- Advertisement -

Ұрыста – көсем, дауда – шешен

165

- Advertisement -

Сеңкі батыр әрі би туралы бір ауыз сөз

Текті адам тегін болмайды, жоңғар-қалмақ шапқыншылығы кезінде жаужүрек батырлығымен көзге түскен, дау-дамайда қара қылды қақ жарып, істі әділ шешкен Сеңкібай Қабанұлы «Қазақтың төбе биі» атанған Төле бидің ет жақын бауыры. Төле – Әлібектің екінші әйелі Бүркіттен туған, Сеңкібай – бәйбіше Молбикеден тараған ұрпақ. Сеңкібайдың атасы Абыл – бәйбішеден туған Тыныбектің үлкен ұлы. Өзі де би әрі шешен болған Әлібек бір жылда, бір күнде туған баласы Төле мен немересі Абылдың шілдехана тойын бірге жасаған екен. Сеңкібай Абылдың ұлы Қабаннан. Бұдан артық қандай жақындық болсын.

Қазақта «он үште – отау иесі» деген мәтел бар. Демек баланың ер азамат қатарына қосылғаны. Ел басына күн туып, ер етігімен су кешкен, ат ауыздығымен су ішкен қиын-қыстау заманда атқа қонған Сеңкібайдың көзге түскен тұсы жоңғар қалмақтарына жойқын соққы берген Аңырақай шайқасы кезінде.
Бұл туралы шапырашты Қазыбек Бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» деген еңбегінде жазылған. Осында Қазыбектің Бұхар жыраудың өз аузынан жазып алған «Қалданменен ұрыс» толғауында Жаныстан шыққан Сеңкібай, Шойбек батырлардың есімі Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақпақұлы Жәнібек, Шапырашты Наурызбайлармен қатар аталуы тегін емес. Ол заман ұрыс тағдырын батырлар жекпе-жекте шешкен ғой. Сондай шешуші шайқастардың бірінде Сеңкібай батыр он екі қалмақтың басын қанжығаға байлағаны туралы айтылады. Бұл туралы жазушы М.Мағауин мен ғалым М.Байділдаев құрастырған «Бес ғасыр жырлайды» жырлар жинағында да бар.
Жастайынан Төле бидің тәрбиесінде болған Сеңкібай батыр әр шайқаста атасының ақылымен әрекет жасап отырады. «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» ұстанымында болған Төле би Сеңкібайды талай сыннан өткізген.Соның бәрінде атасының абыройын асқақтатқан жас пері жеңіс туын желбіретіп, соғыс өнерін терең меңгергенін көрсеткен. Жалғыз ағаш орман болмас, жалғыз кірпіш қорған болмас, Сеңкібай қазақтың жоғарыда аталған тау тұлғаларының басшылығымен Шымыр Қойгелді, Ботбай Сәмен, Ошақты Саңырық, Албан Хангелді, тағы басқа қазақ батырларымен тізе түйістіріп, соғысқанын, жеңіс тойын солармен бірге тойлағанын ешкім жоққа шығара алмаса керек. Оған айғақ тарихи деректер көп. Тарихшы-журналист Б.Әбілдаұлының «Байзақ датқа» кітабында да Сеңкібай есімі аталады.
Сеңкібай батырдың он екі қалмақты шауып түсіруі Далатау атанған өңірде болған екен. Батырдың осы ерлігіне тәнті болған қазақ қолының басшылары оған мыңбасылықты сеніп тапсырған. Сенім үдесінен шыққан Сеңкібай үнемі майданның шешуші тұстарынан табылып отырған.
Қазақтың тамаша теңеуімен айтсақ, Сеңкібай нағыз «сегіз қырлы, бір сырлының» өзі болыпты. Оның қара қылды қақ жарған әділ биліктері мен төреліктері туралы Нысанбек Төреқұлұлының «Даланың дара ділмарлары» еңбегінде ерекше екі оқиға баяндалған.
Тәшкенді билеп тұрған Төле би атасына сәлем бере барған сапарында Сеңкібай бір даудың үстінен түседі.
Қырғыз жігіті бесіктегі баласының жүрегі үй қасынан дүбірлеп өткен үйірлі жылқының шұрқырай кісінеген дыбысынан шошып, жарылғанын айтып, Төле бидің төрелігіне жүгініп келіп отыр екен. Оған «жылқының дүбірі мен кісінегеніне де кісінің жүрегі жарыла ма екен», деп қазақ байы дес берер емес. Бала Сеңкібай осы даудың төрелігін айтуға Төле биден рұқсат сұрайды. Баланың көзіндегі оттан оның тегін емес екенін аңғарған көреген би оның датына рұқсат береді. Өйткені ол Сеңкібайдың делебесі қозып, бір орнында отыра алмай қозғалақтай бергенін көз қиығымен сезіп қалған.
«Ендеше бір отар саулық қосақталып сауылсын. Сүтін пісіріп, талдырып ұйытсын. Айранның ұйуы қанғанда, қақпағы жақсылап жабылған қазанның қасынан байдың жылқысы қаптатып, қатты айдап өткізілсін!», – деп пәрмен береді бала Сеңкібай.
Бәрі оның айтуымен жасалғаннан кейін қазанның қақпағын ашып қарайды. Қазанның қасынан айғырлары арқырап, биелері кісінеп, құлындары шұрқырап жер сілкінгендей дүрілмен өткен дыбыстан шынтақ елі қаймағы төрт жерден қақырап айырылып кеткен екен.
Сонда балаби Сеңкібай:
– Жас баланың жүрегі
Қатығы қою қаймақ емес пе?
Әшейінде теп-тегіс,
Шұбырып жылқы өткенде,
Қақ айрылғаны айғақ емес пе?
Құдайдың кең жері тұрғанда ауыл үстінен үйірлі жылқы айдап өткен бай кінәлі. Баланың құнын төлесін! – депті жалпы жұртқа естірте дауыстап.
«Тура биде туған жоқ» ұстанымымен қазақтың мейманасы тасыған мансапқор байын қырғыз жігітінің алдына жығып берген Сеңкібайға жиналған жұрт ризашылықпен алғысын айтып, Төле би батасын берген екен. Сол бата қабыл болып, майданда батырлық, көсемдігімен көзге түскен Сеңкібай қара сөзге шешендігімен және қара қылды қақ жарған әділдігімен би атанып, одан кейін де талай дауды шешкені туралы осы кітаптан тағы бір мысал.
Бірде Сеңкібай биге екі туысы – Пісібай мен Жапарбай жүгіне келеді ғой. Пісібай байдың бір өгізін жалға алған Жапарбай жер жыртып, егін егіп, әжептәуір мол өнім алса керек. Астығын базарда саудалап, жаз бойы пайдаланған өгіздің «майына» деп он теңге ұсынады Пісібайға. Бірақ бай оны азсынып, көп ақша беруін талап етеді. Жапар жаз бойы арқа еті арша, борбай еті борша болып, алған астығынан одан көп бергісі жоқ.
– Базарда бір өгіз қанша тұрады? – деп сұрайды Сеңкібай би екеуінен. Алдымен жауап берген Пісібай:
– Менің өгізімдей өгіз ары кетсе бес теңге, әйтпесе, төрт теңге де болуы мүмкін, – дейді. Байды өз сөзінен ұстаған ақылды би:
– Сені ешкім тіліңнен тартқан жоқ. Өгіздің бағасын өзің айттың. Сенің өгізің бір жазда екі өгіз «тумайды». Онсыз да бір өгіздің бағасын төлегелі отыр екен. Қиянат жасама. Саған төрт теңге де жетеді! – деп төрелік айтыпты. Міне, нағыз «тура биде туған жоқ» төрелігі.
Елдің қамын ойлаған Сеңкібай би Төле атасының ақылымен рулас, аталас ағайындары тұрып жатқан Қаратақыр-Шалке жерінде игілікті іс атқарады. Олар қоныстанған жерге: «Жазда жайлау, қыста қыстауға өте қолайлы, құнарлы жер екен. Өзен жағалағанның өзегі талмайды. Суы – сусын, балығы – бал, әр бұтасының түбінде бір асым ет жатыр», – деп сипаттама берген. Аңызға айналған абыз Төле би Сеңкібайға елді отырықшылыққа айналдырып, егін егіп, бау-бақша өсіруге, алқапты суландыруға ақыл-кеңес береді.
Бір рулы елдің биі атанып, атағы алысқа кеткен Сеңкібай осы кезде 34 жаста екен. Ол алыс-жақын жерлерге, көршілес Өзбек елінің қалаларына керуен шығарып, мал және мал өнімдеріне айырбас жолымен қарамағындағы елдің қам-қарекетін жасап, жоғын түгендеп, қажетті тұрмыстық және тұтыну тауарларын алғызып тұрған. Сірә, күнкөрістің қамы болса керек, сондай керуеннің біріне жастары 15-16 шамасындағы үйелмелі-сүйелмелі екі өзбек баласы атқосшы болып ілесе келіпті. Аттары – Сайып және Қайып. Олар өздерінің іс-әрекеттерімен Сеңкібайдың сеніміне кіріп, өз балаларындай болып кетеді. Би оларды үйлендіріп, отау етіп, енші беріп бөлек шығарыпты. Балалардың қазақ биінің қамқорлығын көргенінен хабардар болған ағайын-туыстары, жақын-жуықтары, нағашылары осында үдере көшіп келіпті. Би оларды да жылы қабақпен қарсы алған. Мақсаты – өзбек ағайындардың бағбандық және диханшылық өнерлерін пайдалану әрі өз елінің жастарына үйрету.
Осында өсіп-өніп 200-250 түтінге дейін жеткен өзбек ағайындар қала тәртібімен көше-көше етіп үй салып, бау-бақша өсіріп, өңірді гүлдендіріп жібереді. Сеңкібай егіншілік жайын жақсы меңгерген өзбектерге сонау Тектұрмастан бері қарай оман арық (канал) тартқызып, 30-32 шақырым жерден ауылға су әкеледі. «Сеңкібай арығы» атанған осы су жүйесі қазір де 7-8 ауылды суландырып, егіншілікті ағын сумен қамтамасыз етіп отыр.
Отырықшылыққа орай кішігірім кентке айналған Сеңкібай ауылында мешіт-медресе, әртүрлі шеберханалар, диірмен, ұста дүкендері мен сауда орындары бой көтерген. Осы бір игілікті істің айғағындай:
Сеңкібай – біздің ауыл, қамыс қорған,
Қамысты жағалайын Жаныс қонған.
Атыңнан айналайын, Сеңкібай би,
Қазақты өзбекпенен табыстырған, – деген өлең өмірге келіп, тіпті, әніменен айтылған да заман болған сол кездері. Өкінішке қарай, «Сеңкібай қорғаны» атанған сол елді мекеннің орны кеңестік кесірлі солақай саясаттың салдарынан ауыл шаруашылығы қажеттілігі үшін тегістеліп кетіпті.
Сеңкібай би туралы айтылар әңгіме көп. Біз оның бәрін тізіп жатуды мақсат тұтпадық. Оқырманды жалықтырмау үшін. Онсыз да ауыздан-ауызға көшіп, бүгінгі бізге жеткен мына бір шумақ өлеңнің өзі-ақ бабамыздың кім екенін көрсетіп тұр.
Би Сеңкібай кешегі,
Ерекше ер деседі.
Тіл біткеннің шешені,
Жауға бермес есені.
Әруақты, көшелі,
Қазақтың алғыр көсемі, – деп келеді ол өлең.
Сеңкібай бидің ұрпақтары еліміздің біраз өңірлерінде бар. Ұрпағымен мың жасаған батыр, би, шешен де көсем Сеңкібай Қабанұлының қазық қаққан атақонысы Еңбек елді мекенінде де оның бірқатар ұрпақтары тұрып жатыр.
– Осыдан ширек ғасыр бұрын, яғни 25 жылдай бұрын, облыс суландыру жүйесін басқарған ақсақал, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Нұрдәулет Әлібеков: «Сеңкібай бабамыз бастаған істің игілігін оның ұрпақтары, жалпақ жұрт әлі де көріп отыр. Ол аңсаған Тәуелсіздіктің Туы зеңгір көкте желбіреп, егемен еліміз өсіп-өркендеуде. Шіркін, сол тарихи тұлға өмір сүрген өлкеге оның еңселі ескерткіші орнатылса ғой. Бұл өсер ұрпаққа өнегелі іс болар еді!» – деген екен армандағандай болып. «Сол арман орындалатын күн жақын», – деді елге танымал тұлға, «Көне Тараз» қорының төрағасы Мұратбек Азимов.
Осы орайда айта кететін жай, батыр әрі би бабамыздың ұрпақтарының бірі Батырбек Алмасов деген азамат осы істі қолға алып, дөңгелетіп жатыр екен.
Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейлі мерекесінде осы бір ізгі мақсаттағы іс жүзеге асырылып жатса, нұр үстіне нұр болар еді!..

Ғалым ҚАСАБАЙ,
Қазақстан Журналистер одағы
сыйлығының лауреаты.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support