- Advertisement -

«Біз Шәкен ата ауылынан боламыз…»

45

- Advertisement -

Біз ауылға кіргенде уақыт күндізгі сағат ондар шамасы болатын. Бұл сәтте қала халқы таңғы ұйқысынан тұрып, енді-енді жұмысқа кірісіп жатса, ауылда тіршілік қызып сала береді. Ұясынан енді шыққан күнмен таласып оянған ауыл халқы тіпті бұл кезді сәске деп атап, бір ауық дамылдайды да.

Ондаған жылдар бойына Бесжылдық аталып келген бұл ауыл былтырдан бері көк Туымыздың авторы Шәкен Ниязбековтің атында. 1938 жылы Жамбыл ауданының Бесжылдық ауылында өмірге келген қайраткердің есімі былтыр өзі туған ауылға берілген болатын.

Ауыл – азаматымен, адамдарымен, сол адамдардың қым-қуыт тірлігімен ажарлы. Бірлігі жарасып, берекесі артқан ауылдың тіршілігі түзу екені сонадайдан көзге ұрып тұрды. Кіре беріске орнатылған қақпаның маңында өріп жүрген малға бірден көз түсті. Қазақы ауылдың берекесі осы емес пе?! Жайылып жүрген мал қоңды көрінді.

Ауыл ішіндегі көшелердің түгелдей асфальтталып, толықтай газ бен су кіріп тұрғаны тұрғындардың әлеуметтік тұрмысы басқаларға қарағанда әлдеқайда көш ілгері екенін байқатты. Ауылдың дәл іргесінен қиып өтіп, жайылымға қарай тартылған каналдан толқи аққан тіршілік нәрі диқандардың, егістіктің аңқасын кептірмесі анық.

Өткен жылы Талғат Тұрлыбай және Инаят Қырықбаев есімді азаматтардың ауылдағы футбол алаңына түнгі уақытта да халықтың спортпен тұрақты шұғылдануы үшін құны 2 миллион теңге тұратын жарық шамдарын орнатуға демеушілік жасағанын естіген едік. Осы алаңды ауыл тұрғындары бүгінде игілігіне қалай жаратып жатқаны қызық еді. Сол себепті ең бірінші футбол алаңшасына бардық. Доп теуіп жүрген балалар байқалмады. Бірақ, алаңшаның бір шетінде балмұздақ жеп, тынығып отырған балақайларды көз шалды. Жандарына жақындап барып жөн сұрадым. «Жігіттер, осы ауылдың балалары боласыңдар ма? Бұл қай ауыл? Басқа жақтан келген едім, ауыл туралы айтып беріңдерші» деп өтіндім. Өздерін Ерхан, Елдос және Айдос деп таныстырған балалардың туған ауылдары туралы білетіндері көп екен. Ең бастысы, үшеуі жарыса бұл ауыл Шәкен Ниязбеков атында екенін зор мақтанышпен жеткізді. «Ауылымыз күшті, рахат. Мектебіміз де үздік!» деп саңқылдап тұрды ең кіші балақай. Өз ауылын мақтан тұтар бұл балалар Шәкен аталары сияқты ел мақтан ететін азаматтар болары сөзсіз, ауылда шынайы патриоттар өсіп жатыр екен деген ой түйдім.

Балалар айтқан үздік мектепті көрмей кетуге әсте болмас! Әр ауылдың тірегі осы білім ошақтары ғой. Балалар да сонда, барлық жиынның өтетін жері, ауыл тұрғындары бас қосатын орны да осы құтты шаңырақ. Айтқандай-ақ, біз келгенде мектепте тіршілік қызу екен. Білім ошағының спорт залы мен ауласын, кабинеттерін жазғы лагерьге шыққан балалар шат-шадыман күйге бөлеп, рахаттанып ойнап жүр. Кабинеттерде топ-топ болып дамыту ойындарын ойнап, аулада сергіту жаттығуларын жасап жатқан оқушылар тәрбиешілердің бақылауынан тасада қалған емес. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мөлдір Мамбетиярова жазғы мектеп пен лагерь жайлы толыққанды ақпарат беріп үлгерді.

Ең бастысы, бұл ауылдың қариялары белсенді, әркез ауылдың жоғын жоқтап, керегін түгендеп жүретіні, қашанда қоғам игілігі үшін білек сыбана іске кірісіп кететіні байқалды. Мектеп ауласында ұшырасқан зейнеткерлер, бұрын осы мектепте бірі директор, енді бірі ұстаз болған азаматтар Амантай Байтөреев, Шаяхмет Болысбеков, Жолшыбай Абаевтың әңгімесінен, сөз саптауынан оны анық аңғаруға болар еді. Мектептің қазіргі директоры Алихан Дуанаевпен кеңес құрып, ауылдың бүгінгі ахуалын бажайлап жүрген қариялардың тірлігі, әлбетте кейінгі жастарға үлгі. Ол кісілердің «Басқа ауылдарда жастар қалаға қоныс аударып, кетіп жатса, біздің ауылдағы жастарды қалаға қусаң да кетпейді. Малы бар, егіні бар, астында көлігі бар. Қалаға керек кезде зуылдап барып-келеді», деген сөздерінің жаны бар. Зәулім етіп үй салып, жағдайларын мейлінше жақсартып жатқан жастардың да, оларға бас болып отырған ақсақалдардың да ісі жан семіртеді.

Ауыл халқының ауызбіршілігіне, түзу тіршілігіне куә болып, ендігі беттегеніміз, ең басты нысанымыз – «Ту тұғыр» ескерткіші еді. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің ауылға кіреберісіне орнатылған ескерткіш алыстан менмұндалайды. Биіктігі 24 метрді құрайтын, аумағы 0,14 гектар жерді алып жатқан кешен адам бойында еріксіз мақтаныш сезімін оятады.

Жомарт Қонысбаевтың авторлығымен жасалған жоба мемлекет меншігінде екен.

– Егемендігіміздің 30 жылдығы қарсаңында ауыл атын ауыстыру туралы бастама көтеріліп, тұрғындар тарапынан қолдау тапты. Бірақ «Қандай атау лайықты?» деген сауал тұрды сол сәтте. Ойлана келе, «Шәкен Ниязбековтің есімін неге бермеске» деген байламға келдік. Себебі, ол осы ауылдың тумасы, көзінің тірісінде өзі де бірнеше мәрте осында атбасын бұрған болатын. Бұған ауылдастар қарсылық көрсетпей, тек қолдау білдірді. Ту тұғырды орнатар кезде де тұрғындар ұйымшылдықпен атсалысып, басы-қасында өздері жүрді. Төрткүл дүниенің төрт бұрышында жерұйық мекен Қазақстанның даңқының дүбірі естіліп, бабалар көзіндей көк Байрағымыз көтерілер болса, онда терең ойлы суреткер Шәкен Ниязбековтің қолтаңбасы бар. Сондықтан оның жерлесіміз болғаны – біз үшін зор мақтаныш. Оның есімі тек жерлестерінің ғана емес, барша қазақстандықтардың жүрегінде сақтаулы, – дейді ауыл биі Қонысбай Жақсылықов.

Туды тұғырға қондырып, ауызбіршілігін нығайтып, тіршілігін тіктеп отырған ауылдың болашағы зор деген байлам жасап, кері қайттық. Шәкен Ниязбековтің есімін бұл ауылдың азаматтары әлі талай ұлықтайтынына еш күмән жоқ!

Маржан РАҚАЙ.

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support