- Advertisement -

«Дәрігер мамандығын ақылы түрде оқытуға болмайды»

306

- Advertisement -

Дәрігерге қойылатын басты талап – тынымсыз ізденіс. Осыны өзінің басты мақсаты, өмірлік қағидасы етіп ұстанған хирург Абдухалил Мусаев қырық жылдан аса адамдарға шипасын тигізіп келеді. Бүгінде ол Тараз қаласындағы жеке «Мусаев клиникасын» басқарып, жүрек қантамырлары ауруларын емдейді. Мұнда қантамыр ауруларына диагноз қою, емдеу және хирургиялық ота жүргізіледі.

– Осы салада еңбек етіп келе жатқаныма 41 жыл болды. Мыңдаған адамның өміріне араша түстім. Еңбек жолымда талай жақсы-жайсаң азаматтармен қызметтес, дәмдес болдым. Медицина саласының айтулы ардагерлерінен тәлім-тәрбие алдым. Соның ішінде Мұхтар Әлиев, Төлеген Егембердиев, тағы басқа да өз маманының майталмандары болды. Өткен өмірге өкпем жоқ. Шамам келгенше адамдарға жақсылық, қайырымдылық жасай беремін, – дейді Абдухалил Абдулхамитұлы.

Ол әскери отбасында дүниеге келсе де, әкесінің қалауымен осы мамандықты таңдаған. «Әкем Ұлы Отан соғысына қатысқан. Бес жыл соғыста жүріп, хирургтардың еңбегін көріп, елге аман оралып, ұлды болсам ұлымды дәрігер етемін деп өзіне серт беріпті. Мен 1948 жылы дүниеге келдім. Ес білгеннен әкем маған дәрігер-хирург болуды құлағыма құйып, биология, химия пәндерін тереңірек оқуыма себепкер болды. Мектеп бітірген соң бірден осы саланы таңдап, тоғыз жыл білім алып, еңбек жолымды өзім туып-өскен Тараз қаласынан бастадым», деді ол.

Еңбек жолын облыстық аурухананың қантамырлары бөлімінде хирург болып бастаған ол бөлімнің барлық сатысынан өтеді. Білімін жылда Мәскеуде, сондай-ақ Киевте, Алматы мен Ташкент қалаларында жетілдіріп отырады. Ал қантамырлары бөлімін 22 жыл басқарған ол 2016 жылы осы орталықты ашып, өз алдына жұмыс істей бастайды. Бұл жылдарда Абдухалил Абдулхамитұлы қан тамырларына күрделі оталар жасап, талай адамның өміріне араша түсіп, ажалдан алып қалуға себепші болыпты. Зейнет жасында болса да әлі күнге дейін білімін жылда өз қаржысы есебінен алыс-жақын шет мемлекеттерде жетілдіріп келеді.

«Алғаш еңбек жолымды бастаған сәтте бүйрек, бауыр қантамырларына ота жасадым. Уақыт өте білімімді жетілдіре жүріп, одан да күрделі оталарға қатысып, өзім жасайтын деңгейге жеттім. Көп ота жасадым. Алғысын айтып, ризашылығын білдірген адам өте көп болды», деген ол бүгінгі кейбір жас мамандарға көңілі толмайтынын да аңғартты. «Дәрігер болу үшін көп оқу керек. Әсіресе хирург дәрігер бір деңгейде тұрып қалмауы тиіс. Ол үнемі білімін жетілдіріп, түрлі курстарға қатысып, шетелде болсын, өзімізде болсын әріптестерімен тәжірибе алмасып отырмаса болмайды. Өкініштісі, көп жас дәрігерлер институтта алған білімімен ғана қалып қояды. Білімін жетілдірмесе одан жақсы маман шықпайды», – дейді Абдухалил аға.

– Мен дәрігер боламын, өз саламның майталманына айналамын деген жастарға айтарым, дәрігер альпинист болуы керек. Жастарға менің көңілім толмайтын жері де осы, шыңға шығамын, биікті бағындырамын деп ұмтылмайтындары, ізденбейтіндері көбейген. Мамандығына күнкөріс көзі ретінде қарайтын адамнан жақсы маман шықпайды. Ізденіс тоқтаған сәтте оның қарым-қабілеті де өледі. Содан кейін жастарға айтарым, ешқашан болдым, толдым деп төс қағып, кеуде керуге, астамшылық жасауға болмайды. Бұл өзінен төмен адамды менсінбеушілікке апарып, пайдакүнемдікке әкеліп соғады. Осыдан келіп, алдына келген сырқатқа көңіл бөлмеу, қабылдауда дөрекілік көрсету орын алып жатады. Шыны керек, біздің жастарда жылы сөзбен түсіндіру, кішіпейіл болу жағы қатты ақсап тұр. Жастар осыған көбірек мән берсе екен.

Кез келген ота оңайлықпен өтпейді. Ол академик болса да ота жасаушы ең бірінші науқастың өміріне жауапты. Ол жазыламын, сырқатыма дауа табамын деп келеді. Сенімнен шығу үшін отаға да үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Бұрын хирург мамандығын 15 жыл дайындайтын. Қазір оның мерзімі қысқарды, әрі көпшілігі ақылы негізде оқытылады. Менің түсінігімде ақылы негізде оқыту дұрыс емес», дейді тәжірибелі дәрігер. Ол осыдан келіп, дипломды сатып ала салатын мамандар көбейді деп санайды. «Кейбірінен адамның қантамыр артериясын сұрасаң жауап та бере алмайды. Ондай мамандармен осыдан кейін қалай жұмыс істейсің», – дейді.

Дәрігер «Ақылы оқуда сапа болмайды. Қазақта «шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген ұғым бар. Бәрі де білімге байланысты. Дұрыс білім мен тәрбие берілмеген жерден сапалы маман шықпайды» деген ұстанымда. Бұл орталықта дәрігер үлкен болмаса да кішігірім оталарды жасай береді. Ол бүгінге дейін ешкімнен ешқандай шағым түспегенін айтты. Аға кейде ауруы асқынып, медицинаның шамасы келмей қалатын жағдайлардың да болып тұратынын жасырмады.

– Біздің халық өте шыдамды. Әр адам заң бойынша өзі қалаған кез келген емханаға қарала алады. Көбі заң білмегеннен уақытын өткізіп алады. Мен емдей алмайтын науқастарды Алматыға жіберіп отырамын. Ол жақта да шәкірттерім бар. Сонда емделіп, жазылып келіп, алғысын айтып жататындар да бар, – дейді ол.

Абдухалил аға тәлімін көрген шәкірттері де баршылық. Ол өз шәкірттері арасында Виктор Ким, Жанархан Шалтаев, Бернар Жаңабаев пен Арман Асылбектерден зор үміт күтеді.

Марат ҚҰЛИБАЕВ
Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support