- Advertisement -

«ГЕНДЕР ПАТИ» қазақы салтымызға сын емес пе?

300

- Advertisement -

«Гендер пати». Соңғы жылдары біздің лексиконымызда осы бір сөз пайда болды. Оның не екендігін жете түсінбесек те қазіргі «трэндтен» қалмау барлығымыздың мақсатымыз. Әсіресе жас отбасын құрғандар үшін «гендер пати» таптырмайтын басқосу кешіне айналды. Оның қысқаша тарихына тоқталсақ. «Гендер пати» – америкалықтардың жақындарымен, дос-құрбыларымен атап өтетін отбасылық мерекесі.

Негізгі атауы – Gender Reveal Party. АҚШ-та көптен бері қолданып келеді. Қазір бірқатар поскеңестік елдерінде де сәнге айналуда. Гендерлік кешті жоспарлаған ерлі-зайыптылар УЗИ-ге түскенде баланың жынысын айтпауды, жасырын түрде конвертке жазып беруді сұрайды. Құпия анықтаманы кеш барысында ашады. Осылайша, өздері де, қонақтар да баланың жынысын біледі. Торттың түсі немесе шар жару, қорапқа жасырылған болашақ сәбидің киімдері арқылы айқындалатын бұл жөн-жоралғының соңы үлкен тойға ұласады.

Жуырда бір отбасында «гендер пати» үстінде қырғын ұрыс орын алып, оның соңы өкінішпен аяқталғанын да естіп осы бір «дәстүр» бізге қаншалықты керек деген ойға баттық. Жағдай былай болған. Төрт қызы бар отбасы ұл баланың өмірге келуін күтіп жүрсе керек. Көптен күткен армандарына бір табан жақын қалып, сол қуанышын бөліспек ниетпен туған-туыс, дос-жаранын жинап алып «гендер патиды» тойлайды. Межелі уақытта болашақ сәбидің жынысын анықтайтын қағаз жасырылған шарды жарса, енді өмірге келетін бесінші перзенттері де қыз болып шығыпты. Содан кішкене қызып алған отағасы аяғы ауыр келіншегін таяқтың астына ала жөнеліпті. Салдарынан аяғы ауыр ана ауруханаға түсіп, түсік тастапты.

Соңғы кезде әлеуметтік желіде «гендер патиды» дүбірлетіп тойлап жатқан көптеген видеолар жүреді. Сондай видеоның бірін көп жылдан бері құрсақ көтере алмай, перзентке зар болып жүрген бір келіншектің көзіне жас алып, қызыға да, қызғана қарап отырғанына куә болдым. Бір отбасының қуанышы, бір отбасыға қызығушылық тудырып, көңіліне қаяу салатынын жайшылықта ешкім аңғара бермейді. Осы орайда көпті көрген, көпбалалы ананың пікіріне құлақ түрген едік.

– Біздің жас кезімізде аналар жыл сайын құрсақ көтеретін. Ал қазір экология ма, қыздардың ашық-шашық киініп жүруінің салдары ма, отбасын құрғаннан кейін бірден балалы болып кету жағы қиындау. Содан әупірімдеп құрсағына шарана бітсе, оны өмірге келмей жатып дәріптеуге көшеді. Керекті заттарын алып, думандатып, жұрттан сүйінші сұрап күні бұрын жалаулатады. Алайда қазақы ырым түсінікте аяғы ауыр келіншек тез көзденіп, көпшілік назарына ілігіп қалады. Жаңа заманның жастары осы жағын елемейді. Сондықтан қашан келіннің іші білініп, бала құрсақта орныққанша, ешкімге тіс жармаған жөн. Қазір «гендер пати» дегенді өткізетін болды жастар. Жақында менің немере қызым да «гендер пати» кешін ұйымдастырғанын айтты. Болашақ жиен шөберемнің ұл бала екендігін білдік. Осы орайда өткенді тағы айтпасқа амал жоқ. Бұрын біздің кезімізде ультрадыбыстық зерттеу аппараттары атымен жоқ, әйелдің ішінің формасына қарап-ақ апаларымыз қыз немесе ұл туатынымызды болжай беретін. Ол көбіне тура шығатын. Одан қала берсе, бұрынғы аналар сегіз-тоғыз, тіпті оннан астам перзентті өмірге әкелетін. Мысалы, оның қайсібіріне «гендер пати» өткізеді? Кімнің қашан аяғы ауырлап, қашан туып қалғанын да білмей қалушы едік. Ал қазіргі жастардың ой-танымы қатты өзгеріп, біздің ұлттық болмысымыздан ажырап жатқаны жасырын емес. Оның барлығы бүгінде ақпараттың тым көптігінен деп ойлаймын. Өйткені Батыстан келген қазақ қоғамына жат дәстүрлер көзге үйреншікті, құлаққа сіңісті болып барады. Жастардың ұғымында бұл қуанышты тойлаудың еш әбестігі жоқ шығар, әрине қуаныштың да көп болғаны жақсы ғой, оның үстіне өмірге ұрпақтың келуі ең үлкен бақыт. Дегенмен осы бір «жаңаша салттың» ата- бабаларымыздың салтына, ұстанымына мүлдем кереғар екенін түсінсек, мәнсіз тойлаудың тағы бір түрі азаяр еді. Керісінше, ұрпақ саулығын, амандығын ойлаған әрбір жүкті ана көпшіліктің көзінен сақтанып жүруі тиіс, – дейді жуалылық алтын алқалы, көпбалалы ана Дүйсекүл Сыдыққызы.

Жалпы қазақтың халықтық педагогикасында баланы тәрбиелеу немесе баланы өмірге әкелудің дәстүрімізбен қабысқан өзіндік жазылмаған заңдары бар. Бұл турасында педагогика ғылымдарының кандидаты Лескүл Ибраимова ойын былай сабақтады.

– Біздің халқымыз баланы өмірге әкелу барысында ешқандай жоспар енгізбеген. Тоғыз ай, тоғыз күн сол перзентінің мына жарық әлемге дені сау болып келуін сабырлықпен күткен. Ал қазіргі жас отбасылар арасында кеңінен жайылған «гендер патиды» мен өз басым жаһанданудың бір көрінісі деп есептеймін. Біз бала санын да санамаған халықпыз ғой. Ескілікті көрген үлкен кісілер әлі күнге баласының да, немересінің де санын айтпайды. Айтқан күнде де, «Құдайдың бергендері» деп қоя салады. Сондықтан өмірге келмеген бала үшін жұртты жиып алып, күні бұрын «гендер патиды» тойламаған дұрыс деп санаймын. Өйткені ол бала әлі құрсақта жатыр. Өмірге келген жоқ. Оның қуанышын, жөн-жоралғысын тоғыз айдан кейін аман-есен өмірге келген соң да жасауға болады емес пе?

Қазақы болмысымызға жақын дүниені ешқашан ұмытпау керек. Ол үшін ұлттық тәрбиені бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кеңінен насихаттауды тоқтатпау қажет. Мәселен, бүгін «гендер патиыңды» бар сән-салтанатымен өткізіп, белгіленген шар жарылса неше түрлі реакциямен қатты қуанды делік бір отбасы мүшелері. Ал ертең ол бала дүниеге дені сау болып келеді ма, тоғыз ай, тоғыз күнге ананың денсаулығы жақсы жетеді ма сол жағын да бір сәтке ойлау керек. Бүгін сен сонша қатты қуандың, шар жарып, мәз болдың. «Жаман айтпай жақсы жоқ» ертең ол құрсақтағы бала түрлі себептермен өмірге келмей қалса не болады? Сол үшін қазақтың бала тәрбиесіндегі философиясына баса мән беру қажет әрдайым. Біздің салтымызда бала шыр етіп өмірге келгеннен кейін де, бір жасқа толып, қатайғанша оған үлкендер тамсанып қарамаған, ескермеген былайша айтқанда. «Көз өтеді, сөз етеді» деп ырымдаған. Кейін ол бір жасқа толып, буынын ұстап, апыл-тапыл басқанда ғана оған көңіл бөле бастаған. Ендеше, халықтық педагогикаға сүйенсек, салт-дәстүрімізге жүгінсек, «гендер пати» бізге қажет деп айта алмаймын. «Гендер патидан» бұрын қазақы дәстүрмен құрсақ тәрбиесіне мән берген абзал. Ол біздің халқымызда бұрыннан бар. Аяғы ауыр келіншектің ағзасында түрлі өзгерістер болады, бастапқы кезеңде. Сондықтан біздің халқымыздың көреген енелері сол кезеңдерде болашақ ұрпағын өмірге әкелуші жас келіннің, яғни болашақ ананың денсаулығына баса мән беріп, енесі келінімен сырласып, оны ана болуға дайындаған. Ендеше, халқымыз дәстүрді өзгеден іздемей, осы жолдан жаңылмаса, ұрпағымыз да ұлағатты болары анық. Қазіргі жаһандану дәуірінде отбасы тәрбиесіне қатысты жылда бір «дәстүр» шығып, жастарды шатастырып бітіретін болдық, – деді педагог ғалым сөзінің түйінінде.

Былтыр шаңырақ көтеріп, тұңғыш перзентін күтіп жүрген тараздық Аяулы есімді жас келін «гендер патиды» отбасылық достарымен қызықты етіп ұйымдастырғанын айтты.

– «Гендер пати» көңіл толқытатын қызықтарға толы болды. Ең бастысы, болашақ перзентіміздің ұл немесе қыз болатыны жайлы жасырылған УЗИ анықтамасы тәтті торттың ішінен шыққанда, жолдасым екеуміз қатты толқыдық. Бұл шараны өткізгенде тұрған ешқандай сөкеттік жоқ деп есептеймін, – деді Аяулы.

ТҮЙІН: Халқымыздың дәстүр тізбегіне көз жүгіртсек, қазір аты мен затын ауыстырып, өзімізге таңсық қылып алған «гендер патиды» дана қазағымыз бұрыннан білгенбе дейсің. Ежелгі ғұрпымыз бойынша «құрсақ шашу» деген әдемі дәстүр бар қазақта. Мұнда да қазіргі «гендер пати» сияқты кәдімгідей мереке, басқосу болады. Бірақ оған ер азаматтар қатыстырылмайды. Бұл үрдіс бойынша жүкті келіншектің енесі абысын-ажындарын, келін-кепшіктерді шақырып, «құрсақ шашу» тойын атап өтеді. Онда сауық-сайран құрып, ән шырқалып, би де биленіп, келіннің аман-есен босанып, аяқ- қолын бауырына алуына тілектестік білдіріп, ақжарма лебіздер айтылады.

Келініне бұрынғы-соңғының осындай жолын нұсқап, жөнін айтып, сақтандырып отыратын енелер де қалмай барады қазір. Бүгінде іші білінер білінбестен келіндер жағы «гендер пати» тойын дүрілдетіп өткізсе, енелер сол сауық кешінің сыйлы қонағы ретінде төрде отырады. Ал бұрындары көпті көрген, алтын құрсақты аналарымыз, әжелеріміз келінінің жүкті болғанын сезсе де, оны жалпақ жұртқа жария етіп, бірден сүйіншілемеген екен. Бала құрсаққа әбден орнығып алғанша ешкімге тіс жармаған. Сұрай қалған жандарға астарлап жүкті болған жас келінді ұялмасын деп және тіл-көздің сұғынан сақтауды ырымдап «күмәнді» деп тұспалдап айтады екен. Қазақы қалпымыздың осынау сырлы дәстүрінің сынын қолдап кетіріп жатқанымызды бүгінде аңғаратын емеспіз. Уақыт өткен сайын өз салтымызға, күнделікті тіршілігімізге ұлттық болмысымызға жат қылықтар қалай еніп бара жатқанын байқамай барамыз. Қазақтың ұлттық болмысын сақтап қалатын кілт – рухани дүниеміз, тәрбиесі мол бабалар дәстүрі, салты мен ғұрпы екенін ұмытпасақ игі еді.

Фариза Әбдікерімова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support