- Advertisement -

Әкімдер заңсыз берген жердің қаншасы мемлекетке қайтарылды?

160

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында, Үкіметтің кеңейтілген отырыстарында, ауыл шаруашылығына қатысты басқа да түрлі басқосуларда да жерді тиімді пайдалануды Үкіметке де, жергілікті билікке де міндеттеп келеді. Биылғы қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында да бұл өзекті мәселеге баса назар аударды.

«Қазір мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүр. Өйткені мұндай алқаптарды кейбір белгілі адамдар иеленіп алған. Тіпті оны адам аяғы баспайтындай қоршап тастаған. Әкімдер түрлі себептерді сылтауратып, ықпалды адамдардың ығына жығылып, бұл мәселені шеше алмай отыр. Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп, осы ахуалды өзгертетін батыл шаралар қабылдауға тиіс. Жеке қосалқы шаруашылықтардың малын жайылымдық жермен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аудару қажет», – деп Үкіметтен бастап, барлық деңгейдегі әкімдерге, тиісті құрылымдардың басшыларына нақты міндет жүктеді.

Облыс әкімдігінің жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының мәліметінше, биыл пайдаланылмай жатқан 74 мың гектар жайылымдық, 8 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді аудандар бөлінісінде мемлекет меншігіне қайтару бойынша тоқсандық және жылдық жоспар бекітілген. Мәселен, бірінші тоқсанда – 15 мың, екінші тоқсанда – 15 мың, үшінші тоқсанда – 20 мың және төртінші тоқсанда 32 мың гектар. Бүгінгі күнге дейін жылдық жоспардың орындалуы 137 пайызды құрап, 112 100 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Сарысуда – 405, Т.Рысқұловта – 144, Мойынқұмда – 128, Талас ауданында 127 пайызға орындалған. Ал Байзақ ауданында 11404 гектар игерілмей жатқан жердің бар болғаны 434 гектары ғана, Меркі ауданындағы 5271 гектар жердің 944 гектары, Жуалы ауданындағы 9247 гектар жердің 1507 гектары мемлекет меншігіне қайтарылды.

– Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттерді орындамаған, пайдаланбай жатқан жерді мемлекетке қайтаруда төменгі көрсеткіш көрсеткен аудандарда жарты жылдан бері жер инспекторлары тағайындалмаған. Сондай-ақ тиісті басқарма заңсыз шешімдердің күшін жою туралы сотқа жүгініп, Таласта – 1086, Байзақта – 12,45 және Қордай ауданында 208 гектар жер сот шешімімен мемлекет меншігіне қайтарылғанын тағы да атап өтсем деймін. Жуалы ауданында – 61, Қордай ауданында 334 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер бойынша заңға сыйымсыз қабылданған шешімдердің күшін жою туралы талап-арыз сотта қаралуда. Бұл бағыттағы жұмыс жыл аяғына дейін жалғасады.

Биыл облыс әкімінің тапсырмасы бойынша өңірдегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің жағдайын зерделеу үшін әр ауданда жұмысшы тобы құрылып, жұмыс жүргізілді. Зерделеу барысындағы түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 269891 гектар жайылымға мал басы тіркеліп, 6124 гектар 120 жер учаскесі иесіз мүлік ретінде есепке алынды. Жамбылда – 247, Мойынқұмда – 8809, Таласта – 1014 және Шу ауданында 1560 гектар, барлығы 11630 гектар жайылымды жер пайдаланушылары өз еркімен мемлекет меншігіне қайтарды, – дейді облыс әкімдігінің жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Әбілхайыр Тамабек.

Басқарма тарапынан зерделеу нәтижесінде жұмысшы топ облыс аумағындағы барлығы 271623 гектар жердің 19346 егістік, 252277 гектар жайылымдық жер пайдаланбай жатқандығын анықтаған. Осыған байланысты облыс әкімінің тапсырмасына орай игерілмей жатқан жерді жыл соңына дейін қайтарудың жоспары бекітіліпті. Пайдаланбай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге қатысты шара қолдану аудандық әкімдіктердің құзырына жататындықтан аудан әкімдері бұл аса өзекті мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс.

– Кәсіпкерлік кодекстің 145, 146-баптарының талаптарына сәйкес, мемлекеттік орган пайдаланбай жатқан жерге тексеруді Бас прокуратураның құқықтық статистика және есепке алу жөніндегі комитеті тіркеген тексеруді тағайындау туралы актінің негізінде жүргізеді. Мемлекет басшысының 2019 жылғы 26 желтоқсандағы Жарлығымен 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізуге мораторий енгізілгендіктен Ауыл шаруашылығы министрлігі мораторидің қолдану кезеңінде Мемлекет басшысының алға қойған міндеттері мен тапсырмаларын тиімді орындау мақсатында, биылғы 26 шілдедегі бұйрығымен «Жер қатынастары саласында халықтың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, заңдылық пен қоғамдық тәртіпке жаппай қатер өлшем шарттары бойынша ұсыныстарын» бекітті. Алайда Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті жоғарыда аталған Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығын тексеруге негіз ретінде қабылдамай отыр. Басқарма тарапынан министрліктің Жер ресурстары комитетіне осы мәселені шешуге ықпал етуге хат жолданды, – дейді Ә.Тамабек.

Осыған байланысты пайдаланбай жатқан ауыл шаруашылығы жер учаскелеріне тексеру жүргізу мүмкін болмай отырған көрінеді. Дегенмен биыл Жер кодексінің 92,94-баптары бойынша тексеру жүргізіліп, кәсіпкерлік мақсатындағы пайдаланбай жатқан 8 жер учаскесіне қатысты бір жылға нұсқама беріліпті. Мемлекеттік меншіктегі жерді өз бетінше иеленіп алып, Жер кодексінің 43- бабы, 10-тармағын бұзған бес тұлғаға тексеру жүргізіліп, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 136-бабына сәйкес, жалпы сомасы 692 787,5 теңге айыппұл салынып, одан 364 625 теңге өндірілген. Жер учаскесіне құқық беру кезінде жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту барысында Жер заңнамасын бұзған Қордай ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөліміне қатысты тексеру жүргізіліп, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 137-бабына сәйкес, 43755 теңге айыппұл салынып, өндіріліпті.

Т.Рысқұлов ауданы Абай ауылдық округі әкімінің қабылдаған шешіміне қатысты жүргізілген тексеруде жалпы ауданы 0,3 гектарды құрайтын екі жер учаскесі бойынша ауылдық округ әкіміне шешімнің күшін жоюға бір айға нұсқама берілген. Қайта тексеруде нұсқаманың орындалғанына көз жеткен. Басқарманың талап-арызы бойынша Талас аудандық сотының биылғы 21 сәуірдегі шешімімен Кеңес ауылдық округінің шекарасы шегіндегі жер пайдалануға беріліп кеткен 1086,0 гектар жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Қордай ауданындағы Ауқатты, Степной, Масаншы, Қақпатас, Қарасай, Бетқайнар ауылдық округтеріндегі заңсыз пайдалануға берілген 542 гектар жайылым жерге қатысты тексеру жүргізілсе керек. Бүгінде осы жер учаскесін мемлекетке қайтару туралы басқарманың талап- арызы сотта қаралыпты. Сот шешімімен 208 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылса, 20 гектар жердің пайдаланушысының қайтыс болғандығы анықталыпты. Ал 314 гектар жер бойынша талап-арыз қанағаттандырылмаған. Заңсыз берілген жерден Жуалы ауданы да тыс қалмапты. Шақпақ және Боралдай ауылдық округтерінің шегіндегі заңсыз берілді делінген 61 гектар жайылымдық жерге қатысты тексеру жүргізіліп, сотқа талап-арыз беріліпті. Бүгінде сот қарауында көрінеді.

Облыс әкімдігінің биылғы 6 мамырдағы «Жер құқығы қатынастары саласындағы 2021 жылдың екінші жарты жылдығына арналған профилактикалық бақылау мен қадағалаудың тізімін бекіту туралы» өкіміне сәйкес Сарысу және Т.Рысқұлов аудандары әкімдігіне қатысты профилактикалық тексеру жүргізіліп, заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген. Қайта тексеру кезінде Сарысу ауданында заңбұзушылық анықталмаса, нұсқама талабын орындамаған Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің ісі сотта қаралып жатыр екен. Бүгінде Талас ауданының әкімдігіне қатысты профилактикалық тексеру жүргізіліп жатса керек.

Жердің жыры облыстық әкімдіктің ауыл шаруашылығы саласына қатысты жиындарына да үнемі шығарылып келеді. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев күн тәртібінде өткір тұрған мәселеге үнемі баса назар аударып, аудан әкімдеріне, тиісті құрылым басшыларына ұлтарақтай жердің бос жатпауын, игерілмей жатқан жер мемлекет меншігіне қайтарылуын қатаң тапсырады. Бір жағынан шаруаларды жайылымдық жерлердің тапшылығы да алаңдатып келеді. Аса өзекті мәселе облыстың бас басылымы – «Аq jol» газетінің назарында. Мемлекет меншігіне өткен жердің игерілуі барысы туралы да жазатын боламыз. Жайылымдық, суармалы жерлер қандай күйде, ол да назардан тыс қалмайды.

 Амангелді ӘБІЛ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support