Дұрыс диагноз қою – өте маңызды іс

7

Аудандық орталық аурухананың хирургия бөлімінде үнемі қарбалас. Адам жанына араша түскен дәрігерлер мен медбикелерде тыным жоқ. Осынау жауапкершілігі зор бөлімге жоғары санатты дәрігер, аудандық мәслихаттың депутаты Қалдыбай Байрамов басшылық етеді.

Қалдыбай Дөнешоғлы еңбек жолын Түлкібас консерві зауытында жұмысшы болып бастаған. Қарағанды мемлекеттік медициналық институтына қарасты жұмысшы факультетінде оқыған. Кейіннен Қарағанды мемлекеттік медициналық институтына түсіп, оны емдеу ісі факультеті бойынша бітіріп, хирург мамандығын алып шыққан.

Алғашқы дәрігерлік тәжірибесін №1 Жамбыл қалалық ауруханасында өткізген ол 1990 жылы Жуалы аудандық орталық ауруханасының хирургия бөліміне дәрігер болып орналасады. Жас маманға білікті дәрігерлер Сатымбек Қуанышбеков, Сейітхан Жұмашев, Тұшынай Борашев, Джамшид Мамедов тәлімгерлік етеді. Осы кісілерден тәлім алған ол бұл бөлімде қырық жылдан аса еңбек етіп келеді. 2005 жылы ол аталған бөлімнің меңгерушісі болып тағайындалды. Көп отаға қатысып, мыңдаған адамның сырқатына дауа табуына көмегі тиді.

Еңбегі ескерусіз де емес. Ол денсаулық сақтау саласына қосқан елеулі еңбегі үшін Президенттің, Денсаулық сақтау министрінің Құрмет грамоталарын және республикалық жоғары марапат – «Алтын дәрігер» төсбелгісін иеленген. Ауданның Құрметті азаматы атанған. Бүгінде Қалдыбай Байрамов бөлімге келген жас мамандарға тәлімгерлік жасап, жоғары санатты дәрігерлерді тәрбиелеуде.

Хирургия бөлімінде 31 медицина қызметкері жұмыс істейді. Оның ішінде 4 дәрігер, 14 орта буынды медбике және 13 кіші медперсонал бар. Мұнда сырқаттарға бірінші, екінші санатты дәрігерлер Асылбек Әшірбеков, Дамир Сарыбаев және жас мамандар Арман Мамедов, Шолпан Чмаева, аға емшібике Р.Демисинова медициналық көмек көрсетеді. Сонымен қатар тоғыз орта буынды, екі бірінші санатты медбике де өз жұмыстарын жауапкершілікпен атқаруда.

Хирургия бөлімі – 28 орындық. Оның 20-сы хирургиялық болса, 8-і травмотологиялық болып есептеледі. Бөлімде көбіне хирургиялық, травмотологиялық, неврологиялық, урологиялық диагноздармен және құлақ ауруымен сырқаттанғандар жатады. Бөлімде жылына орта есеппен 1000-ға жуық науқас ем қабылдайды. Былтыр дәрігерлер 700 шұғыл, 116 жоспарлы ота жасаған. Ал биыл 70 сырқатқа ота жасалып, тиісті медициналық көмек көрсетілген.

–  Хирургия бөлімінде әдетте дене жарақатын алғандарға, одан бөлек, асқазан, ішек, өкпе секілді ішкі органдары сыр бергендерге ота жасаймыз. Кейде суық қарумен жараланған адамдарға көмек көрсетуге тура келеді. Мұндай сәтте ауыр халде, шұғыл түскен адамдар қабылдау бөлімінде тексеріліп, тиісті талдамалары жасалады. Қабылдау бөлімінде кардиограмма, УЗИ, рентген аппараттары, зертхана бар. Ал жоспарлы оталарға науқастар емханадан толық тексерістен өтіп, дайындықтан өткеннен кейін түседі, – деді ол.

Оның айтуынша, бөлім соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. «Науқастарға диагноз қою өте маңызды», деп санайды дәрігер. Бөлімге түскен сырқаттың диагнозын анықтау үшін оның шағымына назар аударып, ауру тарихын зерттеп, жан-жақты талдаудан кейін ем тағайындайды екен. «Дәрігерге қателесуге болмайды. Сырқаттың диагнозын дұрыс қою қажет. Сонда ғана оған дұрыс ем тағайындалған соң дерттің беті қайтады», – дейді хирург.

Қалдыбай Байрамов: «Дәрігер тәжірибелі, өз ісіне тиянақты, жан-жақты қабілетті, сауатты, білімді болуы керек», деп санайды. Дәрігер ең алдымен сырқатқа адамгершілік тұрғыда қарап, оның жандүниесін түсінуге үңілуі тиіс. Науқастардың барлығына бірдей қарау дәрігерге қойылатын басты талап. «Дәрігер ең бірінші адами қасиеттерді жоғары қоя білетін тұлға болуы қажет. Ол өз ісіне жауапкершілікпен қарағанда ғана науқастың сеніміне ие бола алады», – дейді Қалдыбай Дөнешоғлы.

Айгүл ҚАЛМАҚАНҚЫЗЫ,
журналист.
Жуалы ауданы.

Comments are closed.