- Advertisement -

ТІЛ МӘСЕЛЕСІ – ЕЛ МӘСЕЛЕСІ

62

- Advertisement -

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Президенті Берік Әбдіғалиұлы өңірдегі сапары барысында бірнеше мекемеде болып, бірқатар келелі кездесулер өткізді.

Ең алдымен Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы N45 мектеп гимназиясы ұжымымен кездесіп, ұстаздардың мәселесімен танысты. Депутат осы мектептің 1988 жылғы түлегі. Әсіресе Мәжіліс депутатын оның сынып жетекшісі Айман Садыққызының қарсы алуы, ұстаз бен шәкірттің жылы жүздесуі көпшілікті ерекше әсерге бөледі.

Аталған мектептің директоры Фарида Шортанбекова білім ошағы бүгінде еліміздегі ең үздік 10 мектептің қатарында екенін жеткізді. Ұстаздар мен оқушылармен кездесіп, емін-еркін пікір алмасқан депутат олардың өтініштері мен ұсыныстарына құлақ асты. Оқушылар болашақта меңгеретін мамандықтары, сол мамандықты таңдау төңірегінде әңгіме өрбітсе, ұстаздар білім беру саласының бірқатар түйткілдеріне тоқталды.

Сондай-ақ депутатпен кездесу барысында кеңінен талқыланған мәселенің бірі – референдум болды. Маусым күні өтетін жалпыхалықтық шараның мәні мен маңызы, оның мақсаты, ел болашағына әсері жан-жақты сараланды. Әлбетте, тіл мәселесі де шет қалмады.

– Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан астам уақыт өтсе де мемлекеттік тілдің мәселесі әлі де күрделі. Бұл бағытта мемлекет тарапынан қаншама қолдау болып жатса да кемшіліктер жоқ емес. Көшелерде сауатсыз жазылған жарнамалар, коммерциялық нысан атаулары көп. Елді мекен, көше аттары тек қазақ тілінде жазылуы керек. Қазақша атау басқа әріптерге ауыстырылмауы қажет, – деді депутат.
Берік Әбдіғалиұлы келесі кезекте облыстың зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Жамбылдық зиялы қауыммен кездесуде де алдағы референдумның мән-маңызы, Ата Заңымыздағы өзгерістер, сайлау туралы кең баяндалды. Әлбетте, халық қалаулысына ел мәселесі, тұрғындарды толғандырып жүрген түйткілдер айтылып, құлаққағыс болды. Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев зейнетақы мәселесін көтерді.

– Ең төменгі мөлшерде зейнетақы алатын жандардың ақшасына болмайтын сома ғана қосылды. Былайша айтқанда, зейнетақы әділетсіз бөлініп отыр. Жалпы зейнетақы мәселесінде көңілтолмаушылық өте көп. Сосын, карантиннен кейін ардагерлер мен мүгедек жандардың сауықтыру орындарына демалу мәселесі бәсеңсіп қалды. Осы мәселені ел астанасындағы ақ жағалыларға айта барсаңыз, – деді ардагерлер кеңесінің төрағасы. Дәл осы мәселені облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов те атап өтті.

Тіл жанашырларымен болған кездесуде қазақ тілінің келешегі, бүгінгі заң аясы, балалар мен жастардың ана тіліне деген құрметін арттыру мәселелері талқыланды. Мәжіліс депутаты еліміздегі «Қазақ тілі» қоғамдарының жұмысы туралы айтып, осы бағыттағы жобалар жайлы да жан-жақты түсіндіріп өтті.
Тараз инновациялық гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов балалардың тілін телеарналар бұзып отырғанын айтады. «Біздің балалар ютубта отыр. Ата-анасы таза қазақша сөйлейді,ал балалары – орысша… Мен осындай отбасыларды көп білемін. Балалар сол интернет, телеарналардан орысша бағдарламалар көріп, тілдері сол тілде шығуда. Сондықтан ең алдымен, интернет, телеарна мәселесін шешуіміз керек. Осыдан біраз жыл бұрын бүлдіршіндеріміз әдеби тілде сөйлей бастаған. Ол кезде интернет жоқ, арналар дұрыс еді. Қытай, Кореяда интернетке еркін кіре алмайсың, арнайы сетка қойып тастаған. Бізде де осылай жасауға болмай ма? – дейді Ерболат Саурықов.

Ал «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали бала тілінің қазақша шығуына ең алдымен ата-ана жауапты екенін айтады. Бала тәрбиелеп отырған аналармен осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың ретімен таныстырып, бірқатар жобаларды атап өтті.

Маржан РАҚАЙ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support