- Advertisement -

Бәрі жақсы болса, неге ата-аналар балаларын жеке орталықтарға береді?

61

- Advertisement -

Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды сапалы біліммен қамту – күн тәртібінде тұрған негізгі міндеттердің бірі. Бұл мәселе облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде де қаралды. Сонымен бірге аппарат кеңесінде тұрақты талқыланып келе жатқан – халықпен кері байланыс орнату мәселесі де назардан тыс қалмады. Ол бойынша облыс әкімінің кеңесшісі Нұрмухаммед Ниязбеков баяндады.

Оның айтуынша, кері байланыс аясында облыс тұрғындары тарапынан үш сұрақ түскен. Атап айтсақ, Меркі ауданындағы Сармолдаев ауылдық округінде ауыл тұрғындарына берілген баспананың сапасы төмен болып шықса, Шу ауданындағы №49 бастауыш мектептің тозығы жеткен. Ал Тараз қаласына қарасты Шалғай Қарасу шағын ауданының тұрғындары №55 бағытта қатынайтын автобус жолында аялдамалардың және жол белгілерінің орнатылмағанын айтып, шағым түсірген.

Бұдан кейін облыс әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Данияр Асқарұлы мен «Жамбыл облысы бірыңғай диспетчерлік қызметі» КММ-ның басшысы Бақкелді Тұрсынбектің есептері тыңдалды.
Келесі кезекте мүмкіндігі шектеулі балаларды ерте анықтау, сүйемелдеу, біліммен және тәрбиемен қамту мәселесі қаралды. Инклюзивті білім беру туралы облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Айдын Досыбаева баяндады. Оның айтуынша, облыста аталған санаттағы балалардың тең құқылы білім алуы мен тәрбиеленуін қамтамасыз ету мақсатында жол картасы дайындалған. Онымен білім, денсаулық сақтау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары айналысуда. Биылғы оқу жылында ерекше білім алуды қажет ететін 7898 бала анықталса, оның 2786-сы, яғни 35,2 пайызының мүгедектігі бар.

– Бүгінде ерекше білім алуды қажет ететін 7898 баланың 3463-і мектеп жасына дейінгі, 4435-і мектеп жасындағы балалар. Оның 6403-і (81%) білім және тәрбиемен қамтылған. Мектепке дейінгі мекемелерде 2320 балдырған тәрбиеленуде. Жалпы білім беретін мектептер бойынша ерекше қажеттілігі бар балалар саны – 3914. Техникалық және кәсіптік колледждерде 169 студент кәсіптік білім алуда. Үйден оқитын балалар саны оқу жылының аяғында 535-ке артып, 2372-ні құрады, – деді ол.
Бүгінгі таңда облыстағы 444 жалпы білім беретін мектептердің 392-сінде, 431 мектепке дейінгі мекемелердің 251-інде, оның ішінде мемлекеттік 225 балабақшаның 180-інде инклюзивті тәрбие беру үшін жағдай жасалған. Соңғы екі жылда 4239 бала түзету-оңалту көмектерін алған. Ерекше қажеттілігі бар балаларды әлеуметтік бейімдеу мақсатында облыстың білім беру ұйымдарында 2018-2021 жылдар аралығында «Дара», «Қамқорлық», «Болашақ», т.б. республикалық қайырымдылық қорларының қолдауымен 5 ресурстық және инклюзивті қолдау кабинеттері ашылыпты. Сондай-ақ «Асыл Мирас» қорының қолдауымен Тараз қаласында 300 орындық Аутизм орталығы ашылып, материалдық-техникалық базасы жабдықталған. Қазіргі таңда аталған орталықта 175 бала түзету-оңалту көмектерін алуда.

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов көрсетіп жатқан қызмет сапасының төмендігінен көптеген ата-ана балаларын жеке орталықтарға беріп жатқанын тілге тиек етіп, бұл жұмысты басқарма жолға қою үшін не шара қабылдағалы отырғанын сұрады. Осы және басқа да аймақ басшысы тарапынан қойылған сұрақтарға білім басқармасы тарапынан нақты, тұшымды жауап қайтарылмады.
– Баяндама бар болғаны саннан тұратын құр статистикаға құрылған. Нақты атқарылып жатқан жұмысты көре алмай отырмыз. Мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі балалардың жақсы білім және тәрбие алуына, ем қабылдауына қаржы бөлінуде. Бірақ орталықтардың жұмысы көңілге қонымсыз болып тұр. Бәрі жақсы болса, онда неге ата-аналар балаларын жеке орталықтарға бергенді жөн көреді? Неге нәтиже жоқ? Бұл жұмысты қалай жақсартамыз? Кім айтады? – деді аймақ басшысы.
Сөйтіп, аймақ басшысы әрбір орталық басшысын жеке-жеке тұрғызып, мәселенің шешімін табуға тырысты. Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды өз орталықтарына тартуға келгенде мекеме басшылары әртүрлі мәселенің барын, соның бірі – маман тапшылығы екенін жасырмады. Оңай сылтаудың бірі «ата-аналар өзі балаларын қай орталыққа берем десе де өздері біледі» деген жауап болды. Бірақ облыс әкімі бұл мәселе төңірегінде басқармаға қойған бір сұрағына нақты жауап ала алмады.
Осы тақырып аясында облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов пен облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің есебі тыңдалды.
Аймақ басшысы жиын қорытындысында күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша жұмысты жандандыруды тиісті басқармалар мен қала және аудан әкімдеріне жүктеп, тапсырмалар берді.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support