- Advertisement -

Ауыл балалары спортқа жақын

38

- Advertisement -

Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің дене тәрбиесі пәні мұғалімі Нұрлан Бүйенбаев шәкірттерінің жеңісімен мақтанады. Бокстан талай дарынды спортшыларды жаттықтырып, жеңіске жетелеп жүрген қызыларықтық жаттықтырушының еңбегі ерен.

Бүгінде Нұралы Жолдасбекұлының дайындаған шәкірті Бексұлтан Боранбек наурыз айының 1-15 аралығында Иорданияның Амман қаласында бокстан өткен Азия чемпионатында 48 килограмм салмақ дәрежесінде қола жүлдегер атанған.

– Бірінші ойында Бексұлтан тәжік боксшысымен жұдырықтасып, айқын басымдықпен жеңді. Екінші ойында Кувейт боксшысымен бокстасып, 4/1 есебімен жеңіске жетті. Ал үшінші ойында Үндістанның боксшысымен кездесті. Бексұлтан – Қазақстанның үш дүркін чемпионы. Ол маусым айында Моңғолияда өтетін «Азия балалары» ойынына жолдама алды. Осыған байланысты 11-24 сәуір аралығында Алматыда оқу-жаттығудан өтеді. 25 сәуір мен 1 мамыр аралығында Өскеменде өтетін іріктеуге қатысады. Сонымен бірге бұл іріктеуге болашағынан үлкен үміт күттіретін тағы бір шәкіртім Тұрғын Ескендір де қатыспақ, – дейді Нұралы.

Бексұлтан Боранбек Қызыларық ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте Нұрланның тәрбиесін алып, былтыр Тараз қаласындағы Жамбыл жоғары политехникалық колледжіне оқуға түсіпті. Дәл бүгінгі таңда оны мықты бапкер Мұхтар Бердімбетов жаттықтыруда. Ауыл балаларының спортқа деген қызығушылығы жоғары, – дейді Нұралы Бүйенбаев.

– Мектептегі бокс залымыз ескі әрі жылуы жоқ болатын. Аудан әкімі Олжас Қаржауов келіп көріп кеткен соң, сол кісінің қолдауымен спорт залымыз жөнделіп, жылуға қосылды. Бұған ауыл жастары қатты қуанды. Ауылдық округіміздің әкімі де, мектеп директорының да спортқа деген көзқарасы өте жақсы. Қолдарынан келген көмегін аямайды. Жақында Әділет Устеменко деген шәкіртіміз Меркіде өткен облыстық чемпионатта ІІ-орынды жеңіп алды. Бұдан бөлек, бұрын бокспен шұғылданған ауылымыздың спортшы жігіті, бүгінде көкпар ойынының шебері атанып, ойынның көркін қыздырып жүрген Жасұлан Қожақұл «Әулиеата» көкпар клубының «Ең үздік қорғаушысы» атанды. Олар қазір Қазақстан, Азия чемпионатына дайындалуда, – дейді Нұралы Бүйенбаев.

Әрине, чемпион болу оңай емес. Өте үлкен еңбекті, табандылықты талап етеді. Ауыл балалары ұстаздары Нұралының тәрбиесінен өткен Бексұлтан Боранбек, Ескендір Тұрғын, Жасұлан Қожақұл, Әділет Устеменко сынды спортшыларға қарап, бой түзеп келеді.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
журналист.
Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support