- Advertisement -

Бағынышты бола тұрып, бағындырудың жолын тапқан

137

- Advertisement -

Заманының заңғар тұлғасы, аса көрнекті мемлекет қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың дүниеге келгеніне 110 жыл толды. Өмірінің елу жылын ел ағасы болып өткізген ұлы тұлғаның өмірінде өнеге тұтар үлгі бар.

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев мемлекет қайраткері, КСРО құрамындағы мемлекет басшысы ретінде республика өнеркәсібінің өркендеу қарқынын одақтас он бес республика арасында маңдайалды межеге жеткізді, елдің жерасты және жерүсті байлығын, стратегиялық ресурстарын, түсті металлургиясын, индустриялық қуатын, интеллектуалдық әлеуетін, өндіргіш күшін, өнімді еңбегін Қазақстанның, қазақ халқының ұлттық игілігіне айналдырды, халықтың еңбекпен, жұмыспен толық қамтамасыз етілуіне қол жеткізді, әр адам өз еңбегінің рәтін көретін әлеуметтік жағдай қалыптастырды, халқына қалтқысыз қызмет етті, елінің аманатына адал болды.
Д.А.Қонаевтың тұсында КСРО басшысы Н.С.Хрущевтің Қазақстанның аумақтық тұтастығын бұзуға бағытталған бірнеше әрекеті болды. Бұл жайында Д.А.Қонаев өзінің ғұмырнамалық еңбектерінде баяндады. Қазақтың көрнекті ақыны Хамит Ерғалиев осы жағдайдың кейбір қырларын анық азаматтық пайыммен суреттеді. Н.С.Хрущевтің ойы мен сөзінің арнасынан Хамит Ерғалиев мынадай бірнеше мəселенің басын ашып көрсетеді: а) солтүстіктегі астықты бес облыс Ресей федерациясына беріледі; ə) Талдықорған облысын түгелдей, Жамбыл облысының шығыс жақ бөлігін өзіне қосып алған Алматы облысы Қазақ Республикасының құрамындағы ұйғыр автономиясына айналады; б) Алматы қаласы сол автономияның орталығы болатыны себепті Қазақстан астанасы Қарағандыға көшіріледі; в) «зілзаладан көз ашқысыз» өзбек жерінде астана болуға қолайлы жер жоқтығы себепті Шымкент соған берілсе, облыс түгелімен көршіге көшеді; г) мұнай шаруашылығын бір жерге шоғырландырмақ үшін Маңғыстау түбегі түрікменге беріледі [2; 3, 272-273; 4, 416-417].

Қазақ елі «ақ табан шұбырынды», «алқа көл сұлама» болған қилы замандардың өзінде мұндай басқыншылық пен астамшылықты бастан өткермеген еді. Н.С.Хрущев осы ниетімен, осы мақсатымен Одақ құрамындағы елдің мемлекеттік аумағын жаудай шапқалы тұрғанын, қазақ халқына көз көріп, құлақ естімеген қиянат жасамақ болып тұрғанын ақылмен саралауға ықыласты болмады. Өйткені ол өзін әр ісімен, әр шешімімен коммунизмге жақындай түсетіндей сезінді. Алып мемлекет құрамындағы елдің бір бөлігін құтты қонысымен, мал-жанымен басқа елдің құрамына қосу коммунизм үшін қаншалықты қажет екенін Н.С.Хрущев қана білді.
Қазақстанның жерін бөліске салу туралы ойын Хрущев Қазақстанның астықты өлкесіне келген сапарларының бірінде ен далада жайылған кең дастарқан басында шалықтап отырып айтса керек. Оның айтқан шалқымасына орай Д.А.Қонаевтың қойған сұрағын Х.Ерғалиев мынадай түрде жеткізеді:
– «Сонда Қазақстанға шонтайы қала ма?» [2; 3, 173; 4, 417].
Сұрақ Хрущевтің сабырын сарқып, ашуын асырды, ақылын алды. Ол өзіне қарсы сөз айтқан Д.А.Қонаевты «ұлтшыл» деп айыптап, өзін қолдап, жандайшап болып жүрген Оңтүстік Қазақстан өлкесінің басшысы Юсуповты «нағыз интернационалист», «жан-жақты жетілген кемел басшы» ретінде қолпаштады [7,157]. Д.А.Қонаевтың ұлтшылдығы туралы Н.С.Хрущевтің пікіріне Юсупов та қостау айтпай тұра алмады [8].
Д.А.Қонаев республика мүддесін, республика құрып отырған халықтың мүддесін қорғады, Одақ басшысы Хрущевтің өктемдігіне қарсы шықты. Хрущевтің ойының төркінінде астамшылықпен астарланған қиянат жатқанын білді. Саяси биліктің биік кеңістігінде республика мүддесін, республика құрып отырған ұлттың мүддесін мұндай қиянаттан білектің күшімен емес, саяси жолмен, ақыл-ойдың алып қуатымен ғана қорғауға болушы еді.
Хрущев ойына алған мақсатына жету үшін нақты іс-шараларды жүзеге асыруға кірісті. Əуелі Маңғыстаудың мұнайлы аудандарын Түркменстанға қосу туралы мəселені көтерді [1, 246-247]. ҚКП ОК бірінші хатшысы Д.А.Қонаев бұл мәселені Қазақстанның мемлекеттік мүддесі, Қазақстан халқының ғасырлар бойы сыналып, саф алтындай жарқыраған тарихи танымы, патриоттық сезімі, ұлттық бірлігі мен ынтымағы тұрғысынан сараптады. Халқының намысына тиетін, халқының, өсер өркенінің алдында өзінің бетіне шіркеу болатын, арына дақ түсіретін өктем өкімге батыл қарсы шықты. Қазақстан халқы алдында мұндай ұсыныстармен келісуге де, оларды бағыныштылықпен қабыл алуға да бара алмайтынын, халықтың өмірлік мәні зор құндылығын, аманатын бұзуға сол халықтың өкілі ретінде адамдық-азаматтық құқы жоқтығын ұсыныс иесіне – Одақтың азуын айға білеген бірінші басшысына – бетпе-бет, батыл айту және айтқан ойын ғылыми, саяси, әлеуметтік, экономикалық тұрғыдан қапысыз негіздеу қандай тереңдікті, қандай кеңдікті, қандай қайратты қажет еткендігі тарих айнасында сақталып қалды.
Азаматтық парыз, халық мүддесі, ел игілігі туралы биік сөздермен Одақ басшысын алған бетінен қайтару мүмкін емес-ті. Мұндай жағдайда қарсы жақты саяси иінге салып, ақыл асырып қана тоқтату мүмкін еді. Дінмұхамед Ахметұлы дәл солай жасады: әр сөзін, әр ойын ғылыми тұрғыда барынша негіздеп, тұжырымын Одақтың саяси, экономикалық дамуының стратегиялық мақсаттарының өзегімен өріп, ешкім бұзып ия бұрып кете алмастай дәлелдермен дәйекті етіп түйіндеді. Оның үстіне өз тұжырымдарының Қазақстанның ғана емес, бүкіл КСРО мемлекетінің экономикалық қуатының өсіп-өркендеуі үшін маңызды екеніне мемлекеттің саяси билігіндегі жайсаңдардың көзін жеткізді. Түркменстан мен Қазақстанның мұнай өндіру ісі мен геологиялық-барлау жұмыстарына ғылыми сараптама бере отырып, бұл бағыттағы жұмыстардың барлық салалары бойынша Қазақстанның басқалардан көш ілгері екендігін, сондықтан да Маңғыстаудың мұнайлы аудандарын Түркменстанға қосуда ешқандай экономикалық тиімділіктің жоқтығын, болмайтынын дәлелдеді. Д.А.Қонаевтың дәлелдерін ақылдың күшімен жоққа шығару мүмкін болмады, оны теріске шығаруға негіз болғандай дәлел, дәйекті ақыл-ой күшімен табу қиынға соқты.
Ол заманда ақылдың сөзін тыңдай білетіндер, тыңдағанын түсіне білетіндер, аз да болса, болған. Орынды, жүйелі, негізді тұжырымға иланбасқа, ақиқат алдында басын имеске мәселені шешуге қатысқандардың мүмкіндігі қалмады. Димаш Ахметұлының нақты, ресми мәліметтерге, тиісті жолмен сараптан өтіп, бекітілген сандық және сапалық көрсеткіштерге негізделген, басқаша пікір айтуға иненің жасуындай саңылау қалдырмай, логикалық аргументтермен берік шегенделген ойларын, стратегиялық маңызы зор қағидалары мен тұжырымдарын КСРО Геология министрі қолдады. Д.А.Қонаевтың тұжырымдарының негізділігі, дәлелділігі Н.С.Хрущевті өз ұсынысын кері қайтарып алуға мәжбүр етті.
КСРО тарихында Одақтың бірінші басшысы КОКП ОК жүйесінде қарауға тапсырған ұсынысын кері қайтарып алмаған, Одақ басшысының ұсынысы орындалған. Сол тұста мұндай ұсынысты іс жүзіне асыру үшін, Республика КП ОК қолдауы шарт еді. Республика КП ОК бірінші хатшысы Д.А.Қонаев мұндай ұсынысқа қарсы болды. Д.А.Қонаевтың ақыл-ой байлығын, саясаткерлігін, қайраткерлігін, азаматтығын Одақтың жақсылары мен жайсаңдары мойындауға мәжбүр болды. Д.А.Қонаев оларды Н.С.Хрущевтің арандатуынан сақтап қалды. Бұл КСРО тарихында бұрын-соңды болмаған саяси ерлікке пара-пар аса ірі оқиға еді. Бағынышты бола тұрып бағындырудың ауыр жолын КСРО тарихында Д.А.Қонаев салды.
Д.А.Қонаев ел экономикасын көтеру және оны басқаруды жақсарту мақсатында Республикада Торғай облысын ашу туралы ұсыныс жасағанда, Н.С.Хрущев бұл ұсынысты басқаша шешуге ұйғарды. Ұйғарым бойынша, Қазақстан Коммунистік партиясының астықты аймақтар бойынша арнайы бюросы құрылып, оның төрағалығына Республика хатшыларының бірі тағайындалмақ еді. Көп уақыт өтпей, Одақ жетекшісі Қазақстан басшысына өзінің жаңа шешімі туралы хабарлайды. Онда аталған Бюро жойылып, құрамына бес астықты аймақ кіретін Тың өлкесін құру көзделген-ді. Тың өлкесі құрылды. Хрущев көп ұзатпай, Тың өлкесі құрамына Қарағанды облысын қосу туралы ұсыныс жасайды. Бұл ұсыныстың астарында бұзақы ниет бар еді. Хрущевтің ұсынысына Д.А.Қонаев Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы ретінде тағы да үзілді-кесілді қарсылық білдірді [1, 243-245]. Кейін бұл әңгіме Москвада Хрущевтің кабинетінде жалғасты. Д.А.Қонаев Хрущевтің Тың өлкесіне Қарағанды облысын қосу туралы ұсынысымен келісе алмайтынын айтып, өз пікірін дәлелдейді. Хрущев ешнәрсені тыңдағысы келмей, Д.А.Қонаевтан өз пікірін қайтып алуды талап етеді. Республика КП орталық комитетінің бірінші хатшысы өз ұстанымынан таймады. Пікір таласы саяси майданға ұласты. Саяси майданда Қазақстан КП ОК басшысының ойы дәлелді, ұстанымдары тегеурінді, терең екендігіне көзі жеткен Микоян өз пікірін білдірді. Ол Д.А.Қонаевтың пікірі негізді және КСРО үшін экономикалық тұрғыда тиімді екенін мойындады, Н.С.Хрущевтің ұсынысын қолдамайтынын білдірді. Д.А.Қонаевтың саяси-экономикалық көрегендігі, батылдығы, ойының негізділігі, пікірінің ғылыми жағынан дәлелділігі, ақыл-ой қуатының артықшылығы нәтижесінде Н.С.Хрущев өз ұсынысын тағы да қайтып алуға мәжбүр болды.
КСРО-ның басқару аппаратын, КОКП ОК саяси көсемдерін өз дегеніне көндіру, мемлекеттің бірінші басшысының өзімшілдігі мен менмендігіне бұлайша батыл саяси тойтарыс беру, оны өз ұсыныстарын екі рет кері қайтып алуға мəжбүр ету – мылтықсыз майдандағы елім деген ердің ерінің, дананың данасының ғана қолынан келгендей іс. Бұл тарихта тек Д.А.Қонаевтың ғана қолынан келді. Халық даналығына негізделіп, әлемдік ақыл-ой қазынасымен кемелденген даналықты халықтың игілігіне, мемлекеттің игілігіне даналықпен жұмсау Д.А.Қонаевқа тән қастерлі қасиет болды.
Қазақстанның оңтүстіктегі аудандарын өз құрамына қосу туралы Өзбекстан тарапы көтерген мәселенің тарихы ХХ ғасырдың 30 жылдарынан басталады. 1934 жылы 1 қыркүйекте КП(б) Орталық Комитеттің Саяси Бюросында Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитетіне Бостандық ауданын Өзбекстан құрамына беру туралы мәселені қарауды кейінге қалдыру жайында ұсыныс жасалады. Мәселені қарастырудың кейінге қалдырылуына көңілдері толмаған Өзбекстан КП (б) Орталық Комитетінің бірінші секретары А.И.Икрамов пен Өзбекстан Халық Комиссарлар Кеңесінің председателі Ф.А.Ходжаев, И.В.Сталин мен Л.М.Кагановичке хат жазып, КСРО Орталық Атқару Комитетінің Қазақстанның Бостандық ауданын Өзбекстан құрамына беру туралы шешімін бекітуді сұрайды [11, 92]. И.В.Сталин Қазақстанның аумақтық тұтастығын бұзуға бармады. Өзбекстан жағы бұл мәселені Н.С.Хрущевтің кезінде қайта көтерді. И.В.Сталин жасамаған істі Н.С.Хрущев істеді.
Қазақстанның жерін басқа республикаларға беру туралы іс-шаралар 1955 жылдан бастап белең алды. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумы 1955 жылы 13 желтоқсандағы қаулысымен Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданының оңтүстік бөлігін РСФСР Астрахан облысы Владимиров ауданының құрамына беру туралы Батыс-Қазақстан облыстық депутаттар Советі атқару комитетінің шешімін қарап, онымен келісу туралы тиісті қаулы шығарды [12, 41]. РСФСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы өзінің 1956 жылғы 7 наурыздағы қаулысымен бұл жерді қабыл алды. Қазақ ССР және РСФСР Жоғарғы Кеңестерінің қаулылары негізінде КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумы Указ шығарды.
Сөйтіп Қазақстанның Бостандық ауданын, оңтүстік Бетпақдала каналы командованиесіндегі 95 мың гектар жерді, орталық Бетпақдала каналының солтүстік бөлігі командованиесіндегі 75 мың гектар жерді Өзбекстанның құрамына беру туралы шешім қабылданды, бұлардың үстіне Өзбекстанға 1936-1937 жылдары уақытша пайдалануға берілген 329 мың гектар жер қоса берілді [14, 306-307], оны бекіту туралы КСРО Жоғарғы Кеңесіне ұсыныс жолданды. Қазақ КСР және Өзбек КСР Жоғарғы Кеңестерінің ұсынысы бойынша КСРО Жоғарғы кеңесі 1956 жылдың 13 ақпанында тиісті шешім шығарды [15, 36-37]. Бұл жер сол бойда Өзбекстан жері болып қала берді.
Жоғарғы Кеңес мәжілісінде бұл мәселеге қатысты айтылған ойлар мен пікірлер тарихшылардың зерттеулерінде лайықты сараланып, бағаланды [16, 153].
Хрущевтің Қазақстанның аумақтық тұтастығын бұзуға бағытталған ендігі бір ұсынысы Қазақстанның мақта өсіретін оңтүстік аудандарын Өзбекстан Республикасының құрамына беру туралы [1, 248-249]. Тарихи деректерде бұл ойды Хрущевке сол тұста Оңтүстік Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Юсуповтың ұсынғаны туралы айтылады. Юсупов мұны «Хрущевтің тапсырмасы» деп біледі. Қалай болғанда да бұл ұсыныс Хрущевтің ішкі есебіне барынша сәйкес келді. Одақтан бірінші басшы Хрущев, Қазақстанның ішінен Юсупов бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарғандай бірігіп, қызу қимылдады.
И.Юсупов «Хрущевтің тапсырмасын» орындауға жан салып кірісті. Көп уақыт өтпей Юсупов өлкенің басшылық қызметіндегі азаматтарды шақырып алып, өлкенің үш ауданын Өзбекстанға беру туралы Хрущевтің және Д.А.Қонаевтың атына жазылған хатпен таныстырды, хаттың соңына олардың қолдарын қоюын талап етті. Олардың қолдары қойылған хатты Д.А.Қонаевқа алып баратынын ескертті. И.Юсупов өлкенің өзінен кейінгі басшыларының қолын алған соң, бірден Хрущевке ұшып кетті.
1962 жылы желтоқсанның орта тұсында Кремльдің съездер сарайында Қазақстанның өнер шеберлері концерт қоятын болды. Концерт болатын күні Д.А.Қонаев Н.С.Хрущевті концертке шақырды. Н.С.Хрущев шақыруды қабыл алып, концертке дейін өзіне Д.А.Қонаевтың келіп кетуін сұрайды. Д.А.Қонаев концерттің алдында Хрущевке келеді. Хрущев Д.А.Қонаевқа: «Бүгін Оңтүстік Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Юсупов келіп кетті, – деді. – Ол мақта өсіретін аудандарды Өзбекстанға беру туралы мәселе қойып отыр. Меніңше, өте құнды пікір. Ол аудандарды Өзбекстанға беру шөл даланы игеруді тездетіп, мақта өндірісін ұлғайта түседі. Юсуповтың дәлелі де көкейге қонады: өзбектердің ұсынысын қолдаймыз. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің пікірін білсек деп едік» [1, 247-248].
Юсупов пен Хрущевтің негіздемесі мынаған келіп саяды: а) шөл даланы игеруді тездету; ә) мақта өндірісін ұлғайту. Бұл 1956 жылы Қазақстанның Бостандық ауданы мен Бетпақ даланың бір бөлігін Өзбекстанға беруде Қазақ КСР және КСРО Жоғарғы Кеңестері негізге алған мақсат еді. 1956 жылғы осы мақсат пен осы негіздеме 1963 жылы сол қалпында қайта көтеріліп, соның негізінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1963 жылғы 26 қаңтардағы қаулысы қабылданды. Сол каулымен Шымкент облысының Киров және Мақта-Арал аудандары, Қызылқұм ауданының Қызылқұм және Шымқорған ауылдық советтері, жалпы көлемі 959 мың гектар жері, сонымен қатар Шымкент облысының 1554 гектар жайылымдық жері, Қызыл-Орда облысының Өзбекстанға ұзақ мерзімге пайдалануға берілген 1150 гектар жері Қазақ ССР құрамынан шығарылып, Өзбек ССР құрамына берілді [18, 43].
Қазақстанның мақта өсіретін аудандары аумағындағы шөл даланы игеруді тездету, ондағы мақта өндірісін ұлғайту үшін ол аудандарды барлық тұрғындарымен, мал-жанымен Өзбекстанға беру туралы шешімге келу ақылдың ісі емес екені ақылы бар адам үшін өзінен-өзі түсінікті. Республика құрып отырған ұлттың бір бөлігін бөліп алып, оны өзге республиканың қарамағына беру, ұлттың бір бөлігін өзінің туған мемлекетінен, туған елінен, ұлтынан, мәдени ортасынан айыру ақылға сыймайтын іс еді. Бұл іс қазақтың бауырының бір бөлігін әлдебір қарақшының шауып алуымен барабар болды.
Юсуповтың ұсынысын Хрущевтің аузынан тапсырма ретінде естіп, білгенде қандай күйге түскенін Д.А. Қонаев «Ақиқаттан аттауға болмайды» атты естелік-эссесінде былай суреттеді: «Төбемнен жай түскендей, үнсіз отырып қалдым» [1, 248]. Юсупов пен Хрущевтің бастаған ісі шынында да Қазақстанның, қазақ халқының төбесіне кенеттен жай түсірумен бірдей еді.
Жеке бір тұлғаның ішкі есебі бойынша бір мемлекеттің, бір елдің бірнеше ауданын бар халқымен, мал-жанымен басқа мемлекеттің, басқа елдің қарамағына беру, ол аудандардың халқын өз мемлекетінің азаматтығынан еріксіз айырып, басқа мемлекеттің азаматтығын алуға мәжбүрлеу адамзат тарихында, мемлекет тарихында болмаған сұмдық, сұрапыл, сұрқия іс еді. Оны тікелей ұйымдастырып, басқарып, іс жүзіне асырған Хрущев пен Юсуповтың осы лаңкестігін тарих та, халық та ұмытпастай болды.
Қазақстанның мақта өсіретін оңтүстік аудандарын Өзбекстанға қосу туралы Юсупов пен Хрущевтің бұл ұсынысына Д.А.Қонаев үзілді-кесілді қарсылық білдірді. Хрущев Д.А.Қонаевқа: «Ақыры біздің ұсынысымызды орындамайды екенсіз, онда Сіздің жұмысыңыз туралы ойланамыз. Ал бізді қолдайтын мықты кісілер бар», – деп, Юсуповты атады [19, 24].
Қазақстанның мақта өсіретін оңтүстік аудандарын Өзбекстанға беруге Д.А.Қонаев үзілді-кесілді қарсы болғаннан кейін, Н.С.Хрущев Юсуповты шақырып алды. Әңгіме барысында Д.А.Қонаев туралы И.Юсупов та өзінің пікірін білдірді: «Кадрларды таңдау мен тағайындауда Қонаев ұлтшылдық тұрғыны басшылыққа алады» [8], – деп шағымданды. Н.С.Хрущев Юсуповтың сөзін де, өзін де ұната түсті, оған сол сәтте Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы лауазымын ұсынды [8]. И.Юсуповтың жауап сөзі Л.М. Млечиннің еңбегінде мына қалыпта берілді: «Сенім білдіргеніңіз үшін ризалығымды білдіремін, бірақ мені қазақ халқы түсінбес деп қауіптенемін. Өйткені мен – ұйғыр халқының өкілімін. Кенеттен жалғыз ұйғыр-бастықты бірінші хатшы лауазымына…». Хрущев: «Мұның бәрін ұмыт, бар да жұмысыңды істе» [8], – деп тоқетерін айтты.
Д.А.Қонаев өз пікірін Хрущевке бірнеше бағытта негіздеді: «Мен Юсупов ұсынып отырған ұсыныстың пайдалылығын өз халқыма дәлелдеп бере алмаймын. Біріншіден, біз тың игеруде әлдеқайда бай тәжірибе жинақтадық, екіншіден, шөл даланы игеруді бастаған да біздің республика. Оған тек мақтаның шығымдылығы жөнінен ғана емес, сонымен бірге басқа да өнім түрлерінен аса жоғары көрсеткішке қол жеткізген «Мақтарал» совхозы дәлел. Техника, қаражат беріңіз, мақта өндірісін арттыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Ең бастысы, Оңтүстік Қазақстан – республикадағы тұрғылықты халықтың ең тығыз орналасқан жері. Біз отпен ойнап отырмыз: республикалардың арасында жағдай шиеленісіп кетуі мүмкін» [1, 248].
Н.С.Хрущев селт етпеді. Оған ешқандай уәждің керегі жоқ еді. Мойнын бауырына салып, алған бетінен қайтпады. Қазақстанның мақта өсіретін оңтүстік аудандарын Өзбекстанға беру туралы әділетсіз шешімін іс жүзіне асыру жолында бет бақтырмай, бетпақтық көрсетті. Мәскеуде өткен осы әңгіме үстінде Микоян сөз бастап, бұл жолы ол Хрушевті қолдайды. Соған қарамастан Д.А.Қонаев бұл ұсыныспен өзінің келіспейтінін, оған қарсы екендігін ашық айтты. Бір ғажабы – КОКП ОК жүйесінде мұндай шешім бір ауыздан қабылданатын, оның үстіне мүдделі республиканың КП ОК бірінші хатшысының келісімінсіз шешім қабылданбайтын. Д.А.Қонаев тұрғанда, өз ұсынысын өткізе алмайтынын білген Хрущев басқаша әрекет етуге көшті.
Мәскеуден елге қайтар алдында Д.А. Қонаев Кремльден тапсырма алды. Тапсырма 1962 жылдың желтоқсанының аяғына қарай Республика Компартиясы Орталық Комитетінің пленумын өткізу туралы еді.
Пленум алдында Қазақстанға Хрущевтің тапсырмасымен келген КОКП ОК хатшысы Козлов жергілікті басшылықты істің жайымен таныстырады [1, 250-251]. Жоғарыдан қабылданған шешім бойынша, Д.А.Қонаев Республика Министрлер Советінің Председателі болып тағайындалып, Республика Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшылығына И.Юсупов сайлануға тиісті еді. Әңгіме үстінде Д.А.Қонаев өзін Қазақстан Ғылым академиясының тау-кен ісі институтына жіберуді сұрайды. Бірақ бұған Орталық келіспейді. Пленум өтті. Орталықтың шешімі қабылданды. Оңтүстік Қазақстанның бірнеше ауданын Өзбекстан құрамына беруге құлшынысы үшін И.Юсупов «интернационалист», «жан-жақты жетілген кемел басшы» ретінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Қазақстанның оңтүстік аудандарын мал-жанымен Өзбекстан құрамына беру туралы шешімін Хрущев осылай жүзеге асырды. Бұл шешім Қазақстанның аумақтық тұтастығындағы орны толмас олқылық болып қалды.
1964 жылы қарашада Л.И.Брежнев Қазақстан компартиясы ОК бюро мүшелерін, Министрлер кеңесі председателінің орынбасарларын Мәскеуге шақырып, қабылдады, Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы И.Юсуповтың қызметтен кетуі туралы арыз бергенін мәлімдеді, Қазақстан КП ОК бірінші хатшылығына кімді ұсыну туралы мәселе қойды. Д.А.Қонаевтың аты аталды. Л.И. Брежнев: «КОКП ОК мұндай ұсынысқа қарсы болмайды», – деп, сөзін бітірді [8]. 1964 жылы 7 желтоқсанда өткен пленумда Д.А. Қонаев Қазақстан КП Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып екінші рет сайланды.
1963 жылы Өзбекстан құрамына берілген аудандар (Жетісай, Киров, Мақта-Арал) Д.А.Қонаевтың табандылығы, саяси мәмілегерлігі, қажырлы еңбегі арқасында 1971 жылы Қазақ Республикасының құрамына қайтарылды [19, 44]. Бал ұстаған бармағын жаламай қалмады. «Екі совхоз, 500 мың қой және ертеректе өткен жерлер» [1, 250] қайтпады.
Дінмұхамед Қонаевтың тұсында Қазақстан халық шаруашылығының барлық саласы бойынша барынша қарыштап дамыды, білімі мен ғылымы, мәдениеті, әдебиеті мен өнері шырқау биікке көтерілді, халықтың ұлттық санасы жаңғырды, қоғамның интеллектуалдық әлеуеті күшейді.
Д.А.Қонаевтың өмірі де, дəуірі де тарихқа айналды. Мақтаныш тұтар тарихы бар, тарихынан алар тағылымы бар, ардақ тұтар ар-ожданы бар қазақ халқының осы шағы баянды, келер шағы жарқын болсын деп тілеймін.

Жанғара Дәдебаев,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу
институтының директоры, филология
ғылымдарының докторы, профессор.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support