- Advertisement -

13 елді мекенде өрт сөндіру бекеті құрылады

120

- Advertisement -

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық төтенше жағдай департаменті басшысының орынбасары, полковник Мақсат Қосыбаев, мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Мақсат Әкімбаев және Азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Руслан Шариев 2022 жылдың 1-тоқсанында атқарылған жұмыс қорытындысы туралы баяндама жасады.

Мемлекеттік өрт бақылау саласы бойынша облыс аумағында 13680 нысан есепке алынып, 2257-сі өрт қауіпсіздігі саласындағы жоғары қатер тобына, ал 11423 маңыздылығы шамалы қатер тобына жатқызылған. 2022 жылы 3 айда жүргізілген тексерулердің қорытындысы бойынша 476 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның ішінде ескерту түрінде 281, ал 195 тұлға 7 014 270 теңге көлемінде айыппұл төлеген. Биыл облыс бойынша өрттің 105 оқиғасы тіркелді. Салдарынан 3 адам жарақат алып, 1 адам қаза тапқан.

Өңірде өрт бақылау саласы бойынша бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл туралы Мақсат Қосыбаев баяндады. Айтуынша, азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері «ҚазТрансГазАймақ» АҚ филиалы, еріктілер және жергілікті полиция қызметінің өкілдері тұрғын үйлерді аралап, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Облыс аумағындағы екі мыңнан астам халқы бар шалғай орналасқан 36 елді мекенде өрт бекеті құрылуы тиіс. Соңғы жылдары облыста 12 өрт сөндіру бекеті құрылып қызмет атқаруда. Өңірді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарлама жоспарына 13 елді мекенде өрт сөндіру бекеттерін құру жұмысы енгізілді.

Сонымен қатар азаматтық қорғаныс саласы бойынша 201 тыңдаушы, оның ішінде басшы құрамынан республикалық курстарда – 19, төтенше жағдайлар саласымен байланысты департаменттің базасында 182 адам оқытылды. Экономика нысандарында 891 сейсмо және авариялық жағдайлар бойынша кешенді оқу жаттығулары мен машықтанулар өткізілді.

Төтенше жағдай департаментінің көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары туралы айтатын болсақ, қазіргі уақытта өңір өзендерінде су деңгейі тұрақты. Су тасқыны қаупі байқалмайды. Бұл кезеңді апатсыз режимде өткізу мақсатында, іс-шаралар жоспарына сәйкес бірқатар жұмыстар атқарылып, ғарыштық мониторинг күнделікті жүргізілуде. Аймақта 157 гидротехникалық құрылғылары бар. Ірі су қоймаларының сыйымдылығы мен жұмысына әрдайым бақылау жүргізілуде. Сондай-ақ гидротехникалық құрылғылардың техникалық жағдайын зерделеу жұмыстары әрдайым жүргізіліп тиісті шаралар қабылдануда.

Баспасөз мәслихаты барысында Мақсат Әкімбаевтың өртке қауіпті кезеңіне дайындығы туралы баяндамасы да тыңдалды. Айтуынша, облыс аумағында ғарыштық мониторинг жүргізуге 2022 жылы облыс бюджетінен 5 млн. 830 мың теңге бөлінген. Ағымдағы жылдың 1 мамырынан бастап орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлері күніне 3 рет облыстың мемлекеттік орман қоры аумағын жалпы көлемі 3,048 млн.гектар «Қазавиаорманқорғау» РМҚК авиатехникасымен ұшу арқылы әуеден күзету жұмыстарын жүргізетін болады. «Қазавиақұтқару» АҚ авиатехникасымен облыс аумағындағы өрт қауіпті учаскелерді аралап шығу және олардың өртке қарсы жағдайына мониторинг жүргізу үшін 49 млн. 478 мың теңге, ал орман қорының аумағын өрттен қорғау жұмыстарына 86 млн. теңге бөлінген.

Сонымен қатар аймақтың ауылдық округтерінде жеке құрамы 2128 адамнан тұратын 165 ерікті өртке қарсы құрылымдар құрылды. Олар 508 трактор, 49 су тасушы техника және 88 өрт сөндіру мотопомпамен және 175 ранецті өрт сөндіргішпен жабдықталды.

Табиғи өрттердің алдын алу мақсатында төтенше жағдай бөлімдері, жергілікті полиция қызметі және жергілікті атқарушы органдар жеке құрамының күшімен жалпы саны 82 адамнан тұратын 16 бірлескен мобильді топ құрылып, далалық алқаптарда өрт қауіпсіздікті сақтау және бақыланбайтын ауылшаруашылық өртеулерді алдын алу жөнінде 36 рейд жүргізілді. Рейд жұмыстарының қорытындысы бойынша құрғақ шөптерді және қалдықтарды жағуға жол берген 27 жеке тұлға заң талабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 8 тұлға ескерту түріндегі, 19 тұлғаға жалпы сомасы 260 мың 355 теңге, ал ормандағы өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 7 орман шаруашылығы мекемелерінің лауазымды тұлғаcына 321 мың 615 теңге айыппұл салынды.
Төтенше жағдай департаментінің мамандары алда келе жатқан шомылу маусымы туралы да айтты. Руслан Шариевтің мәлімдеуінше, былтыр шомылу маусымында 3 оқиға тіркеліп, 4 адам қайтыс болды, оның ішінде 2 бала. Өлімінің басты себебі – ересектердің балаларды қараусыз қалдыруы, жабдықталмаған және тыйым салынған орындарда шомылу. Сондай-ақ балық аулау кезінде және мас күйде шомылу. Ал биыл Талас ауданындағы «Жартас» су қоймасынан дұрыс емес жерден өтіп, абайсызда суға құлап, батып кеткен 1 адамның денесі табылған.

Қазіргі таңда аймақта шомылуға қауіпті орындарда судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында су айдындарының демалу және шомылуға қауіпті, жабдықталмаған учаскелерінде «Қауіпті аймақ», «Шомылуға тыйым салынған» және тағы басқа тақырыпта 200-ден астам ескертетін, тыйым салатын белгілер және 45 ақпараттық стенділер орнатылған. Сондай-ақ су қоймасы мен өзен бойында соңғы 5 жыл аралығында суға бату қайғылы оқиғалары туралы қосымша ақпараттар ілініпті.

Сонымен қатар маусым айынан бастап жергілікті атқарушы органдар, облыстық төтенше жағдай және полиция департаменті қызметкерлерімен бірлесе, көпшілік жаппай демалатын және шомылуға қауіпті, рұқсат етілмеген орындарда рейдтер мен түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.

Айтолқын КЕНЖЕБЕКОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support