- Advertisement -

Өнімнің 40 пайызын шетелге шығармақ

33

- Advertisement -

Қазір басты назардағы мәселелердің бірі – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бағаны тұрақтандыру және облыс тұрғындарының әлеуметтік мәселесін шешу. Мұны облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың Байзақ және Жамбыл аудандарына жасаған жұмыс сапары барысында да баса айтты.

Өңір басшысы алдымен Байзақ ауданындағы Көктал ауылдық округіндегі «Алель Агро» АҚ-ның жұмысымен танысты. Жылдық қуаты 44 мың тоннаны құрайтын құс фабрикасының жұмысы бүгінде дұрыс жолға қойылған. Қазіргі  таңда №12 құс фабрикасында (12 нысан) құрылыс  жұмыстары толық аяқталған. Ал №13 құс фабрикасының (12 нысан) құрылысы 95 пайызға аяқталып, жақын арада ашылмақ. Бұл округте тағы №14 фабрика салынып, онда 12 нысан бой көтеруде.

Акционерлік қоғамның басшысы Бейбіт Жақсыбаевтың айтуынша, алғашқы №12 құс өсіру нысаны шілде  айында  іске қосылыпты. Бірінші  этапта 2 құс өсіру нысанына 30 мың балапан орналастырылған. Әкелінген балапандар «Arbor Acres» және «Aviagen кроссы» тұқымдары. Екінші этапта   тағы 1 құс өсіру нысанына 30 мың балапан жіберіліпті. Барлығы 8 кезеңде, осы жылдың 7 тамызына дейін жалпы саны 300 мың балапан отырғызылған.  №13 құс фабрикасына 12 құс өсіру нысанының 2 нысанына осы айдан бастап 43 мың балапаннан  отырғызылу жоспарлануда.

Фабрика өнімнің 40 пайызын шет мемлекеттерге, соның ішінде Қытай, Қырғыз, Өзбекстан мен Тәжікстан мемлекеттеріне экспорттау жоспарлануда. Ал қалған 60 пайыз өнім отандық нарыққа жолданбақ.

Жұмысы жолға қойылған «Әулие-Ата Феникс» ЖШС-да ауыз толтырып айтарлық жетістік баршылық. Серіктестіктің аяқ алысы қуантады.

Атап айтсақ, жылдық қуаты 4 мың тоннаны құрайтын құс фабрикасының қазіргі жағдайы туралы Фарида Жүнісова айтып берді. Оның айтуынша, қазіргі таңда фабрикада құс қалдықтарын тереңдетіп өңдейтін цех іске қосылып, онда етсүйек ұны өндірілуде. Оның қуаттылығы жылына  2,5 мың тоннаны құрайды.

– Фабриканың өндіріс қуатын 8 мың тоннаға дейін арттыру мақсатында 2019 жылы алты құс өсіру нысаны салынды. Фабрика ашылғалы бері өндіріс көлемі артып келеді. Мәселен, 2017 жылы 4200 тонна, 2018 жылы  4374 тонна тауық еті, 2019 жылы 5365 тонна тауық еті және 350 тонна етсүйек ұны, 2020 жылы 7075 тонна тауық еті мен 345 тонна сүйек ұны өндірілді.  Ал биылғы қыркүйек айында 670 тонна құс еті мен 25,41 тонна ұн өндіріп отыр. Өткен жылы Қырғыз мемлекетіне 365 тонна, биыл 40 тонна құс етін экспорттадық, – дейді фабрика басшысы.

Құс фабрикасының жұмысымен танысып шыққан өңір басшысы Бердібек Машбекұлы:

– Ел үшін маңызды тауар саналатын әлеуметтік азық-түлік пен құс еті, содан кейін жұмыртқаны біз барынша бақылап, оның бағасының өсуіне ырық бермей ұстауға тырысудамыз. Баға нарығын тұрақтандыру үшін өнім көлемін арттыру қажет. Оған сіздердің қосып отырған үлестеріңіз де аз емес. Біздің бүгінгі мұнда келгендегі мақсатымыздың бірі осы, азық-түлік қауіпсіздігі мен бағаны аз да болса тұрақтандыру, – деді облыс әкімі.

Кәсіпкерлер бүгінгі қымбатшылыққа байланысты кездескен кедергілерімен бөлісе отырып, жемге субсидия беру туралы ұсыныстарын айтты.

Өңір басшысының сапары Жамбыл ауданында жалғасын тапты.  Бердібек Сапарбаев аудандағы «АCA DAMU» ЖШС жұмыртқа өндірісінің  жұмысымен де танысып өтті. Фабрика директоры Үсен Құрманбековтың айтуынша, бұл корпустың құрылыс жұмысына мердігер 200 миллион теңге жұмсаған. Бүгінге дейін мұнда тәулігіне 144 мың жұмыртқа жиналса, алда 216 мың жұмыртқа жинау күтілуде. Жобамен бір күнде тауықтарды күтіп-баптауға 40 тонна жем-шөп кетеді екен.

Бұдан кейін облыс әкімі «Fruіt linе» ЖШС қоймасында болды. Серіктестік директоры Көшкінбай Құлманбетов мұнда 1300 тонна алма сақталуға қойылғанын, оның Жамбыл, Жуалы мен Т.Рысқұлов аудандарынан жеткізілгенін тілге тиек етті. Облыс әкімі қойма қасындағы 18 гектарға орналастырылған шие бағын да көріп, кәсіпкерге қоймада сақталатын жеміс көлемін арттыруды тапсырды.

Сондай-ақ Бердібек Машбекұлы Жалпақтөбе ауылында орналасқан «Шарипов» шаруа қожалығының көкөніс қоймасының жұмысымен де танысты. Қожалық жетекшісі Тимур Шариповтың айтуынша, қоймада 2,5 мың тонна пияз, 1,5 тонна сәбіз сақтаулы тұр. Шаруа биыл егіс алқаптарынан 630 тонна сәбіз, 7500 тонна пияз, 1200 тонна картоп, 8000 тонна қант қызылшасын жинапты. Қожалық бүгінгі таңда 35 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Келесі кезекте өңір басшысы Қызылқайнар ауылындағы ауылішілік жолдардың жағдайымен, ауызсу құрылысымен, жаңа тұрғын үй алқабындағы инженерлік инфрақұрылым желісімен және дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен танысты.

40 орындық дәрігерлік амбулаторияның аға дәрігері Орынкүл Мақмутова 2013 жылы берілген мекеменің қазіргі таңда апатты жағдайда тұрғанын айтты. Мекеме ішін аралап, жерасты суы мен іргетасы дұрыс қаланбаудан келген зақымды көрген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев оны алдағы жылы жөндеп беруге уәде етті.

Дәрігерлік амбулаторияның алдында ауыл тұрғындарымен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап берген Бердібек Машбекұлы алдағы жылы амбулаторияның жөнделетінін, жол ретке келтірілетінін және жаңа тұрғын алқаптан 222 тұрғынға жер телімі берілетінін айтып, халықты бірлікке, ынтымаққа шақырды.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Байзақ, Жамбыл аудандары.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support