Көпір салып, тоған қаздырған…

17

«Адамның бәрі пайғамбар, әулие, хакім бола алмағанымен, жомарттық – осы жолға бастайтын қасиет» деген даналық сөздің мәніне терең үңілер болсаңыз, кез келген азамат ел аузында жақсы ісімен қалатынын сөзсіз аңғарасыз. Кешегі тарихта аты қалған «Атымтай жомарт» та алдына
жан салмайтын көркем мінезімен даңқы бүгінге жетіп отыр. 

Тарихта атың тек даналығыңмен, ақылыңның асып туғандығымен қалмайтынын, қайырлы ісіңмен де қалатыныңның дәлелі бұл. Кезінде Шал ақын жігіттерге айтқан өсиетінде: «Жомарттық қылған жігіттің ықыласын байқасаң, толқып соққан көлмен тең» деуі жігіттің мәрттігі бойындағы ең асыл қасиеттердің ізгісі екендігін айтып тұрғандай. Осындайда «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген халық даналығын бетке алып, қайырымды азаматтарымыздың үлгі болар істеріне алғыспен қайтарымын жасасақ, өскелең ұрпаққа өнеге сол емес пе?!

Әңгімені алыстан сермеп бастауға сеп болған жомарт азамат Болат Сексенбаевтың игілікті істерінің иіріміне бойласақ, ел бағына туған ер деуге тұрарлық. Туған жерге туын тіккен ел ағасы Шу ауданына қарасты Бөлтірік ауылының тумасы. «Ат төбеліндей болса да, атақоныс жер қымбат» деген сөздің киесін ұғынған жерлесіміз тек өзінің туған ауылына ғана емес, төңіректегі ауылдарға да септігін тигізіп келеді. «Болар жігіт он бесінде баспын дер» демекші, қырықтың қырқасына шыққанға дейін аяғына нық тұрып, өмірден өз орнын тауып, кәсіпкерліктің тізгінін ұстаған Болат Тілепбергенұлы осы жылдар ішінде халықтың қалаулысына айналып үлгерді. Жіпке тізгендей терер болсақ, шарапатты істері бір төбе. Қарапайым ауыл баласы болғаннан болар, шаруа өзенінің арғы бетіне өтуге халық тарапынан сұраныс туады. Бұл сәтте де Болат жерлесіміз елдің игілігі үшін 28 метрлік көпір орнатып береді. Жомарт жанның игі істері мұнымен шектеліп қалмақ емес. Жуырда ғана Ақсу ауылдық округіне қарасты Ақсу мен Оразалы батыр ауылдарында қараусыз қалған «Оразалы» және «Атбашы» каналдарын тазарту үшін ауыл әкімі А.Айтбай мемлекет есебіне сұраныс жолдап жатқанда Болат мырза осы аталған мәселені шешуге атсалысатынын айтып бір қуантты. Ол аталған каналдарды 1 тоннадай жанармаймен тазартып, ауыл тұрғындарының үй іргесіндегі бау-бақшасын суаруға жол ашып беріп, сауапты іс жасады. «Халықшыл болғандарда қасиет бар, тарыдай мың дәні бар басын иіп» деген аталы сөз осындай атпал азаматтарымызға қарата айтылғандай.

Сәт МӘЛІБЕКОВ, зейнеткер.
Ақсу ауылы, Шу ауданы.

Comments are closed.