- Advertisement -

АЛАШТЫҢ АБЫЗЫ – ӨНЕРДІҢ АҢЫЗЫ

82

- Advertisement -

Құрағы күмістей күліп, бұлағы сыр төккен сахаралы Сарысу топырағы өзінен түлеп ұшқан перзентіне емірене, тебірене құшақ жайды. Бұл жолы КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, аңыз адам Асанәлі Әшімов 85 жастың белесін бағындырып, туған жеріне дана бейнесіндегі бала болып, еркелеп келді.

Тұлғасының тұғырлы биіктігіне с ай сарысулықтардың да құрметі ерекше болды. Әйгілі актердің иығына шапан жауып, астына ат мінгізді. 1 мамыр күні Асанәлі Әшімов керуені «Баба түкті шашты әзиз» кесенесінде, Жайылмадағы өзі салдырған «Ысқақ Пірадар» мешітінде болды. Жайылма ауылдық мәдениет үйінде А.Әшімовтің «Жаңа ғасыр» театрының актерлері «Соңғы қоңырау» қойылымын қойды. Аңыз тұлға Асанәлі Әшімовтің қатысуымен осы ауылда барша қонақтарға ауызашар берілді.

Ертеңінде А.Әшімовтің қатысуымен «Еңбек Ерлері» монументіне гүл шоқтары қойылып, мерейтой иесінің өмір жолына арналған көрме ұйымдастырылды.

Мұнан соң аудандық мәдениет үйінде Асанәлі Әшімовтің 85 жылдығына арналып «Алаштың абызы – өнердің аңызы» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Айтысты Асанәлі Әшімов пен облыс әкімінің орынбасары Рүстем Дәулет ашып, ақындарға сәттілік тіледі. Аңыз тұлғаны құттықтай келген Талас ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек пен Сарысу ауданының әкімі Марат Сұлтанғалиевтың қатар сөз алуы ынтымақ мерекесінде жарасып тұрды. Сөз додасын қырғыз жерінде өткен халықаралық айтыстың бас жүлдегері, «Жомарт жүрек» аталымының иегері Алик Бекмұсаев жүргізді. Айтысқа Маралтай Райымбекұлы, Қайырбек Асанов, Ахметжан Өзбеков, Үміт Битенова секілді ақындар мен Оралхан Дәуіт, Біржан Сөктай, Нұрболат Әлдибек секілді ақпарат саласының үздіктері қазылық жасағанын айта кеткен жөн.

Айтыстың алғашқы жұбында өнер көрсеткен қызылордалық Нұрмат Мансұров: «Әшімовтің бір өзі – бір театр, Сарысу – бір өзі бір Қазақстан» деген салмақты шумағымен елдің ықыласына бөленді. Екінші кезекте ақтөбелік Марат Ахметовпен айтысқан жерлесіміз Нұрлыбек Құрманов Сарысу топырағын, Жаңатасты тамаша жырлады. «Сор» деген жерлеріңнен тұз шығады, Сарысудың сорында да бақ бар екен», «Мектепке Қонаевтың атын берген, Сарысу ақ ниетің қандай құнды» деп толғанды. Мұнан соң Жамбыл ауданынан келген Айтмұханбет Исақов пен сарысулық Талғат Құсайынов, астаналық Олжас Отар мен құландық Асхат Қылышбек өте үйлесімді, жарасымды айтыс жасады. Алматылық ару Нұрзат Қару мен байзақтық Әсет Дүйсебаев қыз бен жігіт айтысының нағыз үлгісін жасады. Әсеттің: «Бүгін бәрі көңілді көрерменнің, Көрдім деп сахнадан жыр кенін көп. Жібек ғана өкініп қалған шығар, Бекежанға неліктен тимедім деп» жырын Асанәлімен (Бекежанмен) байланыстыра жырлауы сәтті шықты. Нұрзат: «Сендер осы әдемі қыз көрсеңдер, Сүйемін- күйемін деп алдайсыңдар, Негрге тиіп жатқан қазақ қызын, Неге ғана құтқарып қалмайсыңдар» деді. Шымкенттік Біржан Байтуов пен жуалылық Қанат Мырзаханның арасындағы айтыс та сәтті шықты. Біржанның:

Ауданы жете алмай жүр бұл арманға.
Сендер түгіл Шымкент тойлап бердік,
Немене бұл сөзіме күмән бар ма?
Айтыс десе ат тонын ала қашад,
Білмеймін сенің оған кінәң бар ма?
Сәлем айт Сарысудан үлгі алсын,
Жуалыда отырған жуандарға, – деген орынды уәжі кім-кімді де ойландырды. Әрине, өз кезегінде Қанат та есесін жібермей, жауап берді, деңгейін танытты. Алайда Бауыржан мен Шерхандар шыққан мекен осы жағдайдан кейін айтысқа жақын жүрсе, айтыскерін бауырына тарта жүрсе деген тілек бар. Ал соңғы жұпта айтысқан түркістандық Бекарыс Шойбеков пен байзақтық Алтынкүл Қасымбекова айтыс көркін қыздырып, әсерлі жыр додасын әдемі түйіндеді. Алтынкүлге Бекарыс: «Ағамның ештеңесі кетпейді енді, Тұлғаға бір сәлемді салғызғаннан. Аймақтағы айналдық өзіңіздей, Нардың жүгін көтерген нар қыздардан» дей келе Сарысу ауданының жас әкіміне: «Өртенген үйдің отын өшірсең де, Өлеңнің отын бірақ өшірмеңіз» деп уәжінің өзін әзілмен жеткізді.

Жүлде берер тұста шешім шығару оңайға соққан жоқ. Қазылар алқасының ұйғарымымен бас жүлде екеу болып ұлғайды. Оған алматылық Нұрзат Қару мен байзақтық Әсет Дүйсебаев лайық деп танылды. Осы тұста екінші бас жүлде үшін аяқ астынан тағы 700 мың теңге тағайындатып берген Сарысу ауданының әкімі Марат Сұлтанғалиев өнердің нағыз жанашыры екенін танытты. Жүлделі бірінші орын Нұрмат Мансұровқа бұйырса, аңыз айтыскер Бекарыс Шойбеков бұл жолы жүлделі екінші орынмен марапатталды. Айтыстың арыстаны атанған Шойбековтың шоқтығы бәрібір биік, сахнада кесек-кесек сөздері қалғаны – зор жеңіс. Жүлделі үшінші орынға Т.Рысқұлов ауданының ақыны Асхат Қылышбек лайықты деп танылды. «Бәйге берем жығылған балуанға да, адалдығы сезіліп тұрар болса» деп ақын Төлеген Айбергенов жырлағандай, барлық айтыскерлерге де тойдан тобықтай құрмет көрсетілді.

Айтыс соңы «Тағдыр тақтасы» қойылымымен жалғасын тауып жатты. Сарысу топырағындағы көл-көсір іс-шара елдің есінен ұзақ уақыт кетпейтіні анық.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support