- Advertisement -

Бес жылға жоспарланған бағдарлама не берді?

71

- Advertisement -

Осы жылдарда жұмыссыздар санын азайта алдық па?

Қоғамды алаңдататын басты мәселе – жұмыссыздық. Онымен тек біздің мемлекет қана күресіп жатқан жоқ, бұл бүгінде әлем елдерінің бас ауруына айналған. Алысқа бармай-ақ өз облысымызды алайықшы. Қазір облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, аймақтағы жұмыссыздар саны 4,9 пайызды құрайды. Бұл жұмыссыз ретінде тіркелгендері. Ал тіркелмегені қаншама?

Жұмыссыздыққа қарсы ондаған бағдарлама қабылданды. Соның бірі – «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы. Бес жылға жоспарланған бағдарлама не берді? Бұл мәселе облыс әкімдігінде де облыстық мәслихат сессиясында да қаралған болатын.

Облыс әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысының міндетін атқарушы Кенжебек Олжабайдың айтуынша, өткен жылдың қорытындысымен облыстағы жұмыссыздар саны 25875 адамды құраған. Ал өзін өзі жұмыспен қамтығандардың саны есепті мерзімде 194451 адамнан 169036-ге төмендепті. Еңбек нарығында тұрақтылық сақталып, жұмыссыздық деңгейі 2021 жылдың 4 тоқсан қорытындысымен 4,9 пайызды құраған.

– «Еңбек» бағдарламасына қатысушылардың саны соңғы жылдары өсіп, облыста жұмыспен қамтудың белсенді іс-шараларына 241546 адам тартылды. Атап айтсақ, 2017 жылы жұмыспен қамтудың белсенді іс-шараларына 38178 адам тартылған болса, өткен жылы осы бағдарламаға 58078 адам қатысқан. Бағдарлама іске асырылғаннан бері 180939 адам жұмысқа орналасты. Оның 120261-і тұрақты жұмысқа орналасса, 60678-і уақытша жұмыс орындарына жолданды, – дейді ол.

Бұдан бөлек, бағдарламаның бірінші бағыты аясында қысқамерзімдік кәсіптік қайта даярлау курстарына 16912 адам тартылған. Осы курстан 15986 адам өтіп, екінші мамандық алып шығыпты. Ол курсты аяқтағандардың жұмысқа орналасу пайызы 2017 жылы 28,7 пайыз болса, 2021 жылы 99,4 пайызды құраған. Бағдарламаның екінші бағыты аясында 6093 адам 25,8 миллиард теңгенің шағын несиесін алып, кәсіп бастаған. Олар 3594 қосымша жұмыс орнын ашқан. Сондай-ақ бұл бағдарламаның пайдасын «Жастар тəжірибесі» бағдарламасына қатысушылар да көрген. Атап айтсақ, бес жыл көлемінде Жастар тәжірибесімен 12079 жас маман жұмысқа жолданса, оның 7669-ы әлеуметтік, 39871-і ақылы қоғамдық жұмыстарға жіберілген.

Жұмыс бар жерде сын да бар. Облыстық мәслихаттың экономика, бюджет, салық және жергілікті өзін өзі басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия облыс әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасындағы «Еңбек» бағдарламасының жүзеге асырылу барысына тексеріс жүргізіпті.

Комиссияның төрағасы Мұқаш Ескендіров «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, еңбек ресурстарын қайта даярлау, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, ауылдық елді мекендерде шағын несие беруді кеңейту, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру сияқты бірқатар міндеттерді қамтыған. Осы атқарылған жұмыстың барысына депутаттық жұмыс топтары зерделеу жүргізіп, түйіні шешілмеген мәселелердің жеткілікті екендігін анықтады», – деді.

Комиссия төрағасының айтуынша, бағдарлама аясында «Бастау-Бизнес» жобасымен кәсіпкерлікті дамыту негіздерін оқытуға 15256 адамға жолдама беріліпті. Мұның ішіндегі 7083 адамның 1609-ы шағын несие алса, 5474-і грант иеленген.

– Бір байқағанымыз, курсты аяқтап, сертификат алған азаматтардың өз бизнес-жобаларын қорғауда сауатсыздық танытатыны, кәсіпкерлік негіздерінен хабарлары шамалы екендігі белгілі болды. Мемлекеттік қайтарымсыз грант алған азаматтардың құжаттарымен танысу барысында, комиссия қарауына ұсынылған бизнес-жобалардың көбі интернет желісінен көшіріліп алынған. Сондай-ақ бағдарламаны жүзеге асыру барысында жұмыспен қамту саласы қызметкерлері тарапынан құқықбұзушылықтарға да жол берілген. Атап айтсақ, бағдарламаның 3-ші бағыты бойынша облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, оған қарасты Тараз қаласы, Сарысу, Жуалы, Қордай және Шу аудандарының жұмыспен қамту орталықтары қамтылып, қаржылық бұзушылықтардың жалпы сомасы 5 440,5 мың теңгені құрады. Мемлекеттік аудитпен қамтылған Халықты жұмыспен қамту орталықтарындағы барлық тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражаты – 28 094,4 мың теңге. Мұнда білім беру ұйымдарын бітірген түлектер алған кәсібіне сәйкес келмейтін саладағы ұйымдарға жұмысқа орналастырылған. Барлық Халықты жұмыспен қамту орталықтарында мамандарының тарапынан басқа жұмыс берушілерден міндетті жарналардың түсуі бөлігінде мониторингтің болмауы нәтижесінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді нысандарына қатысқан жұмыссыздардың жалақысы негізсіз төленген, – дейді М.Ескендіров.

«Мысалы, Жуалы ауданы бойынша Жастар тәжірибесі ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларының талаптары ескерілмей, «Жастар тәжірибесін ұйымдастыру» бағдарламасы бойынша мекеме тарапынан білім беру ұйымдарында оқуды аяқтағанына 3 жыл өтіп кеткеніне қарамастан жастар практикасы бойынша жұмысқа орналасқан екі жұмыссызға 302,1 мың теңге төленген. Жастар тәжірибесін ұйымдастыру бойынша мекеме тарапынан 35 білім беру ұйымдарының түлектері алған кәсібіне сәйкес келмейтін саладағы ұйымдарға жұмысқа орналастырылып, оларға келісімшарт негізінде алты айдан аспайтын мерзімге жалпы сомасы 5 541,7 мың теңге жалақы төленген.

Тараз қаласы бойынша шетелдік білім беру ұйымдары берген білім туралы құжаттар Қазақстан Республикасының аумағында ресми расталмаған, Қырғыз Республикасында берілген білім туралы құжаттар негізінде 2 маманға жұмыс берушілерге жолдама беріліп, жұмысқа орналастырылған. Яғни, ҚР «Білім туралы» Заңының 39-бабы 7-тармағының талабы сақталмай, оларға 224,1 мың теңге негізсіз төленген. ҚР«Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңының 20-бабы 2-тармағының талабы сақталмай, 14 тұлға әлеуметтік жұмыс орындарына жұмыссыздар ретінде жіберілген. Жастар тәжірибесін ұйымдастыру бойынша 21 білім беру ұйымдарының түлектері алған мамандығы сәйкес келмейтін саладағы ұйымдарға жұмысқа орналастырылған», – дейді депутат.

Мұндай кемшіліктер бағдарламаның екінші бағытында да орын алыпты. Айталық, облыстық прокуратураның берген мәліметіне сүйенетін болсақ, Қордай ауданында 2018-2019 жылы мал шаруашылығын дамыту үшін 834,9 миллион теңге несие алған 216 азаматтың тізімі аудан әкімдігінің ветеринария қызметіне жолданып, берген мәліметтеріне сәйкес 178,1 миллион теңге несие алған 44 азаматтың атында мал мүлдем тіркелмеген, яғни мал шаруашылығын дамыту үшін алған несие қаражаты мақсатсыз жұмсалған. Мұндай жағдай Сарысу ауданында да кездескен. Прокурорлық талдаумен, әлеуметтік жұмыс орындарында жұмыс берушілерге жұмыс істемеген 3 тұлғаға 573249 теңге негізсіз қаражат аударғаны және 5 тұлға мемлекеттік грант алып, өз бизнес жобаларын жүзеге асырмағаны анықталған.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «қаңтардағы оқиғалар жылдар бойы жинақталған проблемаларды ашты» деген ащы да болса шындықты айтқан сөзі бар. Алдымызда барлық әлеуметтік құрылымды өзгертуге стратегиялық міндет тұр. Бізге Қазақстан азаматтарының мүддесіне сай келетін реформалар жасалуда, ел өзгерді және азаматтарымыздың экономикалық жүйеге және жалпы өмірге деген көзқарасы өзгерді. Мемлекет Басшысы атап өткендей, Қазақстанның шынайы жаңару кезеңіне сәтті қадам басуы жолында алдымызға қойылып отырған тапсырмалар мен міндеттерді бүкіл қоғам болып жұмыла атқаруымыз маңызды, – дейді Мұқаш Ескендіров.

Ал осы комиссия мүшесі С.Усербаев та жұмыссыздар жайына алаңдайтынын танытты.

– Бағдарлама шеңберінде кәсіпкерлерге микрокредит беру «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» мен «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ-ға жүктелген. Бағдарламаның қаржылай емес қолдау операторы – «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жұмыссыздарды оқыту, біліктілігін арттыру жұмыстарын атқарып отыр. Бағдарлама азаматтарды кәсіпкерлікке техникалық және кәсіптік білім берумен, қысқамерзімді кәсіптік оқытумен қамту, жаппай кәсіпкерлікті дамыту және еңбекке орналастыру тәрізді бағыттар бойынша тартуға бағытталған. Бағдарлама іске асырылған 2017-2021 жылдары берілген шағын несиелердің экономикалық тиімділігіне жүргізілген талдау нәтижелері көрсеткендей, несиенің басым бөлігі мал шаруашылығына берілген, – дейді ол.

Ауыл шаруашылығы саласы қай кезде болсын экономиканың тұрақты дамуының кепілі. Сол үшін мемлекет ауыл шаруашылығын өркендетуді, соның ішінде мал шаруашылығын дамытуға қатысты тиімді бағдарламаларды жандандыруды әрі қарай жалғастыра берері хақ. Мемлекет басшысының ауылдық елді мекендерде ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету және жеке қосалқы шаруашылықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тапсырмасына сәйкес 2017-2021 жылдары 22384,1 миллион теңгеге 6236 субсидиялық өтінім қаржыландырылыпты.

Депутат: «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалдары барлық қайтарымсыз грант алушы азаматтардың жобаларын 12 ай бойы сүйемелдеу жұмыстарын нақты түрде жүргізуі тиіс және шағын бизнестің дамуына, тиісінше тұрақты және маусымдық жұмыс орындарының нақты құрылуына, салық органдарында тіркелуіне ықпал жасаулары керек», деп санайды.

Есте болса, 2019 жылы «Еңбек» бағдарламасының шеңберінде облыс халқының табысын арттыруға бағытталған қанатқақты жоба да қолға алынған. Бұл жобаға 10 ауданның 11 ауылдық округі қатысқан. Халық қалаулысы бүгінгі таңда бұл жобаны іске асыру барысында аудан әкімдіктерінің қанатқақты жобаға қатысқан ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін қажетті жер учаскелерімен қамтамасыз ету бойынша кепілдік міндеттемелерін орындамауы және оны жаңа ауылдық округтерде жалғастыру үшін қосымша қаражат бөлу мәселесі шешімін таппай отырғанын айтып қалды.

– «Еңбек» бағдарламасына пандемия зардаптары бірінші кезекте әсер етті. Бірақ бұл бағдарлама жұмыссыздық пен кәсіпкерліктегі бұдан да ауыр салдардың алдын алғаны анық. Бағдарламаның негізгі міндеттерінің бірі жұмыспен қамту деңгейін көтеріп, жұмыссыздық көрсеткішін түсіру. Осы ретте «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы халықты жұмыспен қамтуда, кәсіпкерлікті дамытуда үлкен рөл атқарады. Бұл бағдарлама қоғамда өз орнын таппай, жұмыссыз жүрген азаматтарға мол мүмкіндік беруде. Нәтижесінде жыл өткен сайын елімізде істің көзін тапқан іскер азаматтар қатары көбейіп келеді. Сондықтан кәсіп көзін ашуға мүмкіндік беретін осындай мемлекеттік бағдарламаларды оқып, үйреніп, оны өмірде, кәсіпте пайдалану керек, – дейді С.Усербаев.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support