатардағы адам болғанымен, оның атқаратын қызмет өкілеттігі ерекше – халыққа, қоғамға қажет қызмет. Сондықтан да оның мәртебесі бөлек. Бұл оның өзгеден ерекше емес, керісінше халқына қызмет ету сеніміне ие болған тұлға екендігін көрсетеді. Ел арасында жиі қолданылатын «Әкім бол – халқыңа жақын бол» деген сөз де тектен-текке айтылмаса керек. Мемлекеттік қызметкерге халықтың жоғын түгендеп, мұңына құлақ асып, өз өкілеттігі аясында мәселе шешу, жұмысты ұйымдастыру құзыреті берілген. Өз құзыреті жетпеген жерде елдің мұқтажын биліктің құзырлы орындарына жеткізіп, шешілу жолдарын қарастыру – лауазымды мемлекеттік қызметкерлердің абыройлы міндеті саналады. Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» ұстанымы да осындай жұмыс процесін көздесе керек-ті.

Президентіміздің өзі «Бізге жаңа кадрлар, яғни кәсіби білікті, озық ойлы және бастамашыл мамандар аса қажет. Мемлекеттік қызмет қол жетпейтін жабық кастаға айналмауға тиіс» деп, мемлекеттік қызметтің ашықтығына үлкен мән беріп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы іс жүзінде орындалуы үшін бейімді адамдарды, әсіресе жастарды іріктеп, таңдап, мейлінше отандық, мемлекетшілдік мектептен өткізуді жолға қоя алсақ, мемлекеттік қызметкерлердің деңгейін жаңа сатыға көтеру арқылы, жалпы мемлекеттік қызметтің сапасына да, беделіне де жаңа мазмұн бере алар едік. Қалай десек те, бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар ерекше екпін алып, нақты іс-шаралардың жолға қойыла бастағаны көңіл қуантады.

Кейінгі жылдары мемлекеттік қызметке қатысты бірқатар заңдарға өзгерістер енгізілуде. Мәселен, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңында қызметтік әдепке қатысты ереже айтарлықтай күшейді. Аталған заңға мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтар туралы түсініктеме енгізілді. Мемлекеттік қызметші мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасаған жағдайда, оған тәртіптік шараның мемлекеттік қызметтен шығару түріндегі және мемлекеттік қызметке қайта қабылдамау түріндегі тәртіптік шарасы қолданылатын болады. Әдеп кодексінің мазмұнды бөлігі де мемлекеттік қызметті алып жүру қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру деген ұстанымға негізделген. Мемлекеттік қызметшілердің ең негізгі міндеті – халыққа сапалы мемлекеттік қызмет көрсетіп, олардың көңілінен шығу. Сол себепті, мемлекеттік қызметші әрқашан мемлекет көрсететін қызмет сапасын жетілдіруге бағытталған шаралар қабылдап отыруы тиіс.
Мемлекет басшысы Жаңа Қазақстанды құруда тек білімді, білікті, жаңа заманның талаптарын түсініп, мемлекеттің абыройын көтеріп, еңбек ете алатын адамдарға, оң өзгерістерге бетбұрыс жасайтын реформаларға жол бастады. Біз де өз кезегімізде бұл бастаманы мейлінше құптап, жан-жақты қолдауымыз қажет. Сонда ғана мемлекетшіл, отаншыл, ел қамы үшін тер төгетін азаматтар мемлекеттік қызметке келіп, еліміздің өркендеуіне қызмет етеді.

Шерхан Әбілханұлы,
облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының бас маманы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support